245
Бақылаусыз баға мен түсініксіз қымбаттау
Бақылаусыз баға мен түсініксіз қымбаттау
Еліміздегі әуежайлар шетелдік рейстер үшін тариф құнын шарықтатып жіберді. Бұл әуе тасымалдаушы компанияларының ашуына тисе керек, өткен аптада авиакомпаниялардың өкілдері елордада бас қосты. Олар Үкіметтен әуежай тарифтерін қайта бақылауға алуды сұрап отыр. Онсыз бұл мәселе оңай шешілмейтін тәрізді. «Өзі би, өзі қожа» әуежай басшылары мемлекеттің бағаны бақылаудан бас тартуын өз ыңғайларына қарай пайдалануда. Егер жағдай осы қарқынмен жалғаса берсе, қазақстандықтардың шетелге қатынауы қиындап кететін түрі бар.
Тариф бағасы өсті
Қазіргі уақытта әуе компаниялары халықаралық рейстерді біртіндеп тоқтатып жатыр. Оның себебі әуежайлардың қызмет көрсету құнын бірнеше есеге көтеруінде. Әуежайлардың бағаны көтеруіне Ұлттық экономика министрлігінің өзі ресми рұқсат берген. Өткен жылдың маусым айында аталмыш министрлік әуежайдағы халықаралық рейстерге тарифті бақылаудан бас тартқан еді. Содан бері әуежайлар қызмет көрсету құнын өз еріктері бойынша белгілеуде. Ал әуе компанияларының өкілдері мемлекеттен тарифті қайта қадағалауды сұрайды. Әсіресе, Астана қаласындағы Н.Назарбаев халықаралық әуежайындағы қызмет көрсету құны тым шарықтап кетіпті. Авиакомпаниялар әуежай басшыларының өздерімен ақылдаспастан, осындай шешім шығарғанына наразы. «Барлық әуежайларда халықаралық рейстерді реттеу тоқтатылды. Нәтижесінде Қарағанды әуежайы ұшып-қону тарифін 8,5 пайызға, Өскемен 5,9 пайызға, Астана 30 пайызға қымбаттатқан. Авиациялық қауіпсіздік бағасын Қарағанды 8,5 пайызға, Өскемен 20 пайызға Астана әуежайы 100 пайызға қымбаттады. Ал Алматы әуежайында бұл баға 87 пайызға өскен. Әрине, бұл бағалар рейстердің тоқтатылуына кедергі келтірмеу керек. Біз бақылаусыз баға мен түсініксіз қымбаттауды айтып отырмыз», – деді Астанадағы жиында ИАТА Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының өкілі Джордан Карамалаков. Авиакомпания өкілдерінің айтуынша, еліміздегі әуежайлар ұшақ тұрағына ғана емес, жолды ашу, әуе кемесінің үстін қардан тазарту, ұшақ салонын жылыту, электрмен жабдықтау секілді қызмет түрлерінің де бағасын өсіріп жіберген. Ал әуежайлар қызмет көрсету құнын арттыруды тоқтатпаса, халықаралық бағыттағы рейстердің тоқтап қалу ықтималдығы жоғары. Бұл қауіп әсіресе, Астанадағы әуежайға төніп тұр. Өткен аптаның өзінде бірқатар шетелдік әуе компаниялары Астана арқылы жолаушы тасымалдаудан бас тартып үлгеріпті. Авиакомпаниялардың олай етпеске амалы жоқ, бағаның қымбаттауы оларды белшеден шығынға батырады. «Austrian airlines, KLM және Asiana Airlines Астанада жұмысын тоқтатты. Air Arabia, LOT компаниялары да рейстерді қысқартпақ. Назарбаев әуежайы негізсіз тарифті көтеру арқылы әуе компанияларын нарықтан ығыстырып отыр», – дейді «Эйр Астана» авиакомпаниясының қаржы бойынша атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел. Авиакомпания өкілдерінің пікірінше, бірнеше әуежайы бар ірі қалаларда тарифтің мемлекет тарапынан реттелмейтінін түсінуге болады. Ал тек бір ғана әуежайы бар қалаларда бағаны бақылаусыз қалдыру ақылға қонымсыз. Мұндай саясат бірнеше әуежайы бар қалаларда өзін-өзі ақтайды. Мәселен, Мәскеу, Лондон сынды шаһарларда бес-алты әуежайдан бар. Астанада тек бір әуежай барын ескерсек, тарифті реттеуді алып тастаудың не мақсатпен жасалып отырғанын түсіну қиын. Астанадағы халықаралық әуежайдың басшылығы тарифті көтеру арқылы әуекомпаниялар тап болатын экономикалық проблемаларды елемей ме? Әуетасымалдаушылар әуе дәліздерін кеңейтіп, транзиттік ағымдардың санын арттырғысы келеді екен. Ол үшін тұрақты бизнес пен бағаның қалыпты болуы қажет дейді. Сонымен қатар, билеттің құны әуежайдағы қызмет көрсету бағасына тікелей байланысты болғандықтан, жол ақысы да қымбаттауы әбден мүмкін. Соңында бұдан тек қарапайым халық зардап шеккелі отыр. «Халықаралық әуе компанияларымен бағаның өсуі бойынша консультациялар өткізілген жоқ. Сондықтан ұлттық экономика, инвестициялар және даму министрліктерінен бұйрықтың күшін тоқтатып, әуежай қызметтерін реттелетін қызметтер тізіміне қайтаруды сұраймыз. Қалған авиакомпаниялар Қазақстанға рейстерін тоқтатпай тұрғанда тарифті реттеуді дереу қайтару керек», – дейді әуе тасымалдаушы компания өкілдері. Авиакомпаниялар осылай деп наразылық танытқанымен, Азаматтық авиация комитеті мұның бәріне бағаның себеп болмағандығын алға тартты. Олардың айтуынша, әуе компанияларының шетелдік рейстерді тоқтатуы тарифке түк қатысы жоқ. Оның басты сыры шетелдіктер үшін Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіздігінде жатса керек. Яғни, ол компаниялар 10 жылдан бері шығынға батып келген екен. Одан бөлек мемлекеттік әуежайлар желісін басқарушы «Airport Management Group» компаниясының өкілдері Қазақстан әуежайларының тарифі 13 жылдан бері өзгермегендігін хабарлап, әуе компанияларының даурығуы негізсіз деп отыр. Яғни, көптеген әуежайлардың реттелген қызметтеріне арналған тарифтер 2003-2004 жылдары бекітіліп, содан бері өзгермеген дегенге сендіріп отыр. Бірақ 2017 жылдың басында еліміздің кейбір әуежайларында қызметтер құны орташа есеппен 66 пайызға өскен болатын. Өйткені әуежайлардың көпшілігі жолаушылар мен рейстердің саны аз болғандықтан, өте үлкен шығынға батты. Айта кететін бір жайт, мұндай жаңалықты да өткен жылдың басында «Airport Management Group» компаниясы хабарлаған. «Мысалы, Астана әуежайының тарифтері 2003 жылы бекітілген. Содан бері қарай 10 жыл өтсе де, еш өзгермеген. Сәйкесінше, тарифтік сметаның шығынды бөлігі, өндірістік шығындар нормасы, амортизациялық аударымдар және еңбекақы қоры 2003 жылдан бері реттелмеген. 2016 жылы қазіргі заңға сәйкес төрт әуежайға 2017-2021 жылдарға дейін шекті тарифтер бекітілді», – деп жауап берген болатын «Airport Management Group» компаниясының жауапты тұлғалары. Сөйтіп, 2017 жылдан бастап қызмет құнын реттеудің жаңа ережелері шықты. Тізімге ішкі рейстегі қызметтер кіреді. Яғни, жолаушыларды отырғызу мен түсіру, әуежай орындарын жалға беру, жүктерді өңдеу, ұшақтарды авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету.Авиаотын мәселесі шешіле ме?
Сонымен бірге, әуе компаниялары елімізде авиаотын бағасының көтерілгенін де айтып, дабыл қағуда. «Отын көлемі – бұл өте үлкен мәселе, Қазақстанға ұшуға отын жетпеген кездер де болды. Сол кездері бізге көп сын айтылған еді. Энергетика министрлігіне, инвестициялар және даму министрлігіне бізге көмектескені үшін алғыс айтамыз. Авиаотын бағасы төмендеген жоқ, керісінше көтеріліп жатыр. Мұнай қымбаттап жатыр, қаңтарда баға ұлғайғанын айта аламын. Әрине, отын арзандаса, біз бұған тек қуанамыз, алайда әзірге мұндай тренд байқап отырғанымыз жоқ», – деді Ибрахим Жанлыел Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Орталық Азия бойынша ИАТА өңірлік менеджері Джордан Карамалаков ұйым ҚазМұнайГаз және Air Astana авиакомпаниясымен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Бұл оңай шешіле салатын мәселе емес, жан-жақты пысықталуы керек, инвестиция қажет. Отын өндірісі саласында бұл мәселе шешіледі», – деді ол. Жалпы, «елімізде авиаотын тапшылығы сезілуі мүмкін» деген болжам өткен жылдың соңына таман жасала бастаған еді. Елдегі ең басты проблема – авиакеросиннің 60-70 пайызының сырттан, негізінен Ресейден тасымалданатындығы. Ал егер, әлгі авиаотын сырттан келмей қалса ше? Авиаиндустрияға не болады? Оның үстіне керосин Қазақстанда тек бір-ақ елден тасылады. Көптеген елде пайдаланатын ДжетА1 стандарты Қазақстанда бекітілмеген. Және отынды сол стандарт бойынша қабылдауға дайындық та жоқ. Ал отын тасып отырған ел көптеген себепке байланысты оны қажетті мөлшерді жеткізе алмаса, күрделі жағдайға тап болады. Елдегі авиакеросин бағасы өте жоғары. Одан қалса, авиаотын шетелдік әуе компанияларына үстеме бағамен саудаланады. Мамандардың сөзінше, Қазақстандағы авиаотын құны орта еуропалық баға деңгейінен де асып кетеді екен. Әлемде өзге тауарлар секілді авиаотынның да биржалық бағасы бар екені белгілі. Оған отынды тасу, сақтау және ұшаққа құю қызметтерінің бағасы қосылады. Сарапшы мамандар бізде мұнай өнімдері саласында авиакеросин ғана емес, жалпы бағаның қалай қалыптасатыны ешкімге белгісіз көлеңкедегі нарық екенін айтады. Яғни, бағаны ресурсты ұстап отырғандар белгілейді екен. Дерек көздеріне жүгінсек, Қазақстандағы әуе компаниялары жылына 800 мың тонна отын жағады. Оның 240 мың тоннасын Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты өндірсе, қалғаны Ресейден тасымалданады. Ал бір ғана «Эйр Астана» компаниясының жылдық қажеттілігі 350 мың тоннаны құрайды. Соған қарамастан, Павлодар зауыты бірнеше жылдан бері авиакеросин шығаруды тоқтатты. Ал Шымкенттегі зауыт өндіріс көлемін екі есеге азайтқан. Авиаотынның тапшылығына қатысты ең басты мәселе – біздің авиакеросиннің 60-70 пайызын сырттан таситынымыз және негізінен Ресей импортына тәуелділігіміз. Қазақстан авиакеросинді негізінен ресейлік «Газпромнефть», «Роснефть», «Лукойл» және «Татнефть» компанияларынан сатып алады. Бұл компаниялардан импортталатын авиакеросин көлемі 2016 жылғы айына орташа есеппен алғандағы 44 мың тоннадан 2017 жылы айына 15 мың тоннаға дейін азайған. Соңғы уақытта Ресейде әуе тасымалы артып, тиісінше, керосинге ұсыныс өздерінде өсті. Олардың күндердің бір күні Қазақстанға авиакеросин импорттаудан бас тартпасына кім кепіл? Онда жағдай мүлдем күрделене түсетіні анық. Естеріңізде болса, өткен жылдың күзінде еліміздегі әуе компаниялары авиакеросиннің жетіспей қалуы мүмкін екендігін хабарлаған еді. Әуелі «Эйр Астана», кейін «Қазақ Эйр» мәлімдеме жасады. Сонда «Эйр Астана» Қазақстандағы азаматтық авиация субъектілері тұтынатын авиакеросиннің Ресейден жеткізілуі тұрақты емесін айтқан. Сондай-ақ, ресейлік өнім өндірушілердің саясаты қалдық өнімді сату принципіне негізделгені де сөз болған еді. Жалпы, 2017 жылдың маусым айынан бастап ресейлік бірнеше компания Қазақстанға авиакеросин экспорттауын тоқтатты. Одан кейін аталмыш өнім құны шамамен 35 пайызға қымбаттады. Ал Инвестициялар және даму министрлігі үш мұнай өңдеу зауыты жаңғырудан өткен соң, Қазақстан биылғы жылы 1,5 миллион тонна әуе керосинін шығара бастайды деп отыр. Ведомствоның бұл мәлімдемесі тек сөз жүзінде қалмаса болғаны. Әйтпесе, әуежай тарифтерінің өсіміне қоса авиакеросин бағасы артса, билет бағасы сөзсіз қымбаттайды. Айналып келгенде, бәрінің зардабын жолаушылар тартады.