1265
Шетелге шыққан туристерге қамқорлық таныту
Шетелге шыққан туристерге қамқорлық таныту
Туроператорлар үшін сақтандыру компанияларының орнын басып, шетелге саяхат жасаушы қазақстандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Туристік қамқор» қоры жұмысын тоқтатуы мүмкін бе? Халық қалаулылары алдарына келген «Сақтандыру туралы» заң жобасынан кейін осы сауалға жауап іздеді. Депутаттардың айтуынша, Мәжілісте талқыланып жатқан «Сақтандыру туралы» заң қабылданса, «Туристік қамқор» қоры қажет болмай қалатын тәрізді.Туристер құқығының қорғалуы, әсіресе шет елге шыққан азаматтың қауіпсіздігінің сақталуы, сапалы қызмет көрсетілуі маңызды мәселе екені айтпаса да түсінікті.
Туристік сақтандырудың маңызы зор
Өйткені шет мемлекетке демалуға барған отандастарымыз жиі оқыс оқиғаларға ұрынып қалады. Осыны ескерген Ұлттық банк «Сақтандыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжілістің талқылауына ұсынды. Ұлттық банк дайындаған «Сақтандыру туралы» заңға сәйкес, шетелге шығарда демалысты міндетті түрде сақтандыру қарастырылған. Қауіпсіз саяхаттың бір күні 350 теңге. Бұл қаржыға теңіз жағасында демалуды жақсы көретін қазақстандықтар жеке мүлкінен бастап өміріне дейін сақтандыра алады. Егер бұл құжат қабылданса, шетелде тентіреген туристерді елге қайтаруға жауапты қор қажет болмай қалады. Бұл – депутаттардың пікірі. Ал заң жобасын дайындаған Ұлттық банктің пікірінше, екі жыл бұрын құрылған «Туристік қамқор» қорының негізгі міндетін депутаттар толық түсінбеген. Заң авторларының айтқанына сүйенсек, қордың сақтандыруға мүлдем қатысы жоқ. «Туристік қамқор» шетелде табиғи апат секілді төтенше жағдай болып, туристерді шұғыл елге қайтару керек болған кезде ғана көмекке келеді. Ал сақтандыру ол бөлек. Яғни, демалыстағы отандасымыз сырқаттанып немесе өзге де келеңсіз жағдайға тап болған кезде қажет», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов. Сонымен бірге, қазіргі уақытта Үкімет ел азаматтары шетелге туроператорлардың көмегінсіз өз еркімен барса да, сақтандыру алуға міндеттеуді ойлап отыр. Сонымен бірге, жаңа ережеде сақтандыру құнын азайту мәселесі де қарастырылған. Алайда мұның бәрі әзірге құжат жүзінде ғана болып тұр. Жалпы, туристік сақтандыру – жай ғана медициналық сақтандыру емес. Мұның ішіне рейс пен туристік сапар күшінің жойылуы, саяхатшы үшін сақтандыру өнімдері де кіреді. Яғни, рейске шықпай қалу, сапарды тоқтату, жүктің жоғалуы, басқа да жайсыз жағдайда сақтандырудың көмегі көп. Қазақстанда өткен жылдан бастап шетелге сапар шегетін қазақстандықтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында туристерге өздерімен бірге сақтандыру полисін алу керектігі міндеттелген болатын.«Туристік қамқордың» міндеті қандай?
Осыдан 4-5 жыл бұрын еліміздегі туроператорлардың шетелге туристік саяхатты ұйымдастыру ісіндегі шикіліктері, заңсыз әрекеттері жиілеп, жұрттың наразылығын туғызғаны көптің есінде болар. Жұрттың сеніміне селкеу түсірген туроператорлардың көш басында «Гүлнар тур» компаниясы тұрды. Аталған компанияның кесірінен қазақстандық туристердің басым бөлігіне шет елдерде орналасқан орындары мен кері қайтатын билеттерінің ақысы төленбей қалған. Мәселе ушыққаннан кейін Үкімет араласып, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бұдан былай туристік компаниялардың жауапсыздығы мен алаяқтығына жол берілмейтіндігіне уәде берген. Осы жағдайлардан кейін сыртқа шығу туризмі бойынша іс-әрекеттерді реттеп, туроператорлардың басын бір арнаға тоғыстыратын орталықтың қажеттілігі айқын сезілді. Сөйтіп, кеңесе келе «Туристік қамқор» қоры өз жұмысын бастады. Қор 2016 жылы Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының қолдауымен құрылды. «Туристік қамқордың» негізгі мақсаты – шетелге демалуға шыққан қазақстандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни, шет мемлекетке демалуға шығып, туроператорлардың кесірінен төтенше жағдайға тап болса, «Туристік қамқор» қоры көмекке келеді. Бірақ азаматтар шетелге саяхатқа шығар алдында туристік компанияны дұрыс таңдай білуі қажет. Себебі «Туристік қамқор» бірінші кезекте қорға тіркелген туристік компаниялардан туристік өнімді сатып алған туристерге ғана қолұшын бере алады. Туристік агенттік арқылы шетелге саяхатқа шығуға бел буған әрбір қазақстандық азамат туроператорлардан өзінің арнайы жеке тур-кодын талап етуі тиіс. Тур-кодта саяхатшының аты-жөні, жоспарлаған бағыт-бағдары және сапар мерзімі көрсетіледі. Ал «Туристік қамқор» қорына тіркелген турагенттіктердің арасындағы жауапсыз компаниялар жауапқа тартылады. Олай етпеске амал жоқ. Өйткені жауапсыз туроператорлардың кесірінен зардап шеккендер саны көп. Мысалы, 2010-2016 жылдар аралығында шетелде демалғысы келген 12 мың қазақстандық туристік компаниялардан зардап шеккен. Шығын сомасы 10 миллион доллардан асады.Туристерге қамқор бола алмаған қор
Әуелде шетелге демалыстарын жоспарлап, емделуге баратын Қазақстанның турист азаматтарының қамын ойлап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Туристік қамқор» қорының құрылғанына көпшілік қуанған еді. Бірақ өткен жылы аталмыш қордың басы даудан арылмады. Даудың басы Түркия еліндегі қазақстандық туристердің апатқа ұшырауынан басталды. Түркияға демалуға барған Қазақстанның жеті азаматы жол апатына түседі. Апат кезінде төрт түрік азаматы қаза тауып, қазақстандықтар әртүрлі ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Кейін оларды ауруханадан шығарғанымен, қазақстандықтардың елге қайтуы қиындаған. Бар мәселе осында. Апатқа ұшыраған қазақстандықтар хабарласқан әуе компаниялардың барлығы тасымалдау үшін қомақты қаражат сұраған. Дәл осындай жағдайда «Туристік қамқор» қоры отандастарымызға көмек көрсетуі тиіс еді. Бірақ қордың еш әрекет етпеуі қарапайым халықтың да, халық қалаулыларының да наразылығын тудырды. Тіпті, депутат Меруерт Қазыбекова мен Дания Еспаева Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, өзіне жүктелген қызметтен тағы да жалтаратын болса, қорды таратуды талап ететіндіктерін жеткізді. Қордың күткендегідей тиімді жұмыс істей алмағаны депутаттарға әлі де жақпай отыр. Сондықтан «Туристік қамқор» қорының орнына сақтандыру бизнесін дамытқан тиімді деп отыр халық қалаулылары. Бірақ аты даудан арылмаған қор бүгін-ертең жабылғалы жатқан жоқ. Дегенмен де қазіргі уақытта қордың жұмысына күдікпен қарайтындар көп. Жұрт сеніміне селкеу түсірген қордың жұмысы қай уақытқа дейін жалғасары да әзірге беймәлім. Ал туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған қор кімге қамқорлық көрсетпек? Шетелде қалған қазақстандық туристерге көмек көрсете алмаса, бұл қордың қажеті қанша? Бұл көпшілік көкейіндегі сауалдар. Оның жауабы қандай болары уақыт еншісіндегі мәселе.