Ақ халаттылар ағаттық жасаса...

Ақ халаттылар ағаттық жасаса...

Ақ халаттылар ағаттық жасаса...
ашық дереккөзі
645
Ұлттың саулығы – болашақ ұрпақтың да саулығы. Сондықтан, азаматтардың денсаулығы әрқашан басты назарда. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен ақ халаттыларға артылар жауапкершілік үлкен. Бірақ соңғы жылдары дәрігерлер абзал жан болудан қалып бара ма деген үрей басым. Жұртшылықтың дәрігерлер жұмысына көңілі толмауы, олардың үстінен шағым түсіруі, тіпті, дәрігерлердің біліксіздігі байқалатын жайттар жиі кездесуде. Осындай жайттардан кейін антына адал бола алмаған дәрігерлерді қалай жазалау керек? Жалпы, оларды жазалаған дұрыс па? Дәл осы сауалдар қазір қоғамда қызу талқылануда. Бұған Денсаулық сақтау министрінің жасаған мәлімдемесі себеп болды.

Дәрігердің қателесуіне бола ма?

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мәжіліс депутаттарының алдында жаңа реформаны таныстырған болатын. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жүйесіне көшіру туралы жобасын таныстыруға сақадай-сай болып келген министр ә дегеннен-ақ халық қалаулыларының қатаң сынына ілікті. Цифрландыру жүйесінен бөлек әңгіме ауаны дәрігерлердің жауапкершілікке тартылуына ойысты. Бұл ретте министр ақ халаттыларды ақтап алуға барын салды. Сөйтті де, «қате диагноз қойған дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы қажет» деп кесіп айтты. Неге? Министрдің сөзінше, дәрігерлерді жауапкершілікке тарту медицина саласына кері ықпал етуі ықтимал. Себебі ақ халаттыларды қателігі үшін соттай беретін болса, жастар дәрігер болудан қорқып, адам емдейтін мамандар таппай қалуымыз әбден мүмкін. Қазірдің өзінде қауіп-қатері жоғары салаларда мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Ал Елжан Біртановтың келесі сөзі жұртшылықтың тіптен ашуын туғызған сыңайлы. Ғаламтор қолданушылары министрдің сөздерін ертегіге балады. Ол – «медицина қызметкерлерінің қателік жіберуге қақы бар». «Дәрігер жұмысына атүсті қараса жазалау керек. Ал егер науқасты емдеуге бар күшін салып, бірақ қателік жібергені дәлелденсе, кешіріммен қарауға шақырамын. Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды, бұл біздің қатаң ұстанымымыз. Өйткені дәрігерлердің қателік жіберуге құқысы бар. Жүз пайыз науқастың диагнозын, оны емдеу жолын білу мүмкін емес», – деді Елжан Біртанов. Министрдің айтқанынан түйгеніміз, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі бола тұра немқұрайлылық танытқан дәрігер жазалануы қажет. Ал науқасты аман алып қалуға барын салғанымен, қателік жіберіп алған ақ халаттының ағаттығы кешірілуі тиіс. Хош, кез келген пенде қателеседі. «Қателеспейтін адам болмайды» деп жұрт өзін жұбатып жүре берер еді. Бірақ дәрігердің дұрыс диагноз қоя алмағанының кесірінен адам өлімі орын алса, оны кешуге бола ма? Жұртшылық үшін министрдің дәрігерлерді бұлай ақтауы қисынсыз көрініп отырғаны да түсінікті. Бір жағынан, Елжан Біртановтың кадр тапшылығы орын алуы мүмкін деп қауіптенуі де ойға қонымды мәселе тәрізді. Десек те, адам тағдыры таразыға түскен сәтте мәселенің оңы мен терісін айқындап отыру орынсыз. Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша дәрігерлік қателік жасаған мамандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал министр осы құжатты қайта қарау керектігін айтып отыр. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамыған мемлекеттерде қателескен дәрігерлер жазаланбайды. «Қателіктер қарастырылады, персоналды оқытуға бағытталған тиісті шаралар қолға алынады, бірақ дәрігерлер жазаланбайды. Егер біз дәрігерлік қателік үшін жазалай берсек, онда дәрігерсіз қалатынымыз анық. Өзім бұрынғы дәрігер-реаниматолог ретінде айтарым, адамдардың қателеспеуі мүмкін емес», – дейді Денсаулық сақтау министрі.

«Тәуекел салығы» туралы сөз

Естеріңізде болса, 2017 жылдың жазында да Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер кәсіби қателіктер үшін қылмыстық жазаға тартылмайды деп мәлімдеген еді. Оның орнына ақ халаттылардың тәуекел салығын төлейтіндігі айтылған. «Дәрігердің мамандығына байланысты міндетті сақтандыру жарнасы 24 мың мен 40 мың теңге аралығында. 40 мың хирургтардан алынады, себебі олардың тәуекелі ең жоғары. Қатардағы медқызметкерлер 5 мың теңгеден аударады. Егер де дәрігерлердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе, 900 мың мен 1 миллион 800 мың теңге аралығында, қайғылы жағдай болса 2 миллион теңгеден аса өтемақы төленеді», – деген еді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Яғни, әр дәрігер қорға ақша жинайды. Сол қорға түскен қаржыға емнен денсаулығына зиян келсе немесе өлім жағдайы тіркелсе, науқасқа өтемақы қарастырылады. Денсаулық сақтау министрлігі осылайша дәрігерді сотқа сүйреуден құтыламыз деген болатын. Министрлік есепке 29 мың дәрігерді алып отыр. Оған сәйкес қорға бір жылда бір миллиард теңгеден артық түсуі тиіс. Дәрігердің қателігін тыю мүмкін еместігін түсінген министрлік осылай сақтанбақшы. Өткен жылғы статистикалық деректерге сенсек, бір жылда ақ халаттылардың үстінен 500-ге жуық шағым түседі. Бірақ оның санаулысы ғана сотқа жетеді. Мысалы, 2016 жылы 15 дәрігер жазаға тартылса, 2015 жылы екеуі ғана жазаланды. Көпшілік дәрігердің кінәсін дәлелдеу басқа бір дәрігердің қолында болғандықтан, қиынның қиыны дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтыны жазылмаған заң. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі де мамандарын қорғау үшін барын салуда. Ал бір ғана Ақтөбе облысында өткен жылы дәрігерлердің үстінен жүзден астам шағым түсіпті. Түскен шағымдардың басым бөлігінде медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлейтіндігі, науқастарға мәдениетсіздік көрсететіндігі айтылады. Науқастардың арыз-шағымымен танысқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мұндай ақ халаттыларды жазалау керектігін айтады. «Науқастар дәрігерлердің дөрекілігіне, кәсіби этиканы сақтамайтынына шағымданады. Ауру адам дәрігерге бармай, қайда барады? Соңғы үміті медицина қызметкерлерінде емес пе? Науқастар дәрігер дөрекі сөйлесе, ауру үстіне ауру жамайды ғой. Дөрекі сөйлеп, мәдениетсіздік көрсеткен дәрігерлер мен басшылар жазалануы керек», – дейді Бердібек Машбекұлы.

Жұрт не дейді?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәрігерлерге қатысты пікірі мен көзқарасы қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырды. Министрдің сөзін қолдайтындар да, «қателік жасаған дәрігерлерді жазалау керек» деп ұрандатқандар да табылды. Әрине, әркімнің өз шындығы бар. «Дәрігер де адам, ол да қателеседі» дейтіндердің де, «адам өміріне жауаптылардың ісі сауатты болуы керек» деп пікір білдіргендердің де айтқандары дұрыс. Бірақ ешбір дәрігер жасаған қателігі үшін жазаланбаса, ақ халаттылардың «қателіктері» көбейіп кетпесіне кім кепіл? Осындай жеңілдікті пайдаланып, адам тағдырын ойыншыққа айналдырып алса, оған кім жауапты болады? Гиппократ антын қабылдағандардың серттен тайып, «қателігім кешіріледі» деп еркінсіп кетпесіне министрлік сенімді ме? Екінші жағынан, медицина саласында білікті мамандар да көп. Бәріне бірдей қара күйе жағуға әсте болмас. Ал сол білікті кадрларды бағалай алмай отырған министрлік олардың қателігін ақтап алуға неге құмартып отыр? Бағалай алмай отыр дегенде, бүгінгі дәрігерлердің әлеуметтік ахуалын сөз қылғымыз келген. Ақ халатты жандардың жалақысының төмендігін, есесіне атқарар жұмысының ауыр екендігін талай мәрте жазғанбыз. Егер дәрігерлердің жалақысына қосымша ақы қосылар болса, олар да барынша мінсіз қызмет етуге тырысар ма еді?! Емханаларда науқастар дәрігерлердің қызмет көрсету сапасын бағалап, сол арқылы ақ халаттыларға үстеме сыйақы төленетін болса, мәселе бір шешімін табар ма еді, кім білсін?! Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесінен кейін дәрігерлерді кәсіби қателігі үшін жазалауға қатысты қарапайым халық арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Бұл сауалды дәрігерлер қауымына жолдамадық. Олардың өздерін қорғап тұрған министрге қарсы пікір білдірмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан сол дәрігерлердің алдында жиі болатын қарапайым азаматтардың ой-пікірімен шектелдік. Жұрттың пікірі екіге жарылды. Тіпті, пікір білдірушілер арасынан дәрігерлерді емес, сол министрлікте отырған басшыларды жазаға тарту керек дегендер де табылды. Нұржамал Әмірәлиева, 45 жаста: – Дәрігерлер неге қателесуі керек? Сол мамандықты таңдаған кезде олар адам өміріне жауапты екендіктерін білді емес пе? Ендеше, дәрігердің қателесуі деген миға сыймайтын дүние. Сондықтан министрдің «дәрігердің де қателесуге қақы бар» дегенін құптай қоймаймын. Емханаларға барғанда талай дәрігердің науқастармен қалай сөйлесетінін көріп жүрміз ғой. Соның бәріне шыдап жүрген қарапайым халық енді дәрігерлердің кесірінен мүгедек атанса да, бәрін кешіру керек пе? Берік Еркінұлы, 26 жаста: – Дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Олар да пенде ғой. Өздерінің қателескенін қалайды дейсіз бе? Кім біреудің өліміне себепші болғысы келеді? Сондықтан бас салып дәрігерлерді айыптау дұрыс емес. Министрдің ақ халаттыларды қорғап отырғаны қуантты. Әйтпесе, басшылықтағылар кінәні аудару үшін қарамағындағыларды төмпештеуге дайын тұрады ғой. Дәрігерлердің еркінен тыс орын алған қателіктер үшін кешірім беруді мен де құптаймын. Толқын Жөңкебаева, 37 жаста: – Біздер, қарапайым халық дәрігерлердің жұмысы қаншалықты қиын екенін біле бермейміз. Газет беттерінен олардың науқастардан бөлек құжат толтырумен әуре болатынын оқып отырып, оларға жаным ашып-ақ кетеді. Бірақ диагнозды дұрыс қоймағандықтан, балаларынан, жақындарынан айырылып қалып жатқандардың жайы не болмақ? Бұл мәселені министрлік шеше ала ма? Шеше алмаса, сол министрліктегілердің өздерін жазалау керек. Қарамағындағылардың жұмысын қадағалай алмаса, олар жылы орындарында неге отыр? Дәрігерлерді жазаламау керек дегенше, олардың халықты дұрыс емдеуіне жағдай жасасын. Кәмшат Мұсаева, 40 жаста: – Дәрігерлерді жазалаудан бұрын азаматтардың жауапкершілігін арттыру керек. Көпшілігіміз ауру бойымызды әбден дендегенде ғана дәрігерге барамыз да, соңында дәрігерлерді айыптап шыға келеміз. Өзіміздің қателігімізді ескермейміз де. Бұл біз жинаған пікірлердің бірнешеуі ғана. Қарап отырсаңыз, әрбір азаматтың сөзінің жаны бар. Рас, дәрігерлер антына адал болуы қажет. Ақ халаттылар кәсіби міндетінде мүлт кетпеуі шарт. Себебі оның қолында бір адамның тағдыры тұр. Дегенмен де бүгінге дейін дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамауының салдарынан қаншама науқас дертіне дерт қосты. Ақ халатты абзал жандарға деген сенім жоғалып барады. Оған себеп, тағы да дәрігерлердің біліктілігіне күмән туғызатын қайғылы жағдайлардың көптеп орын алуы. Қандай қателіктің де өтеуі болады. Сондықтан кәсіби қателік жіберген дәрігерді жазаламаудың жолын іздегеннен гөрі, сол қателіктің орын алмауына жағдай жасаған абзал.

Серіктес жаңалықтары