Коллекторлардың басынан «бағы» тайды

Коллекторлардың басынан «бағы» тайды

Коллекторлардың басынан «бағы» тайды
ашық дереккөзі
309
Баспана – әрбір азамат үшін ең басты қажеттіліктердің бірі. Қазір елімізде үйсіз-күйсіз жүргендер саны азайып келеді. Бұл – көңіл қуантарлық жаңалық. Баспанаға қолы жетпей жүргендердің көбі ипотекалық несие арқылы үйлі болуда. Бір қиыны, ипотека арқылы үй алған қарапайым халықтың кейбірі банк алдындағы қарызын қайтаруға қауқарсыз болып жатады. Сондықтан мемлекет оларға түрлі мүмкіндіктер қарастыруда. Тұрғын үй мәселесін банк ипотекасымен ғана шешіп отырған қазақстандықтардың қатары жыл санап артып келеді. Алайда ипотека арқылы үй алған азаматтардың көпшілігі біраз уақыттан кейін банкке қарызын қайтара алмай, қиналады. Әрине, кейбіреулер төлей алмайтын болса, ипотекаға үй алып несі бар деуі әбден мүмкін. Бірақ пәтерден пәтерге көшіп, ығыры шыққан жұрттың қазіргі бар үміті осы ипотека арқылы несие рәсімдеп, үй алуда болып отырғаны жасырын емес. Қазақстанда ипотекалық несие алу да, оны жабу да қымбатқа түседі. Екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие беру шарттары бір-біріне ұқсайды. Тек пайыздық мөлшерлемесі, бастапқы жарна мөлшері мен қайтару мерзімі жөнінен ғана аздаған айырмашылық бар. Бір қуантарлығы, жалғыз баспанасының ипотекасын төлей алмай жүрген азаматтарды мемлекет қараусыз қалдырып жатқан жоқ. Тіпті, жыл өткен сайын ипотекалық қарызды өтеушілерге жасалатын мүмкіндіктер көбейіп келеді. Айта кетейік, 2015 жылдың 11 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, ипотекалық қарыз алушылардың мәселелерін шешу жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын, яғни ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлген еді. Бұл біршама адамға көмегін тигізді. Қазіргі уақытта Ұлттық банк Президент тапсырмасынан кейін қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңа тұрғыдан қарау үстінде. Бұл қайта қаржыландыруға жататын ипотекалық қарыз иелеріне қатысты. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қарызын төлей алмай қалғандарды үйінен қуып шықпай, басқа жолдарын қарастыруды және қандай жолдарын табуға болатынын қазіргі уақытта қаржы ұйымдарымен бірігіп қарастыруда. Қаңтардың басында ғана Елбасы Ұлттық банкке ипотекалық қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешу жөнінде тағы да тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы бойынша, тек 2016 жылға дейін берілген ипотекалар мәселесі қарастырылмақ. «Осы кезден бастап банктер ипотекалық қарызы барларды үйлерінен шығаруды тоқтатты. Осы күнге дейін 23 мың қарыз иесі қайта қаржыландырылып, баспаналарын сақтап қалған еді. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша тағы 25 мың ипотеканы қайта қаржыландыру жоспарланып отыр», – дейді ҚР ҰБ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бөлімінің бастығы Мениса Хуснутдинова. Ал биылғы жылы Ұлттық банк коллекторлық ұйымдардың ипотека қарызын өндіруге құзыры жүрмейтіндігін мәлімдеді. Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, бұл міндет банктерге жүктелген. «Коллекторлық қызмет туралы» заңдағы өзгеріс өткен жылдың маусым айында күшіне енген. Жаңа ереже бойынша коллекторлар ипотекалық қарыздан басқа сотқа дейінгі берешектің барлық түрлеріне араласуға құқылы.

Банктер бас тартты ма?

Үкімет ел азаматтарына барынша жағдай жасауға тырысқанымен, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің оған құлшына қоюы неғайбыл. Ең бастысы, еліміздің екінші деңгейлі банктері «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сынды халыққа арналған әлеуметтік бағдарламаларға қызықпайды. Бұған ипотека алған азаматтар үшін қарастырылған жеңілдіктер себеп болып отырған тәрізді. Бұл мәселе өткен жылдың соңына таман Мәжілісте де қаралған болатын. Тіпті, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те осы мәселені үкіметте көтеріп, премьерден көмек сұраған еді. «Банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгеннен кейін осыған дейін клиенттен еселеп ақша қырқып, оңай олжаға батқысы келетін коммерциялық ұйымдар үшін ипотека қызық болмай қалған. «Ипотека бойынша төлем 6 айдан астам мерзімге кешіктірілсе банктер негізгі қарызға үстеме қоса алмайды. Бұл бірінші себеп. Екіншіден, пәтер қарыз алушының жалғыз үйі болғандықтан банктер оны сотпен де тартып ала алмайды. Үшінші қиындық, бұл әрине банктер үшін деп түсініңіздер, борыш өтеу тәртібі өзгерді. Бірінші негізгі қарыз өтеледі, сосын барып пайыздарын жабады. Осы себепті банктерге ипотека беру тиімсіз боп тұр», – деген болатын өткен жылдың соңында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков. Кейінірек жеке банктер жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаларды қолжетімді етудің бірқатар жолдарын ұсынып, Сенатқа жолдаған болатын. Олардың пікірінше жас отбасылар үй құнының 30 пайызын жинап үлгермегендіктен, бағдарламадан тыс қалып, баспанасыз босып жүр. Сондықтан коммерциялық банктер мемлекеттің тұрғын үй бағдарламалары бойынша алғашқы жарнаның көлемін төмендетуді сұрады. Бұл кісі есігін жағалап, пәтер жалдап жүргендерге көп көмек болар еді, алайда Ұлттық банк банктердің ұсынысын қолдамады. «Ұлттық банк бұл ұсынысты қолдамайды. Себебі жарна көлемін төмендету азаматтардың қарызын көбейтеді. Банктердің несие беру кезіндегі басты талабы халықтың оны қайтара алу мүмкіндігі. Қазіргі кезде біздің 5 млн отандасымыздың 5 трлн теңгеден астам несиесі бар. Бір миллионнан астам адамның төлемдері 90 күннен артық кешіктіріліп отыр. Халық онсыз да белшесінен несиеге батқан», – дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов. Сондай-ақ, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары бойынша ипотекалық несиенің шекті көлемін 20 миллион теңгеден 30 миллион теңгеге дейін көтеру керек дейді банк өкілдері. Себебі 20 миллион теңге кей азаматтардың алғысы келген баспанасына жетпейді. Осылай деген банк өкілдері Инвестициялар және даму министрлігі мен кей депутаттардың екінші деңгейлі банктер «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын қаржыландырудан қашып отыр деген айыптарын жоққа шығарғандай болды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша айтарлықтай жұмыс істеп отырған жалғыз банк – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Олардың пайыздары бес пайыздан басталады. Бірақ онда 1 миллион адам кезегін күтіп жүр. Ал екінші деңгейлі банктердің пайыздарын мемлекет субсидиялап, халыққа 10 пайызбен жетеді. Ал алғашқы жарна 20 пайыз болса тіпті жақсы болар еді.

Елімізде ипотека мөлшерлемесі тым қымбат

Өткен жылдың соңындағы деректерге сүйенсек, Қазақстан әлемдегі ипотека мөлшерлемесі төмен мемлекеттер қатарына енбейді. Себебі еліміздегі ең тиімді болып есептелетін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үстемеақысы 10 пайыздан басталады. Ал ипотека мөлшерлемесі төмен елдер тізімінде Жапония көш бастап тұр. Күншығыс елінде ипотека мөлшерлемесі 1,2 пайыз. Алайда жылжымайтын мүлік тым қымбат. Бұл елде үйдің шаршы метрі 7-8 мың долларды құрайды. Тізімде келесі болып Швейцария орын алған. Осы алғашқы үздікке Финляндия да кіріп отыр. Бұл мемлекеттерде ипотека мөлшерлемесі 1,5 пайыз төңірегінде. Ал осы еуропалықтар ішінде ипотекаға ең көп жүгінетіндер шведтер екен. Швеция халқының 90 пайызы баспаналарын несиеге алған. Ал тізімнің соңында оныншы болып тұрған Австрияның өзінде ипотека мөлшерлемесі 2,1 пайызды құрайды. Дегенмен ипотеканың машақаты көп екеніне қарамастан, банк мамандары сол арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген сұраныстың жоғары екендігін алға тартады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ипотекалық несиені теңгемен қазақстандық сегіз банк алғашқы жарнасыз ұсынады екен. Алайда несиені рәсімдеу кезінде жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепіл талап етіледі. Егер де тез арада ипотека қажет болса, бірақ алғашқы жарна болмаса, онда банкке тағы бір жылжымайтын мүлік нысаны кепілге қойылып, оның құны алғашқы жарнаның көлеміндей болуы шарт. Соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтарды тұрғын үймен қамту 30 пайызға өсті. Бірақ 500 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын ескерсек, тұрғын үй жүйесіндегі бағдарламалар әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тәрізді.

Серіктес жаңалықтары