Ел қастерлеген ер Қаптағай

Ел қастерлеген ер Қаптағай

Ел қастерлеген ер Қаптағай
ашық дереккөзі
1781
Еуразиялық алғашқы бақташы қауымдардың тарих сахнасына шығар кезеңі қазақ шежіресінде «Алаша хан заманы» деген атпен белгілі. Рашид-ад-диннің «Жәми-ат тауарихы» да, Әбілғазының «Шаджарат түркісі» де тарихтың кіріспесін осы Алаша хан заманынан бастайды. Рашид-ад-динге шежіреден ақпар берген қариялар Алаша ханды Нұқ пайғамбармен замандас, не соның өзі деп нұсқаған. Жаратылыс әлемінен оқшау шыққан адам баласы үшін кәсіптің ең табысты деңгейі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Олардың әлеуметтік дамуының, рухани құндылықтарының, саяси табыстарының өзге қоғамдарға тигізген ықпалы әлі де зерттеуді қажет етеді. Еуропа ғылымында біз тек «Орталық Азияның көшпелі халықтарының Қытай, Үндістан және Батыс елдеріне жетуі (олардан ежелгі дүниенің мәдениеттері жылқыны пайдалануды үйренді) үш облысқа да бірдей әсер етті: жылқыны иеленген бұл көшпелі халықтар әлем кеңістігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік, қатерлі жорықтар дүниенің жалғандығын түсінуге көмектесті, ал үстем нәсіл есебінде олар бұл әлемге ерлік және трагикалық сананы енгізіп, оны эпос түрінде білдірді», – деген неміс ғалымы А.Вебердің пікірін білеміз. Жалпы, қазақ деген ел бір атаның баласы болып бір-бірімен әртүрлі деңгейде туысады. Яғни ата тарату және руларды жасақтау үлгісі туыстыққа негізделген Қазақ хандығының идеологиясына қажетті тетік екенін көрсетеді. Орталық Азия тарихында ел тағдыры шешілер сәттерде ру-тайпалық құрамды қайта жасақтау шаралары іске асады. Бұл тұрғыдан біз соңғы рет ру-тайпалық құрылымды іргелі жасақтау, яғни жаңа әкімшілік-территориялық реформа Қазақ хандығы құрылған дәуірде, Бетпақ далада «Таңбалы тас» атты қасиетті жерде болды деп есептейміз. Бірақ ел бұрынғы үлгілерді де бірден ұмыта алмай жадыда сақтап жүреді, осы себепті шежірелерде бір-біріне кереғар дүниелер қатар айтылып қалады. Әбілқайыр ханнан бөліне көшіп, жеке мемлекет боламыз деп ту көтерген Қазақ хандығына жаңа әкімшілік-территориялық құрылым керек болғаны заңды. Сол кезде хандыққа кірген көптеген ру-тайпалар (жалпы саны бес жүзден артық болса керек) өздерінің қалауымен, ақсақалдар кеңесінің ұйғарымымен, хан-сұлтандарының пәрменімен бір-бірімен одақтасқан. Осылайша қазақтың жүздері пайда болды, ол өз кезегінде ру-тайпалардан құралған ұлыстарға бөлінді, ұлыстар өз кезегінде тайпалар мен рулардан құралды. Енді осы құрылымды бекіту үшін идеология керек болды, осылайша Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс аталатын туыстық таксономиялық деңгейлер пайда болды. Содан Жанарыстың алтыншы ұрпағы Найман болып шыға келеді. Шын мәнінде Жанарыс өмірде болмаған адам, сол сияқты Найман атауы да сегіз тайпаның одағы дегенді ғана білдіреді. Енді жоғарыда аталған генеалогиялық жүйеде тарихи дәуірде өмір сүргеніне айғақ бар, қолдан жасалмаған қаһарман бар ма деген сұрақ болса, біз бар дейміз, ол – жалпы Найман баласы ұран қылып көтерген Ер Қаптағай. Оның ең мықты дәлелі якут (саха) халқының ауыз-екі мұрасындағы Қаптағай батыр туралы деректер. ХІХ ғасырдың соңында якут (саха) арасында жұмыс жүргізген ұлты поляк, әйгілі үш томдық «Якут тілі сөздігінің» авторы Э.К. Пекарский бірнеше мәлімет береді. Біріншіден «Хаптағай батыр – якут қаһарманының аты», екіншіден «Хаптағай ус –Баканча-Бытаны бақсының ұлдарының бірі, темірші ұстаның аты», үшіншіден «Шығыс-Қаңғалас ұлысындағы – (Хаптағай) аталатын қоныстың атауы (Якут. Окр.)» (Э.К. Пекарский, 3-т, с. 3323). Бұл жерде біз көңіл аударатын бірнеше мәселе бар. Алдымен айтатын дүние сахалардың қазақ жерінен Солтүстік Мұзды мұхит аймағына ислам келмей тұрып қоныс аударғаны. Ендеше якуттың сөздік қорында сақ және ғұн заманындағы біздің тарихымыз бар деп айта аламыз. Екіншіден, Қаптағай атының Баканча (Бақанша) – Бытаны бақсымен бірге аталатыны. Бұл жерде Бағаналы-Балталы атауы еріксіз ойға оралады. Сонымен найман баласының ұраны, Ер Қаптағай сонау сақ және ғұн заманынан бері белгілі және аңызға айналған тұлға деп айта аламыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларында Еуразия тарихына аты алтын әріппен жазылған Найман атаның шежіресіне қатысты бірсыпыра деректер бар. Шежіреде қарама-қайшылықтар да жеткілікті. Оның бір дәлелі Ә.Х.Марғұлан заманында (1975 ж.) жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясының бір томында Қызайдың шығу тегіне қатысты екі түрлі деректің жүруі. Мысалы «Қызай» мақаласында былай делінеді: «Қызай – Орта жүз Найман тайпасынан тараған ру. Қазақ шежіресі бойынша, Төлеқытайдан (Төлегетай-Ж.А.) Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық деген төрт рулар бірлестігі қалыптасқан. Шежіреде «Аталық батыр Ұлы жүз Бәйдібектің тоқалы Домалақ енеден туған Ейқызға (Күнбибі) құда түсіп, үлкен ұлы Шағырға алып береді. Бұдан тараған тұқым шеше есімімен Қызай атанып кеткен» (ҚСЭ, 7-т, 75-б.). Енді осы энциклопедияның 507-бетінде «Матай» деген мақалада: «Матай – Орта жүз Найман тайпасының рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша Матайдан Аталық, Кенже, Қаптағай рулары тараған. Аталықтың ұрпағы шешесінің атымен Қызай аталып кеткен, олар түгелдей КХР-дің Шыңжан аймағында тұрады» делінген (ҚСЭ, 7-т, 507-б.). Қалай десек те Әбілғазы баһадүр хан жазатындай: «наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Ерте жазба деректерде Алтай тауларын мекендеген, Түрік қағандығының шығыс бөлігінде орналасқан сегіз-оғыздар туралы мәліметтер кездеседі. Сегіз оғыз жұртын әуелі “найман аймақ” (“сегіз тайпа”) деп Х ғасырда қидандар (қытай) атай бастаған деген топшылау бар. Сегіз оғыздар Шығыс Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін біраз уақыт Ұйғыр қағандығының, кейіннен Солтүстік Қытайдан ауып келген қидандардың (Ляо әулеті) қол астына қарады. Осы кезде сегіз оғыз атауының орнына найман атауы орнықты-мыс. ХІІ ғасырдың бас кезінде қидандар Цзинь әулетінен (шүршіттер) жеңіліп, Жетісуға ауған кезде наймандар жеке ұлыс болып қалыптасуға мүмкіндік алды. ХІІ ғасырдың 2-жартысында олар Орталық Азиядағы ең күшті, жетекші мемлекет бірлестіктердің біріне айналып, алыс-жақын елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қызайдың тарихы бар қатпар-қатпар...

Әріп пен Көкбай – бір-бірімен замандас, өз заманының аса білімді, ақын азаматтары. Ол заман жалаң сөздің заманы емес, мықты азаматтардың арасында астарсыз ештеңе де айтылмайды. Көкбай Тобықтының Көкше деген атасынан, Әріп болса Садыр ұрпағы, шешесі Көкше, сол себепті нағашы-жиен болып екеуі аяусыз қалжыңдасады, бірақ екі арада жау пиғыл жоқ. Әріптің Көкбайға «арғынға сенен көрі Қызай жақын» дейтін бар. Әріп қандай тарихты меңзеп тұр. Бұл жерде мыңжылдықтан әрі оқиғалар айтылып тұр. Қ.Халидтың «қазақтың қариялары мыңжылдықтың ішінде адаспайды» дегені есте болсын. Біздің жыл санауымыздан үш мың жылдай бұрын қазақ даласында екі үлкен ұлыс болғанын көреміз, бірі «Авеста» сияқты асыл мұраны қалдырған Ариан, екіншісі «Оғыз қағанның» қиссасын жырлайтын Тұран елдері еді. Бірталай заман ағайынды-інілі болып тұрған екі ұлыс та өсті. Ариан елі сол кезде адам саны мол, өзгеден үстем еді, малы көп еді, ұшы-қиырсыз Сарыарқа даласына сыймады. «Авеста» былай дейді: «Ендi мiне, Жәмшид патшалығы үшiн тоғыз жүзiншi қыс та түстi. Сонда бұл жер iрiлi-ұсақты малға, адамға, ит пен құсқа, қып-қызыл боп жанған отқа толып кеттi. Iрiлi-ұсақты мал мен адам өзiне орын таба алмады... Сонда Жәмшид қырға шықты, Күннiң бағдарын байқады, өзiнiң алтын мүйiзiне үрледi, қамшысын сермедi: “Айналайын Спэнта-Армайти, менiң малым мен адамым сыйсын, жазыл ендi, қанатыңды жай”, – деп жалынды. Осылайша жердi бұрынғы көлемiнiң үштен үшiне дейiн ұлғайтты және осы жерде iрiлi-ұсақты мал жайылым тапты, адам баласы өзiнiң тiлегiне, еркiне сай өмiр кештi. Жаратушы Ахура Мазда – Көк Тәңiрiмен бiрге даңқты Арианам-Байджа белiнде (Арқа белі), Барукаша көлі (Ақсақал Барбы көлі) жағасында мәжiлiс құрды. Тумысы бөлек мол табындардың иесi, адамзат баласының ең жақсы өкiлдерiмен бiрге даңқты Арианам Вайджаға Жәмшид те келдi. Сол жерде Ахура-Мазда Құдай былай дедi: «О, қасиеттi Жәмшид, мына жалған дүниеге қыс та келер, алдымен қардың қара бұлты Қаратауға жауар. Осы сұмдық жұттан малыңның үштен бiрi ғана қалар, оның өзiнде өзен жағасындағы қалың қамыс пен таудың ағашына паналап. О, Жәмшид, мына жалған дүниеде қойдың тұяғының iзiн кездестiру ғажап қалдырар» (Авеста.М., 1993. – 176-180-бб). Ариан еліне жұт келді, оның үстіне Тұранмен тіл табыса алмады. Екі арада дау туды, бірінішісі – Орталық Қазақстанның кен орындарын бөлісе алмады, екіншісі – Алладан түскен төрт кітаптың бірі Зәбүрді Ариан қабылдап, Тұран қабылдамады. Осы ауыр жұт пен рухани кикілжің себебінен Ариан жұрты бір жағы Үндістан, бір жағы Иран қыратына, бір жағы Алтай тауларына көшті. Қола дәуірінің соңына қарай қазақ даласына Тұран елі иелік қылды. Осы өркениеттен сақ (саһа) қауымы өсіп шықты. Сақ мәселесін Қазақстан тарихына қатысы бар адам айналып өте алмайды. Бар мәселе «Сақ» және «скиф» атауларында. Осы екі атауда да орыстық және советтік тарихнамадан келе жатқан қателік бар. Терминде қателік болған соң арғы жағы белгілі. Біз қазіргі жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Жетісу мен Түркістаннан Қаратеңіз бойына, Алтай тауларынан Хорезмге дейінгі территорияны «сақ» атауына ие болған көптеген тайпалар мекендеді деп жазамыз. Шын мәнінде ирандық жазбаларда «сақ» емес «саһа». «Тарих атасы» Геродот (б.з.б. V ғ) оларды «скуз» деп атайды. Семит деректерінде бұл халық «ишгузай» және «ишкуз» түрінде кездеседі. Біз орыс транскрипциясының жетегімен әлі «скиф» деп жүрміз, мәселе көне грек әліпбиіндегі «ө» әрпінің қалай оқылатынына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды біреу – біздің сақ немесе скиф (скуз, ишгузай) деп жүргендеріміз ішкі оғыздар. Дала тұрғындарының екінші атауы – қаңлы, яғни дала адамы (қаң-шөлейт дала деген мағына береді). Енді мұның бәрінің қызайға қандай қатысы бар? Қызайдың ата-бабалары да ариан қауымдары ішінде осы аумалы-төкпелі заманда Алтайға ауды. Кейін ариан жұрты Ұлы даланың шығыс қапталында қият әулетін таққа отырғызып, Ғұн (Күн) патшалығын құрды. Осы патшалықтың оңтүстік қапталында үйсін, батыс қапталында – қаңлы сияқты ертеден аралас елдер бар еді. Үйсiндер алғашқы кезеңде Шығыс Түркiстанды мекендеп, ал юечжi тайпалары оңтүстiк-батысқа жер ауған соң, Жетiсу мен Ферғана (Давань) өлкелерiне орнықты. Қытай жазбаларына қарасақ, Іле өңірі ертеде юечжiге тиесілі болғанға ұқсайды. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда олар ғұндардың батыс жағындағы Дунхуаң мен Чилан тауы аралығын қоныстанған ел еді. Ғұндардың шабуылынан үріккен юечжі тайпалары өздерінің бұрынғы мекенін тастап, Іле өзенінің алқабына қоныс аударады. Бұдан бұрын Іле өзені алқабы сэ (сақ) тайпаларының мекені болуға тиісті, қоныс аударып келген юечжілер бұл жерді басып алады. Юечжілердің оңтүстікке көше алмай қалған бір бөлегі Наншань тауына шегініп, ол жердегі тайпалармен араласып кетті. Юечжілер Іле өңіріне қоныс аударған соң, үйсін билігі ғұндардың көмегіне сүйеніп, жаңа қоныстанып жатқан көршілеріне шабуыл жасап, оларды батысқа қарай ығыстырып жіберді де, Іле өзені алқабы мен Ыстықкөл алабындағы құнарлы қонысқа келіп орнығады. Осылайша үйсін құрамына тек қана юечжі ғана, оның құрамына енген сэ, яғни сақтар да енді. Іле өзені алабына ауысқаннан кейін үйсін елі тез дамып, іргелі мемлекетке айналды. Сол дәуiрдегi көрнектi одақтың бiрi – қаңлылар, әуелден Сырдария мен Ертіс арасындағы өлкемен тығыз байланысты (Авестада Сыр бойына қатысты Канхга атауы кездеседi). Міне, Әріптің Көкбайға «...Арғынға сенен көрі Қызай жақын» деуінің сыры осы. Ариан ішінде көбі арғын болатын, ал оғыздар қаңлы арасында еді. Әрине, ғұн, үйсiн, қаңлы қауымдарының қоныстану мәселесi толық шешiлдi деуге әлi ерте, оның үстiне халықтардың ғұндар бастаған қоныс аударуы кезеңiнде (III ғ. бастап) этнотерриториялық картаға елеулi өзгерiстер енгенi даусыз. Б.э.б. 200-жылы Ғұн патшалығына қарсы Қытайдан Гао ди бастаған iрi қол аттанды. Олар жылдан-жылға күшейіп келе жатқан көшпелi мемлекеттi тiзе бүктiру ниетiмен шекаралық өлкеде билiгiн нығайтуды көздегенiн жылнама жасырмайды. Бiрақ ғұндарға қарсы соғыста патшаның әскерi жеңiлiп, оның өзi қолға түстi. Осы соғыста Қытай жылнамашысы ғұн әскерлерiнiң батыс бөлiгi – ақ боз атқа, шығыс бөлiгi – ақ тұмсық күрең атқа, солтүстiк бөлiгi – шұбар атқа, ал ендi оңтүстiгiндегiлер – жирен атқа мiнгендiгiн суреттейдi. Мұның өзi ғұн қауымдастығына енген рулардың нағыз жылқы өсiрушiлер, яғни Алаш елінен екендiгiн дәлелдесе керек.Үйсiндерге қатысты деректерде «олардың iшiндегi байлары 4-5 мың жылқыға иелiк етедi» деген мәлiметтер бар. Бұл көрсетiлген сан ең жоғары шек болмаса керек. Археологиялық деректер ғұн қоныстарында орташа қалалардың орны барлығын, ал олардың маңында суландыру жүйесi болатынын хабарлайды. Қытай жазбалары «Мөде өз қарамағында 300 мың әскер ұстады. Шунь-вэйден бастап, Тұманға дейiнгi мың жылдан астам уақытта Ғұн Ордасы бiр көтерiлiп, бiр құлап, бөлiнiп- шашылып жатқан уақытты бастан кешiрдi, сол себептен тақ мұрагерлерiнiң тәртiбiн анықтау қиын. Мөде тұсында Ғұн Ордасы аса күшейдi, көтерiлдi: солтүстiктегi бүкiл көшпелi руларды бағындырып, оңтүстiкте Кiндiк Ордаға тең болды...» делінеді. Қызай арасындағы әңгімелерде «бабамыз Қызай анамызды шапқыншылықта алған екен, кейін Бәйдібек атамыз тойын жасап, жасаулап берген» дейді. Күнбибі ақыл-мінезімен жұртқа жағып, туыс-жақындары «Қызай» деп атап кетеді. Осы себепті одан өрбіген, өскен ел де «Қызай» аталады-мыс. Бұл жерде Қызай атын халықтық этимология өз бетінше түсіндіріп тұр, шын мәнінде қызай біздің эрамызға дейін-ақ белгілі атау. Атақты француз ғалымы Э.Бенвенистің «Үндіеуропалық әлеуметтік терминдердің сөздігі» кітабында Қызай аты ариан тілінде патша билігі деген ұғым деп түсіндіріледі. Кітаптың бір тарауы «Xsay – және Ирандағы патша билігі» деп аталады» (Бенвенист, 254-256 бб.). Батысты бақылаушы Го-шуньннің шекарадағы жағдай туралы Қытай патшасының сарайға жіберетін хабарын аңдап қарасақ ғұн, қаңлы, үйсін арасы өте қызықты: «Хундар (ғұндар) кангью (қаңлы) мен усуньді (үйсін) бағындырғандықтан құдыретті болған жоқ, сол сияқты ол екеуін жоғалтқаннан кейін Қытай үстемдігін мойындаған жоқ. Қытай сарайына билеушілерінің балаларын аманатқа бергенімен жаңағы үш иелік бұрынғыша қарым-қатынаста; байланысы мен наразылығы қатар, аңдып жүріп, қолайлы шақта бірін-бірі шауып та отырады. Басы қосылса да біріне-бірі сенбейді, бөлініп кетсе, бірін-бірі бағындыра алмайды». Үш орда бейбіт уақытта бір-бірімен, басы қосылса Қытаймен аңдысу тәртібінде өмір сүрді: «Усун ордасымен туыстық қарым-қатынасқа түскенімен Қытай сарайы әлі одан пайда тапқан жоқ. Бірақ ол байланысты усундер ерте бастағандықтан және хундармен бірге бодандықты мойындағандықтан оларды сырттату әділдік емес. Ал кангью болса тәкаппар, шұғыл және усундардай емес, елшілерге бас игісі келмейді. Протектордан барған қызметкерлерді усун елшілерінен төмен отырғызады. Өзінің бектері мен жайсаңдарына тамақ бергеннен кейін протектор елшісіне ұсынады және онысын көрші иеліктердің алдында көрсетуге құмар. Осындай іс-қимылдан оның өз ұлын сарайға неге жібергенін түсінуге болады. Бұл бізбен сауда жасау үшін ойлап тапқан жақсы сылтау». Ақыр түбінде біздің жыл санауымыздың басында Ғұн патшалығы құлады. «Хундар шет елдерінің ішіндегі ең ұлы мемлекет еді, ал қазір Қытай империясына жағымпазданып қызмет етеді», – деп аударады қытай жылнамасын И.А. Бичурин. Кіндік империямен бірталай заман күрескен Ғұн қауымдастықтары батысқа лықсыды, енді Ескі құрлықта Батыс Ғұн (Аттила), Оңтүстік Ғұн (Ақ ғұн) империяларын құратын сәт келді. Ғұндар топан судай Ескі құрлықты дүр сілкіндіріп, жаңа мемлекеттерге жол ашып, ақыр соңы өзі де дарияның жайылмасынан қалған қара судай әр жерге барып тоқтады. Ендігі кезек бірталай заман Ұлы далада күш жинаған оғыз тайпаларына келді, олар бірден өзерінің ежелгі атауы Тұран атын жаңғыртты, осылайша әлем тарихына, өркениетке ересен еңбек сіңірген, Еуразиялық тарихнамада әбден танылған және зерттелген Түрік қағанаттары дүниеге келді.

Есенкелді батыр заманы

Қызайдың бергі тарихында Есенкелді батырдың аты ерекше аталады. Деректерге қарасақ, «Абылай заманы» аталатын ерлік дәуірінің үлкен тұлғаларының бірі. Батырдың атын елге танытқан қымбат деректің бірі Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан Доспер Саурық­­ұлының (1894-1971) «Есенкелді» жыры. Бұл жыр 1984 жылы Бейжің «Ұлттар» баспасында «Қазақ қиссалары жинағының» 1-кітабында «Қызай тарихы», 1990 жылы аталған жинақтың 2-кітабында «Есенкелді» деген атпен жарияланды. Доспер Саурықұлы Есенкелді батыр туралы толғауын Қызай шежіресінен бастайды: Шағырдан Итемген мен Меңіс екен, Шағыр өліп, Қызайды Қойшы аға алып, Бегімбет, одан туған – Дербіс екен. Меңістен – Тәңірберді, Тілеуберді, Қызайдың немересі сол кісі екен. Баласы Тәңірберді – Құдайназар, Осыдан сөздің басы өрбісе екен. Құдайназар тоғыз ағайынды болды дейді ақын. Бір жылдары Қызай елін жау шауып, жанын пида етіп, тосқауылда Құдайназар батыр қалады: Құдайназардың «үш ұл – жас, ер жеткені – бір қыз еді». Доспер шежіреге сүйеніп сол қыз ерекше қыз еді дейді: «шаруасын басқарғаны сол қыз еді. Өзінде білім де бар, өнер де бар, мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді». Әкесімен бірге «шолпандай таңғы туған жұлдыз» сол қызы қалып, екеуі де қаптаған қалың жаудан мерт болады. Ел кейін есін жинап, қалың өліктің ортасынан екеуінің сүйегін әзер табады. «Батырдың Құдайназар бір белгісі, Екі елі жалпақ еді қасқа тісі» еді дейді, сол қасқа тіс болмаса таппағандай екен. Құдайназар өлімі туралы әңгіме М.Ж. Көпейұлының ұлдарын соңына ертіп, қалмақпен соғысып өлген Тілеуімбет батыр туралы хикаясын еске түсіреді. Осыдан кейін батырлары бастап, жаңа қоныс іздеп қызай жұрты біраз жер шалады да «бір ғасыр иен тұрған ту жер екен» деп Аякөз бен Көксаланы таңдайды. Осы жерде қызайлар Аягөз бен Көксалаға қайдан келді деген сұрақ туады. Расында да қай жерден келді? Қызайдың әуелгі мекені Іле бойы екені жоғарыда айтылды. Одан кейін қазақ «қара қалмақ» атаған дүрбең-ойрат елі күшейіп, қазақты Алтай, Іле, Тарбағатайдан ығыстырды. Бұл заманды қазақтың ауыз әдебиетінде «Бастапқы ақтабан» деп атайды. 1652 жылы қазақ пен қалмақтың соғысы кезінде Салқам Жәңгір хан өлді, осыдан бастап қазақ Сырдария бойына ұйлығып, бір жағы Еділге, бір жағы Ертіске иек артатын хан жайлауынан айырылды. Арқа жерін қайтару «Қайып бүліншілігінен» кейін 1717-1718 жылдары басталды. Түркістандағы дағдарыс, Аягөз түбіндегі жеңіліс, Бөген, Шаян, Арыс бойындағы шайқастар Әз Тәуке заманында жайбарақаттылыққа, мейірбандылыққа үйреніп қалған елді қайта ширатты. Сенетін сайыпқыран ханы, әскерін бастайтын хас сұлтаны жоқ дағдарған ел енді өзінің батырларының соңынан ерді. Жан-жақтан қаптаған жау, анталаған дұшпан болғандықтан, қазақтың жуасының өзі де ширығып атқа мінді. Арқаны аңсаған елдің тілегі батырларға қамшы болды. Ақсақалдардың батасымен, әжелердің тілегімен жігіттер Арқа жерін меншіктеніп қалған қалмақты түре қуып, бір жағы Сарысудан Нұраға келсе, екінші жағы Өлкейектің үш тармағына жетті, енді 1718 жылғы Сарыарқаға қайта келген әңгімені баяндау үшін сөзді әйгілі Дулат Бабатайұлына берейік: Туған жерді көксетер, Халықта сөнбес сыр күшті. Есін жинап алған соң, Бозбала үйде жатпады. Тобышақ атты баптады, Болат сүңгі саптады.   ...Арқаны оңай бермеді, Ірге тепкен көп қалмақ. Ел шайқалып, ел қандап, Мал шабылып, жер шаңдап, Қымбат болды қазаққа Қалмақтан қайта жер алмақ.   Жоғарыда баяндалған Құдайназар мен Тілеуімбет батырлардың өлімі осы Арқаны қайтару үшін болған қанды соғыстарда орын алғаны ақиқат болса керек. Сарыарқаға Бөгенбай батыр бастаған Жеті момынмен бірге келгендердің ішінде Қабанбай батырдың соңына ерген Найман балалары да бар еді. Көш Ұлытаудың батыс бөктерін жағалай, Ырғыз-Торғай қуалай отырып, осы жылы Ордың қара ағашты өзеніне жетті. Арғынның ішінде Жеті момын аталатын елдің көпшілігі, бірнеше топ болып қыпшақ пен найман қиын-қыстау заманда бір-біріне серіктес, ниеттес болып Есіл-Нұра арасына ту тікті. Кіші жүздің басы түгел қосылатын жері Ырғыздың бойы, Әбілқайыр ханның ордасы сол өзеннің бойында. Бес Мейрам балалары келген уақытта Найманның бірталай бөлігі, соның ішінде Қаракерей мен Қызай Есіл мен Нұраның арасында отырғаны мына бір аңыздан да білінеді: «рассказывают, что когда 40 кибиток из рода Темеш (Алтай) встретились с кочевавшими здесь наймановцами, так в одну ночь зарезали 40 кобылиц, принадлежащих последним. Тогда наймановцы сказали им: “мы не будем требовать от вас этих кобылиц, пусть они будут для вас ерулык и кунак асы, а сами же мы уйдем. Недаром говорят, что голодная семья в ауле, голодный аул в роде заставят голодать и аул, и род». (Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Под руков. Ф.Щерибны. Т.4.Семипалатинская область, Павлодарский уезд.-Воронеж, 1903. с.10). Әлқисса, Құдайназар өлген соң, оның үш ұлының тағдыры не болды деген мәселеге келейік. Доспер әңгімесіне қарағанда Құттымбеттің үлкен ұлы Қарабас «Шешесін үш жетімнің аламын деп», айғырдай азынап маза бермеген соң Құдайназардың келіншегі бір түнде тұлыпқа айран құйып, азыққа құрт, ірімшік түйіп, балаларымен қашып шықса керек. Сонда кішісі Сұлтанкелді емшектегі бала, ортаншысы Есенкелді жетелеуге көнеді екен. Жолымбет үлкені болғандықтан артынан өзі жүріп кете берді. Аңызға қарағанда жесір келіншек төркіні Сарыүйсінге келіп, сол жерге келіп паналайды-мыс. Заманнан заман өтті, үш ұл тең ержетті. Ержеткен соң үш ұл өз елдеріне қайтты. Арыстандай үш азамат елге келіп Бегімбет, Дербіс, Итемген, Меңіс болып, Қызай баласы ат шаптырып, той жасады. Бұл тойға ер Қабанбай батыр келді дейді. Есенкелді мен Қабанбай достығы осы жерден басталады. Найманның алтын туы Қабанбай батыр Есенкелді үйіне келіп қонған күні, қатыны ұл туып, «Баланың атын өзім қоямын», – деп «Қабанбай, Қабанбай» деп атын қойды. Ел ішінде Есенкелді ұлының атын Қабанбай қойып тұрып, «Көтере алсаң Қабанбай боласың, көтере алмасаң Жаманбай боласың» депті деген сөз бар. Қазақтың сол замандағы бас батыры Қаракерей Қабанбайдың ордасы ол кезде Қараөткелден сәл шығысқа қарай, Нұра өзенінің оң қапталында болатын. Осы оқиғадан бастап біз Есенкелді батырды ылғи да Қабанбай батыр жанынан көреміз. Енді ғана ел көзіне түсе бастаған қызайдың батыр азаматын Абылай ордасына алып барып, қазақтың кемеңгер басшысымен таныстыратын да Қабанбай. Бұл кезеңде Жоңғария мемлекеті жан­тә­сі­лімге жақындаған еді. «Палуанның жаманы – шалдырған соң өкінер, күзетшінің жаманы – алдырған соң өкінер» дейді, қалмақ нояндарының уайым-қайғысы көбейе түсті. Өкінгенмен не шара, Жоңғария тозығы жеткен матадай тоз-тоз болып барады. Енді қазақ керей, найман, үйсін руларының көне қонысы болған, кезінде Түрік қағанаттарының жері Алтай мен Тарбағатайды, Жетісу мен Шығыс Түркістанды қалайда қайтармаққа уағдаласты. Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің қазағының қарулы азаматын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХVІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-жылдардың басы болатын. Қазақтың шежірелерінде бұл заманды: «Садақ белде дап-даяр, найза қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда», – деп суреттейді. Қазіргі Астанадан Атбасарға шығар ауыздағы Семеновка ауылы сол заманда Қызай Қараменді батырдың қыстауы болса керек. Қараменді қырағы, қасиетті адам еді дейді. Қалмақпен соғыстың кезінде жаудың қарауыл қарайтын қырағы қызына ғашық болып, жұрттың «екі қырағыдан су қараңғы туады» дегеніне қарамастан, соны алып, баласы суқараңғы болған екен деседі. 1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан тұста қараөткелдік қазақ азаматтары Қараменді батырдың бейіті маңында Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ас беріп, ат шаптырып, үлкен жиын өткізген екен. Ал ежелден хандар мен батырлар жайлаған Қараөткел өңірінде жаңа Астана бой көтерді. Қараменді батырмен қатар осы жерді қызайдың атақты батырлары Жайнақ пен Бармақ та қоныс қылған. Осы жерде Есенкелді батыр аты жер-су атауларында сақталды ма деген заңды сұрақ туады? Біздің ойымызша, Нұраның бір саласы Есенкелді өзені батырдың қыстауы болуы мүмкін, әрине, бұл тарапта әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бармақ батыр ауылы қазіргі күні Максимовка аталады, ал Жайнақ ауылы өзінің атын сақтап қалды. Қазіргі күні Жайнақ станциясы, Жаңа Жайнақ ауылы бар. Бұрынғы Жайнақ ауылында тек қана қорым сақталған. Әкімшілік жағынан бұл ауылдардың бәрі Целиноград ауданына қарайды. 1756 жылы Жоңғариядан Әмірсана бастаған бір топ қалмақ бекзадаларының көмек сұрап қазақ жеріне келгені мәлім. Абылай ордасының тапсырмасы бойынша Әмірсанаға абақ-керей Қожаберген мен қызай Есенкелді батырлар қамқорлық жасаған. Ел аузындағы аңызда «Абылай Әмірсананы Есенкелді батырдың ауылында сақтаған еді» делінеді. Әмірсана мен Есенкелді дос болып, Есенкелді баласына Әмірсананың атын қойған. Одан тараған ұрпақ қазір қызайдың ішінде өскен атаның бірі. Қара қалмақты жеңіп, шығысқа жылжығанда да қызайлар алда болды. Найман баласы шығыстағы ежелгі қонысына қарай жылжығанды дұрыс көрді ме, әлде Абылай ордасында қазақтың игі-жақсылары бас қосқан кеңесте осындай шешім қабылданды ма, әйтеуір ел көштің басын Алтай мен Тарбағатайға бұрды. Доспер «Осылай Аягөзге келді Қызай» десе, Құрбанғали Халид «қазақта Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ еді» дейді (Қ.Халид. Тауарих хамса. Алматы,1992. 109-б.). «Тауарих хамсада» жазылғандай Әмірсана бүлігі басылған соң, Аягөз өзеніне құятын Лайсу-Батпақсу деген жерде қазақ, қалмақтың басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі. Құрбанғали Халид келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1757 жылы болғаны мәлім. Осы бас қосудың шығынын Аягөз бойына өзгеден ертерек орныққан қызай баласы көтеріп алады. «Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерілей берді. Аягөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты» деп жалғайды сөз өзегін Қ.Халид. Қызай тағы да көштің алдына түсіп, Тарбағатай өңіріндегі Барлыққа тоқтайды. Қытай деректеріне қарағанда қазақ 1760 жылдары Көксу, Барлық, Алтынемелден асып, Іле өңіріне дейін мал өткізіп, ептеп көшіп келе бастаған. Қызай рулары алғашында Тарбағатай өңіріне (Тоқта-Барлыққа) келіп, мекенденіп, онан соң Бұратала арқылы Іле өңіріне барған. Есенкелді батыр осы көштің басында болды және осы арқылы Абылай ханның шығыс саясатының іске асуына үлкен үлес қосты. Батыр туралы бірталай әңгімелерді Қытай мен Қазақ ордасы арасындағы елшілік хабарларынан кездестіреміз. Доспер жырында да Есенкелді батырдың Абылай елшіліктерін Қытайға бастаған сапарлары көрініс тапқан. Есенкелді батырға Ежен хан берді дейтін көк тас туралы қызай ақсақалдары бірталай әңгіме айтады, асыл көк тас олардың қолында әлі де бар. Ел аузындағы әңгімеде Абылайдың бір баласы Қасымның үлкен ұлы Есенкелдінің аты қызай Есенкелді батырдың құрметіне қойылып еді делінеді. Бұл оқиға Есенкелді батыр елшілік жұмыстарына белсене аралсып жүрген 1760 жылдардың ортасына қарай болды ма деп шамалаймыз. Есенкелді батыр бұл кезде ерлігімен әбден елге танылған, өмірден тәжірибе жинаған, талай рет шет елге елшілікті бастап барып, ақжолтай атанған кезі. Қасым төренің шешесі Топыш хан ордасы Бурабайға 1743 жылы ханым болып келді. Қасым сұлтан 1745 жылы туды дегенде, оның үлкен ұлы Есенкелді ең ерте дегенде 1765 жылы тууы мүмкін. Ендеше Есенкелді батыр осы жылы хан ордасы Бурабайға әр түрлі шаруалармен келіп жүрді, екі ортада байланыс үзілген жоқ деп айтуға негіз бар. Бурабайдағы Абылай хан ордасымен екі арадағы байланыс ХІХ ғасырдың ортасына дейін үзілмегенін қазақтардың Кенесары ханның кегін аламыз деп қырғызды шапқан оқиғаларынан да аңғарамыз. Кек аламыз деп Алатауға аттанған қолды бастаған белгілі батырлар – матай Тәнеке мен қызай Құдайменді дейді. Мың сегіз жүз алпыс үшінші жылы қызайлар Бұраталаны мекен еткені айтылады. Одан кейін, Қытай мен Ресей қазіргі шекараны бөліседі: «Сызығы жер шегінің жақындықтан, Жұңгоға қызай қайтып келіседі. Ілеге сонан кейін көшіп келіп, Іргесін орын алып, көміседі». 1899 қызай елінің Қас, Күнес, Текес пен Көкқамырда жүргені анық. Іле бойын қызай ежелден «жеті әулие» жері деп ырым қылғанға ұқсайды. Орта ғасырлардың аумалы-төкпелі заманында әртүрлі себептермен бір мезет орнынан қозғалып кеткен қызай елі өздерінің байырғы жұртына қайтадан оралды. 1888 жылы Іле-Тарбағатай аймағы құрылса, 1917 жылға келгенде Іле айырым аймақ болып құрылды. Қазір бұрынғы Іле аймағын құрамына алған Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа (Инин) қаласы. Оған Алтай, Тарбағатай аймақтарымен бірге Құлжа қаласы, Күйтүн қаласы, Күнес, Текес, Моңғолкүре, Құлжа, Тоғызтарау, Нылқы, Шапшал аудандары қарайды. Бұл жерлер Орталық Азия, соның ішінде қазақ халқына қатысты тарихи ескерткіштерге де өте бай. Іле аймағында ежелгі қала жұрттарынан Шат, Күнгүт, Алмалы, Қайнұқ қалалардың орны бар, ортағасырлық атақты билеушілер Уайыс хан мазары, Тоғылық Темір хан мазары осы жерде. Қызайдың тарихи мекені – бір жағы Іле басы Құлжаны, бір жағы Сарыарқа жерін, бір жағы Сыр бойын қамтиды. Біз жоғарыдағы жазбамызда қызайдың өмір жолының негізгі белестеріне ғана тоқталдық. Байырғы заманда Сарыарқа жерінен, ариан ортасынан басталған қызай соқпағы бізді жетелеп Іле бойына алып келді. Көне тілдерді сөйлетіп жүрген ғалымдар қызай деген сөз патша билігі деген мағынада қолданылады дейді. Қызайдың атасы Аталық еді деген сөз осыны нұсқап тұрған секілді. Осы соқпақпен жүреміз деп Қытаймен иық теңестірген алып Ғұн империясының тарихына бойладық. Қазақтың әрбір ірі ру-тайпасының артында осындай күрделі де, қызықты тарих тұр. Біз дәтіміз және біліміміз жетіп сол тарихты халқымыздың кәдесіне жарата алсақ, қазақтың нағыз тамыры терең ұлттық тарихы шықпақ.  

Жамбыл Артықбаев,

тарих ғылымдарының докторы,

 Гумилев атындағы

ЕҰУ-нің профессоры

Серіктес жаңалықтары