738
Бағасы қымбат, құнары аз
Бағасы қымбат, құнары аз
Төрт түлік малды қазына санайтын қазақ халқы үшін сүт өнімдері ерекше қастерлі. Бірақ сол сүт бағасының өз елімізде тым қымбат болуы түрлі ойларға жетелейді. Тіпті, елімізде өндірілетін сүттің және сүт өнімдерінің қымбат болуы түсініксіз жағдай. Ең өкініштісі, қаңтар айында дүкен сөрелеріндегі сүт бағасы 17,5 пайызға қымбаттаған. Биылғы жылдың қаңтар айында 1 литр шикі сүттің бағасы 199 теңгені құрады. Ал пастерленгені 8 пайыздай қымбаттап, 215 теңгеге жетті.
Сол себепті сүттен жасалатын өнімдердің құны да шарықтап кеткен. Мысалы, қаймақ бағасы бір жылда 8,5 пайызға көтерілсе, сүзбенің бір келісі 1500 теңгеге жетті. Ал ірімшіктің 1 келісі орта есеппен 2200 теңге. Сары майдың да бағасы 12 пайызға қымбаттаған. Бірақ тұтынушылардың көпшілігі сүт өнімдерінің бағасы сапасына сай келмейтіндігін алға тартады. Әсіресе, елімізге сырттан жеткізілетін сүт өнімдерінің сапасы сын көтермейді. Сырттан әкелінетін сүттер құрғақ әрі майынан ажыратылған сүт болып келеді. Бұл шекарадағы бақылаудың әлсіздігінен болып отыр.
Жалпы, сүт өндірушілер 2017 жылы 240 миллиард теңгенің тауарын өндірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Өйткені соңғы жылдары елімізде сүт өндірісінің әлеуетін арттыруға басымдық беріле бастады. Мәселен, 2016 жылы сауын сиырлары бар үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру ісі қолға алынды. Жыл сайын елімізде сауылатын сүт көлемі артқанымен, өндірістік өңдеуге тек 30 пайызы ғана пайдаланылады. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Аздаған малы бар шаруалар бас қосып, ортақ ұжым құра алады. Артынша сүтті бір қоймада жинап, оны қымбат бағаға өткізуге мүмкіндік бар.
Алайда бұл салаға қанша қолдау көрсетілсе де, отандық сүт өндіруші компаниялар қазақстандықтардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алмай отыр. Елімізде сүт өндірісімен айналысатын компаниялардың қатары көп болғанымен, сүт өнімдерінің импорты азаяр емес. Агросекторлы ел саналатын Қазақстанға сүт өнімдерінің 40 пайызы Қытай, Ресей және Қырғызстаннан жеткізіледі. Мамандар мұның бір себебін сүт шикізатының күзгі және қысқы мезгілдерде жетіспеуімен байланыстырады.
Деректерге сенсек, жаз мезгілінде сүт қыс маусымына қарағанда 9 есе көп өндіріледі екен. Мұның негізгі себебі – шикізаттың 70 пайызы жеке сектордың иелігінде. Сондықтан ең алдымен өнеркәсіп кәсіпорындары шаруадан алатын шикізаттың сапасын жоғарылату үшін бағасына, тасымалдау құнына, тапсырыс уақытына алдын ала келісім жасауы қажет. Негізінен, үй шаруашылығында өндірілетін қазақстандық сүт сапа стандарттарына сай келе бермейтінін жетекші мамандар жиі айтып жүр.