957
Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі
Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі
Мемлекеттік тілдің жанашыры әрі қоғамның қарапайым өкілі ретінде мына келеңсіз жайтқа бейжай қарай алмадым. Газеттерді парақтап отырсам, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жарияланған «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» атты мақалаға байланысты дау туындап жатқан көрінеді. Онда газет тілшісі Мұратхан Кенжеханұлы облыс орталығындағы ономастика мәселесін сөз етіп, Өскемендегі 706 көшенің тек 82-сі, яғни 12 пайызы ғана қазақша атауға ие екендігіне жұртшылықтың назарын аударған.
Тіпті, тілші қалада Паровоз, Трактор деген мән-мағынасы жоқ көшелердің бар екендігін, биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтілетін қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсеновтің кеуде мүсіні жанармай құю стансасының ауласында елеусіз ғана орын тепкенін, керісінше Кировтың ескерткіші саябақ ішінде асқақтап тұрғанын ашына жазады.
«Өскемен көшелерін асықпай аралаған жан бұл қала келмеске кеткен Кеңес өкіметін әлі қимай жүр ме деген ойда қалары хақ. Әйтпесе Орджоникидзе, Дзержинский, Киров сынды лениншілдер әлі салтанат құрып тұрмас еді. Питер коммуналары, бүкіл қонақтар тоқтайтын теміржол бекеті тұрған Лениногорская деген көшелер тәуелсіз қазақ елінің қай күніне қажет?! Саяси мәні кеткен Комсомол көшесінің әлі күнге өзгеріссіз тұрғаны күлкіңді келтіреді. Жаңағы қазақтың дара тұлғаларына Паровоз, Трактор деген көшелерді де қимай отырмыз», – дейді мақала авторы Мұратхан Кенжеханұлы.
Алайда күрмеуі қиын мәселені көтергені үшін жазықты болған тілші «Шығыс-ақпарат» ЖШС басшысы Ирина Якунинадан неге сөгіс алды? Шығыс өңірінің ғана емес, ұлттық ономастикалық мәселе жан-жақты талданған мақалаға Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы неге қарсылық танытты? Ономастика – бір ғана мекеменің ғана емес, тұтас мемлекеттің мәселесі. Керісінше, басқа өңірлермен салыстырғанда Шығыс Қазақстандағы тіл ахуалының кежегесі кейін тартып тұрғанын неге ауызбірлікпен шешпеске?! Тәуелсіздіктің 26 жылында мемлекеттік тілдің жайы облыс басшыларын алаңдатпай ма? «Шығыс-ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунинаның тілшіден түсініктеме жазуын талап еткені өзі су ішіп жүрген құдығына түкіргені емес пе? Қазақ жерінде өмір сүріп, белгілі бір жетістікке жетіп жүрген сауатты, білімді маманның аяқ астынан өзгеруіне не себеп? Бәлкім, ол шығыс өңірінің қазақылануына, рухани жаңғыруына түбегейлі қарсы шығар, кім білсін?! Әрі-беріден соң Якунина өңірдегі ономастика мәселесінің бүгіні мен болашағы өз қолында тұр деп ойлай ма екен?
«Оқырмандарға ұнаған дүние басшымызға ұнамай жатыр. «Шығыс-ақпарат» ЖШС-нің директоры Ирина Якунина осы мақаладан кейін ізіме шам алып түсті. Мақаланы анда апарып, мұнда апарып саралатты, ішінен кемшілік іздеді. «Ақыры ешкімнің пікірін келтірмегенсің» деп шүйлікті. Мен Өскемен қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алғызған, қала әкімі орынбасарының қолы қойылған жазбаша жауабымды көрсетсем, «бұл ономастиканың басшысы емес» деп теріс қарады. Түсініктеме жазудан мен де бас тарттым. Ұлттық рух жайында жазған дү-нием мемлекеттік тілді білмейтін басшыға ұнамағанына күйіндім», – деп жазған-ды ол өзінің фейсбуктегі жазбасында.
Бұл мәселеге салмақты оймен де қарап көрдім. Қай жағынан алсақ та, Якунинаның бұлай деуіне еш негіз жоқ. Біріншіден, ол айтулы серіктестік басшысы болудан бұрын «Астана» телеарнасының шығыс өңіріндегі меншікті тілшісі ғой. Оның тілші бола жүріп, басшылық қызметті атқарғанына бір жыл өте шыққан. Демек, дардай телеарнаның тілшісі бола жүріп те мемлекеттік мүддені сөз етуге қырын қарағаны ма?! Егер өңірдегі 706 көшенің 82-сі ғана қазақша атауға ие болғанын телеарна арқылы сан мәрте көтергенде бұл түйткіл күні бүгінге дейін өз ретімен шешімін табар еді-ау. Ең бастысы, мемлекеттік мәселені сөз еткен тілшіге «кешірім сұрасын», «сөгіс жариялансын» деп өктемдік көрсетуінен шын пиғылы көрініп тұрған жоқ па? Облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлының «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» атты мақаласы неге өңірде ғана емес, бүкіл республика көлемінде қызу талқыға салынып жатыр? Бұл – пісіп, жетіліп тұрған мәселе. Бұл – талайдың көкейіндегі ойын дөп қозғаған мақала. Бұл – шешімін кезек күттірмей табуы тиіс күрделі жайт. Талайдың тісі бата бермеген тақырыпты кезінде Якунина көтерсе, қайда қарапты?
Якунинаның тағы бір әрекетіне көз жұма қарауға болмас, сірә? Бұрын жалақысын Халық банкі арқылы алатын журналистерді шақырған басшы: «Халық банкінің» пайызы жоғары болып тұр. Ол сіздерге білінбегенмен, «Шығыс-ақпарат» ЖШС үшін үлкен салмақ. Сондықтан құрылтайшымыз – облыстық ішкі саясат басқармасынан Сбербанкке ауысу туралы тапсырма түсті» деп мәлімдейді. Ал «Халық банкі» ыңғайлы» деген журналистерге Якунина ханымның «Сендер неге Ресейді ұнатпайсыңдар?» деуі нені білдіреді? Кәсіби журналистермен қарапайым жалақы алатын банкті талқылау барысын Ресейге әкеп тіреп қойғанын қалай түсінеміз? Қазақстанның азаматы Ресейді неге ұнатуы немесе жек көруі тиіс? Сол пікірді айтқан Якунинаның түпкі ойында не жатыр? Тіпті, тілші атаулы бір ел туралы жазғанда өзінің ол елді жақсы көретіні немесе жек көруі тұрғысынан қалам тербемеуі керек. Бұл кәсіби журналистиканың басты талабы емес пе? Якунина соны да білмейтін болғаны ма?
Шынында да, күн сайын Өскеменді аралағанда, автордың мақалада жазғанындай күйді бастан кешемін. Алып-қосары жоқ. Жағдай өте ауыр. Сең қозғалды, енді әрекет керек. Басталған шу аяқсыз қалмауы тиіс. Мұратханның көтерген мәселесі бір басына ғана емес, тұтас ұлтқа қатысты. Ал соңғы жылы «Шығыс-ақпараттың» шаңырағы шайқалғанын сырт көз мен де байқадым. Бұрыннан алаңсыз қызмет етіп жүрген фототілші Ғылымбек Сабитов жұмыстан кетті. Орнынан Иванов па, Франчук пе, біреу келді. Естуімше, тағы біраз қаракөздер жұмыстан шығарылған көрінеді. Шығыстағы қаймағы бұзылмаған, ұлт мүддесі үшін қызмет қылатын қаламгерлерге шүйліккен басшының бұл тірлігіне көз жұмып қарамайық. Мемлекетшіл, Қазақстан үшін бойындағы бар дарыны мен қуатын аямайтын, Қазақ тілін білетін басшы керектігін талап етейік. Бұған дейін «Шығыс-ақпарат» ЖШС-на қарасты «Дидар», «Рудный Алтай» басылымдарының ұжымы тонның ішкі бауындай етене араласатын еді. Мына кереғар жайт қазірдің өзінде кикілжің тудыра бастаған сияқты. Оған кім кінәлі? Расында, «Бір құмалақ бір қарын майды шіріткені ме?»
P.S. Шығыс Қазақстан облысының тумасы ретінде өңірдегі мемлекеттік тілдің ахуалы көңіл көншітпейтінін айтқым келеді. Сондықтан тілші көтерген Паровоз, Трактор сынды мән-мағынасы жоқ көшелердің орнына Әлихан Бөкейханов, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Мүсілім Құмарбеков, Қанипа Бітібаева, Рүстем Есдәулетов секілді еліміз бен өңірге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілсе деген ұсынысты бірауыздан қолдауға шақырамын.
Әділ Қаратай
Өскемен қаласы