Ата-анаңды бақпасаң – алимент төле

Ата-анаңды бақпасаң – алимент төле

Ата-анаңды бақпасаң – алимент төле
ашық дереккөзі
1911
«Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Қазіргі қазақ ұрпағы бұл сөзді жадынан шығарған сияқты. Өйткені қазір өсірген бала-шағасының қызығын көрем деген шағында қарттар үйін паналап отырғандардың қатары көбейді. Қазақта әу бастан-ақ қарттар үйі деген ұғым болмаған еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні елімізде қарттар үйінің де, ондағы қариялардың да саны артты. Ал өзіне өмір сыйлаған ата-анасын қарттар үйіне өткізетін ұл-қыздың жазасы қандай болмақ?

«Бұл – біздің жанымызға жат құбылыс»

Жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамдағы осындай үдерістердің күн сайын үдей түсуі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлеріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұмыт бола бастады. Тіпті, ата-анаға құрмет көрсетуді, олардың разылығын алуды да ұмыт қалдыра бастағандай. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын: «Бүгінде елімізде егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. «Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл – біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Біз – қазақ осындаймыз! Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Бұл – халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы», – деп ата-анасын қарттар үйіне өткізген жандарды сынға алған болатын. Расында да, бүгінгі қоғам қандай күйге түсті? «Ата-анасын қарттар үйіне өткізіпті» деген хабарға таң қалатын адам да аз бұл күнде. Әрине, ағайын-туысы, бала-шағасы жоқ жалғызбасты қариялар үшін қарттар үйінің болғаны дұрыс шығар. Негізінен, қарттар үйі тұрғындарының басым көпшілігі – жалғыз жандар, яғни артында іздейтін адамы жоқ жандар. Одан бөлек қарттар үйінде бала-шағасы бас тартқан ата-әжелер де, бауыр еті баласының көрсеткен қорлығына шыдай алмай, қашып келген қарттар да бар. Қазір қоғам егденің зейнетақысын тартып алып, қарияны жәбірлеп, тіпті, бір тамшы су да бермейтін безбүйрек жандарға «тәйт!» дей алмайды. Жалпы, мұндай үрдіс, яғни қарттар үйін салу батыс елдерінен бастау алған. Кейбір деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында батыс елдерінде еңбекке жарамсыз, жақындары жоқ жандарға арнайы үйлер салыныпты. Уақыт өте келе бұл үйлерді бала-шағасы бас тартқан қариялар да мекен ете бастады. Тіпті, батыстан бастау алған «жағымсыз үрдіс» ата-анасын құрметтеген, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ халқына да тез жетті. Ал Еуропа елдеріндегі қарттар үйінде көбінесе бұрын-соңды некеге тұрмаған немесе балалары жоқ әйелдер тұрады екен. Испания мен Грекияда 15-20 адамға арналған қайырымдылық қорлары мен жеке адамдар ашқан кішігірім интернаттар құру кеңінен тараған. Данияда 2002 жылдан бастап қарттарға арналған интернаттар салынбайды. Бұлардың орнына егде адамдардың қажеттіліктеріне бейімделген жеке тұрғын үйлер салу қолға алынған. 2016 жылғы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің деректеріне (содан бері Статистика комитетінің ресми сайтындағы деректер жаңартылмаған) жүгінсек, Қазақстан бойынша қарттар және мүгедектерге арналған интернат-үйлер саны 94-ке жетіп отыр. Ал ол үйлерде тұратын қарттар саны – 18821. Сондай-ақ, елімізде жеке меншік қарттар үйі де бар. Онда қарияларға көрсетілетін қызмет ақысы күніне шамамен 3500 теңгеден басталатын көрінеді. Сондықтан онда тек қалталы азаматтар ғана ата-аналарын тапсырады. Қарттар үйінің көбеюі – қауіпті құбылыс. Бұлай жалғаса берсе әке-шешені қартайған соң интернатқа өткізу жалпылама сипат алып кетуі де мүмкін. Ал жауып тастауға тағы болмайды. Себебі тағдыр тәлкегіне түскендер үшін бұл интернаттан басқа барар жер, басар тау жоқ. Көбі жалғыздықтың кесірінен далада көмусіз қалудан қорқады.

Алимент қарттарға қолдау бола ма?

Ата-ана алдындағы парызын өтеуге әрбір перзент міндетті. Ендеше, жасы келген әке-шешесін қарттар үйіне қаңғытып жіберген ұрпақ өз міндетінен бас тартқаны үшін жазалануы тиіс емес пе?! Бірақ біздің елде туған ата-анасын жарамсыз зат секілді қарттар үйіне тапсырып кететін жандарға заң жүзінде еш тыйым салынбаған. Оларға ешқандай жаза қарастырылмаған. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол кездегі Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қарттар үйіндегі қариялардың жақындарына алимент төлету туралы ұсыныс білдірген еді. «Қарттар үйіндегі адамдардың жақын туыстары бар болса, олардың оңбағандығы үшін неге мемлекет жауап беріп, неге мемлекет шығындалуы керек? Менің ойымша, Қарттар үйіндегі адамды асырау үшін оның жақын туысқандарына алимент төлету керек. Адам алимент төлемеген болса, оны ауруханаға қабылдамайтындай етіп, кедендік бақылаудан өткізбейтіндей етіп, тіпті жұмысқа қабылдамайтындай ету керек. Немесе жұмыс орны бойынша тиісті шараларды қолға аламыз. Нақты ережелер орнатсақ, нәтиже шығады», – деген болатын Дариға Назарбаева. Дариға Нұрсұлтанқызының бұл ұсынысы сол уақытта қызу талқыланғанымен, мұны нақты жүзеге асыруға ешкім ниетті болмаған сыңайлы. Бірақ жуырда Ақтөбе облысында ата-анасын қараусыз қалдырған елуден астам тұрғын сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелді. Олардың көбі өзіне қызмет көрсете алмайтын әке-шешелерін жалғыз қалдырып, қарттар үйіне өткізген. Қазірге дейін Ақтөбе облысында 53 адам ересек балаларынан алимент төлеуді талап етіп, сотқа шағымданған. Заң бойынша, сот балаларына әке-шешесін бағып-қағуды міндеттей алады. Яғни, олар ай сайын орташа есеппен 35-40 мың теңге беріп отыруы керек. Оның үстіне шағымданушылардың көбі мүгедек болғандықтан, шығындары да көп. Ал өздерінің зейнетақылары жетпейді. Борышкерлер арасында ата-аналарына 200 мың теңгеге дейін берешегі барлар кездеседі. Қазір олармен сот орындаушылар жұмыс істеп жатыр. Яғни, ата-аналарын асырауға немқұрайлы қарағандар жұмысқа орналасып, қарыздарын өтеуі тиіс. Ал ондай талапқа көнбеген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Шын мәнінде, ата-анасының қадірін білмеген азаматтарды тек алимент төлетіп қана жазаға тарту жеңілдеу секілді. Оларды одан да қатал жазаға тартудың еш айыбы жоқ болар. Егер қоғам бұл мәселеге көз жұмып қарайтын болса, мұның үлкен дертке айналары сөзсіз. Ата-анасының қадірін білмей, тіпті, оларға қорлық көрсетіп жүрген жандардың әрекетіне тосқауыл болмау – қоғамға төнген үлкен қауіп болуы әбден мүмкін. Егер қарттар үйіндегі қариялардың санын көбейтуге тосқауыл қоямыз десек, осындай заңдық қадамдарға барған жөн. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақты өзгеше тәртіпке салу қолдан келмес. Өйткені ұлттық тәрбиенің іргесі бос, керегесі кеміс. Қазір қоғам қатігезденіп бара ма, әлде адамдардың пиғылы бұзылды ма? Бұл жағы түсініксіз. Бірақ жағдай бұлай жалғаса беретін болса, қазақ қоғамының да бұл мәселеге бойы әбден үйреніп кететіні анық.

Тәжіктер жазаны күшейтті

Көршілес Тәжікстан бұл мәселені реттеуді мықтап қолға алды. 2017 жылдың 21 желтоқсанында Тәжікстан мәжілісі қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, қарт әке-шешесіне қараудан бас тартқан азаматтарға жазаны күшейтті. Жаңа заң бойынша, әке-шешесін тастап кеткендер үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бұған дейінгі заңда ата-анасын қараусыз қалдырғандарға 120-180 сағат немесе 2 жылға дейін түзеу жұмыстары, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған еді. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, Тәжікстанда бүгінде қарттарға арналған 6 интернат бар. Онда мыңнан астам қарт өмір сүруде. Соның өзінде мұндағы тәртіп қатал, ата-анасынан бас тартқандар заң жүзінде жазасын өтеуі тиіс. Өйткені ел билігі қарттар үйіндегі зейнеткерлердің саны өсіп бара жатқанына алаңдаулы. Ал біздің елімізде қарттар үйінің де, мұндай орындарды мекен еткен қариялардың саны да Тәжікстандағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Соған қарамастан, біздегі жазалау тәртібі өте осал. Тәжікстан Конституциясында балалары ата-анасы мен жақындары қартайған кезде қамқорлық көрсетуге міндетті деп жазылған. Тәжікстан қылмыстық кодексінің 178-бабының 2-тармағы («Жұмыс істеуге қауқарсыз әке-шешесін асыраудан қасақана жалтару») толықтырылды. Ал 2016 жылы Тәжікстан конституциясына «кәмелетке толған және жұмысқа жарамды балалары әке-шешесіне күтім жасап, оларға әлеуметтік тұрғыдан көмектесуі тиіс» деген қосымша тармақ енгізілген. Ал «әке-шешесін қаңғыртып жібергендер» қоғам сынына ұшырайды. Тағы бір айта кететін жайт, Тәжікстанда ата-анасын қарттар үйінен алып кеткендер жаңа заң бойынша бекітілген «үш жылға сотталу» жазасынан құтылады. Бірақ көбінесе қарттардың туыстары еңбек миграциясында немесе Тәжікстаннан көшіп кеткен болып шығады екен. Азамат соғысы жылдарынан кейін қарттар үйінің негізгі тұрғындары орыстілді қариялар болған. Олардың көбісінің балалары Ресейге кетіп, ата-аналарын ұмытқан. Ал қазір қарттарға арналған интернатта тұрып жатқан қариялардың көбісі – жергілікті тұрғындар. Қалай десек те, еліміздегі қарттар үйін, ондағы қарттардың санын азайту үшін қандай да бір әрекет жасау қажет. Онсыз қоғамда қалыптасқан бұл мәселені оңайлықпен шеше алмайтынымыз анық. Жалпы, ата-ана баласына бар мейірімін төгіп, ынта-ықыласымен тәрбиелеп, өсіруі керек. Сонда ғана болашақта барлық бала мейірімді болып өседі. Бірақ бүгінгі заман талабы мұндай тәрбиеге мүмкіндік бермей тұрған сыңайлы. Өйткені ата-аналардың барлығы жұмысбасты. Сондықтан балаларды ата-ана емес, бөтен адамдар тәрбиелейді. Яғни, бала күтушілер, балабақша тәрбиешілері. Ал әке-шешенің махаббатын толық сезінбей өскен бала ертең жақындарына да қамқорлық көрсетуден бас тартып, ата-анасын қарттар үйіне өткізер болса, кімді айыптамақпыз?

Серіктес жаңалықтары