547
Тау көтерген Толағайдың ізбасары
Тау көтерген Толағайдың ізбасары
Бізбен университетте бірге оқығандардың алды алпысқа тола бастады. Уақыт не деген ұшқыр еді. Қазақстанның әр түкпірінен жиылған 50 бала ҚазГУ-де (сол кезде оқу орны осылай аталатын) бас қосып, бірге оқыған күндеріміз кеше ғана сияқты еді?! Оқуға түскенімізге тұп-тура 38 жыл болыпты. Қазақ бөліміне түскендер екі топқа бөліндік. 101-топта жұмыс істеп келген, еңбек өтілі бар, дайындық факультетінен түскендер, әскери борышын өтеп келгендер, яғни сақа, мосқал жігіттер топтасты да, 102-топта мектепті бітіре салып түскен сары ауыз жастар болдық. Мектепте бірге оқығандардың жөні бір бөлек, ал 5 жыл университетте оқығандардың жөні бір бөлек болады екен. Қазір әрқайсысының қылықтары мен мінездері кино лентасындай болып көз алдымнан өтіп жатыр. Кейбірінің студент кездегі дақпырты мен даңқы өмір бойы санаңнан өшпей қалады. Сондай курстастарымыздың бірі – Кенже Жұмағұлов. Оның есімін 80-ші жылдары оқыған студенттердің көбі жақсы біледі.
Кенже мектепті 1975 жылы бітіріп, өзі туып-өскен Көкпекті ауылындағы қой өсіруші жастар бригадасына шопандыққа қалдырылады. Қазір қарап отырсақ, бұл да бір кеңестік саясаттың қитұрқы айласының бірі екен. Мектеп бітірісімен қазақ жастарын қойшылыққа күшпен қалдырып, қанша адамның тағдырын өзгертіп жіберді сол саясат. 1 жыл қой баққан адам мектеп бағдарламасын ұмыта бастайды. Көпшілігі ауыл-аймақ деңгейінен аспай, қарапайым тіршілік кешкендері қаншама! 1976 жылы қараша айында әскер қатарына шақырылады. Одан оралған соң ауылда жұмыс істейді. Сосын тәуекелге бел буып, Алматыға аттанады. Дәл сол кезде ҚазГУ қалашығының салынып жатқан кезі. Алматы «Құрылыс» трестінің «Университетқұрылыс» құрылыс монтаж басқармасына кірпіш қалаушы болып жұмысқа қабылданады. Ол кезде КазГУ қалашығында «Алатау» атты жатақхана болатын. Онда қалашықты салып жатқан құрылысшы жігіттер тұратын. Кенже де сонда тұрды. Сөйтіп жүріп өзі армандаған журналистика факультетіне 1980 жылы оқуға түсті.
Қара жұмыс істеп, әбден шыңдалып келгендіктен бе, өте қарулы болатын. Дәл осы жылдары бар болғаны 27 пайыз қазақтар тұратын Алматыда ұлттық намыстың ширығып тұрған кезі. Жазда студенттер каникулға кеткенде 14-ақ пайыз қазақтар болатын. Автобустардың ішінде бірен-саран қаракөздер ғана кездесетін. Сол автобустардың ішінде де небір қазақ ұлтын кемсіткен сөздерді көп еститінбіз. Сондай сәттерде, ештеңеге қарамай, Кенже сияқты жігіттер намысқа тиген оңбағандарға тастай жұдырығын ала жүгіретін. Бойы қысқа болғанымен өзінен екі есе биік жігіттерді иектің астынан ұрып, сұлатып түсіргенін талай көрдік. Заң факультетінде оқыған, бұрын КазГУ құрылысында жұмыс істеген Қанат Ахметов, Қажымұқан Мұталханов, Рысбек сияқты жігіттер болды. Біз олармен Кенже арқылы танысып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Жастардың арасында «қуып жүріп сабау» деген термин қалыптасқан кездер болатын. Сондай «шайқастарда» казгуліктер Кенже сияқты азаматтарға арқа сүйеді.
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол кезде КазГУ-де кубалық студенттер оқитын. Солар бірде география факультетінде оқитын қазақ қызына тиісіп, ол жоғарғы қабаттан секіріп кетуге мәжбүр болған. Осы жайттан кейін қазақ жігіттері кубалық студенттердің сазайын беріп, екі елдің арасында кикілжің туып кете жаздаған. Тәрбие жөніндегі проректор Савицкий журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевті шақырады. Темкең менің студенттерім онда болған жоқ десе, проректор түсірілген суреттерді көрсетеді. Сондағы Темкеңнің бір жиында айтқаны естен кетпейді: «Журфактың студенттері онда болған жоқ дедім. Сөйтсем, түсірілген суреттерді қарасам, жұдырықтарын түйіп алып, едірейген менің мұрттарым тұр. Ол – Кенже Жұмағұлов, ол – Дихан Әбдиев, ол – Бауыржан Үсенов!», – дегені бар еді. Кенжекең сөйтіп, қазақ қызының намысын қорғаймын деп халықаралық кикілжіңге араласып кете жаздаған.
Кенже – ақкөңіл, адал. Өзім деген адам үшін жанын қияды. Оның сондай қабілетін дәл байқаған декан Темірбек Қожакеев оны факультет жатақханасының тәртібін қадағалайтын ОКД командирі етіп қойды. Бұл да адам тәрбиелеудің бір жолы.
1982 жылы 2-курсты бітіргеннен кейін облыстық «Семей таңы» газетінде тәжірибеден өтуге бардым. Редакция басшылығы мені Көкпекті ауданына рейд мақала жазу үшін іссапарға жіберді. Ауданның сол кездегі басшысы Маймұрат Уәлиевке кірдім. Ол кісі мені практикант, студент деген жоқ, қасыма халықтық бақылау комитетінің бастығын қосып берді. Сонда жүргенде, қасымда ақын Нәкен Серікбаев бар, Кенженің ауылына арнайы соғып, Егіндібұлақ ауылында тұратын Кенженің Тұрсын ағасына арнайы сәлем беріп шықтым. Қарапайым механизатор болып қызмет істейді екен. Кенженің өзі келгендей, ерекше қуанып қалды.
Сол сапарда Кенженің ауылында Толағай тауын көрдім. Баяғы аңызға айналған Толағай, жап-жазық жерге көтеріп әкеп қондыра салғандай тау тұр. Әбділда Тәжібаев жыр-дастанына өзек еткен Толағай. Әр адам туып-өскен ортаның перзенті. Кенжеге біткен қара күш сол Толағайдан дарыған шығар деген бір ой түйдім сонда!
Жоғары курсқа келгенде, Кенжекең өзі жақсы көретін Шығыс Қазақстанның Самар ауданының тумасы Айман деген қызбен тағдыр қосып, үйленді. «Таулы Қырат» деген жерде пәтер жалдап тұрды. Біз сияқты бойдақтардың шай-сусын ішетін жеріміз көбейіп, өрісіміз кеңейіп сала берді. Сол пәтерге қонып қалатын кездеріміз де жиі болатын. Кенженің ұсақ-түйекке мән беретін адамдарды «меліш», «мұқым», «великий пятый курс» деген сөздері біздің студенттік шағымыздың жадында мәңгі жазылып қалды.
Университет бітірісімен, Целиноград облыстық телерадиокомитетіне жолдама алып, тың өлкесіне батыл аттанып кетті. Бұл 1985 жыл. Вокзалдан Айман жеңгей екеуін өзім шығарып салдым. Ол кезде Қазақстан тәуелсіз ел болып, Целиноград – Астана болады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді. Сөйтіп біздің курстың жігіттерінің ішінен алғаш бүгінгі Астанаға барып, орнығып алған Кенже еді. Ол сол облыстық телерадиокомитетте тілші, аға редактор, телестудия редакторы қызметтерін атқарды. 1990 жылдан бастап 1998 жылға дейін «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетінің Бас редакторы қызметін абыроймен атқарды.
1990-1998 жылдары Кенжеғали Қақатайұлы Астана қалалық «Астана ақиқаты», қазіргі «Астана ақшамы» газетінің Бас редакторы қызметін атқарып, басылымның қалыптасуы мен шығармашылық деңгейінің өсуіне үлес қосты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани өркендеуіне арналып жазылған мақалалары республикалық, қалалық басылымдарда үздіксіз жарияланып, Астана қаласының астаналық имиджінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
2008 жылдан «Еуразия университеті» газетінің бас редакторы болып, 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін «Еуразия ақпарат» оқу тәжірибелік орталығының директоры болып қызмет атқарып келеді. Әрі сол университеттің «Тележурналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының аға оқытушысы ретінде, шәкірттерге тәлім-тәрбие беріп жүр. Тәуелсіз еліміздің жас телерадио журналистерін дайындау бағытында еңбек етуде. Кенжеғали Жұмағұловтың жетекшілігімен диплом қорғаған көптеген жас мамандар еліміздің БАҚ саласы мен электронды ақпарат тарату орталықтарында белсенді қызмет атқарып келеді.
Еліміздің тарихы жөніндегі бағдарламалар туралы түсірген бейнефильмдері мен жазған мақалаларын ескере отырып, Тарих және қоғамдық ғалымдар академиясының академигі болып қабылданды. Жастарымызды әскери-патриоттық тәрбиеге баулуда көрсеткен қызметі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері атанды. Білім беру саласындағы еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.
Астана Ақмолаға көшкенде, біздің жігіттердің тұяқ тірер жері – Кенже достың шаңырағы болды. Қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарған Жүніс Омаров, Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Аязби Бейсенқұлов, белгілі сатирик Базарбек Түкібай сияқты курстастарымыз алғаш Астанаға барғанда, құшақ жая қарсы алған Кенже болатын.
Өмірде өз мінезінен, өз принципінен айнымайтын жандар болады. Сол баяғы студент күндердегі ашық-жарқын пейілмен жылдар керуеніне ілесіп келе жатқан жігіт ағасы. Кенженің қызы Дана әке жолын қуып, журналистика мамандығын алды. Бұл да қаламға адал азамат кейпінің жалғастығын көрсететін белгі болар!
Бауыржан Жақып,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ ректорының кеңесшісі,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының
докторы, профессор