720
Алғыспен ел түрленер, ұлт гүлденер
Алғыспен ел түрленер, ұлт гүлденер
Бүгін – алғыс айту күні. Бұл күн – елімізде бейбітшілік пен тыныштықты, республикадағы ұлттар мен ұлыстардың татулығын, үндестік пен достықты айқындайтын күн. Бұл күн – қиын-қыстау заманда басқа түскен ауыртпалықты бірге еңсеріп, егемен ел құру жолында барын салған қазақстандықтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнін елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Содан бері қазақстандықтар жыл сайын 1 наурыз – Алғыс айту күнін атап өтіп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күнін белгілеу туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Алғыс айту күні – тағдырдың сан түрлі сынағына ұшырап, Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қазақ жері мен қазақ халқына разылығын білдірудің бір белгісі. Өйткені қазақ халқы қиын-қыстау шақтарда өзге ұлттарды өзекке теппей, олардың иығына түскен қиындықты бірге көтере білді. Ол кездер Қазақстан үшін де оңай болған жоқ, алайда қазақ халқы депортацияға ұшырағандарды өзекке теппей, халқымызға тән кең пейілділігі мен қайырымдылығын көрсетті. Өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қолындағы барымен бөлісті. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жағдай қазақ халқының өз жерiнде көптеген ұлт өкiлдерiн құшақ жая қарсы алып, Отанынан жыраққа келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiмді ұялатты. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін кеңпейілділік пен адамгершілік танытып қарсы алған қазақ ұлтының қонақжайлылығына алғыс айту өнегелі іс. Өткен тарихта тағдыр тауқыметінен ұлы даланың кең байтағына ауа көшіп, қазақтың кең бауырын паналап, жан сақтаған өзге ұлттың ең бірінші кезекте қазаққа құрмет көрсетіп, алғыс айтуы заңдылық.
Алғыс айту күні мейірімділіктің, ізгіліктің, достық пен бауырмалдықтың нышанына айналды. Бұл мереке адамдарды бір-біріне жақындастырып, бір-біріне деген құрметті арттырады. Елеулі мерекенің жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуда маңыздылығы жоғары екенін де айта кеткен абзал. Бұл күні тағдырдың өзі бір арнаға тоғыстырған Қазақстан Республикасының көпэтносты халқының ортақ тарихына құрмет көрсетіліп, достық пен бірліктің жалауы желбірейді.