Қазақ бітімгерлікті қажетсінбей ме?
Қазақ бітімгерлікті қажетсінбей ме?
Қазақстанда «Медиация туралы» Заңның қабылданғанына үш жыл. Бітімгершілікпен шешілген істер 1 пайызға да жетпейді.
Аталмыш заңға Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 28 қаңтарында қол қойған. Яғни заңның қолдана бастағанына тура үш жыл. Жалпы, заңның нақты жұмысы туралы оның қабылданғанынан кейінгі 3-4 жылда байқауға болады дейді сарапшылар. 2007 жылы Астана қаласында құқықтық саясат бойынша кеңестің отырысында азаматтық соттарда бітімгершілік институтын енгізу туралы ұсыныс алғаш рет айтылып, медиациялық қызметті реттейтін заң қабылдау жайлы сөз қозғалған болатын. Алайда заң тек төрт жыл өтіп қабылданды. Оның пайда болуына сол жылдары елімізде орын алған еңбек даулары себеп болғаны жасырын емес.
Жалпы, «Медиация туралы» заң табиғатымызға етене жақын. Бұрынғы заманда билер соты секілді құқықтық институт болғаны және қоғам өмірінде ерекше рөл атқарғаны белгілі. Ал медиация осының жаңаланған түрі. Алайда қазіргі жағдайға қарап, қазақ халқы ата-баба дәстүрі мен ұлттық ділін ұмыт қалдырған ба деуге болады. Себебі жыл сайын сотқа арызданушылардың саны 1,5 млн. адамнан асады. Сондықтан соттардың мойнындағы осыншама жүктемені қысқарту үшін, қоғамда келісім орнату үшін медиация енгізу жөн деп есептелді. Оның міндеті дау-дамайларды сотқа дейін шешу, екі тарапты қанағаттандыратындай етіп шешім мен төрелік ету, дауласу деңгейін төмендету. Медиатор – осы істі жүргізетін адам. Оның жасы 25-тен кем болмауы тиіс. Бастысы, арнайы оқу курсын өтсе болды. Сондай-ақ заңда «кәсіби емес медиатор» деген түсінік бар. Ол арнайы медиаторлық курсты оқымай, екі арада бітімгер рөлін ойнай алады. Тағы бір тиімділік – уақыт жағы. Соттарда істер айлап, кейде жылдап қаралса, медиатордың көмегімен мәселе 30 күн (60 күннен артық емес) ішінде шешіледі. Және тараптар келіссөздер уақыты мен өтетін жерін өздері таңдайды. Бұл отырыстарға судьяның қатысуына рұқсат етілмейді. Медиаторлықты мемлекеттік қызметкерлер мен оған теңестірілген адамдар жүргізе алмайды. Себебі бітімгер ешкімнің мүддесін ойламауға тиісті тәуелсіз тұлға. Және шешімдер бірнеше әрі баламалы болуы қажет. Бұнымен қоса, медиатор тағайындалмайды, тараптар бітімгердің кім болатынын ұсынылған тізімнен таңдайды. Көбінше, медиатор тұрмыстық, отбасылық, еңбек, қаржы даулары мен қылмыстық істерді қарастырады. Мамандар медиаторға жұмсаған қаржы сот процестеріне қарағанда бірнеше есе аз екенін айтады. Ал істердің 60 пайызы тегін жүргізілетінін ескерсек, көпшілік үшін бұл өте тиімді мүмкіндік. Ал орташа есеппен медиатордың қызметі 200-350 АҚШ долларына бағаланады.
Бір жайт айқын, медиация – еліміз үшін өте тиімді, көптеген келеңсіздіктердің алдын алатын құрал. Тиімділігі өз алдына, оның орындалуы екінші мәселе. Сонымен қандай нәтиже бар? Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес, республиканың аудандық соттарында азаматтық сот өндірісіне судьяның қатысуымен бітімгершілік енгізу жөніндегі пилоттық жобаның 6 айының ішінде сот медиациясы қолданыла отырып, 2278 іс аяқталған. Соның ішінде, аудандық соттарда – 2203 іс, апелляциялық тәртіппен облыстық соттарда – 75 іс қаралған. Бұл істердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысы (21,6%), Оңтүстік Қазақстан (16,6%) және Батыс Қазақстан облыстық (12,1%) соттарына тиесілі. Медиация негізінен, берешекті өндіру, коммуналдық төлемдер және кәмелет жасына толмаған балаларға алимент өндіру істері бойынша қолданылуда. Өткен жылы соттарда барлығы 1 221 011 арыз бен іс тіркелген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға артық. «Баламалы тәсілдер қолданыла отырып шешім шығарылып, аяқталған азаматтық істердің саны 13 747 істі құрады. Соның ішінде 8 657 іс бойынша бітімгершілік келісім жасалды, 5 090 іс бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалды (2013 жылы – тиісінше 9 337 және 1 276 іс)», – делінген сот ақпаратында. Осылайша, ресми мәліметтер бойынша медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге көбейген. Алайда бұл үш жыл бұрын айтылған жоспарға сәйкес келмейді. Заңды талқылау кезінде прокурорлар үш жыл ішінде медиация арқылы барлық істердің 30%-ы шешіледі деп мәлімделген болатын. Алайда 8 мыңнан астам бітімгерлік іс бүкіл арыздардың бір пайызына да жетпейді (0,71%). Демек, үш жыл уақыт өтсе де, медиация тіпті бір жылдық жоспарын орындай алмады. Ал бұл баяулықпен істердің бітімгершілікпен шешілуін 30%-ға жеткізу үшін кемінде 40-45 жыл уақыт керек.
ХАЛЫҚ МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ ХАБАРСЫЗ
Ал азаматтардың бітімгерліктен гөрі, сотқа жүгінуінің бірнеше объективті себептері бар. Бұлар бұрыннан белгілі, дегенмен шешілуі қиын түйін болып отыр. Біріншіден, заңның шыққанына үш жыл болса да, ол туралы көпшілік біле бермейді. Медиация деген аты болғанымен, оның соттан қандай айырмашылығы, ерекшелігі бар екенінен қарапайым адамдар хабарсыз. Медиаторлардың көпшілігі жеке коммерциялық ұйымдардың өкілдері. Сондықтан мемлекеттік деңгейде үгіт-насихат жүргізуге мүмкіндік жоқ. Ол қосымша қаржы талап етеді. Бұл іске ең алдымен мемлекеттің өзі мүдделі екенін ескерсек, қайткенмен де билік тарапынан ақпараттық насихаттың болуы маңызды. Әсіресе, телевизияда. Екіншіден, кадр мәселесі. Қазақстан бойынша екі мыңнан астам ғана медиатор бар. Әсіресе, өңірлерде мамандар тапшылығы қатты байқалады. Сондай-ақ олардың кәсіби деңгейі де ойландырады. Сондықтан да медиаторларға деген халық сенімділігі төмен. Дегенмен бұл мәселені шешуге болады. Еліміз бойынша жеке ұйымдармен қатар, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арнайы оқыту курстарын қолға алды. Үшіншіден, сарапшылар заңдағы «кәсіби емес медиатордың» қажетсіздігін айтады. Себебі кәсіби адам тұрған кезде, азаматтың кәсіби дағдылары жоқ «маманға» бармайтыны белгілі. Ендеше ол үшін арнайы статус беріп, медиаторлық жөнінде түсініксіз ұғым қалыптастырудың қажеттілігі жоқ. Осы себептерден адамдар ең әуелі сотқа жүгінуді жөн көреді.
ШЕТЕЛДІКТЕР МЕДИАЦИЯҒА МҮДДЕЛІ
Демек Қазақстан медиацияны дамыту үшін дамыған елдердің тәжірибесін ескергені жөн. Ұлыбританияда медиация әдісі өте кең таралған. Медиатордан бас тартқан тарап іс өзінің пайдасына шешілсе де, барлық сот шығынын көтереді. Қосымша шығынға батпас үшін, тараптар бітімгерлікке жүгінеді. Сонымен қатар, Ұлыбританияда жанжалдарды шешу бойынша арнайы қызмет – жедел желі жұмыс істейді. Оған кез келген адам хабарласып, жағдайын айта алады. Соңында мәселені шешу бойынша кеңестер, медиаторлар тізімі ұсынылады. Біздіңше, Қазақстан бойынша да осындай желі ұйымдастыру бірқатар түйткілді шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Еліміз үшін Американың тәжірибесі де маңызды. АҚШ-та экономикалық даулардың 90 пайызы медиаторлардың көмегімен шешіледі екен. Онда арыздану алдында медиаторға жүгіну міндет болып қалыптасқан. Кез келген саладағы дау медиатордың көмегінсіз шешілмейді. Сонымен бірге, ұлттық институты, жеке және мемлекеттік орталықтар, арбитраж қауымдастығы бар. Нью-Джерси штатында тараптар істе медиация қолданылмайтын объективті себептерді келтірген жағдайда ғана арызды сот қарайды. Бұл тәжірибе Канаданың кейбір аудандарында жоба ретінде енгізіліп, оңды нәтиже берген. Себебі арызданушылардың тек 1-2 пайызы ғана медиациядан бас тартқан. Германияда бітімгерлер соттардың жанында жұмыс істейді. Бұл мемлекетте медиация азаматтық істерді ғана емес, әкімшілік істер бойынша да қолданылады. Мектептерде медиация арнайы курс ретінде қарастырылған. Дауларды медиация арқылы шешудің күткендей нәтиже бермей келе жатқанын өткен жылы Судьялардың VІ съезінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мырза айтқан болатын. «Өкінішке қарай, дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасып келеді және күтілгендей нәтиже бермей отыр. Медиация аясында қаралатын азаматтық-құқықтық даулардың саны аз. Қылмыстық-құқықтық сипатта медиация қылмыстық процеспен көзделген татуластыру институтына айналды. Осылайша іс жүзінде айтарлықтай нәтижені байқап отырған жоқпыз», – деді. Бұған қарамастан, жағдайдың әзір өзгермей тұрғанын атап өту керек. Жоғарыда назар аударған себептерден бөлек, жеке азаматтардың өздері келісім жолына баруға мүдделі емес екені байқалатыны ең өкініштісі. Себебі қоғамның ізгілендіру принципіне ұмтылмауы жанжалдардың одан әрі шиеленісуіне әкеледі.
Диас БЕЙСЕНБЕК