Қазақы нақыш қанында ойнаған

Қазақы нақыш қанында ойнаған

Қазақы нақыш қанында ойнаған
ашық дереккөзі
796
Бала күнінен қолына бояуын ұстап, сурет салуға құмар болған кішкентай қыздың есімі бүгінде әлемге танылып келеді. Ол – суретші Камила Жапалова. Республикалық және шетелдік көрмелерге қатысып, айрықша туындыларымен жұртты тамсандырып жүрген суретшінің жеткен жетістігі көп. Бірақ «бағындырар белестерім әлі алда» дейді өнер иесі. Америка Құрама Штаттарында өткен халықаралық суретшілер көрмесінде қазақтың ұлттық қолтаңбасын танытып, Нью-Йоркте өтетін бүкіләлемдік «Art EXPO New York» көрмесіне шақырту алған ҚР Мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, суретші Камила Жапаловамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Әңгімеміздің әлқиссасын Америка Құрама Штаттарында өткен халықаралық суретшілер көрмесінен бастасақ. Бұл көрмеде қандай туындыларыңызды көрсеттіңіз? – Жаны нәзік қазақ қызы болған соң, матаны бала кезден бағалай білуге құмартатының белгілі. Батик матаны ерекше әшекейлеу, сурет салу дегенді білдіреді. Менің бағытым – лирикалық абстракция. Қазақтың ұлттық дәстүрі, өнері, мәдениеті, ою-өрнегінен құрастырылатын композиция жұмыстарын жасаймын. Америкаға да осындай туындыларымның 5 тобын алып бардым. Онда туындыларыма деген қызығушылықтың жоғары болғаны көңілімді қуантты. Көрмеге қатысқан өнертанушылар еңбектерімді өте жоғары бағалады. Бұл – өзім үшін бір жетістік десем артық айтқандық емес. Шетелдік өнертанушылардың көзіне түсіп, сол жерде барлық жұмыстарымды сатып алды. Халықаралық көрме болғандықтан, бұл шараға көптеген елдерден суретшілер қатысты. Сол суретшілердің арасынан ұйымдастырушылар менің жұмыстарымды алтын медальге лайықты деп таныды. Көрме жұмыстарын бақылаушы арнайы комиссияның сынынан өтіп, батик өнерін Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына әкелген тұңғыш суретші ретінде танылдым. Сурет өнерін, батик өнерін өте жақсы түсінетін танымал өнертанушылардың бағалауы бойынша, «Art EXPO New York» бүкіләлемдік көрмесіне қатысуға мүмкіндік алдым. Бұл көрмеге арнайы іріктеуден өткен таңдаулылар ғана қатысады. Бұйыртса, 15 сәуірде сол бүкіләлемдік көрмеге жол жүремін. Аталмыш көрме биыл 40-ыншы рет ұйымдастырылғалы отыр. Осы көрмеде қазақтың өнерін көрсетіп, еліміздің атын шығарып қайтсам деген мақсатым бар. Бұл көрмеге көркем сурет (кескіндеме) өнерін алып баруға бел будым. Картиналарымда әдеттегідей қазақтың ұлттық дәстүрі, өнері бейнеленген. – Туындыларыңызда ұлттық дәстүрдің, қазақи құндылықтардың иісі аңқып тұрады. Дәл осындай бағытты таңдауыңызға не себеп болды? – Бұл бағытты ойланып-толғанып таңдадым деп айтуға келмейді. 1993 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін тәмамдадым. Содан кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы көркемсурет училищесінде батик және сәндік қолданбалы өнер мамандығы бойынша білім алдым. Бес жыл бойы елден, туған жерден, ата-анадан алшақта жүрдім. Елден алыс кеткенде, атамекеніңді сағынатының заңдылық. Оның үстіне, елдің патриот ұланымын. Сол сағыныштан, туған жерге деген махаббаттан дипломдық жұмыстарымның бәрін қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен байланыстырып, жұмыстарымды осы бағытта жасадым. Менің Ұлттық ою-өрнектермен әспеттелген туындыларымды көргендердің бәрі ұлттық өнерімізге таң қалысып, таңдай қағысып қарайтын. Содан бастап жұмыстарымның бәрі қазақи дүниелермен байланысты болып келеді. Өзімнің жүрегіме де ұлттық нақыштағы дүниелер жақын. Сондықтан, осы бағыт бойынша жұмысымды жалғастырып келемін. – Ұлттық ою-өрнектермен киімдерді әсемдейтін дизайнерлік қырыңыз да бар секілді... – Батик өнері бойынша жібек матаға сурет салатын болғаннан кейін, бұл өнер де қолымнан келетінін білдім. Әуелде шетелде болсын, елде болсын қатысатын көрменің атына сай, суреттеріме сай, өзіме көйлек тігіп киіп жүрдім. Сөйтіп, өзім суретін салып, дизайнын жасаған көйлектерге сұраныс түсе бастады. «Мұны қайдан алдыңыз?» деп сұраушылар көбейді. Тіпті, үстімдегі көйлекті сатып аламын деушілер де табылды. Осылайша, «көйлектен де пайда табуға болады екен ғой» деп ойлана бастадым. Әрине, бәрін бірдей алып жүру оңай шаруа емес. Дегенмен көйлектер әзірлеп, түрлі көрмелерге қатысып жүрмін. Қазір «Шаңырақ» деген коллекцияны дайындап отырмын. Өзімнің авторлық композициям бойынша орамалдар әзірлеудемін. Сұраныс көп, қызығушылық та жоғары. – Дәл сіздің бағытыңыз бойынша жұмыс істейтін шәкірттеріңіз бар ма? – Шәкірттерім бар. Олардың біразы әлі жас. Үлкен аренаға шығуға дайын емес әзірге. Бірақ дайындап жатқан шәкірттерім бар. Жылына 3-4 суретшіні оқу орындарына дайындап, түсіремін. Олардың бәрі хабарласып, ризашылықтарын білдіріп тұрады. Одан бөлек студенттерім де бар. – Сурет салуға тақырыпты қалай таңдайсыз? Идея қайдан келеді? – Мен «шабыт қашан келеді» деп күтіп отыратындардың қатарынан емеспін. Шеберханаға келіп, жібек матаның алдына жайғасқанда-ақ, шабыт өздігінен келеді. Таланты бар адам шабытты күтіп отыра алмайды. Шын талантты адам жұмыс үстінде отырса да, басқа шаруамен жүрсе де, ой үстінде жүреді. Ал өзім тақырыпты кей кезде алдын ала ойластырып жүремін. Музыкадан, күйлерден ойыма әдемі образдар келеді. Ақындардың өлеңдері де әсер етеді. Бірнеше ақындармен бірлесіп жұмыс істедім. Олардың өлеңдерін естігенде, суреттердің бәрі кинолента тәрізді көз алдыма келіп тұрады. Бастысы, көңіл-күйім жақсы болғанда, әдемі туындылар шығады. – Шығармашылық жолды, оның ішінде дәл осы сурет өнерін таңдауыңызға ықпал еткен жайттармен бөлісіңізші... – Бала күнімнен көп балаларға қосылып, көп ойнаған жоқпын. Өзіндік қиял әлемім бар, ойша шартарапты шарлайтын бала болдым. Сөйтіп, келе-келе сурет салуға құмарттым. Балалық шағымыз Кеңес кезінде өтті. «Оқуға түсемін, суретші боламын» дегенімде, әке-шешем «қайтесің сол суретшілікті, одан да дәрігер бол, мұғалім бол» деп, бетімді қайтаруға тырысты. Бірақ оған көнбедім. Кейін әке-шешемнің де көзі жетіп, оқуға жіберді. Мектепте оқып жүрген кезде көзіме көрінген жақсы, әсем дүниелердің бәрін қағазға салып жүрдім. Ол кезде «Балдырған» журналы, «Ұлан» газеті бар, соларға хат жазып, суреттерімді жіберіп тұратынмын. Ал туындыларым газет бетіне басылғанда, «Камиланың суреттері газетке шықты» деп, бүкіл ауыл қуанатын. Ал ауылдастарымның сол сөздері мен үшін мақтаныш болатын. Сондай мақтаныштың, шабыттың жетегінде жүріп, осы жолды таңдадым. Әлі де сол өнер жолында ізденіп келемін. Бала шақта басталған құмарлық бүгінгі деңгейге жеткізді. – Бір сұхбатыңызда «Елімізде суретшілерге қолдау жоқ. Көрмелерге келіп, олардың қолынан шыққан дүниелерді тамашалайтындар да аз» депсіз. Ойыңыз әлі өзгермеді ме? – Қазір елімізде сурет өнеріне қызығушылық жоғары деп айта алмаймын. Бірақ әйтеуір, еңбегімізді, өнерімізді қолдайтын бірді-екілі жандар табылып жатады. Шетелге барамын, жан-жаққа шығамын, сол кезде көмектесетіндер бар. Оған да рахмет! Бірақ бізде суретшілерге көрсетілетін қолдау, көмек жоқ. Осы мәселені өзім де Мәдениет және спорт министрлігіне жеткізгім келіп жүр еді. Әртістер, эстрада жұлдыздары, спортшыларға көрсетілетін қолдаудың жоғары екенін жақсы білесіздер. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ сол өнердің, сол мәдениеттің ішінде суретшілер де бар екенін ұмыт қалдырып жатамыз. Қазір суретшілер өте көп. Бірақ бізде өнерге енді ғана қадам басып жатқан суретшілерге мүлдем қолдау көрсетілмейді. Оларды ешкім танымайды. Өздері шығайын десе, нарықтық заманда ол да қиын. Суретшілердің қолданатын материалдары да қымбат. Көп адамдар «Суретшілер отырып алып, бір суретін 1000 долларға бағалайды. Олардың ақшасы көп» деп ойлайды. Ал сол өнер туындысын жасау үшін суретшілер қанша уақытын шығындайды. Оған қоса, бір еңбекке кететін материалдық шығын да аз емес. Ал сурет күнде өтетін нәрсе емес. Салған суреттерің күнде сатылып кететін деңгейге жету үшін көрінуің керек. Атыңды, еңбектеріңді жұрт білуі тиіс. Оған көп уақыт керек. – Өнеріңіз өрлей берсін! Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары