258
Парламентаралық байланыстар қарқын алуда
Парламентаралық байланыстар қарқын алуда
ҚР Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Индонезияда ресми сапармен жүр. Сапар барысында Сенат Төрағасы Индонезия президенті Джоко Видодомен кездесті.
Кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президентіне Мемлекет басшысының 2018 жылдың қазан айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақыруын жеткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Бұл ел 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі», – деген болатын. Исламдық қаржыландыру саласындағы Индонезияның мол тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында Индонезия қаржы институттарын жұмысқа тартуға ықылас білдіріп отыр. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде ислам қаржыландыруын атаған болатын.
Сенат Төрағасы Астанадағы дінаралық форум дін көшбасшыларымен қатар әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де жиналатын үнқатысу алаңы екендігін атап өтті. «Съезд жұмысына БҰҰ Бас хатшысы, көптеген мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Съездің діндер мен мәдениеттердің арасындағы жалпыға бірдей үнқатысуын ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларында атап өтілді. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші елдердің бірі – Индонезиямен жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан ерекше маңыз береді. Кейінгі жылдарда екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша, атап айтқанда, сауда-экономикалық, аймақаралық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық өзара іс-қимыл салаларында оң өзгерістер көрініс тауып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Сенат Төрағасы Азиядаға өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Индонезия өзінің қатысу деңгейін көтеретініне үміттенетіндігін айтты. Ал Индонезия президенті Джоко Видодо Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға шақыртуына алғыс білдіре отырып, саяси, экономикалық және мәдени екіжақты байланыстарды арттыру мақсатында барлық шараларды қабылдауға ниетті екендігін жеткізді.
Жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезияға сапары барысында өзге де екіжақты кездесулер өткізді. Сондай кездесулердің бірі – Индонезия Халық өкілдері кеңесінің төрағасы Бамбанг Сусатиомен өткен жүздесу. Бұл кездесуде парламентаралық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылды. Жиында екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыруда парламентаралық құрамның рөлі маңызды екені айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Индонезияның заң шығару органдарында қызмет ететін депутаттық достық топтарының жұмысын одан әрі жандандыруға шақырды. Ал Бамбанг Сусатио өз сөзінде ҚР Сенат Төрағасын биылғы жылдың қыркүйек айында өтетін конференцияға шақырды.
Кездесуден кейін Жоғарғы палата басшысы екіжақты келіссөз нәтижелері бойынша журналистер алдында сөз сөйледі. «Индонезия Халық өкілдері кеңесінің төрағасы Бамбанго Сусатиомен іскерлік және достық тұрғысындағы келіссөздерде Қазақстан мен Индонезия ынтымақтастығының ауқымды әрі маңызды салалары бойынша егжей-тегжейлі әңгіме болды. Біз келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы парламентаралық үнқатысудың рөліне ерекше назар аудардық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Сенат Төрағасы Индонезия Халық кеңесшілері конгресінің төрағасы Зулкифли Хасанмен жүздесті. Кездесуде парламентаралық байланыстарды нығайтудың келешегі туралы сөз болып, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің саяси жүйесіндегі ерекшеліктер және Парламент Жоғарғы палатасының конституциялық өкілеттіктері туралы әңгімелеп берді. Әңгіме барысында Зулкифли Хасан: «Сіздер Қытай мен Ресей сияқты алып елдермен шекараласасыздар. Жерлеріңіз үлкен, өздеріңіз тым аз екенсіздер, шекараны қалай сақтайсыздар?», – деп сұрады. Бұл сауалға Сенат Төрағасы: «Әлемнің кемел ойлы саясатшылары қатарынан саналатын Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шекараны шегендеуге ерекше күш салған болатын. Сөйтіп көрші мемлекеттермен қажетті құжаттар құнтталып, келісімдер түзілді, заңдастырылды. Біз нені болса да көршілерімізбен іскерлік, әріптестік жағдайда, заң аясында, бейбіт жолмен шешеміз. Көршіні таңдау мүмкін емес. Ал онымен тату өмір сүру – міндет», – деп жауап берді.
Ал Индонезия вице-президенті Юсуф Калламен өткен кездесуде логистика, көлік мәселесі талқыланды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының ұштасу жоспарына байланысты жаңа мүмкіндіктерге тоқталды.