853
Қардың басы – қылау, дерттің басы – тұмау
Қардың басы – қылау, дерттің басы – тұмау
Ауа райы құбылып, қыстың қытымыр аязы кетіп, көктем келісімен жұртты әбігерге салатын дерттің екпіні күшейеді. Ол – тұмау. Көпшілікке жиі жұғатын бұл вирустың қазіргі қарқыны қатты. Тұмаудан еліміз бойынша, әсіресе, кішкентай сәбилер мен мектеп жасындағы балдырғандар қатты зардап шегуде. Ата-аналар мен мамандар бұл жолғы тұмаудың белгілері бөлек екенін айтады.
Тұмаудың соңы – жылау
Жыл басында еліміздің Бас санитары Жандарбек Бекшин былтырғы тұмау тию кезеңімен салыстырғанда биыл адамдардың сырқаттануы 14,4 пайызға төмендегенін мәлімдеген еді. Дегенмен Бас санитар қазақстандықтарды аурудың алдын алуға шақырып, суық тиген кезде адам өздігінен емделмей, дәрігерге қаралуы қажет екенін атап айтқан болатын. Өйткені ауру асқынса пневмония, құрт ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Жандарбек Бекшиннің сол кездегі мәлімдемесіне сүйенсек, елімізде вирусқа және бактерияға қарсы 10-нан астам тиімді препараттар бар. Алайда оларды тек дәрігердің нұсқауымен қолдануға болады. «Басты қателік – өздігінен емделу. Тек қана дәрігер диагнозды қойып, сауығу тактикасын анықтай алады. Мәселен, вирусты сырқаттар антибиотиктермен емделмейді. Көп адам оны біле бермейді. ОРЗ немесе ОРВИ-ға шалдыққан кезде бірден маманға қаралу қажет», – деп кеңес берген еді Қазақстанның Бас санитары Жандарбек Бекшин. Биылғы жылы тұмаумен күресу үшін елімізге ресейлік вакцина әкелінген болатын. Бас санитар елімізде тұмаумен сырқаттанғандар саны азайды дегенімен, көктем басталғалы ата-аналар тұмау вирусының өршігендігін айтып, дабыл қағуда. Әсіресе, Ақтөбеде наурыз айы басталғалы тұмау дерті өршіп барады. Соңғы бір айдың ішінде облыс көлемінде тұмау дертіне шалдыққандардың саны 100-ге жеткен. Мұнда вирустық инфекциядан тұра алмай жатқандардың көпшілігі балалар. Нақты деректерге сүйенсек, тұмауға шалдыққандардың жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар. Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары болса қазір облыс бойынша тұмаудың үш типті айналымы өтіп жатқанын айтады. Және бұл тұмаудың түрлері зертханалық жолмен дәлелденген деп отыр. Алматыда ақпан айының басында тұмауға шалдыққандар саны көбейді. Бір аптаның өзінде 20 алматылық дәрігердің көмегіне жүгінген. Ал өткен жылдың қазан айынан бері осы сырқатпен 28 азамат ауруханаға жатқызылыпты. Тұмаудың эпидемиологиялық маусымы сәуір айына дейін жалғасады. Дәрігерлер сол уақытқа дейін мейлінше сақтанып, күтініп жүруге кеңес береді. Жалпы, эпидемиологиялық маусым басталған уақыттан ақпан айының ортасына дейін-ақ қалада 41 мыңнан астам тұрғын жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан. Оның ішінде 65 пайызы балалар. Дәрігерлердің айтуынша, қазір қалада жағдай тұрақты. Өткен жылдың қазан айынан бері 48 азамат тұмау жұқтырған. Былтыр осы кезеңде 119 адам тұмауын асқындырған екен. Ақ халаттылар да биылғы тұмау вирусының белгілері жылдағыдан бөлек екенін айтуда. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, бірнеше күн бойы қызуы көтеріліп, ауруы асқынған балалардың буындарына дейін зақым келіп жатқан көрінеді. Ата-аналардың көпшілігі қазір тұмау жұқтырған балаларын үйден емдеудің мүлдем мүмкін еместігін айтып отыр. Бұрындары дәрігерлердің ескертуіне құлақ түрместен, үйден ем-дом жасайтын ата-аналар қазіргі тұмау кезінде ақ халаттылардың көмегіне жүгінбестен өзге амал жоқтығын алға тартуда. Балалары дәл қазіргі уақытта тұмауратып жатқан аналардың сөзіне құлақ түрсек, бәрі жөтелден басталып жатқан көрінеді. Одан кейін балалардың тамағы қызарып, мұрны бітеліп, қызуы көтеріледі екен. Дәрігерлер тұмауратқан балаларда дене қызуының ерекше байқалып жатқандығын растайды. Мұндай жағдайда балаға көп мөлшерде сұйықтық беру қажеттігін де ескертеді.АҚШ-та 63 бала көз жұмды
Тұмау – біздің елде ғана өршіп тұрған дерт емес. Биылғы жылы АҚШ жұртшылығы да аталмыш сырқаттан қатты зардап шегуде. Ақпан айының басындағы деректерге сүйенсек, биылғы қыста тұмаудан кем дегенде 63 бала көз жұмған. Бұл әлемде «доңыз тұмауы» індеті тараған 2009 жылдан бергі кезеңдегі АҚШ-тағы ең үлкен көрсеткіш. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі Аурулардың алдын алу және бақылау орталығының дерегіне сүйенсек, биыл аталмыш індет жұқтыру рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Дәрігерлер тұмауға қарсы екпе алып, мүмкіндігінше қоғамдық орындарға аз бас сұғуға кеңес беруде. Кейбір дерек көздеріне сенсек, биыл АҚШ-та тұмаудың алдын алу мақсатында пайдаланылған вакцинаның тиімділігі 25 пайызды құрағаны айтылған. Бірақ дерттен көз жұмған балалардың көпшілігі ауруға қарсы алдын ала егілмеген. Тұмау дерті биылғы жылы жапон халқын да әбігерге салуда. Жапонияда тұмау эпидемиясы өршіп тұр. Жыл басындағы деректерге қарағанда, вирусты 2,83 млн адам жұқтырған. Оның үстіне елде дәрігерлердің тапшылығы байқалуда. Жапонияның денсаулық, еңбек және әл-ауқат министрлігінің мәліметінше, тұмауға шалдыққан 52 науқасқа бір дәрігерден келеді. Ал Кюсю аралында бір дәрігер 80 сырқатты қабылдауда. Биылғы қыстың соңында Чехияда 3 аптаға созылған тұмау эпидемиясы салдарынан 50 адамның қайтыс болғаны анықталды. Басқа азаматтармен салыстырғанда егде жастағы тұрғындарға тұмау ауыр тиюде. Сондықтан тұмаудан қаза тапқан 50 тұрғынның 43-і – 60-тан асқан азаматтар. Ал қалғандарының жасы 25-59 аралығында. Тұмау эпидемиясы кезеңінде Чехияның ауруханаларына сырқаты асқынған 199 азамат жеткізілген. Жалпы, елде 100 мың тұрғынға шаққанда 1,95 мың адам тұмау жұқтырған. Көптеген ауруханада пациенттердің халін сұрап келушілерге кіруге рұқсат жоқ. Медицина қызметкерлерінің болжамынша, елдегі тұмау эпидемиясы әлі бірнеше аптаға созылады. Айта кетейік, 2017 жылы Чехияда тұмау эпидемиясы 8 аптаға созылған. Салдарынан 144 тұрғын қаза тауып, 300-ге жуық азамат ауруханаға жеткізілген.Тұмаудан қалай қорғанамыз?
Тұмау – эпидемия және пандемия түрінде тез әрі кең таралатын, маусымдық жұқпалы ауру. Жалпы, жұртшылық тұмауды жеңіл сырқат санағанымен, мұның да салдары ауыр болатынын естен шығармау қажет. Тұмауды жеңіл-желпі сырқат деп қарауға әсте болмайды. Мәселен, 2017 жылдың қазан айынан бері Қазақстанда тұмаудан 5 адам көз жұмған. Сондықтан тұмаудан барынша сақтанған жөн. Егер уақытында тұмаудың алдын алып, ем қолданбаса, түрлі қосымша дерттің асқынуына әкеліп соғады. Кейде дер кезінде емделмеген жағдайда ол асқынып кетіп, тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Мамандардың айтуынша, тұмаудың алдын алудың негізгі 3 әдісі бар: екпе егу, дәрімен алдын алу, жеке бас гигиена ережесін қадағалау. Бұл сырқаттың алдын алудағы ең тиімді жолы – тұмауға қарсы вакцина. Вакцина қабылдағаннан кейін екі аптадан кейін әсер етеді. ДСҰ жыл сайын 6 айдан 15 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан жоғары қарт адамдар, медицина қызметкерлері және басқа да көптеген өндірістік байланыстағы адамдарға екпе егуді ұсынады. Тұмауға қарсы вакцина адамға эпидемия кезінде аурудан сақтап, тұмауға шалдыққан жағдайда, ауруды тез әрі жеңіл өткеруге көмектеседі. Бір вакцинаға кететін қаражат ауырып қалған жағдайда дәрілерге кететін ақшадан әлдеқайда аз. Сонымен қатар, сабағын және жұмысын қалдырғысы келмейтін жандарға алдын-ала вакцина жасаған дұрыс. Кішкентай бүлдіршіндер үлкендерге қарағанда тұмауды ауыр өткереді. Сол себепті балаларға да екпе жасатқан дұрыс дейді білікті мамандар. Вакцина балалар арасындағы аурудың асқынуын (өлімге дейін) 30 пайызға төмендетеді. Жүкті әйелдер вакцинаны жүктіліктің 14-ші аптасынан кейін жасатқаны дұрыс. Мамандар осылай деп кеңес бергенімен, соңғы кездері елімізде екпе салдырудан ашық түрде бас тартатындар қатары көбейіп барады. Әсіресе, батыс өңірлерде ата-аналардың «шариғат ережелеріне қайшы» деген желеумен балаларына екпе салдырудан жаппай бас тартып жатқаны талай тақырыпқа тұздық болғанын айта кеткен жөн. Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді. Қалай болғанда да, қазіргі өршіп тұрған тұмау вирусы өте қауіпті. Сондықтан қазақстандықтардың абай болғаны абзал. Ал тұмау жұқтырғандар өздігінен ем-дом жасаудан бас тартып, дәрігерлердің көмегіне жүгінгені абзал.