Тілеухан Әбілдаев: Бәсеке бар жерде сапа болады

Тілеухан Әбілдаев: Бәсеке бар жерде сапа болады

Тілеухан Әбілдаев:  Бәсеке бар жерде  сапа болады
ашық дереккөзі
752
Елімізде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кейінге қалдырылғаны белгілі. Жүйені енгізу кейінге шегерілгенімен, сақтандыру қорына жарна аудару жалғасуда. Осы орайда қор жұмысы қалай жалғасып жатыр? Азаматтарды емханаларға тіркеу жұмыстары қалай жүргізілуде? Осы сынды сауалдарға жауап алу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевпен тілдескен едік. – Медициналық сақтандыру жүйесі биыл да енгізілмеді. Жүйенің кейінге қалдырылуы қор жұмысына әсер етті ме? Қорда қандай өзгерістер болып жатыр? – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін, Қазақстанда медициналық көмектің екі пакеті қолданысқа енгізіледі. Оның бірі – қазір қолданылып жүрген кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті болса, екіншісі – міндетті сақтандыру пакеті. Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мойнында болатын. 2018 жылы аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан қор биылдан бастап заңда көрсетілген міндетін атқаруды бастады. Ал медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін 2019 жылға ысыру мәселесіне келер болсақ, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыс жүргізуде. Жалпы, жүйені енгізу мерзімін өзгерткеннен кейін заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет екені анық. Бірақ қор заң шығаратын немесе мемлекеттік өкілеті бар орган емес. Сондықтан жыл соңында қабылданған өзгерістер бойынша жұмыс істеп келеді. – Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен жекеменшік клиникалардың саны қанша? – Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде қор өткен жылы елдегі медицина ұйымдарымен жұмыс істеуге кіріскен болатын. Медициналық сақтандыру қорының мақсаты – жекеменшік секторды осы пакет шеңберінде қызмет көрсетуге көбірек тарту, сол арқылы бәсекелестікті күшейту. Өйткені бәсеке бар жерде сапа болады. Осы мақсатта қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 43 пайыздан астамы – жекеменшік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Ал жекеменшік клиникалармен бекітілген келісімшарт сомасы биыл 95 млрд теңгені құрады. Бұл да өткен жылдардағы көрсеткіштен 2 есе көп. Сонымен қатар, биыл алғаш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жекеменшік клиникалар қатысып отыр. Алматы қаласы бойынша айтар болсақ, 84 млрд теңгеге 171 жеткізуші компаниямен келісімшарт бекітілді. Оның 73-і жекеменшік клиникалар. Биыл Алматыда да кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар саны едәуір артты. 2017 жылы олардың саны 47 ғана болатын. Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынып отырған жекеменшік медицина ұйымдарының саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр. Болашақта жекеменшік сектор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де осылай белсенділік танытады деп үміттенеміз. Әлбетте, жекеменшік клиникалардың медицина саласындағы тарифтерге көңілі толмайды және алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешімін табады деп үміттенеді. Біз болашақта сенім үдесінен шығуға күш саламыз. Сонымен қатар, жекеменшік медицина ұйымдары да пациенттердің үмітін ақтап, ақылы қаралатын және мемлекеттік кепілдік негізінде қаралатын азаматтардың бәріне бірдей сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз. Ал Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен емдеу мекемелерінің жалпы тізімін fms.kz сайтынан табуға болады. Олардың арасында «Медикер», «ДостарМед», «Сұңқар», «University Medical Center» корпоративтік қоры, «Хак» сынды өзге де ірі клиникалар бар. – Қарапайым халықтың осындай ірі клиникаларға тіркелуге мүмкіндігі бар ма? – Әлбетте. Жұртшылық емхана таңдау құқығын жылына бір рет пайдалана алады. Осы жерде емханаға қандай жағдайда қайта тіркелуге болады деген сұрақтың басын ашып алсақ. Мысалы, басқа әкімшілік бірлік аумағына қоныс аударғанда, жұмысын немесе оқу орнын басқа жаққа ауыстырған жағдайда, жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына, әскери борышын өтеп болуына байланысты, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы жабылғанда немесе ондағы қызмет сапасына қанағаттанбаған жағдайда тіркелуге болады. Ал емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланғысы келетін азаматтар жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркеле алады. Жасы 18-ге толмаған тұлғаларды тіркеу үшін өзінің және заңды өкілінің жеке куәлігі талап етіледі. Ал емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар тәртіп бойынша автоматты түрде тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі. Тұрғындар өзінің қай емханаға тіркелгенін e-gov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерден анықтап біле алады. – Былтырғы тіркеу науқанын тұңғыш рет Медициналық сақтандыру қоры өткізген болатын. Науқан қалай өтті? Тіркеу барысында кемшіліктер болды ма? – Өткен жылы Қор тұңғыш рет медициналық қызметтерді жеткізушілермен, соның ішінде емханалармен жұмыс істеуді қолға алған болатын. Олармен бекітілетін келісімшарт сомасы тіркелген тұрғындар санына тәуелді. Жыл басынан бері бізге кейбір емдеу мекемелерінің азаматтар атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы, сондай-ақ, тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір біздің мамандар осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеуде. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың құжаттарын қабылдау тәртібін өзгертіп, процесті емханалардың тіркеу бөлімі қызметкерлерінің қатысуынсыз ұйымдастыру керек. Сондықтан қазір осыны ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындалып жатыр. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, тіркеу ережесіне де толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Әрине, жаңа қызметтерді іске қосуға біраз уақыт қажет. Сондықтан Қор осы бағытта жұмыс басталған кезде қосымша хабарлайтын болады. Оған дейін азаматтарды емханаға тіркеу тәртібі бұрынғыша: egov.kz порталы немесе емханалардың тіркеу бөлімі арқылы жүргізіле бермек. Тіркелу үшін жеке куәлік пен медицина ұйымы басшысының атына жазылған өтініш талап етіледі. Бұдан басқа, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жылы қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу процесін жетілдіруді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, бірінші жартыжылдық соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Мұның көпшілік үшін ыңғайлы еместігін азаматтарымыз жиі айтады. Ал бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ, МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады. Ал жетілдірілген тіркеу қызметі 2018 жылдың 3-4-тоқсанында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде қазақстандықтар емханаға ХҚКО арқылы тіркеліп, қай жерде тіркелгені туралы мәліметті де сол орталықтардан алатын болады. – Сұхбатыңызға рахмет!  

Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары