276
Түнгі шабуылдың шындығы айтылмай тұр
Түнгі шабуылдың шындығы айтылмай тұр
Сирияның Дейр-эз-Зор қаласы маңындағы аумаққа шабуыл жасалғалы әлем назары осы жаққа ауған еді. 7 ақпан күні Евфратқа жақын жердегі Дейр-эз-Зор провинциясын жаулап алу мақсатында жасалған әрекеттің ақ-қарасын ажырату үшін тынбай сараптаулар жүргізілуде. Дейр-эз-Зорға жасалған шабуыл Мәскеудің бастапқы жоспары ма еді? Дәл қазір осы сауал барша жұртты алаңдатып отырғаны шындық. Бірақ Кремль бұл іске қатысы барын мойындамайтын сияқты.
2018 жылдың 7 ақпаны. Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясындағы америкалықтардың түнгі қарсы шабуылынан кейін сол аумақта көптеген ресейлік азаматтардың қаза тапқаны белгілі болды. Олар кімге жұмыс істеп келген? Америкалық әскердің аумағында ресейліктер не жоғалтты? Жалпы, 7 ақпан күні «Сирия демократиялық күштері» бақылайтын Дейр-эз-Зорда қандай жағдай орын алды? Аталған оппозициялық топтарды АҚШ тарапының қолдайтындығы белгілі. Ал түнгі шабуылға шыққан «Вагнер» жеке әскери тобы кімге арқа сүйеді? Бұл сауалдардың бәрі бір айдан астам уақыт бойы әлемдік ақпарат құралдарында дамылсыз талқыланып келеді. Біз де халықаралық аренадағы осынау өрескел жағдайды назарымызда ұстап келгенбіз, бірақ АҚШ-тың да, Ресей Федерациясының да бұл оқиғаға қатысты ресми позициясы күңгірт болғандықтан әліптің артын баққанымыз рас.
Оқиғаның мән-жайын күллі әлем болып түсінуге тырысқанда, алғашқылардың бірі болып АҚШ әскери-әуе күштерінің басшысы, генерал-лейтенант Джеффри Харриган Пентагонда арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, 7 ақпандағы жағдайдың жай-жапсарын баяндады. Генералдың сөзінше, «Вагнер» әскерінің алдын ала артиллериялық дайындық жүргізгені анық. Шабуыл басталғанда-ақ америкалықтар Сириядағы ресейлік команданың өкілдерімен байланысып, жағдайды баяндаған. Осылай деген Харриган келіссөз барысын бүге-шігесіне дейін хабарлауға құлық танытпады. Тек ресейлік топпен келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығын ғана тілге тиек етті. Америкалықтардың әуеден жасаған қорғаныс соққысы дәл әрі қуатты болуының салдарынан Дейр-эз-Зордағы бірнеше артиллериялық жүйе күйретіліп, талай танк отқа оранған көрінеді. Бірақ аумаққа шабуыл жасағандардың кім екендігі беймәлім және оның құрамында ресейліктердің бар-жоғы да құпия күйінде қалды. Дегенмен ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары осы оқиға кезінде қаза болған ресейліктердің саны артқанын алға тарта отырып, бұл жағдаятқа Ресейдің қатысы бар екендігін жарыса жазған болатын.
Кремльдің қатысы бар ма?
Әуелде Кремль Дейр-эз-Зордағы жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ресми түрде «Вагнер» әскерилер тобы Ресей билігінің, оның ішінде Ресей Қорғаныс министрлігінің бақылауында емес. Десек те, «Вагнер» Ресей билігінің қолдауымен осындай қадамға барған болуы мүмкін» деген болжамдардың әлемдік ақпарат құралдары үшін басты тақырып болғаны аян. Бірақ Ресейдің Қорғаныс министрлігі «АҚШ қолдап отырған оппозициялық күштерге ешкім де шабуыл жасамаған болуы ықтимал» деген де ақпарат таратты. Олардың сөзіне қарағанда, сириялық сарбаздар «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы операция жүргізген. Ал журналистердің «Сирияда қаза тапқан ресейліктер үшін елде қаралы күн жариялануы мүмкін бе?» деген сауалына Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Не үшін қаралы күн жариялануы керектігін түсінбедім», – деп жауап қатты. Conflict Intelligence Team зерттеу тобы ұсынған алғашқы деректер бойынша, әуе соққысынан қайтыс болған 7 ресейлік азаматтың есімі аталды. Олардың қатарында Алексей Ладыгин, Станислав Матвеев, Игорь Косотуров, Руслан Гаврилов, Владимир Логинов, Алексей Шихов, «Апостол» атымен белгілі Владимир (тегі белгісіз), Кирилл Ананьев бар. Есімі аталған ресейлік азаматтардың қайтыс болғандығын олардың жақындары мен туыстары растады. Сонымен қатар, олардың қаза тапқан уақыты Дейр-эз-Зорда америкалық соққы жасалған күнмен сәйкес келіп тұрған еді. Айта кетерлік бір жайт, бір апта үнсіздіктен кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Дейр-эз-Зордағы америкалық әуе соққысының нәтижесінде ресейлік азаматтардың қаза тапқанын мойындады. Ал америкалық ақпарат құралдары қаза тапқан ресейліктердің санын 10-нан 200-ге дейін жеткізді. Bloomberg агенттігі Ресей мен АҚШ-тағы дереккөздеріне сүйене отырып, 200-ден астам әскери қызметкерлердің қаза тапқанын, оның басым көпшілігі ресейліктер екенін хабарлады. «Коммерсант» газеті келтірген деректерге иек артсақ, оқиғаға Башар Асадтың режімін қолдаушы олигархтар тарапынан күрділердің мұнай және газ шығатын орнын басып алуға әрекет етуі себеп болған. Ал келесі бір ресейлік басылымдардың жазуынша, сириялықтар ресейлік жалдамалы топпен бірге күрділердің зауытын басып алмақ болған. «Онда үш жеке рота мен сириялық сарбаздар болған. Кейін әуе флоты, тікұшақ келіп, 4 сағат бойы атқылады» деп жазады «Московский комсомолец» газеті. Басылым сүйеніп отырған тағы бір нұсқа бойынша, түнгі шабуылды ұйымдастырушылар Ресей мен өзге де елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының әсеріне қарсы шабуыл жасаған көрінеді. Олар АҚШ-тың құпия базасы орналасуы мүмкін CONOCO мұнай өңдеу зауытына қарай шегінген. «Неге сенім артқандары түсініксіз. Қолдарындағы жеңіл қарумен америкалықтарға соқтығысты. Бірақ бұл коммерциялық мәселе. Оның соғысқа еш қатысы жоқ» делінген «Московский комсомолец» газетінде.«Вагнерліктер» кімге арқа сүйейді?
Қалай десек те, мәселенің бір ұшқыны «Вагнер» жеке әскери ұйымымен тікелей байланысты болып тұр. 2012 жылы жалдамалы әскерлерді заңдастыру мәселесі көтерілгенде Владимир Путин: «Жеке әскери ұйымдар мемлекеттің тікелей қатысуынсыз ұлттық мүддені жүзеге асырудың тиімді құралы», – деген болатын. Ал әңгіменің тұздығына айналып отырған «Вагнер» жеке әскери тобы – Донбасс пен Сириядағы әскери әрекеттерге қатысушы ресми емес әскери ұйым. Бұл ұйым туралы ең алғаш 2015 жылы белгілі бола бастаған. «Вагнер» әскери тобы – ресми емес қарулы құрылым. Бұл топ әуелде Украина аумағында, кейін 2014 жылдан бастап Сирия жерінде жұмыстарын жүргізіп келеді. 2017 жылдың маусым айында аталмыш ұйым АҚШ-тың санкциялық тізіміне енді. Немістің Bild газеті ұсынған деректерге қарағанда, «Вагнер» ұйымының әскери құрылымында 2500 жалдамалы әскерилер бар. Аталмыш ұйымға қабылданғандар ақпарат таратпау туралы келісімге қол қоюы тиіс. Барлық талаптардан өтіп, «Вагнер» құрамына қабылданған азаматтарға айына 160 мың мен 240 мың рубль аралығында жалақы төленеді. Дерек көздері «Вагнер» тобының жетекшісі Дмитрий Уткин екенін көрсетеді. Ол бұл қызметке ГРУ-дің арнайы 2-бригадасының 700-ші арнайы қызмет жасағының командирі қызметінен босағаннан кейін тағайындалған болуы мүмкін. Ал кейбір дерек көздеріне жүгінсек, аталмыш ұйымның артында белгілі кәсіпкер Евгений Пригожин тұруы ықтимал. «Пригожинмен байланысы болуы мүмкін «Евро Полис» компаниясы Башар Асад режімімен келісімге келіп, сол арқылы «Ислам мемлекетінен» жаулап алынған аумақтағы мұнайдың төрттен бірін алып отырады» деген де алыпқашпа әңгімелер бар. Сонда «Вагнер» мен Ресей мемлекетінің қандай байланысы болуы мүмкін? «Вагнер» қызметкерлерінің ешбірі ресейлік ресми күштік құрылымдарға қатысы жоқ-мыс. Алайда олар құпия жауынгерлік әрекеттері үшін медальдар мен ордендер алған. Ал Украина қауіпсіздік қызметінің деректері бойынша, «Вагнер» әскери ұйымы мүшелерінің 95 пайызы – Ресей азаматтары. «Олардың дені бұрынғы арнайы қызмет (спецназ) өкілдері, ГРУ қызметкерлері, десантшылар», – деп мәлімдеді Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак. Осындай деректерге қарамастан, Мәскеу Сирияда ресейлік жеке әскери ұйым қызметкерлерінің соғысып жатқанын жоққа шығарып отыр. Қорғаныс министрлігінің ресми дерегі бойынша, әскери ұйымдар жұмысын бастағалы республика бойынша 40 сарбаз қаза тапқан. Reuters агенттігінің есебіне сүйенсек, 2017 жылы Сирияда 131 ресейлік жалдамалы қаза тапқан. Бірақ агенттік мұнда әскери қызметкерлердің есепке алынбағандығын айтады.Браганың мәлімдемесі шындыққа жанаса ма?
Өткен сенбіде 17 наурыз күні америкалық NBC арнасы «Вагнер» жеке әскери ұйымындағы «орыс жалдамалыларының» талқаны шыққаны туралы толыққанды ақпарат берді. Бригадалық генерал Джонатан Брага өзінің сұхбатында жүздеген шабуылдаушының америкалықтардың соққысынан қаза болғанын растады. NBC арнасы 7 ақпандағы қақтығыс кезінде «қаза болған 200-300 адамның бәрі бірдей ресейлік контрактілік фирма жалдаған адамдар еместігін» анықтады. Арнаның хабарлауынша, америкалық әскери оттың астында қалған ресейліктердің жаппай опат болуы ресейлік қоғамды және билікті есеңгіретіп тастады. NBC 2018 жылдың ақпан айында 50 жылдан бері алғаш рет америкалықтар мен ресейліктердің тікелей қатысуымен қақтығыс орын алғанына да назар аударады. Ол оқиғада америкалықтар зардап шекпесе де, генерал Брага жаңа бір қақтығыс туындауы мүмкін деп күдіктенеді. Америкалықтар мен олардың одақтастары болашақта орын алуы ықтимал ұрыстарға дайындықты күшейтпек. Генерал Джонатан Брага ұрыс алдында америкалықтардың «көлік құралдарының қозғалысы, әскерлердің қозғалысы, олар бұрын көрмеген дайындықтарды» байқағандығын айтқан. Джонатан Брага бірден ресейлік әріптестеріне хабарласып, шиеленістің алдын алуға тырысқанын және текетірес кезінде олармен байланыста болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ресейліктер АҚШ базасына шабуыл жасаушы күштің өздеріне қатысы жоқтығына сендірген. Десек те, бұған сенімнен гөрі күдік басым болғандай. NBC News: «Кремльдің мәлімдемесі дүдәмал және қарама-қайшы болды. Әуелі Кремль бұл іске бірде-бір орыстың қатыспағанын және шабуылдың Ресей қорғаныс министрлігі тарапынан келісілмегенін және рұқсат етілмегенін мәлімдеді. Бір аптадан кейін ресейлік ақпарат құралдары ресейлік жеке әскери мердігерлердің қаза тапқанын хабарлаған. Осыдан кейін Кремль шын мәнінде 5 ресейлік азаматтың қайтыс болғанын растады», – деп хабарлады.Ұшақ апаты кездейсоқ жағдай ма?
Ал 6 наурыз күні Сириядағы Хмеймим аэродромының базасына қонуы тиіс ресейлік Ан-26 транспорттық ұшағы құлап, жарылды. Соңғы деректер бойынша, ұшақ апатынан 39 адам қаза тапқан. Олардың барлығы – әскери қызметкерлер, 27-сі – офицер. Қаза тапқандардың ішінде генерал-майор Владимир Еремеев те бар. Ресей Қорғаныс министрлігі ұсынған алдын ала болжам бойынша, апатқа әуе кемесінің техникалық ақаулары себеп болған. Тағы бір дерек көздері ұшақ жойқын желдің әсерінен апатқа ұшырады деп болжады. Бірақ Интерфакс Ан-26 ұшағының қалыпты ауа райында қонуға әрекеттенгенін жазады. Flightradar24 онлайн қызметінің дерегінше, сол күні аэродром аумағындағы ауа райының салдарынан төтенше жағдайдың орын алу ықтималдығы өте төмен болған. Сонымен, Ан-26 ұшағының апатына байланысты ұсынылған болжамдар сан қилы. Нақты жауабын тек арнайы зерттеу ұйымдары ғана бере алады. Ан-26 ұшағының Сирия жерінде апатқа ұшырауын 7 ақпандағы оқиғамен байланыстырғандар да жоқ емес. Екі оқиғаның бірінен кейін бірінің орын алуы бүкіл әлем халқының көңіліне күдік ұялатты десек, артық айтқандығымыз болмас. Бұл қадам да Мәскеудің астыртын дөңайбат көрсеткендігінің белгісі деп қабылдағандар да көп. Негізінде, Ан-26 күй талғамайтын, сенімді әрі қызмет көрсету жүйесі қарапайым ұшақ болып саналады. Бұл әуе кемесі ауа райы мен техникалық қызмет көрсету сапасы бойынша Таяу Шығыс пен Сирияда қолдануға өте ыңғайлы. Ан-26 ұшағының бәрі кеңес заманында шығарылған. Дегенмен әскери ұшақтар азаматтық әуе кемелері секілді жиі қолданылмайды. Ал Сириядағы әскери әрекеттерге қарағанда ұшақтар әдеттегіден жиі қолданылғанға ұқсайды. Бұл ұйым туралы ең алғаш 2015 жылы белгілі бола бастаған. «Вагнер» әскери тобы – ресми емес қарулы құрылым. Бұл топ әуелде Украина аумағында, кейін 2014 жылдан бастап Сирия жерінде жұмыстарын жүргізіп келеді. 2017 жылдың маусым айында аталмыш ұйым АҚШ-тың санкциялық тізіміне енді. Немістің Bild газеті ұсынған деректерге қарағанда, «Вагнер» ұйымының әскери құрылымында 2500 жалдамалы әскерилер бар. Аталмыш ұйымға қабылданғандар ақпарат таратпау туралы келісімге қол қоюы тиіс. Барлық талаптардан өтіп, «Вагнер» құрамына қабылданған азаматтарға айына 160 мың мен 240 мың рубль аралығында жалақы төленеді. Дерек көздері «Вагнер» тобының жетекшісі Дмитрий Уткин екенін көрсетеді. Ол бұл қызметке ГРУ-дің арнайы 2-бригадасының 700 арнайы қызмет жасағының командирі қызметінен босағаннан кейін тағайындалған болуы мүмкін.