Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі

Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі

Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі
ашық дереккөзі
975
Қазақ боксшыларының халықаралық аренада мерейі әркез үстем болып келеді. Былғары қолғап шеберлері әр жеңісті төккен тердің жемісі,  бапкерлер бейнеттің зейнеті санайды. Бүгінде қазақстандық былғары  қолғап шеберлері әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да ешбір елдің боксшыларынан кем түспейді. Әлем чемпионаты, олимпиада ойындары, түрлі кубоктар ойнатылатын халықаралық маңызды бәсекелерде жеңісті қолдан бермейтін батырлардың жеңістері мен жетістіктері еліміздің биік мәртебесін айғақтайды. Қазақстан боксының әлемдік аренада алдыңғы қатарда тұрғанын дәлелдеген шаралардың бірі Польша астанасы Варшавада өтті. Бокстан Феликс Штамм атындағы халықаралық турнир биыл 35-рет ұйымдастырылды. Варшавадағы бокс додасында ел намысын қорғаған 10 боксшының жетеуі жүлделі орындарды иеленді. Оның 4-еуі – алтын, 2-еуі – күміс, 1-еуі – қола медаль. Финалдық жүздесуде алғашқылардың бірі болып рингке шыққан 56 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері Ілияс Сүлейменов иорданиялық боксшы Алуади Мұхамедті айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Жеңісті бастаманы 64 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бекдәулет Ибрагимов жалғады. Ол поляк боксшысы Дамин Дюркачтан айласын асырып, жеңімпаз атанды.  Ал 69 келі салмақтағы Асланбек Шымбергенов те өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін дәлелдеді. Финалда ресейлік былғары қолғап шебері Сергей Собылинскиймен жұдырықтасқан жерлесіміз, жеңіс тұғырынан көрінді. Ауыр салмақта (91 кг) өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Антон Пинчук түркімен боксшысы Арсланбек Ачиловтан басым түсіп, алтын медальді еншіледі. Бір өкініштісі, финалда құрама капитаны, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке тағы да алтыннан алқа тағу бұйырмады. Финалдық кездесуде қарсыласы ресейлік боксшы Георгий Гушиташвилиге есе жіберген жерлесіміз күміс жүлде иеленді. 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Абай Төлеш те ресейлік қарсыласынан айласын асыра алмай, күміс медальді қанағат тұтты. Құраманың қанжығасындағы қола медаль аса ауыр салмақтағы боксшы Айболды Дәуренұлына тиесілі. Сонымен қатар, қазақ боксшылары 8-12 наурыз аралығында Финляндия астанасы – Хельсинкиде 37-рет ұйымдастырылған Gee Bee халықаралық турнирінен де олжалы оралған болатын. Халықаралық додада қазақстандық былғары қолғап шеберлері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел қоржынына 5 алтын, 1 күміс медаль салды. 56 келі салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев финалда мажар елінің боксшысы Нандор Соканы жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов топ жарды. 81 келі салмақта Бек Нұрмағанбет жарқын жеңісімен жанкүйерлер есінде қалды. Финалда отандасымыз ресейлік боксшы Артем Агеевті нокаутқа түсірді. Риодағы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит те қарсылас шыдатпады. Финалда украиналық боксшы Константин Пинчуктан айласын асырды. Қазақстан құрамасының қоржынына түскен бесінші алтын медальді аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев иеленді. Ол финалда британдық боксшы Соломон Дакросты жеңді. 52 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Олжас Байниязов финалда француз Билал Биннаманға есе жіберіп, күміс медальға ие болды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте қазақ боксшылары бірінші орын алды. Ресей құрамасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен екінші орынға ие болса, швед боксшылары 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді. Айта кетейік, биылғы жылдың басты бокс додасы тамыз айында Индонезияның Джакарта қаласында өтеді. Джакартадағы Азия ойындарына халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен боксшылар жолдама алады. Азия ойындарына нақты кімдердің қатысатындығы шілде айында белгілі болмақ.

Серіктес жаңалықтары