470
Өзгенің қаңсығына құмарлық па?
Өзгенің қаңсығына құмарлық па?
Еліміздегі мектеп бітіруші түлектер үшін сын сағаты жақындап келеді. Екі айдан кейін алтын ұясымен қоштасатын шәкірттер ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Әр жыл сайын бір жаңалық енгізілетін ҰБТ жұртшылықтың үрейін ұшырып жүргелі қанша жыл?! Биылғы түлектердің де көңілінде үміт пен күдік қатар жүр. Білім және ғылым министрлігі өткен жылы өзгертілген ҰБТ тәртібін сол күйінде қалдырса да, тестілеу сұрақтарына ерекше назар аударған сыңайлы. Өйткені өткен аптада ұлттық тестілеу орталығы биылғы жылы ҰБТ сұрақтарын әзірлеуге Голландиядан бөлек Америка мамандары да тартылатынын хабарлады. Бірақ АҚШ мамандарының қанша ақшаға келетіні айтылған жоқ...
Шетелдік мамандар қажет пе?
Жыл сайын ҰБТ сұрақтары базасының үштен бірі жаңартылады. Бірақ тестілеу орталығы биылғы жылы әрбір екінші сұрақты қайта жасап шықпақ ниетте. Сұрақтарды қанша жаңартса да, жылда ұлттық бірыңғай тестілеудегі орынсыз сұрақтар, қате сауалдар үлкен дау тудырады. Дау туындаған сайын сауатсыз сауалдарды кім әзірлегенін іздейтініміз хақ. Сұрақтарды әзірлеуші – Ұлттық тестілеу орталығы. Ал отандық ғалымдарға шетелдік үздік мамандар көмек қолын созады. Биылғы жылы орталық америкалық компаниямен келіссөз жүргізу үстінде. Егер екі тарап келісімге келе алса, онда биылғы ҰБТ сауалдарын әзірлеуге америкалықтар көмектесетін болады. Білуімізше, шетелдік мамандар сұрақтарды әзірлеуге ғана емес, тест жинақтарының құрылымын жасауға да белсенді атсалысады. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың «Еуразия» арнасына берген сұхбатына сүйенсек, елімізде әу бастан ҰБТ сұрақтарын әзірлеуге осы іспен кәсіби түрде айналысатын әлемдік белгілі ұйымдар тартылады екен. Мәселен, 2014-2015 жылдары ұлттық тестілеу орталығы голландиялық компаниямен бірлесіп, жұмыс жүргізген. ҰБТ сұрақтарын әзірлеуге қатысты көпшілік көкейінде қордаланған сауал көп. ҰБТ тапсырмаларын әзірлеп, тест жинақтарын жасап шығуға шетелдік мамандардың қажеті қанша? Тестілеу сұрақтарын әзірлеу отандық ғалымдардың қолынан келмейді ме? Тест жинақтарының құрылымын қалыптастыру үшін шетелден маман шақырту маңызды ма? Бұл қазақстандық мамандардың біліктілігіне күмәнмен қараудың белгісі ме? Әлде қит етсе шетелдіктердің көмегіне жүгінетін әдетімізден арылмағандығымыздың нышаны ма? ҰБТ сұрақтарын қазақстандық мамандардың әзірлейтіндігі сөзсіз. Әйтпесе, қазақ және орыс тілдерінде құрастырылатын тест сұрақтарын голландиялық және америкалық мамандар қайдан білсін?! Қазақтың тілімен де, тарихымен де, ғылымымен де таныс емес мамандар жол көрсетуден әрі аспайтын болар. Бірақ сол қызметі үшін оларға қыруар қаржы төленетінін естен шығармайық. «Шетелден маман шақырттық» деген атақ үшін қазынаның қаржысын босқа шашып жатқан жоқпыз ба деген ойға қаласың кейде. Шетелдік мамандардың екі ауыз сөзі үшін жұмсалған қыруар қаржыны өзіміздің ғалымдарымыз бен ардақты ұстаздарымызға жұмсасақ, білім саласындағы мамандардың жағдайын да түзер едік, ұлттық сынақтың аты затына сай болуына да қомақты үлес қосар едік. Ұлттық бірыңғай тестілеу қазақ балаларының білім деңгейін саралайтын болғандықтан, оған «өте қымбат» шетелдік мамандардың көмек көрсетуі міндетті емес болар?! Әрине, өзгелерден үйренгеннен ұтылмаймыз. Бірақ шетелден келген мамандар шынымен елден асқан білгір ме? Олардың бізге үйреткенінен ҰБТ-ның өрісі кеңейіп жатқанына да сену қиын. Ұлттық бірыңғай тестілеудің елімізде өтіп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болса да, сынақтың айналасындағы айқай-шу әлі күнге дейін таусылар емес.Қисынсыз сұрақ көп болса...
2018 жылы ҰБТ сұрақтарының 50 пайызы жаңартылады. Мұны Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады. Егер 2017 жылы 80 мыңнан астам тест сұрақтары ұсынылса, биыл олардың саны 120 мыңға жетіп отыр. Сұрақтардың 11 пайызы функционалдық сауаттылықты анықтауға мүмкіндік берсе, 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар сауалдар болмақ. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың сөзіне сенсек, бұл түлектердің пәнді терең түсінуіне, жаттандылықтан қашуына және ойлау қабілетін дамытуына мүмкіндік береді. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 10 қаңтарынан бастап шыққан сынақ кітапшаларындағы сұрақтар мазмұны бойынша 2018 жылғы ҰБТ тапсырмаларына жақын. Бірақ нақты сол сұрақтар ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде қайталанбайды. Сонымен қатар, ҰБТ сұрақтарын әзірлеуші мамандар өткен жылғыдай шулы сауалдардың болмайтындығын ескертіп отыр. Былтыр сынақ кітапшаларында шоу- бизнес әлеміндегі танымал адамдардың есімдері кездесіп, бұл жағдай қоғамда үлкен дау туғызған еді. Ал сол кезде бұған қатысты жауап берген Білім және ғылым министрі барлық кінәні журналистерге аудара салғаны да есімізде. Әңгіме продюсер Баян Есентаеваның «Абайлаңыз, сиыр!» фильмі туралы мәтіндік сұрақтан басталған-ды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің ойынша, тест сұрақтарында Баян Есентаева мен басқа да шоу-бизнес өкілдерінің қаптап жүруінде еш әбестік жоқ екен. Қайта олар түлектерді қызықтырып, емтиханға деген дайындыққа жағымды әсер ететін көрінеді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы тақырып төңірегінде сауал қойған журналиске: «Ол ҰБТ-ның сұрағы емес қой. Алдын ала дайындық кезінде қойылған сұрақ. Ол газеттен алынған мәтін. Сіз Баян Есентаева туралы жазып жүрсіз ғой. Оны сіз неге жазасыз? Ол газеттен, сайттан алынған мәтін. Талапкерлерге берілген. Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз деп жазылған. Сіз жазсаңыз, біз оны неге алмаймыз?», – деген болатын. Ал мұндай жағдайдың биылғы жылы қайталанбайтындығын айтқан Рамазан Әлімқұлов: «Бұл сұрақтар сынақ тестерінде болған. Ал ҰБТ-да мұндай тапсырмалардың болмайтындығын ресми түрде айтамын. Барлық сауалдар мектеп бағдарламасына, білім стандартына негізделіп жасалады», – дейді.ҰБТ-да өзгеріс бар ма?
2018 жылы ҰБТ тапсыру ережелері өзгермейді. Бірақ тест тапсырушыларға ыңғайлы болу үшін аздаған өзгерістер жасалды. Яғни, тест тапсырушы түлек ауырып қалса немесе басқа да маңызды себептер туындаса, бітіруші қабылдау комиссиясының шешімі бойынша басқа уақытта ҰБТ тапсыра алады. Бұрын бітірушілерге мұндай мүмкіндіктер берілмеген. «Бітіруші бір пунктке бекітіледі, қандай да бір себеппен өзінің пунктінде тапсыра алмай қалса, келесі күні басқа пунктке барып, сонда тапсырады. Өйткені өзінің пункті жабылып қалады. Бұрын бітіруші басқа пункте тапсыра алмайтын, өйткені бақылау-өлшеуші материалдар бекітілген пункте ғана басып шығарылатын», – деп түсіндірді жаңа өзгерісті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов. Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл да екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – қорытынды аттестация, яғни мектептердегі бітіру емтихандары. Екіншісі – ҰБТ, яғни жоғарғы оқу орнына түсу емтиханы. Мектептегі қорытынды аттестацияда бітіруші түлек ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетінен еркін тақырыпта эссе жазса, екінші пән Қазақстан тарихынан сұрақтарға ауызша жауап береді. Қазақстан тарихы пәні бойынша оқушыға теориялық және шығармашылық бағыттағы сұрақтар қойылады. Ал үшінші пәнде оқушы алгебрадан жазбаша емтихан тапсырады. Мұнан соң оларға қазақ немесе орыс тілінен (орыс мектептері қазақ тілінен, қазақ мектебіндегілер орыс тілінен) тест сұрақтары беріледі. Ең соңғы емтихан оқушылардың өздері таңдаған пәнінен болады. Ал жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсырылатын ҰБТ әдеттегідей бес пән бойынша өтеді: үшеуі міндетті және екеуін таңдауға болады. Міндетті пәндер қатарында математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бар. ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер ғана тапсырады. ҰБТ 5 пән бойынша 120 сұрақтан құрастырылған. Бірақ тестілеудің жалпы ұпай саны – 140. Өйткені бейінді пәндер бойынша тест тапсырмаларының ішінде бір сұрақтың бірнеше дұрыс жауабын белгілейтін тапсырмалар да бар. Сонымен қатар, өткен жылдың күзінде ақылы оқуға түскісі келетін талапкерлерді ҰБТ-дан босату мәселесі қызу талқыға түскен болатын. «Ақ жол» партиясы еліміздің жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсетіндер үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді алып тастау туралы бастама көтерді. Фракция мүшелері ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік білім гранттарын бөлу құралы ретінде қалдыруды ұсынған. Бірақ бұл мәселені ұзақ талқылаған Білім және ғылым министрлігі депутаттарды қолдамады. «Қоғамның көзқарасы бойынша, жоғары оқу орнына ақылы түрде түсудің баламалы нұсқасын енгізу сапаның төмендеуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты алдағы 2018 жылы ҰБТ-ның жоғары оқу орнына түсуге арналған қазіргі форматы сақталады», – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.ҰБТ-ға шәкірттер қалай дайындалады?
Биыл 146 мың мектеп бітіруші түлек ҰБТ тапсырады деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта мектеп бітірушілер ұлттық сынаққа дайындалу үстінде. Бүгінде жоғары оқу орындарында ақылы түрде білім алудың құны қымбат екенін ескерсек, мектеп бітірушілердің бәрі бірдей мемлекеттік білім грантына қол жеткізу үшін аянып қалмасы анық. Осыны есепке алған түрлі білім беру орталықтары қызметтерін жандандыра түсуде. Дәл қазіргі кезеңде шәкірттердің басым көпшілігі ұлттық бірыңғай тестілеуге арнайы репетиторлардың көмегіне жүгіне отырып, дайындалады. Бұрынғыдай өздігінен дайындалатын түлектер саусақпен санарлық қана. Тіпті, алыс ауыл-аймақтағылар да қазір қаладағы қосымша білім беру орталықтарында апталап, айлап тестке дайындалады. Қысқасын айтқанда, қазір білім беру орталықтарының саудасы қызып тұр. Айына 15-20 мың теңге төлесеңіз, балаңыздың сабақтан кейінгі уақытында ҰБТ-ға әзірленуіне бар күш-жігерлерін жұмсайды. Бірақ барлық баланың бағы жанып, бабы келісіп, ұлттық тестілеуден жоғары ұпай жинайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Бір жыл бойы арнайы дайындық орталықтарына барып, ҰБТ-ға әзірленгендердің талайы сынақ кезінде шекті балды да жинай алмай қалғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Сондықтан ата-аналар мен шәкірттер мұндай білім беру орталықтары жоғары нәтиженің кепілі деп санамауы тиіс. Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз да, сан түрлі ҰБТ-ға дайындық курстарына кезігесіз. Бірақ оларға қаншалықты сенім артуға болады? Әрине, балалардың білімін толықтырып, өткенді қайталап, дайындық жұмыстарын арнайы мамандармен бірге жүргізгені дұрыс-ақ. Бірақ баласын мұндай ақылы орталықтарға жіберуді әрбір ата-ананың қалтасы көтермесі анық. Ал өтпелі кезеңнен енді ғана өткен, еліктегіш балалар қатарынан қалғысы келмей, онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген ата-анасын қинай бастайды. Тіпті, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде төмен нәтиже көрсеткенін ата-анасының арнайы курстарға жібермегенінен көріп жататындар да табылады. Қорыта айтқанда, еліміздегі сансыз оқыту орындарын, курс орталықтарын арнайы електен өткізу қажет. Әйтпесе, «үздік білім береміз» деп жарнамасы жер жарып тұрған орталықтар көп. Бірақ олардың бәрі бірдей талапқа сай деп ауыз толтырып айта алмаймыз.