256
БАС ҚАЛАДА – ӘЛЕМДIК ДIН ЖИЫНЫ
БАС ҚАЛАДА – ӘЛЕМДIК ДIН ЖИЫНЫ
Астанадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында кеше-бүгiн үлкен жиын өтуде. Әлемдiк және дәстүрлi дiндер көшбасшыларының IV съезiне әлемнiң 40 елiнен 87 делегат қатысуда. Олар салмақты саясаткерлер мен дiнбасылар, белгiлi ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлерi. Дiндер жиынын салтанатты түрде ашып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң съезiн өткiзу – ХХI ғасырдағы әлемдiк құрылымның аса маңызды қағидаты ретiндегi жаһандық толеранттылықты қалыптастыру iсiне қосқан Қазақстанның ұлы сыйы!» деген ерекше баға бердi.
Бүкіл әлемнің дінбасылары бас қосқан жиын қарсаңында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының он бірінші отырысы өткен болатын. Онда сөз сөйлеген Сенат басшысы, Съезд Хатшылығының төрағасы Қайрат Мәми әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі меймандарды Қазақ елінің бас қаласы құшақ жая қарсы алғандығын жеткізді. – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 10 жыл бұрын конфессияаралық саммит өткізуге шақырған Үндеуінің сол кезде-ақ сіздердің жүректеріңізден жол тауып, бейбітшілік, қайырымдылық және әділеттік жолындағы діндердің жаһандық толыққанды диалогының бастауына айналғанына қуаныштымыз, – деді. Сондай-ақ Қайрат Мәми мырза маңызды жиынның дайындығына тұрақты түрде және белсенді атсалысқан делегациялар басшыларына ризашылығын білдіре келе: «Біз атқарған жұмыс алдағы дінаралық саммитті лайықты өткізудің сенімді кепіліне айналады деген сенімдемін!» деді. Ол Қазақстан ұсынған «ізгіліктің үштағаны» – бейбітшілік, қайырымдылық және әділеттік орнауы үшін жаһандық диалогты нығайтуға бағытталған Президент Н.Назарбаевтың бастамасын қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені «Қазіргі заманғы геосаяси қатынастарда діннің рөлі арта түскен. Ал Съезд бейбіт өмірді, қауіпсіздікті нығайтуда және әлеуметтік өркендеу жолында қоғамдық күштерді біріктіруі қажет. Жаһандық діндарлар жиналысының күн тәртібі бойынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінің басты тақырыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» болып белгіленген. Отырыстың қорытындысы бойынша «Діни лидерлер кеңесінің» құрамы мен «IV съезге қатысушылардың үндеуінің» жобасы бекітілді. Мұнымен қоса жаңадан құрылып отырған «Діни (рухани) лидерлер кеңесін» Хатшылық жиынына қатысушылар «Съездің басшылық діңгегі» деп бағалады. Онда әлемдік жетекші діндер жетекшілері диалог құрмақ. Алқалы басқосу төрт секция бойынша жұмыс істеуде. Талқыға түсіп жатқан мәселелер – «Орнықты дамуға қол жеткізген дін басшыларының рөлі», «Дін және мультимәдениеттілік», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи қатерлер», «Дін және жастар». Доктор Маджид Ибн Абд әл Азиз ат-Түрки: «Діни басшылар Астанаға тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік орнауы үшін жиналып отыр. Бұл жолғы съезде әйел мен дін, жастар мен дін, діннің жалпы рөлі туралы алқа құрып, ақылдаспақпыз. Одан бөлек әлемде болып жатқан мәселелер талқыланады. Ал коммюникеде, бейбітшілікке бағытталған, терроризмге қарсы шешімдер айтылады» десе, Елбасының қабылдауында болған Канаданың экс-Премьер-министрі Жан Кретьен: «Бүгін мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу үшін келдім. Діндер арасындағы үнқатысу өте маңызды деп санаймын. Мұндай кездесулер ел ішінде тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін ғана емес, сондай-ақ мемлекеттер арасында достық қарым-қатынастарды орнықтыру үшін қажет, – деп атап өтті. Сол сияқты Елбасының атына Иордания экс-Премьер-министрлері Абдель Салам Маджали мен Аднан Бадраннан арнайы келген хатта: «Бүгінде Қазақстанның мұсылман әлемінде көшбасшылық позицияға шыққаны сөзсіз. Бұған «Ғылым және технология: жетістіктері мен перспективалары» атты Ислам әлемі ғылым академиясының Симпозиум-2012 аясында Қазақстанның жетекші ғалымдарының сөйлеген сөздері дәлел. Қазақстанда болған барлық өзгерістер әлемдік өркениеттің дамуына, әсіресе, Мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды нығайтуға орасан үлес қосатынына күмәніміз жоқ», – делінген. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өз жұмысын бүгін қорытындылайды. Маңызды басқосу барысында мұсылман әлеміндегі діни мәселелер барынша талқыға түсіп, лайықты ұсыныстар сарапқа салынуда.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ