Бiр күнде қырық бала ұрлықтың құрбаны

Бiр күнде қырық бала ұрлықтың құрбаны

Бiр күнде қырық бала ұрлықтың құрбаны
ашық дереккөзі
405

Негiзiнде, мамандар балалар арасындағы тән саудалау оқиғаларының арта түскенiн отбасындағы әлеуметтiк жағдайдың нашарлығымен байланыстырады. Тұрмыс келеңсiздiктерiнен және аштықтың салдарынан балалар жаман пиғылдарға бой ұрды. Осы тұрғыда Соғыс және бейбiтшiлiк институтының мамандары үлкен көлемде журналистiк зерттеу жүргiзгенде, кәмелетке толмаған қыздардың кәдуiлгi тауар ретiнде сатылатындығын, кейде жыныстық қатынас құлдығында өмiр сүретiндiгiн дәлелдеген. Жезөкшелiкпен айналысатын қыздар небәрi 2 — 3 аптаның iшiнде ата-анасы бiр жылда жинамайтын табыс табады екен. Қылмыстық топтың құрығына түскен қыздарды “жеңгетайлар” “Бiз сендердiң немен айналысатындарыңды ешкiмге айтпаймыз, жуық арада өз елдерiңе ораласыңдар” деп алдайды. Бұл шылғи өтiрiктiң арбауына түскен бойжеткендер өздерi алданғанымен қоймай, достарын да тартатын көрiнедi. Осындай жезөкшелер қатарында аузынан уызы кетпеген 11—16 жас аралығындағы жас қыздар мен бозбалалар бар. Олардың көбi балалар үйiнiң түлектерi. Олар өздерiн iздейтiн туысы, “әй” дейтiн әже, “қой” дейтiн қожасы болмағандықтан да, оңай жолмен ақша табуға мойын бұрған. Әсiресе, осындай жас қыздарды қылмыстық топтар жеңiл түрде сатып, табыс көзiне айналдырып жүр. Айта кетерлiк жәйт, елiмiздiң кейбiр аймақтарында кәмелетке толмаған жасөспiрiмдер мен өмiрдiң қиындығына душар болған балаларға арналған мекемелер жоқ. Өз уақытында мемлекет тарапынан қамқорлық көрмеген панасыз балалар осы қылмыстың құрбаны болуда. 2003 жылдың алты айында кәмелетке толмағандарға арналған уақытша бейiмделу және сауықтыру орталығында 4826 баспанасыз балалар мен 1790 жасөспiрiмдер тiркелген. Бүгiнде республика аймағында 40 шақты Дағдарыс орталығы ашылды. Оның 8-i тек адам саудасының құрбандарына жағдай жасауға қатысты көмек үшiн арналған. Заңға сәйкес, мұнда балалар үлкендердiң қамқорлығынсыз қабылданбайды екен.

Әлеуметтiк жағдайға, заң шығару мен оны орындаудың ақсауына байланысты бала саудасы “қызып” тұр. Қоғамдағы кедейшiлiк пен өмiр сүруге деген қажеттiлiк, жақсы тiршiлiк кешуге ұмтылу және ауылды жерде бiлiм ошақтарының азаюы, сондай-ақ отбасындағы кикiлжiң секiлдi әрекеттерден соң балалар өздерiн құлдыққа сатуға итермелейдi екен. Айтып отырған көрiнiстерге қарамай, әр мемлекет балалар саудасының алдын-алуына орай шешiмдi қадамдар жасап-ақ келедi. Мысалы, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның “Балалар құқы жөнiнде” конвенциясын ратификациялаған. Сол сияқты БҰҰ-ның транс ұлттық бiрлескен қылмысқа жол бермеу жөнiнде және 2004 жылы елiмiз адам саудасының алдын алу туралы конвенцияға да қол қойды. Бұл орайда мемлекет адам саудасы, жезөкшелiкпен айналысатындар және қылмыс түрiн құрту үшiн қажеттi шараның барлығын жасап-ақ келедi. Сыртқы iстер министрлiгi консулдық департаментiнiң директоры Уалихан Қонұрбаев келесi жылдан бастап саудаға құрбан болғандарды қайтару үшiн министрлiкке 13 млн. теңге бөлiнгендiгi жайлы ақпарат таратты. Бiздiң елшiлiк Араб Әмiрлiгi, Греция, Түркия секiлдi елдердiң құқық қорғау мекемелерiмен тығыз байланыс орната отырып, ағымдағы жылдың жарты жылдығында елге 10 азаматты қайтарып алыпты. Сол секiлдi адам саудасына тосқауыл қойып, үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы жақында Мәжiлiстiң Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң жұмыс тобы отырысында депутаттар талқыға салған едi. Жұмыс тобының жетекшiсi Уәлихан Қалижанұлы бастаған халық қалаулылары “Адам саудасына және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы конвенцияны және қорытынды хаттаманы бекiту туралы” заң жобасын қарады. Өкiнiшке қарай, Республика аумағында шетелдiк азаматтарды азғырып-көндiру сияқты, оларды пайдалану мақсатында бiздiң азаматтарды шетелдерге заңсыз әкету фактiлерi орын алып отыр. Сол сияқты Жамбыл, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының мектептерiнде мұғалiмдермен қоса кәмелетке толмағандарды қорғау жөнiндегi инспекторлар да жұмыс iстейдi. Барлық аймақта әлеуметтiк педагогтар мен психологтар, дәрiгерлер бiрлесе отырып, “сенiм телефоны” қызметiн iске қосты. Осы тұрғыда 327 мектепшiлiк инспекторлар, 939 психолог мамандар елiмiзiң барлық облыстарындағы жалпы бiлiм беру мектептерiмен байланыстарын үзбей келедi.

Статистика агенттiгiнiң көрсеткiшi бойынша, 2002 жылы Дағдарыс орталығына адам саудасы жөнiнде 3159 әйел хабарласса, ал 2003 жылы мұндайлардың қатары 1350-дi құраған. Олардың саны жағынан Қарағанды облысы алда келедi екен. Бiздiң Үкiметте бала саудасына қарсы күрес турасында ешқандай бағдарлама жоқ. Бiрақ Қазақстанның қылмыстық заңында бала саудасын болдырмауға байланысты “Кәмелетке толмағандарды саудалау” атты N 133 -бап бар. Онда кәмелетке толмағандарды сатып алу, сатуға немесе оларды өзгеге беру, болмаса оларға заңсыз ие болу жөнiндегi өзге де келiсiмдерге жауапкершiлiктi қарастырады. Бұл бап бойынша қылмысқа тарту мерзiмi 10 және 12 жыл аралығында делiнген.

Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек, кәмелетке толмағандар саудасымен тығыз байланысты бес қылмыстық iс қозғалып, оның төртеуi Оңтүстiк Қазақстан облысында, бiреуi Алматы облысында орын алған. Сонымен қатар, 2003 жылдың бiрiншi жарты жылдығында тәжiрибеде балалар саудасы фактiсi бойынша үш қылмыстық iс табылған. Бiр өкiнiштiсi, мұның бәрi Оңтүстiк Қазақстан облысының сотына жолданып, сонда шешiмiн тапқан. Мемлекеттiк қызметкерлердiң Оңтүстiк өңiрде жүргiзген зерттеулерiнiң нәтижесiнде балаларды заңсыз ауылшаруашылық жұмыстарына (темекi мен мақта жинауға) салып қоятындығы анықталды.

Ағымдағы жылдың жетi айында Республикада адамдарды пайдалану үшiн азғырып-көндiруге байланысты 7 қылмыс тiркелдi. Олар Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Қостанай облыстарында әшкерленген. Осыған орай құқық қорғау мекемелерiнде адам саудасына қатысты 11 қылмыстық iс қозғалыпты.

Баланы ұрлау, сатуға байланысты шетел мемлекеттерi де қатты алаңдаушылық бiлдiруде. Мысалы, Тәжiкстанның бiр ауылдық жерiнде ата-аналар балаларын далаға шығаруға тыйым салған. Себебi, қылмыстық топтар қараңғыда бала деп бойы қысқа мұғалiмдi ұрлап кеткен екен. Сол сияқты Швецияның Стокгольм қаласында “Балтық теңiзi аймағы мемлекеттерiндегi қараусыз балалар” атты конференция болды. Оған Белоруссия, Молдова және Украина елдерiнiң өкiлдерi қатысты. Форумның мақсаты — балалар саудасы жөнiнде өткiр мәселенiң шешу жолдарын қарастыру, кәмелетке толмаған жасөспiрiмдер ұрлығының өсуiне тосқауыл қою. Нәтижесiнде әр жерден келген делегаттар балалар құқын қорғау үшiн бiрнеше нақты мәлiмдемелер жасап, елдерге байланыс нүктелерiн орнату арқылы қарым-қатынас жасайтындықтарын бiлдiрдi. Ал, Молдова мемлекетiнде әйел және бала саудасы, нашақорлық қызып тұрған шақ. ЕҚЫҰ: “Молдова тiрi тауар түрiне тез арада арнайы шаралар қабылдамаса кеш болады” дейдi. Ішкi iстер министрлiгi басқарма бастығы Ион Бежанның айтуынша, 2002 жылдың тоғыз айында 433 дерек ашылса, оның 300-i сотқа жiберiлген. Дәл қазiр бұл көрсеткiш едәуiр өсiп кеткен. Молдова елшiлiгi Мәскеуде Кишенев орталығымен бiрлесе отырып, Отанына 8 сәбидi оралтуға атсалысты. “ИНФОТАГ”-тың хабарлауынша, елшiлiкте елiне қайтарылған балалардың ең жасы 3 жаста екен. Бұл молдавиялық балалардың қайтарылуы, соңғы 10 жыл iшiнде болып отырған оқиға.

Бүкiл дүниежүзiне тараған тiрi тауар саудасы, оның iшiнде бала саудасы күннен-күнге өршiп барады. Бұрын-соңды естiп көрмеген бұл дерт кейiнгi кезде Қазақстанда да көбейiп кеткендiгi ойландырарлық жәйт. Оның алдын-алу үшiн кешендi шаралар ұйымдастырып, бала саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға тосқауыл қою арқылы жазаға тарту қажет-ақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары