КРЕМЛЬ ЖАНТАЛАСЫП ЖАТЫР

КРЕМЛЬ ЖАНТАЛАСЫП ЖАТЫР

КРЕМЛЬ ЖАНТАЛАСЫП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
261

“ХХ ғасырдың ең басты тарихи апаты – КСРО-ның күйреуі” деп қынжылыс білдірген Путин кеңестік империяны қайта қалпына келтіруге жанталасып жатыр. Әрине, бұрынғыдай кеңестік идеология көмегімен емес, қолындағы энергоқорлар мен нарықтық қатынастар арқылы. Оған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерін энергетикалық тәуелділікке ұшыратып, оларды өзіне толық бағынышты ететін жаңа саясатты ұстануы дәлел. Оның үстіне, қазақстандық билікпен 5 жылдық келісімге қол қойған Ресей қазақ, түркімен және өзбек газын Еуропаға жеткізетін бірден-бір тасымалдаушы мемлекет мәртебесіне ие. Орталық Азияны ғана емес, АҚШ, Батыс, Қытай мен Үндістанның өзін тығырыққа тіреген Кремль әлемдік беделді энергоқорлар көмегімен жинамақ ниетте. Халықаралық сарапшылар «Газпромның» украиндарға сататын газының бағасын шарықтатып жіберуін «энергетикалық қоқан-лоққы» ретінде бағалады. Есесіне, Батыс Ресейге ескерту жасаудың орнына оны әлемнің дамыған алпауыт мемлекеттері мүшелікке өткен «Үлкен сегіздікке» төрағалыққа сайлады… Ал әлемдік нарықтағы жанар-жағар май бағасы жыл басында 10 пайызға тағы қымбаттады.

«Табиғи ресурстарға бай кедей елдер…»

Кейінгі кездері Орталық Азия тақырыбы әлемдік БАҚ-та жиі қылаң беріп жүр. Осының нәтижесінде «Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты орталықазиялық аймақтағы теңізге шығатын төте жолы жоқ кедей мемлекеттер туралы кездейсоқ ақпарат алған кез келген тыңдарман, оқырман немесе телекөрермен босқа ысырап болып жатқан табиғи ресурстар, орасан зор шығынға ұшыраған табиғи орта мен кеңестік дәуірден қалған саяси жүйе жайлы хабардар болады» («Project Syndіcate», АҚШ). Жібек жолынан бастау алатын экономикалық және мәдени мол мұраға ие орталықазиялық аймақ ендігі әлемдік алпауыттардың, әсіресе, АҚШ, Батыс, Ресей мен Қытайдың бәсекелестік алаңына айналып үлгерді. Халықаралық сарапшылардың Орталық Азияның экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай, Ресей мен Үндістан сияқты елдердің қоршауындағы Еуразиялық материктен алатын орны мен атқаратын роліне қатысты пікірлері әртүрлі. Өзге елдердің көмегіне тәуелді Африканың аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесу туралы мәлімдемелерді жасаудан жағы талмайтын Халықаралық қауымдастық ТМД елдеріндегі экономикалық даму, адам құқығының сақталуы мен жеке бастың қауіпсіздігі сияқты кез келген қоғам үшін аса маңызды саналатын проблемаларға келгенде, мүдіріп қалады. БҰҰ Даму бағдарламасының «Орталық Азиядағы адам дамуы» тақырыбына жасалған баяндамада табиғи ресурстарға аса бай Орталық Азия елдерінің экономикалық тұрғыда дамыған әрі көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынастағы тұрақты, келешегі жарқын мемлекет ретінде қалыптасуына мүмкіндік бар екендігі, бірақ ол үшін өздерін әлемге ашық қоғам ретінде дәлелдеп, бір-бірімен тығыз қатынас орнатуға, ескірген саяси жүйені демократиялық құндылықтарға сәйкестендіруге мүдделі болу керектігі айтылыпты. Дәл қазіргі кезде орталықазиялық елдер транзиттік және транспорттық шектеулер кесірінен үлкен шығынға батып отыр. Шекаралардағы құжаттарды рәсімдеу, транспорттық тарифтердің жоғарылығы, жемқорлықтың дендеуі, транспорттық инфрақұрылымға салынатын инвестицияның аздығы мен осы аймақтағы елдердің бәріне ортақ қолданылатын ережелердің жоқтығынан жүктерді тасымалдау саласы да ақсап жатыр. Мамандар қауымы кеден қызметін жетілдіру, шекарадан өту мен тасымалдау жұмыстарында қойылатын талаптарды жеңілдету, транспорттық жолдар сапасын жақсарту және транспорттық қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті арттыру нәтижесінде аталған проблемаларды жоюға болатынын айтады. Ал халықаралық сарапшылар пікірінше, Жаратқан иенің шексіз жомарттық танытып, энергетикалық және табиғи қор көзін Орталық Азияға үйіп-төгіп бере салғанымен, орасан зор байлық үнемдеп пайдаланбаудың кесірінен «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кетіп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайынғы есеп бойынша, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Өзбекстан аумағында суды тиімсіз пайдаланудың салдарынан 1,7 миллиард АҚШ долларына тең ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмей қалады. Қолындағы газы мен мұнайын әлемдік энергетикалық нарыққа тасымалдауға және аймақтағы үлкен өзендерді пайдалану арқылы электроэнергияны өндіріп, оны Қытай, Үндістан мен Ресейге экспорттауға мүмкіндігі бар орталықазиялық мемлекеттер аймақаралық ынтымақтастық мәселесін қолға алып, аймақтық энергоқорлар мен суды тиімді пайдалану жөніндегі бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс.

Әлемді әлекке салған есірткі

Кейінгі кездері орталықазиялық аймақ қауіпсіздігіне қатер төндірген тағы бір проблема: есірткі тасымалдау мәселесі. Заңсыз тасымалданатын есірткіден Орталық Азияның барлық елдері зиян шегіп отырса да, Тәжікстанға келетін залал мен зардап шаш-етектен. Өйткені, Тәжікстан есірткінің «отаны» – Ауғанстанмен шектеседі. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын 100 тонна есірткі заттары Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдеріне Тәжікстан территориясы арқылы өтеді. Мамандар қауымы: «Егер Орталық Азия елдері мен оларға көршілес жатқан мемлекеттер есірткі өндіру мен тасымалдауды ауыздықтауда ынтымақтастық танытпаса, адамның өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп, қоғамды іштен ірітетін коррупция мен қылмыс тыйылмақ емес» деп дабыл қағуда. Бірқатар мәселелерде Әлемдік қауымдастықпен тізе қоса отырып әрекет етуге Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан ғана мүдделілік танытып отыр. Ал былтыр АҚШ әскерін елінен түре қуып, Пентагонды «ыңғайсыз» жағдайда қалдырған Ислам Кәрімов пен түркімендердің «күн көсемі» – Түркіменбашы бүкіл әлемге айқара құшақ жаюға аса құлшынып отырған жоқ. БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа мен ТМД елдері жөніндегі аймақтық жетекшісі Кальман Мижейдің пікірінше, орталықазиялық аймақтың үкіметтері ғана емес, азаматтық қоғамдары түгел ынтымақтастық процесін жедел бастауы керек. Ал аймақтық саяси билік біртұтастық пен ынтымақтастық жолындағы кедергілерді жоюға күш салғаны абзал. «Орталық Азияның біртұтастығы, дамыған әрі тұрақты аймаққа айналуына мүдделі Әлемдік қауымдастық аймаққа қатысты проблемаларды тиімді шешуде қолдан келген көмегін аямайды» (Кальман Мижей).

«Өзім дегенде…»

БҰҰ өкілдері: «Орталықазиялық аймақ көсемдері бірігуге және ынтымақтастық әрекеттерге дайын болуы керек!» деп ұрандап жатқанда, Киевті «шөміштен қысқан» Кремльдің әрекетінен көңілдеріне секем алып қалған Баку, Тбилиси, Кишинев, Ашхабад, Ереван мен Ташкент ресейлік газға деген тәуелділікті азайтуға жанталасып жатыр. Алайда кез келген кәсіпорынның 50 пайыздық акциясы Мәскеудің «қолтығында» отырған «Газпром» ААҚ-на тиесілі екендігін ескерсек, Кремльден кіндік үзуге жанталасқан елдер әрекетінің нәтижесіздігін айқындайды. Демек, ТМД аумағындағы елдердің көпшілігі Украинаның кебін киюі ғажап емес. Негізі Украина мен Ресей арасындағы газ дауы Батыс Еуропа пен АҚШ-ты кәдімгідей алаңдатса, ресейлік газ құбырлары мен газ қорына қатысты мәселелерде мүдделері бір арнаға тоғысатын ТМД елдерін терең ойға салды. Газды Ресейден бұған дейін қабылданған келісім нәтижесінде алып отырған тұтынушы елдер қатарындағы Украина, Грузия, Әзірбайжан, Армения мен Молдова, сондай-ақ өздерінде газ қоры бола тұра, энергоқорларын алыс-жақын шет елдерге Ресей арқылы тасымалдауға мүдделі Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан украиндар мен орыстар арасындағы газ дауына әр түрлі баға берді. Сарапшылардың көпшілігі «Молдовада елге табиғи газды тасымалдаудың балама жолы жоқ. Сондықтан ресми Кишинев Киевтің кебін киюі мүмкін» деген пікірде. Соңғы 8 жылдан бері ресейлік газдың мың текшеметрін 80 доллардан сатып алып отырған Молдова үстіміздегі жылдан бастап, газдың әр мың текшеметрі үшін орыстарға 160 доллардан төлемек. Бұл туралы былтыр жылдың соңында «Газпромның» өкілі хабарлаған. Осы мәселеге орай ресми мәлімдеме жасаған Молдованың премьер-министрі Василий Тарлев табиғи газ бағасын реттеуге қатысты бірнеше варианттың барлығын, тіпті, тығырықтан шығар жол табылмаған күннің өзінде республика халқының әлеуметтік ахуалына кері әсер етпеуге тырысатындықтарын жеткізді. Молдовандар 2005 жылдың соңында-ақ орыстармен келіссөз жүргізуге кірісті. Молдовалық-ресейлік «Молдова-Газ» кәсіпорнының өкілдері (жетекшісі Михаил Лесников) «Газпром» ААҚ басшылығымен газ тасымалдау ісі мен «көгілдір отыннан» қордаланып қалған қарызын қайтаруға байланысты келіссөздер жүргізді. 2006 жылдың 2 қаңтарында Молдова президенті Владимир Воронин елге тасымалданатын ресейлік газдың тоқтатылғанын мәлімдеген еді: «Газпромның» мың текшеметр газға 160 АҚШ доллардан сұрауы – нарықтық баға емес. Сондықтан Молдова ресейлік тасымалдаушылармен келіссөз жүргізуге ұсыныс білдіреді». Ертесі күні елге оралған молдовалық делегация өкілдері Молдова мен «Газпром» арасында келісімге қол қойылғанша, өздерін украиндардың газбен қамтамасыз ететіндіктерін айтты. Украиналық мемлекеттік компания – «Нафтогаз» бен «РосУкрЭнерго» тобымен тіл табысқан Кишинев табиғи газды Қазақстан мен Түркіменстаннан тасымалдау мүмкіндіктерін қарастыруда. Ал 2005 жылдың қарашасында ҚР Президенті Н.Назарбаев пен премьер-министр Д.Ахметов «Газпромның» басшысы А.Миллермен кездескен болатын. Кездесуде талқыланған басты тақырып Ресейдің ішкі нарық үшін Қазақстаннан сатып алатын табиғи газ мәселесі болды. Сонымен қатар қазақстандық-ресейлік «КазРосГаз» кәсіпорнының көмегімен қазақ газын алыс-жақын шет мемлекеттерге сатуға мүмкіндік беретін ортақ маркетингтік саясатты қалыптастыру туралы келісімге қол қойылды.

Грузиндер әзірбайжандар көмегіне зәру

Украиндар мен орыстар арасындағы газ дауы ушығып сала бергенде елге табиғи газды Әзірбайжаннан жеткізу бастамасын қолға алған ресми Тбилиси Бакумен шұғыл келіссөздер жүргізуге көшті. Бұл қадамды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Қыс кезеңінде республика азаматтарын табиғи газбен қосымша қамтамасыз ету» деп түсіндірген ресми Тбилиси «орыстардың украиндық сценарийді грузиндерге де қолдануы мүмкін» деген қаупін сырт көзден жасырып қала алмады. Өйткені, грузиндік билік әзірбайжандық әріптестерімен «…газды тасымалдауда апат болған жағдайда немесе басқа да төтенше жағдайларда газбен қамтамасыз ету» (Грузияның Энергетика министрі Ник Гилаури) мәселесін талқыға салды. Қап тауының етегіндегі грузин елін табиғи газбен қамтамасыз ететін ресейлік монополист кәсіпорын «Газпром» екендігін және грузиндердің тек орыс газын пайдаланатындығын ескерсек, Тбилисидің қаупі негізсіз емес. Сондықтан грузиндер мен әзірбайжандар арасындағы газ тасымалына қатысты шешімін халықаралық сарапшылар грузиндік биліктің елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасаған алғышарты әрі үлкен жетістігі ретінде бағалауда. Ал «Тбилгаз» деп аталатын грузиндік компаниямен келісім-шарт жасасқан «Газпром» үстіміздегі жылдан бастап, 920 миллион текше метр газдың әр мың текшеметрін 110 АҚШ доллардан сатуға шешім шығарды. Негізі Әзірбайжан – табиғи газды тұтынушы әрі тасымалдаушы мемлекет. Грузиндерді газбен қамтамасыз етуге құлшынып отырған Баку сырттан газ тасымалдауға да кетәрі емес. 2005 жылдың соңында «Азергаз» ЖАҚ басшысы Әлихан Меликов Ираннан тасымалданатын газдың электростансаларға бағытталатынын мәлімдеді. Ирандық газдың 1 млрд. текшеметрін сатып алуды жоспарлап отырған Баку Мәскеумен де келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде әзірбайжандар 2006 жылы 3 млрд. текшеметр газды Ресейден тасымалдайтын болды.

Армяндарда күдік басым

«Қолда барда қонышынан басып қалуға» жанталасып жатқан Кремльдің қитұрқы әрекетінен біраз ел іш жиып қалды. Мысалы, Ресейдің Қап тауы етегіндегі стратегиялық серіктесі саналатындығына қарамастан, Арменияның өзі энергетикалық мәселеде қауіпсіздік шараларын қарастыруға көшті. Оның себебі, үстіміздегі жылдың басындағы екі ел президенттерінің (Роберт Кочарян мен Владимир Путин) ресми кездесуінде бұған дейін ресейлік газдың әр мың текшеметріне 55 доллардан төлеп келген Армения 110 доллар төлейтін болып келісті. Алайда, «бірде – көл, бірде – шөл» ВВП орталықазиялық елдердің басқаларынан гөрі Арменияға бүйрегі көбірек бұратындығының дәлелі ретінде «110 долларлық» шешімді «жұмсартуға» уәде берді. Ресми Ереван табиғи газ мәселесіне келгенде, украиндар секілді орыстардан опық жеп қалмас үшін Иранмен келіссөздер жүргізді. Ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Грузия территориясы арқылы тасымалданатын газ тәуелділігінен құтылу мақсатында Армения үкіметі Иран-Армения газ құбыры құрылысының жобасын іске асыруға көшті. Ал газды Ираннан тасымалдауға құқық беретін армяндық-ирандық екіжақты келісім 2007 жылы заңды түрде күшіне енбек. Армяндар: «Бір жылға дейін кім бар, кім жоқ? Оның үстіне, ауа райындай мың құбылған орыстар күні ертең ойларынан айнып қалып, газды тоқтатып тастаса не істейміз?» деп қыпылықтап отыр. Өйткені, Украинаға дейін Путин Польша мен Балтық жағалауы елдеріне қысым жасауға әрекеттенген. Кейінгі кездері «шөміштен қысу» саясатын жүргізуге әбден ысылып алған ВВП Балтық теңізінің түбінен құны аса қымбат тұратын газ құбырының құрылысын жүзеге асыру арқылы аталған елдерді газ тасымалдаудан түсетін пайдадан қағуды көздеген болатын. Әрине, Ресей – энергоқорларын геосаяси құрал ретінде қолданып отырған жалғыз мемлекет емес. Мысалы, мұнай қорына бай Венесуэла Құрама Штаттарға қарсы тұруды мақсат ететін Каракасты қолдаған елдерге өзінің ұлттық мұнай компаниясының өнімін «сый ретінде» пайдаланылатынын ашық мәлімдеп отыр. Америкалық «Unocal» мұнай компаниясын сатып алам деп жүріп маңдайы тасқа тиген Қытай жанар-жағар майды тұтынуға деген сұранысын еркін саудадан бірнеше есе қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Аспан асты елінің орыстармен бірігіп газ құбыры жобасын іске асыруға құлшынуы да оның күн өткен сайын ерекше қарқынмен дамып келе жатқан экономикасына байланысты.

Түркімендерде – арман, өзбектерде – есеп…

Өз газын өте төмен, нарық талабына сай келмейтін бағамен сатып отырған Түркіменстан бұдан былай газ бағасын өсіруге шешім шығарды. 2005 жылдың қарашасында ел президенті Сапармұрат Ниязов: «Түркімен газын сатып алатын елдердің барлығы да 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр мың текшеметріне 60 доллардан төлеуге тиіс» деген еді. Ал осыдан сәл-ақ бұрын украиналық үкімет 2006 жылы 39 млрд. текшеметр табиғи газдың (1 мың текшеметрі – 44 доллардан) Түркіменстаннан тасымалданатынын мәлімдеген болатын. Алайда Ашхабадтан газ тасымалдауға мүдделі Киев өз жоспарын Мәскеудің көңілін тапса ғана іске асырмақ. Өйткені, түркімендік газ украиндарға қарай Ресей территориясы арқылы өтеді. Бүгінгі таңда Түркіменстан энергоқорларын Молдоваға жеткізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұған дәлел: Түркіменбашының Молдова президенті Воронинге жолдаған жеделхаты. Бұған дейін Құдай берген мол байлықты сутегін «таратып» келген Ашхабад газ тасымалы мен қажетті келіссөздер мен кеңестерге зәру. Демек, «көгілдір отынын» еуропалық нарыққа «Газпромның» газ құбыры арқылы шығаруға мәжбүр боп отырған Ашхабад энергоқорын тасымалдауға балама жолдардың табылатынына үмітті. Түркімендердің жарғақ құлақтары осылайша жастыққа тимей жүрсе, пайдасына бүтін өзбектер де қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Ресми деректерге сүйенсек, Өзбекстан 2 трлн. текшеметрден астам табиғи газ қорына ие. Сонымен қатар 140 мұнай кен орны бар. Былтыр «Газпром» мен «ӨзТрансГаз» («ӨзбекМұнайГаз» компаниясының холдингі) 2006-2010 жж. газды Өзбекстан территориясы арқылы тасымалдау туралы келісімге қол қойды. Оның үстіне, Ислам Кәрімовпен Ташкентте кездескен Путин жыл сайын 5 млрд. текшеметр табиғи газды өзбектерден сатып алуға келісті. Аталған келісімнің мерзімі – 5 жыл. Ол аз десеңіз, Киев пен Ташкент арасында 1998 жылы қабылданған түркімен газын Украинаға Өзбекстан арқылы жеткізуге қатысты келісімі тағы бар. Өзбектердің ендігі арманы: өз газын қалаған бағасына, қалаған еліне еркін тасымалдау. Ал Еуропалық нарық пен еуропалық тұтынушыларға бағытталатын газ жолы Қазақстан мен Ресей жері арқылы өтеді. Сондықтан кейінгі кездері асыра сілтеушілікке жиі бой ұрып жүрген Мәскеу бағаны шарықтатып жіберсе, ең арзан деген өзбек газының өзі украиндар үшін қол жетпес арманға айналуы бек мүмкін.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары