Әдiл Ахметов: БIЗ ӨЗIМIЗДI ӨЗГЕЛЕРГЕ МОЙЫНДАТА АЛМАЙ ЖҮРМIЗ

Әдiл Ахметов: БIЗ ӨЗIМIЗДI ӨЗГЕЛЕРГЕ МОЙЫНДАТА АЛМАЙ ЖҮРМIЗ

Әдiл Ахметов: БIЗ ӨЗIМIЗДI ӨЗГЕЛЕРГЕ МОЙЫНДАТА АЛМАЙ ЖҮРМIЗ
ашық дереккөзі
348

Белгiлi қоғам қайраткерi, дипломат Әдiл Ахметов 2000 жылы ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары, 2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiндегi Төтенше және Өкiлеттi елшiсi болып қызмет атқарды. Талай жыл саясат сахнасында тәжiрибе жинақтаған профессор, ғалым, Қазақстан-Британ техникалық университетiнiң халықаралық байланыс жөнiндегi проректоры бiзбен бiлiм, тiл, дипломатиялық қатынас, қоғамның өзектi мәселелерi жөнiнде ой бөлiскен едi.

— Әдiл Құрманжанұлы, Қазақстан-Британ техникалық университетi қалай құрылды?

— Бұл университет ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2001 жылы құрылды. 2000 жылы мен ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары болып жүрген кезiм едi. Сол уақытта елiмiзге Ұлыбритания үкiметiнде 17 жыл вице-министр қызметiн атқарған сэр Джон Кэр ресми сапармен келiп, Президентпен кездестi. Кездесу барысында экономикалық және саяси мәселелер жөнiнде, сондай-ақ екi елдiң арасындағы ынтымақтастықты одан ары дамыту туралы сөз қозғалды. Әңгiме арасында Н.Назарбаев сэр Джон Кэрге: “Шүкiршiлiк, ынтымақтастығымыз артып келедi. Ендi екi ел бiрiгiп бiр университет ашсақ, қалай қарайсыз?”, — деп ұсыныс жасады. Қонақ: “Бiз Қазақстанмен стратегиялық әрiптеспiз және сiздiң елге инвестиция да тартып жатырмыз. Әлi де бiрiмiзге-бiрiмiз көмектесемiз”, — деп бiрден қоштады. Шынымен де, ол кезде шет елден келетiн инвестиция жөнiнен бiрiншi орында АҚШ болса, екiншi орында Ұлыбритания едi.

Сол кездесуден кейiн Президент менi Британия елiне елшi етiп тағайындады. Мұндағы көздеген мақсаттардың бiрi осы университеттi ашу болатын. Елшiлiк қызметiммен бiрге болашақ университеттi қалай ұйымдастыру керектiгiн ойластыру, мұнай-газ саласына қатысы бар сол елдiң басты университеттерiмен байланыс орнату және әрiптес университеттердi таңдап алу сияқты жұмыстар да қоса атқарылды. Сонымен қатар Елбасының Британия, Дания, Норвегияға бiрнеше ресми iссапарын да ұйымдастырған болатынмын. 2001 жылы күзде Елбасы менi елге шақырып алып: “Университеттi ұйымдастырудың басы-қасында өзiңiз болдыңыз, әрiптестердi де өзiңiз таптыңыз. Ендi осы университеттi басқаруды да өзiңiзге тапсырамын”, — дедi. Бәрiнен қиыны оны құру ғой. Ол кезде әлi елшiмiн. Мен сол жақта жүрiп интернеттен Алматы облысының әкiмшiлiгi Талдықорғанға көшiп жатыр деген ақпарды оқыдым. Сәтi түсiп, Президент Норвегияға кезектi iссапармен келдi. Сонда: “Облыс орталығы көшiп жатыр екен, олардың әкiмшiлiк ғимаратын осы университетке берсеңiз, қалай болады?”, — дедiм. Президент ойланып қалды да, “тым үлкен болмай ма?” дедi. Сосын “Кiшкентай ғимарат берсеңiз жыл сайын мәселе қайта көтерiледi. Ал бұл ғимарат 4-5 жылда студенттерге толады ғой”, — деп жауап бердiм…

2001 жылы қыркүйектiң басында Британияның Мұнай қаласы Абердинде мұнайшылардың конференциясы болып жатқан. Түс мезгiлi. Алматыдан балам телефон соқты. “Дәл қазiр ғана Парламенттiң қос палатасының бiрiккен мәжiлiсiнде сөйлеген сөзiнде Елбасы бұрынғы Парламент ғимаратын Қазақстан-Британ техникалық университетiне берудi ұсынды”, — дедi. Бұл мен үшiн өте қуанышты хабар болды. Ағылшындар да бұл университеттiң ашылуынан хабардар едi. Олар да жаңалықты естiп мәз болып қалды. Сонымен университет базасы бiрден шешiлдi…

Британия кеңесiмен де тiкелей байланыс орнаттық. Университетте қазiр энергетика және мұнай-газ индустриясы; ақпарат технологиялары және қаржы-экономика факультеттерi және Британия университеттерiмен бiрiгiп ашқан халықаралық магистратура жұмыс iстейдi…

Егер қырық балдық көрсеткiштен аспасақ, ұлттың сапасы да көтерiлмейдi

— Университетте кез келген ауыл баласының бiлiм алуға мүмкiндiгi бар ма?

— Университет ашылған кезде журналистер маған:“Бұл жерде тек байдың балалары ғана оқитын шығар?” деген сұрақ қойды. Олай емес. Мұнда Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен ұлттық бiрыңғай тестiлеуден (ҰБТ) ең жоғары балл жинаған оқушылар ғана оқи алады. Олардың 95 пайызы — өзiмiздiң қаракөздер. Сондай-ақ, университетке “Алтын белгi” иегерлерi, халықаралық және республикалық деңгейдегi олимпиада жүлдегерлерi де құжат тапсырады. Жыл сайын университетке берiлетiн мемлекеттiк 200 гранттан басқа Қазақстанда жұмыс iстейтiн халықаралық компаниялардың да тағайындайтын гранттары бар. Былтыр 400-ден астам “Алтын белгi” иегерлерi бағын сынады. Олардың ең мықтылары ғана оқуға мүмкiндiк алды…

Элитарлық ЖОО деген не? Ол — кез келген әлеуметтiк ортадан келген талапты балаға элитарлық бiлiм беру. Бiлiм министрi жыл сайын сынақ өткiзедi де, ЖОО-на грант таратады. Ал ҰБТ-де талапкердiң жинайтын ең жоғары балы 120 болса, университетке түсуге мүмкiндiк беретiн ең төменгiсi — 40 балл. Бұл “үш” деген сөз. Ал “үшке” оқып келген бала ЖОО-да бәрiбiр сол деңгейден аспайды. Сондықтан бұл көрсеткiштi ең кемiнде 60-70-ке көтерсек, ұлттың сапасы да бiрден көтерiлер едi.

— Болашақ маманның кәсiби бiлiктiлiгi жоғары болу үшiн оқытушылардың сапасы жоғары болуы басты талап қой…

— Озық шәкiртке озық ұстаз дәрiс бермесе, нәтиже болмайды. Мұнай-газ өндiрiсiнiң маңызды салалары үшiн ұлттық мамандар даярлау — көкейкестi мәселе. Елiмiздiң байлығын игеретiн ұлттық мамандар болмайынша, ұлттық қазына толмайды. Осыған байланысты ҚБТУ-дың басты мiндетi батыстың озық бiлiм беру технологиясының негiзiнде отандық және шетелдiк мұнай-газ компанияларына жоғары бiлiктi мамандар даярлау болып табылады. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келетiн мұнай-газ саласының ең таңдаулы мамандары 2-3 курстан бастап ағылшын тiлiнде дәрiс оқиды. Сондықтан шәкiрттердiң ағылшын тiлiн жетiк меңгеруiне баса назар аударылады. Дегенмен, техникалық бiлiм саласында қазақтiлдi оқытушылардың жетiспейтiндiгiнен көпшiлiк хабардар. Кеңестiк кезеңде техника саласы бойынша бiлiм түгелдей орыс тiлiнде берiлдi де, мамандар да сол тiлге бейiмделдi. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi бiраз уақытта да бұл мәселе түбегейлi шешiмiн таба қойған жоқ. Қазiр өз тiлiмiзде дәрiс беретiн мамандарға деген сұраныс артып келедi. Сол себептен бiз кәсiби бiлiктiлiгi жоғары оқытушыларды таңдау арқылы жұмысқа аламыз.

— Алдыңғы қатарлы ЖОО болу үшiн не қажет?

— Бiрiншiден, материалдық базасы барынша мықты болу керек. Екiншiден, бiлiктi профессорлар, үшiншiден, оқу жоспарлары мен бағдарламалары, төртiншiден, кiтапханасы, бесiншiден, өндiрiспен тiкелей қарым-қатынасы өте биiк деңгейде болуы қажет.

Қазақ тiлiн қоғамның барлық саласында қолданатын уақыт жеттi

— Алматы қаласы әкiмi И.Тасмағамбетовтiң iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрудi қолға алғанын бiлесiз. Осыған орай университеттiң iс-қағаздары мемлекеттiк тiлге көштi ме?

— Қазақта “Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн” деген мақал бар. Елiмiздiң 40-тан астам пайызы — орыстiлдiлер, оның үстiне, өз ұлтымыздың iшiнде де қазақша бiлмейтiндер бар. Бiз И. Тасмағамбетовтiң бұл бастамасын толық қуаттаймыз. Қазақ тiлiнiң бар мүмкiндiгiн қоғамның барлық саласында қолданатын уақыт жеттi. Дегенмен, мемлекеттiк тiлге қала бiрден 100 пайыз өте алмайтыны анық. Оған уақыттың өзi алып келедi. Ал, бiздiң университетте 2005 жылдан бастап, ресми құжаттар мемлекеттiк тiлге көшiрiле бастады. Студенттердiң тiлге деген құрметi өте жоғары. Мемлекеттiк тiл пәнiнен сабақ беретiн оқытушылардың дәрiстерiнде мемлекеттiк тiлдiң тек қарым-қатынастық қызметiн үйрету емес, жастарды ұлтжандылыққа баулу мiндетi қойылады. Себебi, орыстiлдi аудитория деп саналғанмен, студенттердiң 95 пайызы — қаракөздер. Өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерi қазақ тiлiндегi түрлi шараларға қатысып, көзге түсiп, жүлделер мен марапатқа ие болып жүр. Сондай-ақ, үш-төрт жылдан берi БҰҰ-ның Қазақстандағы өкiлдiгiмен бiрлесе отырып қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде пiкiр-сайыс өткiзу үрдiске айналды.

Қазақстанда туризм саласын дамыту — кәсiпкерлер еншiсiнде

— Қазiр Президентiмiз дамыған 50 елдiң қатарына кiремiз және Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуға тырысамыз деп жүр. Бұған не дейсiз?

— Мiне, осыған байланысты қазiр көп елмен келiссөздер жүрiп жатыр. ДСҰ-ға мүше болудың өзiндiк талаптары бар. Бiзден шығатын заттың, тауардың сапасы халықаралық стандартқа сай болуы керек. Сондықтан осы тұрғыда жұмыс iстеуге тиiспiз. Ол үшiн экономикалық бiлiмi жан-жақты толыққан мамандарды дипломатияға жiберу абзал. Сол елдiң экономикасы қалай өсiп жатыр, қандай экономикалық шарттарды қолданады, т.б жетiстiктерiн үйрену қажет. Айталық, былтыр Қытайдың экономикасы 10,1 пайызға өстi. Ал биыл 9,9 пайыз екен. Яғни, жылда 10 пайызға өсiп жатыр. Демек, бұл елдiң алға жылжу тетiктерi қандай?! Экономикасы қандай себеппен жыл сайын шарықтап барады?! Басқару жүйесi қалай өзгерiп жатыр? Мiне, мәселенiң бәрi осы басқару жүйесiне байланысты. Тағы бiр байқағаным, шет елге барғанда жапондар топ-тобымен жүредi. Мiндеттi түрде қолдарында фотокамера, бейнекамера, қай жерге барса да суретке, бейнетаспаға түсiрiп жүредi. Әрi турист ретiнде қызықтайды, ал негiзгi мақсаты — үйрену. Дүниежүзiндегi ең сапалы, әдемi ойыншықтарды осы Жапония өндiредi. Неге? Себебi, олар жәй жүрмей, басқа елге барғанда ойыншықтың да үлгiсiн жинақтап, өз елiнде оны ең ыңғайлы, тартымды етiп шығарады. Көрдiңiз бе, мына заманда әрбiр дамыған елдiң экономикасын терең зерттеуге болады. Неге кейбiр мемлекет керi кетiп жатқанда, кейбiреулер алға жылжып барады? ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы ұлттық комиссияның мүшесi ретiнде талай мемлекеттердi араладым. Сонда байқағаным, көбiнесе экономиканың мықтап өркендеуi адами ресурстардың сапасына тiкелей байланысты екендiгi. Ең әуелi қандай технология, жаңалық болсын оны игеретiн адам ғой. Егер осыны пайдасына жарата алмаса, басқа елдерден артта қалып қояды. Қазiр қайда барсаң да, компьютерсiз жұмыс өнбейдi. Сосын тек компьютерге ғана арқа сүйемей, белгiлi бiр жүйенi басқару үшiн соған лайық бағдарлама жасау керек. Бiз осы сала бойынша кейiндеп қалдық. Мәселен, Үндiстан, Ирландия бұл жолда керемет дамып кеттi. Бұрын қазақ баласын “аттың құлағында, жалында ойнайды” деп мақтанушы едi ғой. Қазiр бұл мақтану түкке де тұрмайды. Сондықтан экономикалық тетiктердi үйренуiмiз керек.

— Демек, бүгiнгi қазақ дипломаттарына қойылатын талаптар қандай?

— “Үйрен де жирен” демекшi, бiрiншiден, кез келген елдiң жақсы жағын алып, қажетiмiзге жарату керек. Мысалы, ағылшындардан не үйренуге болады? “Темiр ханым” аталып кеткен Маргарет Тетчер осы елдi 11 жыл басқарған кезде экономиканың күре тамыры шағын және орта бизнес екенiн дөп басып айтқан. Сол кездерде құлдыраған ел экономикасын М.Тэтчер барынша көтердi.

Сондай-ақ, бiздiң елiмiздiң табиғаты өте тамаша, көркем. Мына өзiмiз тұратын аймақтағы Тау түрген өңiрi мен Шарын шатқалы, анау сұлу Көкше туризмдi дамытатын жер емес пе?! Осы аймақтарға заман талабына сай демалатын орындар ашып, туристердi, елдi тартсақ, басқа елдiң экономикасына кететiн шығынның көзi өзiмiздiң қазанымызда қалмай ма? Мәселен Британ елiнде туризмдi дамытуға қосқан 1 фунт кiрiс түрiнде 4 фунт болып өзiне қайтады екен. Сондықтан да кәсiпкерлерге Қазақстанда туризм саласын дамытуға мол мүмкiндiк бар.

— Шет елдегi елшiлер Қазақстанның мәдениетiн, өнерiн, тарихын т.б танытуы, дәрiптеуi қажет емес пе?

— Шет елдерде жүргенде олардың Қазақстанға деген ерекше құлшынысын байқадым. Себебi, батыстағы елдердiң бәрiне мұнай-газ керек. Әрине, өздерiнде де мұнай жоқ емес, бар. Бiрақ олардың мұнай қорлары сарқылып келедi. Дегенмен, көптеген шет мемлекеттер Қазақстанды тек мұнай-газдың, қазба байлықтың көзi деп қарайтын сыңайлы. Шын мәнiнде олай емес қой. Ең бастысы, Қазақстанда қазақ деген халық бар, оның тiлi, мәдениетi, салт-дәстүрi бар.

Лондонда қызметте жүргенде Қазақстанның егемендiгiне 10 жыл толуына байланысты мен Американың бiр мұнай компаниясының менеджерiне:“Бiз мәдени делегациямызды алдырайық, қазақ халқының өнерiн Британ халқы көрсiн, тамашаласын” деген ұсыныс жасадым. Сонда әлгi кәсiпкер: “Бұл дұрыс идея екен, 10 жылдықтарыңызбен құттықтаймыз, қолдау қажет болса, маған хат жазыңыздар”, — дедi. Содан Айман Мұсақожаева бастаған бiр топ талантты жастарды елден алдырдық. Жаңағы кәсiпкердiң көмегi олардың Алматыдан Лондонға ұшып баруына, қайта келуiне, өнерақысына, ары-берi жүрiп-тұрғанына, сондай-ақ, атышулы Королеваның атындағы театрды жалдауға толық жеттi. Концертке ағылшындардың Сыртқы iстер министрлiгi өкiлдерiн, аты шыққан, белгiлi кәсiпкерлерiн шақырдық. Бұл Қазақстанды шет елге танытудың бiр жолы. Лондонда ең көп тиражбен тарайтын журналдың бiрi — “First”-тiң (“Бiрiншi”) бас редакторымен танысып, оған: “Ұлыбритания елiне, оның кәсiпкерлерiне Қазақстанды танытайық, Қазақстанға қызығып жүрген компанияларға жан-жақты мағлұматты сiздiң журналыңызға жариялайық”,— деп едiм, әлгi редактор қуанып кеттi. Сөйтiп сол журналдың екi нөмiрiн тек Қазақстанға арнадық. Бұл да елдi танытудың бiр жолы.

Ұлттық идеяны әуелi тiлмен байланыстыру керек

— Елiмiзге басқа шет елден делегация мүшелерi келе қалса, билiк басындағылар ең бiрiншi ресми тiл — орыс тiлiнде сайрап қоя бередi. Осындай жоғары деңгейдегi кездесулерде Қазақстанда мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi екенiн ұмытып кететiндеймiз…

— Осыған орай бiр әңгiме айтайын. Елшi болып жүрген кезде бiздiң Парламент пен Британияның парламентiн жалғастыратын бiр игi әрекет жасадық. Лорд Уэйверлидiң Астанаға сапары кезiнде екеумiз сол кездегi Сенаттың төрағасы Оралбай Әбдiкәрiмовтiң қабылдауында болдық. “Ореке, сiз қазақ тiлiн жетiк бiлесiз, мынау мемлекетаралық кездесу, әңгiменi тек қазақша өткiзсек қалай болады, тiптi, қиналсаңыз өзiм-ақ тiлмаш болайын”, — дедiм. Содан сұхбат қазақша, ағылшынша өрбiп кеттi. Кездесуден соң сыртқа шықсақ, журналистер қаптап тұр екен. Бәрi де кездесудiң қазақша өткенiн естiген сыңайлы. Сонда бiр журналистiң “Иншалла, бiздiң де тiлiмiз бiрiншi рет осындай дәрежеге ие болды ғой” дегенiн құлағым шалып қалды. Қуанғаннан көзiнен жас та ыршып кеттi. Менiң ойым ертеңгi күнi шетелдiк қонақ “Мыналар әлi анау елдiң ықпалынан шықпапты ғой, өз елiнiң тiлi жоқ па?!” деп айтпасын. Ең бастысы, қазақ екендiгiмiздi танытайық деген мақсат болды. Бiздiң, қап, әттеген-ай дейтiн жерiмiз — лауазымды азаматтардың ресми кездесулерде басқа тiлге басымдық берiп, өз тiлiн iске жарата алмай қалатындығы. “Өзге тiлдiң бәрiн бiл, өз тiлiңдi құрметте” дейтiн қағиданы ұмытып кететiндiгi.

— Сiздiңше, ұлттық идея деген не?

— Ұлттық идеяны әуелi тiлмен байланыстыру керек. Ол бiздiң мақал-мәтелде де тұр ғой. “Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе” деген де тұнып тұрған ұлттық идея. Ары қарай ел боламын десең, Елбасының: “Бәсекеге лайық маман тәрбиеле, бәсекеге лайық экономика жаса, бәсекеге лайық ұлт жаса” деген сөздерiн еске салар едiм. Қазақстан территориясы жағынан дүниежүзiнде 9-орында тұрса, халқының тығыздығы жағынан соңғы орында. Ұлан-байтақ жерiмiз бар деймiз, бiрақ оны игеретiн халықтың саны 15 миллионнан ендi ғана асты. Бұл мүлдем аз. Осыған байланысты “Көп қорқытады, терең батырады” деген де салмақты сөз бар. Демек, “бесiктi түзе” деген, бала-шағаң көп болсын деген мағына емес пе?! Егер халқымыздың демографиялық жағдайы түзелмесе, көршiлер есiктен де, тесiктен де сығалап тұрған жоқ па?! Мiне, бiз осыдан сақтануымыз керек. Сонау тың және тыңайған жерлердi игеру кезiнде елiмiзге сырттан 1,5 млн. халық енiп кеттi емес пе?!. Оның алдында қаншама адамдар келдi. Ал төл халқымыздың саны ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы кезiнде де қатты азайып кеттi. Сондықтан қазаққа демографиялық серпiлiс қажет. Яғни, өз елiмiзде халқымыздың санының өсуiне мұқият жағдай жасауымыз керек.

Олар мойындайды-ау, бiрақ өзiмiз мойындата алмай отырмыз

— Қазақ — Қазақстанды құрайтын негiзгi ұлт десек те, осыны жаңағы өзiңiз айтқан өзге ұлт өкiлдерi неге мойындамай отыр?

— Менiңше, олар мойындайды. Бiрақ, бiз мойындата алмай отырмыз. Ең алдымен, ұлттық тiлге, мәдениетке, дәстүрге қала мен ауыл халқының көзқарасын өзгертсек. Ең үлкен кемшiлiгiмiз — қазақ бола тұрып, өз тiлiмiзде өзiмiз сөйлемей жүрген жоқпыз ба?!.

— Дегенмен, сiз ағылшын тiлiн елшi болудың қажеттiлiгiнен жетiк меңгердiңiз делiк… Ал осы шет елден бiздiң елге елшi болып келгендерден неге бiрiншi мемлекеттiк тiлдi бiлуiн талап етпеймiз? Алғашқылардың бiрi болып Ұлыбританияның төтенше және өкiлеттi елшiсi Пол Браммел мемлекеттiк тiлде сөйлегенде қуанғанымызды жасырмаймыз, әрине…

— Тағы да оларды мойындата алмай отырған себебiмiз, өзiмiз бiрiншi болып көршi елдiң тiлiнде сөйлей жөнелемiз. Шет елдiң бiздегi елшiлерiнiң көпшiлiгi орыс тiлiн бiледi. Осыдан кейiн үнемi оларға жеңiлдiктi өзiмiз жасаймыз. Мысалы, Қытай неге барлық жерде қытайша сөйлейдi?! Тек бұл емес, үлкен көлемдегi отырыста, мәжiлiсте әр елдiң өкiлi тек өз тiлiнде сөйлейдi. Демек, өзiмiздi өзiмiз сыйлай алмай жүрмiз, соның салдарынан басқаны да мойындата алмай жүрмiз. Ал, Пол Браммел өте мәдениеттiлiгiн танытып, Қазақстанның тiлiне деген құрметiн бiлдiрдi. Басқа елшiлерге үлгi боларлық жағдай екенi сөзсiз.

— Ресми деректерге қарағанда, шетелдiк дипломаттар отандық дипломаттарды “ағылшын тiлiн жетiк бiлмейдi” деп сынаған екен…

— Шетелдiк елшiлер, ең алдымен, есiктен кiре салып, төр менiкi демейдi. Олардың бiздi сынайтын қақысы да, жөнi де жоқ. Ал егер сынап жатса, оған тек өзiмiз кiнәлiмiз. Керiсiнше, алдына түсiп алып, бiз бөтен тiлде сайрап жүрген. Шет елдегi елшiлердiң бәрi шет тiлiнде сөйлейдi. Айталық, Сыртқы iстер министрi Қ.Тоқаев қытай тiлiнiң бiр емес, екi диалектiсiн таза меңгерген. Мiне, тiл бiлу жағынан ешкiмнен кенде емеспiз. Егер кейбiреулер бiздi сынады деп, ығына жүгiрiп өзiмiздi ұлт ретiнде сыйламағандығымыз болып табылады. Тiлдi үйретудiң бiр ғана жолы — шетелдiк елшiлер келгенде тек қазақша сөйлеу керек. Қажет болса, тiлмаш арқылы түсiнедi. Мiне, осылай мойындатуға әрекет жасамай жүрмiз. Бұл бiздiң ең басты кемшiлiгiмiз.

Неге қазақ баласының прокурор, сот болғанын қалайды?

— Бүгiнде техниканың қыр-сырын жетiк меңгерген негiзiнен басқа ұлт өкiлдерi. Тiптi, қарапайым теледидар мен тоңазытқышты да солар жөндеп, нәпақасын тауып жүр. Бiздiң қарадомалақтардың, әсiресе, ауыл баласының шынымен-ақ техникаға қыры жоқ па?

— Бәрi тәрбиеге, ұлттық менталитетке байланысты ғой. Көп жыл бойы техника бiздiң қолдан келмейдi деген терiс пиғыл болды. Тағы бiр себеп, балалар математиканы, физиканы, химияны дұрыс мән берiп оқымайды, бiлмейдi. Дегенмен мықты математиктер де бiзден шыққанын айту керек. Мәселен, бiздегi республикалық математика мектебiн бiтiргендер МГУ-ге, Санкт-Петербургтiң ЖОО-на емтихансыз қабылданады. Мiнеки, техникадан сауаты бар балаларды солар терiп алуда. Сондықтан жастарды техникаға тәрбиелеп, көзқарасты түзету қажет. Бiздiң балалардың қолынан келмейтiнi жоқ. Қазiр ауылды аймақтар да компьютермен қамтамасыз етiлiп жатыр ғой. Тек осы секiлдi техниканың қыр-сырын бiлгенде ғана техникалық ЖОО-да оқу қиын деген әдеттен аулақ боламыз. Қазiр екiнiң бiрi не заңгер, не экономист. Неге қазақ баласын прокурор, сот жасағысы келедi? Жауапты өзiңiз iздеп көрiңiз.

— Ақшаны көп тапсын деп ойлайтын шығар…

— Мiне, осындай пиғыл да жоқ емес. Заңгер, сот болса, ақшаға қарық болып, күнi ертең байимыз деп ойлайды. Бұл адамның жан тазалығына да керi әсер етедi. Неге бiлiктi, бiлiмдi инженер аз ақша табады екен?! Егер басымен жұмыс iстейтiн болса, ертең оның беделдi кәсiпкер болуы да ғажап емес.

— Сiздiңше, бүгiнгi күнi жастар қай салада бiлiм алуға құштар? Гуманитарлық салада ма, әлде техникалық салада ма?

— Құдайға шүкiр, кейiнгi жылдары техникалық сала мамандығына деген сұраныс өсiп келедi. Бiздегi ақпарат технологиялары, мұнай-газ факультеттерiнде бiлiм алған жастар, ертең инженер болып шығады. Демек, нағыз техниканы игерген элита осы жерден шығады деген үмiтiмiз бар. Бiрақ ол үшiн көп жұмыс жасалу қажет. Ә, дегеннен аяғымыздан нық тұрдық деп айтуға ерте. Өйткенi, университеттiң профессурасы әлi сұрыпталып, қалыптаса қойған жоқ. Терең бiлiм алу жолында шетелдiк мамандарды да ұстаздыққа шақырып жатырмыз. Әйтсе де, олардың бәрi бiрдей ақылды, бiлiмдi деу қате пiкiр. Бiз оларды да қатаң бақылауға алып, сынап отырамыз.

Кез келген қоғамда зиялы қауым болған, тiптi, ауылда да зиялы ақсақалдар бар

— Ұлт мүддесiн қорғайтын да, насихаттайтын да — зиялы қауым. Сiздiңше, зиялы қауым бiзде бар ма және олар өз мiндетiн атқарып жүр ме?

— Зиялы қауым жоқ дегенге мүлдем қарсымын. Кез келген қоғамда зиялы қауымның орны бар, бола да бермек. Байқауымша, көпшiлiк зиялы қауым тек қалада ғана бар деп ойлайды. Оларды тек оқыған, жоғары бiлiмдi адамдардың iшiнен ғана iздейдi. Осы идеямен келiспеймiн. Керек болса, зиялы қауым ауылда да бар. Өзiнiң тiлiн, дiнiн сыйлайтын ақылды, зиялы ақсақалдар бар ма? Бар. Мiне, олар да зиялылар. Ауылдың интеллегенциясы негiзiнен мұғалiм мен дәрiгерден тұрса, ауылдағы мектеп сол ауылдың мәдени ошағы болып есептеледi. Қай жерде той-томалақ болса, зиялы ақсақалдың батасын алып жатады. Демек, зиялыны қалай түсiнуге болады? Оның бiлiмдi деген бiр мағынасы бар. Екiншi, ғұлама деген, содан кейiн ақылдылық, парасаттылық, кiсiлiк пен iзгiлiктiң тiзгiнiн тең ұстаған адамды айтамыз. Олар жазушының, журналистiң, саясаткердiң, кәсiпкердiң арасында да бар. Тiптi, зиялы профессорлар, студенттер де бар.

—“Отан” партиясының атынан үмiткер ретiнде парламенттiк сайлауға түстiңiз…

— Менi “Отан” партиясының съезi ұсынды. Жарыста бiреу жеңедi, бiреу жеңiледi. Ендi бiреудiң бағы жанады.

— Демек, депутат болғыңыз да келдi ғой…

— Ұсыныс бiлдiргеннен кейiн сайысқа түскенмiн. Негiзi парламентте де халықтың атынан мәселе көтерiп, дабыл қағып жүрген азаматтар бар. Солардың қатарында болғым келгенiмдi жасырмаймын. Үкiмет, Парламент, яғни, жоғары билiктiң тiзгiнiн қолына ұстаған көшбасшылар қалай жүрсе, қалғандары да үлгi алып, солай жүредi.

— Сiз Америкада жүрген кезде шығармашылықпен де айналысқан көрiнесiз…Жалпы, америкалық “үндiстердiң” қазақпен ұқсастық жерiн байқадыңыз ба?

— Әрине. Бергi жағы он екi мың жыл, арғы жағы елу мың жыл бұрын Америка мен Азия тұтасып жатқан кезде жер көпiрмен Азиядан Америкаға өткен адамдар бар. Солардың iшiнде түркiтiлдестерi де болған. Ұқсастық дегенде мынаны айтар едiм. Жалпы, америкалық үндiстердiң қазақ халқына бiрiншiден, антропологиялық бет-әлпетi, екiншiден, тiс құрылысы, үшiншiден, генетикалық тұрғыдан, төртiншiден, қан топтарының тұрғысынан көп ұқсастығы бар. Мәселен, ғылымдағы “монғол дағы” дейтiн белгiлi термин нәрестенiң сауырындағы көк дақты бiлдiредi. Сол дақ бiзде, сосын түркi халықтарының, корей жапондардың бәрiнде бар. Бесiншiден, лингвистикалық ұқсастықтар да жоқ емес. Бiрақ қазiргi қазақ тiлiне “үндiс” тiлдерiнiң қайсысы ұқсас деген пiкiрден аулақ болу керек. “Елу жылда ел жаңа” демекшi, тiл де үнемi өзгерiп отырады. “Азия — Берингия — Америка немесе америкалық “үндiстердiң” азиялық тегi” атты кiтабымда лингвистикалық ұқсастықтарға арналған көптеген мысалдар бар. Мәселен, Америка эскимостарының тiлiнде “ата”, “аға”, “етiк”, “қайық”, “елу” деген аттас сөздер бар. Сондай-ақ, майя тiлiнде “күн”, “қан”, “бояу”, “балдыз”, “сату”, “мол”, т.б сөздер кездессе, сиу тiлiнде “таң”, “құда”, “қан” деген ұқсас сөздер бар. Ондай сөздердiң ұзын-саны 350-ге жетедi.

— Шет елде болған кезiңiздегi жинақтаған ғылыми зерттеулерiңiз туған жерде жалғасын тауып жатыр ма?

— Әрине. Университеттiң халықаралық байланыс жөнiндегi қызметiне ауысуым да осының нәтижесi. Өйткенi, екi ел арасына дәнекер ретiнде құрылған оқу орны болғандықтан, қарым-қатынас, байланыс орнату жағын өз мойныма алдым.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары