782
«АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР» ДЕСЕК ТЕ...
«АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР» ДЕСЕК ТЕ...
Таяуда Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дiң доцентi Орал Аманжоловтың «Асықтар және ләңгi» атты кiтапшасы қазақ, орыс тiлiнде жарық көрiптi.
Қазақтың ұлттық ойындарын жастарға кеңiнен насихаттауда еңбек етiп жүрген Орал Аманжоловпен әңгiмемiз де осы ұлттық ойындар аясында өрбiген едi.
– Асық ойыны әу баста ежелгi түрiктердiң арасында кеңiнен таралған. Сондай-ақ, асықты «астралаг» деп ежелгi Грецияда, ал «талус» деген атпен ежелгi Римде салт-дәстүрiне нақышталған ойын ретiнде санап әрi насихаттаған. Алайда, асық пен ләңгiнi қазақтың ұлттық ойыны деп санағанмен, мұны Орта Азияның халықтары, оның iшiнде өзбек, қырғыз, тәжiк т.б ұлттар да әлi күнге дейiн ойнап келедi. Оны бiздiң ұлттық ойындармен салыстырсаңыз, аса ерекшелiк байқалмайды. Ережесi, ойнау тәртiбi бiр болғанмен, әр халықтың табиғи болмысына жақын кейбiр ерекшелiгi анадайдан сезiлiп тұрады ғой.
– Асықтың астарында бiр қасиеттi күштiң болуы мүмкiн бе?
– Әрине. Асықтың тұла бойы құдiреттi күшке тұнып тұр ғой. Сол себептен ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы болашақты долбарлап, алдын-ала болжам да жасаған екен. Бiз асықтың серiсiн – «Алтын сақа» дейтiн болсақ, түрiктер де осылай қастерлейдi. Олар асыққа тек ойын ретiнде ғана қарамай, жолының ашық болып, iлгерi даму алдындағы жетiстiктiң нышаны iспеттес санап, құрмет тұтқан.
– Тарихи деректерден де асық арқылы талай дау-дамайдың шешiлiп, соңына нүкте қойылғанын бiлемiз…
– Иә, мұндай оқиғалар көбiнесе халық ертегiлерiнде жиi ұшырасады. Мәселен, ертедегi көшпендiлердiң өзi асық арқылы жаугершiлiк заманда кiмнiң жеңiп немесе кiмнiң жеңiлетiнi туралы бiлiп отырған (С. Аманжолов. «Қазақ фольклоры».1927 жыл). Сондай-ақ, сол тұста үйсiн мен найман руының жерге байланысты дауы да осы асықтың күшiмен шешiлiптi. Күндердiң күнiнде найман руының жiгiтi Саржан би өзiне қарсылас адамның даулы мәселесiн шешуге қолұшын берген атақты Бұхар жыраумен аман-саулық сұрасуға келедi екен. Сонда менсiнбей, бала санаған Бұқар жырауға ол былай дептi. «Сiздiң атаңыз Қаржас кезiнде асықтан жеңген атақты құл болды. Бiрақ үйсiн тайпасы өзiнiң ұрпақтарына мұрасын бөлiп жатқанда ең кiшiсiне түк те қалдырмаған деседi. Ендi бiр шешiмiн табу керек деп дал болған әкесi балаларынан асықты иiруiн өтiнiптi. Содан кейiн бұл байлықтың иесi түгi жоқ Бұхар жыраудың атасы болған екен». Мұны жас жiгiттен естiген Бұхар жырау өзiнiң жеңiлгенiн мойындапты деген де әңгiме бекер айтылмайды.
– Кейiнгi кездерi жастар мен жасөспiрiмдер ойын автоматтары, интернет-кафе сынды зиян ойындарына әуес болып барады. Ал асық ойынының осылардан артықшылығы, айырмашылығы туралы не айтар едiңiз?
– Шынымен қазiргi жастарға қарасам, қарным ашады. Кез келген ойын автоматына бас сұқсаң көбiне-көп қазақтың баласын кездестiресiң. Бiрiншiден, бұл ойындардың адам денсаулығына тигiзер залалы көп. Екiншiден, баланың ойлау қабiлетi, ойлау шеңберi белгiлi бiр жүйеде шектелiп қалады. Ал ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзiлмей жалғасып келе жатқан асық пен ләңгi ойыны – күш-жiгердi жетiлдiрiп, дәлдiкке, мергендiкке үйретедi. Оның үстiне бұл ойындарды кез келген жерде, қалаған уақытыңда ақша төлемей-ақ ойнай бересiң. Бiр байқағаным, бүгiндегi балалар ата-анасынан оқу-құралға емес, осы компьютер ойындарына ақша сұрап жатады. Мұның соңы неге әкелетiнi белгiлi ғой. Сосын ол баланың тәбетi бiрте-бiрте құмар ойындарына да шабуы ғажеп емес.
– Әу баста қазiргiдей қаптап кеткен казино секiлдi құмар ойындары аз кезде құмарпаздар Алматыда асықтан чемпионат өткiзген екен. Ал дәл қазiр осы ойынды ақшаға ойнайтындар бар ма?
– Мұндайларды көптiң iшiнен кездестiруге болады, әрине. Бiрақ қазiр түр-түрiмен жаңарып, санамызды улап жатқан құмар ойындарының көптiгiнен құмарпаздар асық ойынына аса мән бермей жүр. Қазiр қалтасында ақшасы бар талтаңбайлар бильярд, гольф, керлинг, теннистi ойнауды әдетке айналдырған сыңайлы. Ау, олардың жанында бiздiң асығымыз әлдеқайда жанымызға жақын емес пе? Бiрде саябақтан 30-40 жастағы ер азаматтардың ақшаға «Доршке» ойнап жатқанын көрдiм. Көрдiм де, қызықтым. Негiзiнен бұл ойындарды жастармен бiрге ересектер де ойнаса, күш-қуаты арта түседi. Сондықтан ескiнiң көзiн көрген ер азаматтар ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды қалада өсiп, тәрбиеленiп жатқан ұрпаққа үлгi ретiнде көрсетсе, құба-құп болар едi. Өзiм де уақыт өте келе асық пен ләңгi ойынының денсаулыққа пайдалы екенiне көзiм жеттi. Бiр шетiнен адам денесi қимыл-қозғалыс арқылы шынығып, шымыр болады. Екiншiден, жан тазалығының сұлу болуына, адам баласына деген пәктiктiң жоғары тұруына әкелетiн сияқты. Сондықтан да, асық пен ләңгiнi тек тазалықтың ойыны дер едiм.
– Асық ойынының бiз бiлмейтiн қандай түрлерiн атап айтар едiңiз?
– Асық ойыны – балалардың ежелгi ұлттық спорттық ойыны. Оны ойнау үшiн балалар тақыр алаңға көлденеңiнен түзу сызық сызады да, соны байлай тiгiлген кенейдi кезектесiп сақамен ату арқылы мергендiк сынасады. Кенейдi кiм көп атып салса, сол ұтады. Дегенмен, асық ойынының түрлерi көп. Мәселен, солардың iшiнде кеңiнен таралғаны «Үш табан», «Бiр табан», «Әйзiк», «Атпақыл», «Шығу», сондай-ақ, қыз-бозбалалар кешкiсiн үйде отырып ойнайтын – «Қора», «Хан талапай», «Құмар» «Алшы», «Таған», «Шеңбер», «Шiк-Бүк», «Доршке», «Қақпақыл», «Иiрмекiл», «Жемекiл», т.б. Ең бастысы – «Сақаң» жақсы болса болды, сонда ұту мүмкiншiлiгiң де арта түседi. Ол үшiн қорғасынды молырақ құю керек. Асықтар әр түрлi болып боялады. Түсiне, көлемiне қарай әрқалай бағаланып отырады. Ал ең жеңiл кiшкентай асықтарды боямаса да болады. Бұл асық ойындарының көздiң көру қабiлетiн және қолдың ептiлiгiн арттыруға пайдасы зор.
– Ал, ләңгi ойынын асықпен қатар қоюыңызды немен түсiндiресiз?
– Күзде балалардың құмары ләңгi ойынына көбiрек ауады. Былай қарағанда мұның атауы қытайша сияқты. Ал лян – «екi» немесе «жұп» деген мағына берсе, гэ – «түйiр» дегендi бiлдiредi. Мұны ұл балалар ойын барысында «Оп па жұп, оп па ек…» – деп санап ойнайды. Менiңше, ләңгi дүнгеннiң ежелгi ойыны болса керек. Олар мұсылман болғанымен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi, тiлi қытайша болып келедi ғой. Негiзiнде ұл балалар үшiн таптырмайтын ойын әрi олардың өсiп-жетiлуiне пайдасы бар. Өзiмiз де бала кезiмiзде ләңгi жасау үшiн тиынды тесiп, оның ойығына жылқының жалын немесе ешкiнiң жүнiнен бiр уыс қыл алып бекiтетiнбiз. Ойынның қарапайым және күрделi түрлерi болады: жай қағыс, жанай қағу, әр түрлi нұсқада иiлiп қағу т.б. Мәселен, мен 20 рет «иiлiп» қағысты тапсырыс берсем, онда басқа ойыншыларға да сонша қағысты орындау керек болады. Әйтпесе, айып салынады немесе «малай» болады. Мiне, сонау 1950 жылдары футбол доптары табылмай, сондай-ақ, әлi ауламызға пинг-понг келе қоймаған кезде асық пен ләңгi бiздердiң сүйiктi ойынымызға айналды.
– «Асықтар және ләңгi» атты кiтапшаңызды жазуға не түрткi болды?
– Бүгiнде көп нәрсе өзгерiп, спортпен айналысу барлық жерде ақылы болып кеттi. Бұған кейбiр ата-ананың шамасы жетсе, бәзбiреулерiнiң мүмкiндiгi шектеулi. Есесiне, жастар мен жасөспiрiмдер көшеде қаңғырып, бұзақылық не нашақорлықпен айналысып, саналарын улап жүр. Сондықтан бұл ойындарды қайта жаңғыртудың кезi келдi. Кiтапшамдағы ережелер жастардың бұл ойындарды тез меңгерiп кетуiне көмекшi құрал болып табылады. Жастарға ұлттық тәрбие беруде қазақ халқының ұлттық ойындарына байланысты терминдерiнiң алатын орны ерекше. Өйткенi, ұлттық ойындарға байланысты терминдерде халықтың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжiрибесi сақталған. Алайда халқымыздың осы асыл мұрасын мектептiң оқу-тәрбие жұмысында пайдалану талапқа сай емес. Оларға арналған қосымша әдебиеттер, әдiстемелiк құралдар жетiспейтiнi көңiлге өкiнiш ұялатады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында балаларға арналған «Алтын сақа» бағдарламасының өзi ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуға үлкен септiгiн тигiзiп жүрдi. Демек, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды кейiнгi буын өкiлдерiне насихаттауда осындай хабарларға зәру болып отырғандығымызды жасырғым келмейдi.
– Елiмiзде асықтан жарыс өткiзуге неге болмасқа?! Сiз осы жайтты ойланып көрдiңiз бе?
– Әлбетте, болады ғой. Қазiр кейбiр жоғары оқу орындарында асықтан жарыс өтiп тұрады екен. Мiне, осындай жарысты мектеп балалары арасында да ұйымдастырып, оны ары қарай дамыта берсек бiраз жерге барар ма едiк, кiм бiлсiн. Тек бiр қалада ғана емес, республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен асықты ойнай бiлетiн ойыншыларды жинап, үлкен қалааралық, облысаралық жарыстар ұйымдастыруға көмек болса, қуана құптар едiк. Әуелi бiз Қазақстанда өмiр сүрiп жатқан ұлттарға үлгi болу үшiн, асық жарысын өзiмiздiң жаңа жыл – Наурызда дүркiретiп өткiзуге ұмтылыс жасауымыз керек. Әрине, бұған спорт жанашырлары мен жанкүйерлерi қолұшын бермесе тағы болмайды ғой. Ең бастысы, ұлттық ойындарға деген жанашыр азаматтар табылып жатса, қуанамыз.
Алматыда орналасқан Қазақстан Спорт мұражайының ауласында алшысынан тұрған үлкен асық бар. Онда үлкен әрiптермен «Асығың алшысынан тұрсын!» деген мәтiн жолдары жазылған. Спорт сүйер қауымға, ұлттық ойындарды жаңғыртамын дейтiн жанкүйерлерге әмәнда асықтары алшысынан тұрсын демекпiн.
– Асық жинау «менiң хоббиiм» дедiңiз.
– Құдайға шүкiр, асық көрсем, делебем қозып тұрады. Жерде бiр асық жатса, дереу ештеңеге қарамай аламын да, үйдегi асықтарға қосып қоямын. Жинаудан жалықпаймын. Немерелерiм өсiп келедi, соларға үйретемiн. Кезiнде асық атып ержеткен қазақ жiгiттерiне бұл ойын мергендiктiң мектебi болды ғой. Дана халқымыз «Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар…» десе де, мұның астарында тектен-тек айтыла салған дүние жоқ.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы