«ДИДАР» КИНОФЕСТИВАЛIНIҢ ЖЕҢIСI НЕДЕ, ЖЕҢIЛIСI ШЕ?

«ДИДАР» КИНОФЕСТИВАЛIНIҢ ЖЕҢIСI НЕДЕ, ЖЕҢIЛIСI ШЕ?

«ДИДАР» КИНОФЕСТИВАЛIНIҢ ЖЕҢIСI НЕДЕ, ЖЕҢIЛIСI ШЕ?
ашық дереккөзі
462

Қазақ кинедраматургиясы туралы бүгiнде көп айтылып та, жазылып та жүр. Қазақ киносының жетiстiгi де, кемшiлiгi де көз алдымызда. Кино саласындағы қандай бiр жаңалықтар болсын, БАҚ беттерiнде орын алары хақ. Барлық елде идеологияның бiр құралы болып саналатын кино өнерi қазақ жерiнде де там-тұмдап дамып келе жатқандығын жоққа шығармаймыз. Өзiндiк кино тарихы бар қазақ кинедраматургиясы кинофестивальдерден де кенде емес. Төрт жылда бiр рет өткен «Еуразия» кинофестивалiн айтпағанның өзiнде, жыл сайын тұрақты өтiп жүрген «Шәкен жұлдыздары» тағы бар. Өткен аптаның соңғы күндерiнде Алматыда әлгi фестивальдерге қанаттас «Дидар» кинофестивалi iргесiн қалады.

«Дидар» кинофестивалiнiң идеясы Темiрбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында негiзiн қалаған екен. Аталмыш академия ректоры Тiлеуғали Қышқашбаев мырза мен «Кино және ТД» факультетiнiң деканы Ғайнижамал Әбiлдина екеуi бiрлесiп, студенттердiң арасында кинофестиваль өткiзу туралы идеяны дүниеге әкеледi. Оның себебi, өнер академиясының қабырғасында жүрiп-ақ, студенттер өздерiнiң дипломдық жұмысын фильм түсiру арқылы қорғайды екен. Олардың тырнақалды дүниелерiнiң көбi академия қабырғасынан аса алмай қалып жататын көрiнедi. Студенттердiң идеясымен дүниеге келген шағын фильмдер оларды үлкен қадамға бастайтын алғашқы табалдырығы емес пе? Сондықтан, жас дарындардың алғашқы қадамына сәттiлiк тiлеп қана қоймай, оны көптiң талқысына салып, қалың жұртшылықтың бағасын алуы керек деп шешкен академия басшылығы студенттердiң кинофестивалiн жасау керек деп шешедi. Кинофестивальдi ұйымдастыру оңай шаруа емес. Оған үлкен күш-жiгер, қажыр-қайрат әрi әкiмшiлiк тарапынан көмек те қажет. Сондықтан, «Дидар« кинофестивалiн ұйымдастырушылардың бiрi, яғни директоры Дәурен Мұхаметжанов Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорына әлгi идеяны ұсынады. Жастар саясатын басқарып отырған мемлекеттiк қорға академияның бұл ұсынысы бiрден ұнағанға ұқсайды. Сөйтiп, Өнер академиясы мен Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорының ұйымдастыруымен «Дидар» өзiнiң шымылдығын ашты. Ең бастысы, бұл кинофестиваль «Менiң Қазақстаным» ұранымен көпшiлiктiң жүрегiне жол тартты.

КИНОФЕСТИВАЛЬГЕ БЕЙНЕКЛИПТЕР ДЕ ҚАТЫСТЫ

«Кино құдiреттi өнер. Бүгiнде әлемдiк идеологияның басты құралдарының бiрiне айналып отырған да осы кино екендiгiн өздерiңiз жақсы бiлесiздер. Жалпы кино өнерi тарихында санаға төңкерiс әкелген кинолар жеткiлiктi. Мәселен, үндiстер туралы фильм көрсетiлгеннен кейiн сол отаршылдардың ұрпақтары Еуропа жастары өз тарихына басқаша көзқараспен қарағандары, мына сiздерге, кино саласының болашақ мамандарына жақсы мәлiм. Бүгiнгi фестивальден жұртшылық сондай соны дүниелердi сомдай алатын талантты дарындарымыз қарым-қабiлеттерiн көрсетедi деп күтедi» деп студент жастардың қадамдарына сәттiлiк, шығармашылық табыс тiлеген қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң құттықтау хатынан кейiн «Дидар» кинофестивалi тұсауын кестi. Фестивальге 72-ге жуық фильмдерден ұсыныс түсiптi. Оның арасында көркем фильмдер де, деректi фильмдер де, тiптi бейнеклиптер де бар екен. 72 фильмнiң барлығын бiрдей сұрыптау, әдiлқазыларға да оңай тимегенге ұқсайды. Солардың арасынан 57-сi ғана байқауға қатысуға мүмкiндiк алыпты.

Кинофестивальге бейнеклиптi қатыстырудың қаншалықты қажетi болды екен деген сауалымызға, фестивальдi ұйымдастырушы директоры Дәурен Мұхаметжанов: «Бейнеклиптердi түсiрушiлер де, олардың сценарийiн әзiрлеушiлер де – студенттер. Яғни, бүгiнгi бейнеклиптерiмiздiң көбiнде жас дарындардың қолтаңбасы бар. Сондықтан, бiз оларды да сайысқа қатыстырып, бақтарын сынағымыз келдi» деп жауап қайтарды. Бiр қызығы, кинофестивальде бақ сынаған бейнеклиптердiң тең жарымынан астамы орыс тiлiндегi әндерге түсiрiлген екен. Қазақша әндердiң бiр-екеуiн ғана байқап қалдық. Ал, фильмдерге келер болсақ, байқауға 28 көркем, 12 деректi фильм қатысыпты. Ол фильмдердiң көбiнiң уақыты жарты сағатқа жетпейдi. Ең ұзақ дегендерiнiң өзi 40 минут екен. Тағы бiр қызығы, жас дарындардың фильмдерiнiң атауларына қарасақ, көпшiлiгi дерлiк, «Махаббат әлiппесi», «Махаббат сайы», «Аласармас арман», «Өкпелемешi», «Үмiт», «Аңсау» сияқты болып келедi. Оған қарағанда, деректi фильмдерде философиялық мән бар секiлдi. Тiптi, үздiк режиссерлiк туынды боп танылған «Мәңгiлiк тыныштық« деректi фильмiн түсiрген жас дарын Назгүл Нұрсағат сценарийiн де өзi жазыпты. Атауынан көрiнiп тұрғандай, деректi фильмнiң өн бойында сенiң жүрегiңдi жаншып жiберердей ауыр салмақ бар. Кемтар адамдардың өмiрi, кемтар жандардың тiрлiгi бейнеленген мұнда.

МАҚСАТТЫҢ «МАХАББАТ САЙЫ» ҮЗДIК БОП ТАНЫЛДЫ

Екi күн бойы әдiлқазыларға үздiктердi анықтау оңай тимегенге ұқсайды. Мұны қазылар алқасы төрағасы қызметiн атқарған белгiлi режиссер, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Сатыбалды Нарымбетовтiң өзi де көрерменнiң алдында мойындады. Қазылар алқасы демекшi, байқауға қатысқан фильмдерге әдiл баға беру үшiн, бiрқатар көпшiлiкке белгiлi адамдар жиналған екен. Олардың арасында, кино сыншысы, профессор Бауыржан Нөгербек, режиссер Ұлжан Қолдауова, Қазақстан Кинематографистер Одағы басқармасының мүшесi, режиссер Жәнiбек Зауырбеков, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалiнiң Бас жүлде иегерi, жас режиссер Данияр Саламат бар. Сондай-ақ, «Үркер» тобының жетекшiсi Айдос Сағат пен HIT ТВ телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы да қазылық етушi топтың арасында жүр. Соған қарағанда, бейнеклиптерге қазылық етудi соңғы екеуi мойындарына жүктеген сияқты.

Байқау болған соң, үздiктер анықталмаушы ма едi. Бұл кинофестивальдiң де өзiндiк номинациялары бар екен. Сонымен, ұйымдастырушылар байқау жеңiмпаздарын бiрнеше номинация бойынша iрiктеудi ұйғарыпты. Яғни, Бас жүлде, үздiк көркем фильм, үздiк деректi фильм, үздiк анимациялық фильм, үздiк музыкалық бейнеклип, ұлттық нақыштағы жұмысы үшiн, үздiк режиссерлiк жұмысы үшiн, үздiк сценарийi үшiн, үздiк музыкалық шешiмi үшiн, үздiк ер адам рөлi үшiн, үздiк әйел рөлi үшiн, бейнеклиптегi үздiк идеясы үшiн және көрермендер көзайымы болып жалғаса бередi. Сонымен, «Дидар» өз үздiктерiн анықтады. Олар кiмдер?

Үздiк деректi фильм – «Такуир», үздiк режиссерлiк туынды – «Мәңгiлiк тыныштық», үздiк ұлттық нақыштағы туынды – «Аспан таулар аясы», көрермен көзайымы – «Үмiт», үздiк сценарий – «Қастыққа айналған достық», үздiк көркем фильм – «Герой и Монстр», үздiк ұлттық нақыштағы туынды – «Махаббат әлiппесi», үздiк операторлық жұмыс – «Мама», үздiк режиссерлiк жұмыс – «Заспиртованные», үздiк музыкалық клип – «Ерке қыз», көрермен көзайымы – «Асыл ана». Бас жүлденi жас дарын Мақсат Оспановтың «Махаббат сайы» көркем фильмi иемдендi. Бас жүлдеге тәуелсiздiк монументi белгiсiмен алтын жалатып жасалған статуэтка сыйға тартылды. Кино өнерiнiң ең кенжелеп қалған жанрларының бiрi – анимациялық фильмдер екендiгi жасырын емес. Бұл жолы да анимация саласы жүлдесiз қалды. Бұған қарағанда, қазылар алқасы байқауға қатысуға лайық анимациялық фильмдердi таппаған болса керек.

«Менiң Қазақстаным» ұранымен өткен «Дидар» кинофестивалi де мәреге жеттi. Студенттердiң тұңғыш фестивалi. Тұңғыш рет өтiп жатқан соң, кемшiлiксiз болмаушы ма едi. Асығыс-үсiгiс, шалағай дайындалғандары көзге көрiнiп тұрды. Оның үстiне, залға жиналғандардың көпшiлiгi, өнер академиясының студенттерi сияқты. Студенттермен қатар, қазақтың белгiлi азаматтары да, қарапайым көрермен де залға толып отырған да ғой, шiркiн дестiк. Онда жас дарындардың тырнақалды дүниелерiн қалың жұртшылық та тамашалап, әдiл бағасын беретiн едi. Әрине, дәстүр жалғастығы, өнер жалғастығы болсын десек, мұндай байқаулардың өткiзiлуi де қажеттiлiк. Ұлттық өнердiң әлемдiк кинодан кешеуiлдеп қалмауы үшiн, бүгiнгi жас дарын еңбек етуi қажет. Ал, ол еңбектi бағалап, дұрыс бағыт-бағдар беру, бүгiнгiдей байқауларға мiндет. Сондықтан, қазақи болмыстағы, ұлттық нақыштағы «Дидар» байқауы аяқсыз қалмауы тиiс. Оның басты мақсаты– өнер жалғастығын табу, бұлақ көздерiн ашу. Тек ендiгi жылдан бастап, бұл фестиваль өнер академиясымен шектелмеу қажет. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен өнерлi жастарды жинап, солардың тырнақалды туындыларын көптiң алдына шығару керек. Сонда ғана фестиваль өзiнiң көздеген мақсатына жетедi.

КИНОФЕСТИВАЛЬДЕН КЕЙIНГI ОЙ

Ұлжан ҚОЛДАУОВА, режиссер:

– Мұның барлығы Ғайнижамал Әбiлдинаның еңбегi дер едiм. Сол кiсiнiң балалары өте талантты екендiгi көрiнiп тұр. Ойлы. Ұстаз мықты болмаса, талантты шәкiрттi тәрбиелеу оңай емес. Сондықтан, мен бұл балалардың болашағы әлi алда деп ойлаймын. Бұл фестиваль сол балалардың болашағына жақсы қадам болары да даусыз. Осылай демеп, осындай игi шараны ұйымдастырып отырған жiгiттерге де мың тағзым. Бұл студенттердiң бұлай қадам жасауы шеберханаға байланысты. Яғни, тағы да қайталап айтам, ұстаздары Ғайнижамал Әбiлдинаның арқасы. Өнер академиясы биiктеп келедi екен. Өсiп келедi екен. Осындай талантты балаларды өсiрiп жатқан басшылыққа да рахмет айтқым келедi.

Бауыржан НӨГЕРБЕК,

кино сыншысы:

– Жанрлық кино деймiз. «Махаббат сайы» сол жанрлық киноның элементтерiн толық қамтыған фильм деп айтуымызға болады. Өзiнiң тақырыбын да ашады. Бұл фильмде өзiндiк шешiм бар. Нанымды, сенiмдi, көрермендi қызықтыратын фильм деп айтуға болады. Кәсiби жағынан айтқанда, кiшкене жанрлық ауытқу бар. Бiрақ, бұл жас дарын үшiн үлкен кемшiлiк деп ойламаймын. Ол ендi-ендi ғана қадамын бастап келе жатыр.

– Осы фильмдер арқылы бiздiң жастарымыздың бойынан ұлттық намысты, ұлтқа деген сүйiспеншiлiктi байқай алдыңыз ба?

– Әрине, неге олар ұлтын сүймейдi? Осы фильмдердiң кез келгенiн халықаралық фестивальдерге апарып көрсетсеңiз, қазақты танып, қазақты мойындай алады. Өйткенi, мұнда қазақтың табиғаты бар, қазақтың тазалығы бар, сұлулығы бар.

– «Режиссер мамандығы жетiспейдi» деп жиi айтып, жазып жүргендерге бүгiнгi фестиваль жауап бере ала ма?

– Әрине, жауап бере алады. Режиссерлер емес, керiсiнше, бiзде продюсерлер жоқ. Фестивальдегi фильмдердiң көбiн жасаған тележурналистер, яғни драматургтер. Режиссура деген мамандық қой. Оны үйренуiмiз керек. Ең бастысы, фильмдi түсiрушiде ой, ұлттық намыс болу керек. Оның бойында осылар болса, келешекте одан жақсы режиссер шығады деген ойдамын. Бүгiн мен осыларды бiраз фильмнен байқап, разы болған жайым бар.

Мақсат ОСПАНОВ,

«Махаббат сайының» авторы:

– «Махаббат сайы» – ауыл жастары туралы көркем фильм. Фильмнiң қозғайтын тақырыбы – ауыл жастары. Ауыл жастарының махаббаты, ауылға деген ынтызарлық сезiмi. Кәдiмгi күнделiктi ауылда болып жатқан оқиғалардың жиынтығы. Фильм төрт күннiң iшiнде түсiрiлiп үлгердi. Ол фильмдi түсiру үшiн ауылда көбiрек уақыт өткiздiм. Махаббат сайын араладым. Соның желiсiнде сценарий жазып, фильм түсiрудi көздедiм. Фильмнiң бас жүлденi иемденуiнiң өзi – көздеген мақсатқа жетуiмде болса керек.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары