АДАМ КӨРКI – ШҮБЕРЕК

АДАМ КӨРКI – ШҮБЕРЕК

АДАМ КӨРКI – ШҮБЕРЕК
ашық дереккөзі
389

«КИIМ ТIГУ ДЕ ҮЛКЕН ШЕБЕРЛIКТI ҚАЖЕТ ЕТЕДI», – ДЕЙДI БЕЛГIЛI МОДЕЛЬЕР БЕРIК ИСМАЙЛОВ

Берiк Исмаиловтың киiм тiгудi, сән үлгiсiн жасап, модельер мамандығын таңдағанына да он жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт iшiнде қазақ эстрадасында жүрген бiрқатар жұлдыздарымызға сахналық киiм үлгiсiн жасапты. Берiктiң қазақ менталитетiне тосындау, ер-азамат көп араласа бермейтiн мамандықты таңдауына не себеп болды екен деген оймен, модельермен әңгiмелескен едiк.

– Бiздiң халқымыздың менталитетiне тосындау, ер-азамат онша көп араласа қоймайтын киiм тiгу, сән үлгiсiн жасау, модельер мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

– Қазақ халқы ежелден өнерлi емес пе? Ол мүмкiн қолөнер, темiрден түйiн түйетiн ұсталық болсын, сол атадан балаға даритын өнер жанұяда қыз балаға қона ма, әлде ер балаға ма, оны таңдап жатпайды. Адамның шеберлiгi маған ата жолымен ауысты десем болады. Бiз ауылда өстiк, осы өнердi бала кезiмiзден дамытуға мүмкiндiк болмады. Сол кездегi кеңестiк менталитет те болар, мектеп бiтiргесiн осы кәсiптi таңдауыма бiрден жол ашыла қоймады. Өзiңiз бiлесiз ол кезде жiгiт болсаң: ұшқыш бол, инженер, совхоз директоры бол деген сияқты ер балаға лайықты саналатын таңдаулар алда тұрды. Сонымен, мектептен кейiн Ресейдiң Омбы қаласындағы политехникалық институтын бiтiрiп, авиацияның инженер-конструкторы деген мамандығын алып шығып, жолдамамен Ташкент қаласындағы авиациялық заводтан бiр-ақ шықтым. Негiзгi авиацияның чертежi ме, адамға киiм тiгудегi қым-қиғаш сызық, чертеждер бәрi бiр-бiрiне ұқсас. Айналып келгенде өзiме ұнайтын өнердiң маңында жүрдiм десе де болады. Сол 1985 жылдан инженер-конструктор бола жүрiп, осы тiгiншiлiк өнермен қатар айналыстым. Өзiңiз бiлесiз, жаңадан отау құрған жанұяға 115 сом айлықпен жан бағу оңай емес. Осы өнерiм 1991 жылы завод жабылып, жұмыссыз қалғанымда отбасымды асырауыма көп септiгiн тигiздi. Содан 1993 жылы Ресейдегi атақты Любовь Красникова-Аксеновамен танысып, осы өнердi арнайы бiлiммен ұштастырып, бiржола модельерлiкке ден қойдым. Любовь Красникова-Аксенова Алла Пугачеваға арнап алғаш киiм үлгiсiн жасаушы.

– Осы Любовь Красникова-Аксенованың киiм үлгiсi немен ерекшеленедi? Толығырақ айта кетсеңiз?

– Негiзiнен дене бiтiмi қалыпқа сай емес ер азамат пен әйелдерге арнайы киiм үлгiсiн жасау. Демек, кез келген адам ол толық, арық болмаса ұзын, бойы қысқа болуы мүмкiн, әрбiр адамның өңiн ашып, оның басындағы мiнiн көрсетпей, хас шебер бiр керемет жасаудағы арнайы бағыт-бағдар. Осы мектепте оқып және Л.Красникова-Аксенова рұқсатымен келiсiм шарт жасап, Қазақстанға әкелушi бiрiншi адам – мен. 1995 жылдан берi 10 жылдан астам уақыт өттi. 4000-дай адамды оқытып, даярлап шығардым. Олар Қостанай, Павлодар, Астана қаласында өз ательелерiн ашып, осы жүйемен жұмыс жасап жатыр. Жақында Тараз қаласына барып, семинар өткiзiп, дәрiс берiп қайттым. Солар айтады: «Осы жүйенi оқып, үйрену үшiн 15 жыл күттiк» – деп. Себебi, олардың Москваға барып арнайы дәрiс алмақ түгiлi, Алматыға келiп оқып қайтуларына да шамалары жетпейдi. Сондықтан қолдан келгенiмiзше шақырған жерлерге барып, арнайы оқытып, дәрiс берiп келемiз.

– Сiз тек қана киiм үлгiсiн жасаушы дизайнер, модельер ғана емес, белгiлi адамдарға имидж қалыптастырушы да сияқтысыз. Олай дейтiн себебiм, өзiңiздi эстрада, театр жұлдызы Меруерт Түсiпбаеваның ән кешiне киiм дайындау барысында қай әнге қандай киiммен шығу керектiгiн айтып, әншiмiзге имидж таңдауына ақыл-кеңес айтып жатқаныңызды және Меруерттiң сiздiң ой-пiкiрiңiзге аса ден қойып қабылдап жатуының куәсi болдық. Осы жөнiнде не айтасыз?

– Халқымыздың мақтанышы, эстрадамыздың шоқ жұлдызы Роза Рымбаевамен үш жыл, Меруертпен төрт жыл және Шаһизада, Алтынай Жорабаева, Лұқпан Жолдасов, «МузАРТ» тобымен бiраз уақыт жұмыс жасап келемiн. Осындай белгiлi, халық алдында жүрген адамдардың өздерiне киiм таңдауда, оның үлгiсiн жасауда маған сенуi, әрине, менiң өнерiме деген зор баға. Атақты имиджмейкер болмасақ та, сол өнер адамдарына киiм тiгiп, оларды сахнаға сомдағанда әнiне, жүрiс-тұрысы, дене бiтiмiне лайықты ақыл-кеңес берiп, өзiмiз де өнер адамы болған соң творчестволық көзқарасымызды бiлдiрiп жатамыз.

– Сiзге творчестволық шабыт беретiн, ғажайып қиял-фантазияға жетелейтiн не нәрсе?

– Мысалы, Ресейде Алла Пугачеваға модельер болу, сол адамның сенiң сән үйiңнен киiнуi зор мәртебе, үлкен дәреже болып саналады. Зайцев, Юдашкин сияқты модельерлер Пугачева, тағы сондай жұлдыздардың өзiнен киiнуiн үлкен бақыт деп санайды. Менiң өнерiмнiң бiр жеңiсi, ол – Роза Рымбаева сияқты халқымыздың мақтанышының менiң сән үйiмнен киiнуi және маған, творчествома деген сенiмi. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрге тола халқымыздың қолөнерi.

– Осындай белгiлi өнер адамдарының ортасында, зиялы қауыммен жиi араласып жүрсiз. Өзiңiзге деген солардың көзқарасы қалай? Сiзден киiнудi мақтан тұтатындар көп пе, әлде мен келдiм, соның өзiн өзiңе дәреже сана деушiлер басым ба?

– Әрине, көрген жерде танып, амандасып еңбегiмдi бағалап жүргендер баршылық. Әйтпесе, жоғарыдағы айтып өткенiмдей елiмiздiң маңдай алды жұлдыздарының бiразы менiмен творчестволық байланыста болмас едi ғой. Бiрақ, арамыздан бiр-екi ән жазып, клип түсiрiп теледидар арқылы көрiнсе жұлдызбын,–деп көкiрегiн керiп, менi менсiнбейтiндер де табылады. Өзiңiз айтқандай, «Мен келдiм, барлық жұмысыңды таста да менi қабылда. Бiлесiң бе алдыңа кiм келiп тұрғанын», – дейтiндер де баршылық. Халқымыз айтады ғой «Бес саусақ бiрдей емес», – деп. Кейде осындай жастардың дөрекi мiнезiн, мәдениетсiздiгiн көргенде өзiм үшiн емес, солар үшiн халық алдында қысыламын. Себебi олар ел алдында жүр, тiптi шетелдерге де барады. Сол кезде қазақ халқын осындай қырларынан көрсетсе, ол бәрiмiз үшiн де сын, ұят емес пе? Ал жалпы алғанда осы кәсiппен әйел адам айналысады ма, ер-азамат па, бұл өнер деген ұғым ел арасында қалыптасты. Сондықтан, қарапайым халық па, зиялы қауым ба, осы мен айналысып жүрген кәсiпке оң көзқараспен қарайды, – деп ойлаймын.

– Киiм тiгу десек көз алдымызға әйел елестейдi, бiрақ атақты сән үлгiсiн жасаушылардың бәрi ер-азамат, осының себебi неде?

– Ол сұлулыққа құштарлықтан болар. Әйел – өмiрдiң гүлi, ол нәзiк, Ол – сұлу болуы қажет. Ақын-композиторларымыз ән-жырмен шашу шашса, модельер ер жiгiттер сұлулықты нұрландыру үшiн, одан әрi ғажайып ету үшiн небiр әйелдерге арнап сән үлгiсiн ойлап шығарады. Сол ер азаматты шабытқа жетелеген әйел сұлулығы, әйел әдемiлiгi. Сондықтан да болар атақты модельерлердiң ер-азаматтар болуы. «Адам көркi шүберек», – деп атам қазақ бекер айтпаған болар. Сiздер, әйелдер бiр-бiрiңiзден сұлулықты көруiңiз бiр бөлек те,бiздiң, ер-азаматтарымыздың сiздердiң әдемiлiгiңiздi көруiмiз бiр бөлек дүние. Ер-жiгiт не iстесе де бәрi де өздерiңiз үшiн.

– Өткен жылы «НТК» телеарнасынан сұхбатыңызды көрiп едiк. Ол сұхбатта сiз: «Москваға бiр коллекция апара жатырмын», – деген едiңiз.

– Ресейде жылына бiр рет өткiзiлiп тұратын халықаралық «Никрополь» атты көрме бар. Оның жалпы мағынасы адам өмiрге келгенде сән-салтанатпен қарсы алады емес пе, сол сияқты осы өмiрден озып, соңғы сапарға аттанғанда да оның әр халықта әртүрлi жолмен шығарып салатын дәстүрi, өз орны бар. Сол дәстүрдiң негiзiнде Бесланда болған қайғылы оқиға, соның бiр жылдығына орай, әр халықтың өз салт-дәстүрiне сай жоқтау рәсiмiнде жасалынған фестиваль. Сол жерге халқымыздың соңғы сапарға шығарып салудағы киiм үлгiсiн дайындап, оны Ұлы Абайдың «жарқ етпес қара көңiлiм не қылса да» әнiнiң лейтмотивi негiзiнде коллекция, түсiнiктiрек айтсақ «қаралы киiм» үлгiсi негiзiнде дайындап алып бардым. Франция, Италия, еврей халқы, грузиндер, тағы сондай көптеген елдер өз «жоқтау» коллекциясын көрсеттi. Сол жерде бiздiң апарған жұмысымыз жоғары бағаланып, арнайы дипломмен марапатталдым. Осы еңбегiме орай халықаралық дизайнерлер қоғамына мүше етiп алды. Үш күн бойына Москва телеарна, радио, баспасөз беттерiне сұхбат бердiм. Осы коллекцияны сахнаға алып шыққанда бүкiл зал орнынан тұрып кеттi. «Сiздiң халқыңыздың «жоқтауға» осыншалық философиялық мән беруi, киiм таңдауы таңдай қағарлық», – дедi. Егер көзiн тауып көрсете алсақ, ұлттық салт-дәстүр де, қолөнер де халқымызда жетiп жатыр.

– Тек қана модельерлiк өнерiмен емес, ұжым құрып шағын кәсiпкерлiкпен айналысып отырсыз. Өзiңiзге қол байлау болатын кедергiлер бар ма?

– Соншалықты жұмыс жасатпай, қол байлау болып отырған, болмаса үкiмет тарапынан керi тартып жататын жасанды қиыншылықтар жоқ. Бiрақ, көзге көрiнбейтiн, кейбiр мекемелердегi шенеунiктердiң қырсыздығынан болатын кедергiлер баршылық. Мысалы, салық комитетiнде жай ғана кассаға ақша төлеу үшiн таңертең сағат 9.00, түстен кейiн сағат 15.00 дейiн кезекте тұрасың. Одан «Өрт сөндiрушi» комитетiнен келiп бiр күнiңiздi алса, екiншi күнi «тазалық – iндет» одағынан келедi. «Экология комитетi» тағы бар. Оған ақшаңды төлемесең, салық комитетi сенiң есеп-қисабыңды қабылдамайды. Мiне, осының бәрi уақытыңды алады. Ал, уақыт деген жеке кәсiпкер үшiн қыруар ақша. Елбасының жарлығымен жарты жылдай осындай түрлi тексеру орындарынан қадағалауды азайту туралы заң шығып, олар бiраз тынышталып едi, қазiр қайтадан басталды. Әйтеуiр күнде бiр комитеттен келедi. Бiздi мүлдем тексермесiн, үкiметке ешқандай ақша төлемей, өз қалтаңызға ғана жұмыс iстейiк», – деп отырған жоқпыз. Әрбiр кәсiпкер тiркелiп заңды кәсiпорын ашқаннан кейiн өздерi төлеп тұратын, мемлекет бюджетiне түсетiн, салық жүйелерi болу қажеттiгiн әбден түсiнедi. Өз елiнiң саналы азаматы болғаннан соң, осындай мемлекеттiң құрылым-мекемелердiң алдында есеп берiп отырады. Әйтпесе, өз бизнестерiн заңдастырмай-ақ, көлеңкелi бизнеспен айналысар едi ғой. Бiздегi миллиондап пайда табатын «Ойынхана», түрлi казинолар төлейтiн салық пен бiз сияқты маңдай терiмiзбен табатын бизнестегi салықтың бiрдей, кейде артық болуы жаныңды ауыртады. Жақында үкiметтен жеке кәсiпкерлер төлейтiн ақшаларын жылдың басында бiр-ақ төлеп тастап, әрi қарай алаңсыз жұмыс жасай берулерiне болатын заң шығады деген сөз бар. Соны асыға күтiп отырмыз. Мiне, үкiмет тарапынан бiзге осындай заң жүзiнде нақты көмек болса, соның өзi бiзге үлкен пайда.

– Отандық модельерiмiздiң жағдайы қалай? Әлемдiк деңгейде көрiнуiмiзге мүмкiндiк бар ма?

– Дүниежүзiнде Франция мен Италия осы екi мемлекет модельерлiк бизнестi уысында ұстап отыр. Солар жыл сайын кездесiп, әр жылда киiм үлгiсiн, қандай матадан киiм кию, болмаса оның түр-түсiн белгiлеп отырады. Мен сол үшiн жиi Италияға барып, әрбiр маусымның жаңа маталарын әкелiп, жаңа үлгiде киiм тiгiп, оны отандастарыма дер кезiнде ұсынып отырамын, әрi осындай таза маталар әкелушi жалғыз қазақпын. Оксана Корби деген әрiптесiмiз бар, ол да итальяндықтармен бiрлесiп жұмыс iстеуде. Ал отандық модельерлiк бизнеске келсек, әлi де кенжелеумiз. Осы сала бiрден миллиондаған қаражат, пайда түсiрмейтiн болған соң, осы салаға ақша салушылар да, оны дамытушылар да жоқтың қасы. Негiзi – творчестволық кәсiп болған соң, оны жан-жақты өркендетуге көп уақыт қажет және көп қаржы. Әйтпесе, бiздегi отандық өнiм ешкiнiң түбiтi, таза жүн, мақта-мата түрлерi жеткiлiктi. Соны бүгiнгi технология негiзiнде неге жасамасқа? Бiздiң ата-бабаларымыз жасап кеткен қолөнер бүгiнгi күнi Италия, Францияда модаға айналып отыр. Бiздiң ұлттық киiмдер үлгiсiмен «Сымбат» сән үйi талай шетелдердi таңдандырып келдi. Материалдық база бар, ұлттық нақыш, ою-өрнек бар.

Әңгiмелескен Баян БИМАҒАМБЕТОВА

Серіктес жаңалықтары