КYЙ-ДОМБЫРА ИЕСI

КYЙ-ДОМБЫРА ИЕСI

КYЙ-ДОМБЫРА ИЕСI
ашық дереккөзі
320

БЕЛГIЛI КҮЙШI, ҚР ЕҢБЕК СIҢIРГЕН АРТИСТ РАХЫМТӘЖIБАЕВ ТУРАЛЫ БIР ҮЗIК СЫР

«…Өкiнiшке орай,бiзде БАҚ-тың, әсiресе, радио-теледидардағы бейбастақтық қазақ музыкасын шала-жансар күйге түсiрiп келедi.Соңғы бес-алты жылда қазақ ән өнерiнiң классиктерi Жүсiпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтардың дидарын көрмейтiн болдық…»—деген едi бiр сұхбатында этнограф-ғалым ,жазушы Ақселеу аға Сейдiмбек («Түркiстан»,16 қазан, 2003 ж.).

Шынында да ,қазақ өнерiнiң талай майталмандары бүгiнгi «есерсоқ» әуеннiң ықпалында көрiнбей қалғаны сонша ,тiптi «шаң басқан архивтерден» таба алмай қалған жағдайымыз бар. Әуелете ән салған күмiс көмей ол әншiлер түгiлi, күнi кешегi Кәрменовтердiң өзi бүгiнде көзден бұлбұл ұшқандай. Қазақтың дәстүрлi әндерiн насихаттаушы, қазiргi Сәуле, Рамазан, Айгүлдердiң өзi анда-санда бiр жылт етедi де, бiраз уақыт тыңдаушыларын зарықтырып барып қайта көрiнiп жатады. Заманның ағымынан көрiп-бiлiп жүрмiз ғой, қазақ эстрадасы «қалталы» әншiлерге бай. Сапасын қарап, тыңдаушыға ұсынуға бола ма, жоқ па— ол жағын зерделеп жатқан сыншылар да бой тасалап қалғандай. Осыны ойласақ, жоғарыдағы жазушы пiкiрiмен келiспеуге қақымыз жоқ. Қазақтың электронды құралдары осындай бәсекелес қоғамның құрбанына айналғалы қашан. Арагiдiк болса да өз мәдениетiмiз бен өнерiмiзге оң қабақ танытып қоятындай ұлтшыл, намысқойлық ниет танытар түрiмiз аса бiлiнбейдi…

Осындай да көптен көзге көрiнбей, өзiнiң қазақилығын қанымен қорғап, өнерiмен дәрiптеген қазақтың қара домбырасын жанынан бiр елi тастамай келе жатқан тағы бiр музыка мұзбалағын iздегенiмiз бар.

— Қарындасым-ау, қайда жүрушi едiм, баяғы Құрманғазыда ғой,— деп күлдi Рахым аға Тәжiбаев.— «Жеке шауып бәйге алмас…» дегендей, өмiрiмiздiң жақсы жақтары мен шығармашылық қуаныштардың бәрi осы оркестрмен тығыз байланысты екенiн бiлесiңдер. Сөйтiп жүргенде алдымыздан алпыстың асуы көрiнiп қалыпты. Уақыт деген зымыран ғой.

Рахым күйшiнi тыңдарман жақсы бiлсе керек. Дейтұрғанмен де, күйшiнiң өмiр жолын қысқаша бiр шолып өткендi жөн көрдiк.

Рахаң 1965 жылы республикада тұңғыш рет ашылған эстрада-цирк өнерi студиясына түсiп, профессор Құбыш Мұхитовтың домбыра класын үздiк бiтiрiп шығады. Содан берi сахнадан түспей келе жатқан домбырашыға бұл өнер негiзiнен о баста ата-баба қанынан дарыған десе де болғандай. Өйткенi әкесi Тәжiбай ақсақал да кезiнде жетiсулық жезтаңдай әншi Дәнеш Рақышевтармен қатарлас, деңгейлес әншi болыпты.

1974 жылы Мәскеуде өткен Бүкiлодақтық эстрада артистерi конкурсының жүлдегерi, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi –домбырашы көзiн бiр нүктеге қадап, сәл-пәл үнсiз қалды. Осынау асқаралы алпыс жасқа дейiнгi ұзақ-сонар өнер жолындағы кедiр-бұдыр, қызығы мен «шыжығы» мол жолсапарлар есiне түстi ме?! Бәлкiм, соншама жылдар сахна төрiндегi баға жетпес бiр сәттiк өнер қуанышы, тыңдарман ықыласы, iлтипаты жүрегiн тербеп өткендей ме, әйтеуiр, бiр алабұртқан кейiпте отырды.

— Рақым аға, көңiлiңiздi бiр сағыныш тербеп өттi бiлем… — дедiм мен де толқи сөйлеп.

— Иә, сағым боп кеткен сағым жылдар еске түскенi рас. Осы менде өмiрбақи кеудемдi тiлгiлеп тыным таптырмайтын бiр ғана сағыныш бар. ОЛ — домбыраға деген сағыныш! Қазақ халқы әу бастан домбыраға ықыласы ерекше ауған халық қой. Мұң-зарын, қуаныш-ренiшiн, жоқтау-жұбанышына дейiн қара домбыраның қасиетiнен тапқан. Қуанса да, жыласа да жұбанышы домбырасы болған. Сондықтан да бүгiнгi күнге кешегi зар замандардан жеткен күй шығармалары терең толғанысқа, тебiренiске толы. Тiптi тұнып тұрған тарих, аңыз-ертегi. Жастайымнан әкемнiң тiзесiнде отырып ән тыңдап, күмбiрлеген күй шертiп өскен маған осы домбыраға деген махаббат мәңгiлiк сағыныш болып қалыптасты. Тiптi ержетiп, Отан қорғауға әскерге аттанғанда да қасымнан домбырамды тастаған емеспiн. Ал үйде тiптi, әр сағат, әр минутым онсыз өткен емес. Шертпесем саусақтарым сағынып тұрады. Өмiрбақи орындап келе жатқан күйлерiм әр тартқан сайын көңiлiмдi желпiнтедi. Жаңа орындап отырғандай, тұңғышымдай сезiнемiн. Сөйтем де, ата-бабалар рухына тағзым етiп, олардың соншалықты дарынды, қабiлеттi болмыстарына таңданамын. Оқып-бiлiп, жазып-сызбай-ақ арттарына осыншама мол мұра қалдырғандары жанымды қуанышқа бөлейдi, толқытады. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттiмбет, Диналардың заманы туралы, олардың қабiлет-қарымын танып, қолдап-қолпаштаған, сөйтiп қара домбырасының ғұмырын жалғастырған қайран қазағымның данышпандығына мақтанамын. Небiр ғұмыры қысқа болған, жалт еткен де жоқ болған тума таланттардың туындыларын ұрпақтан ұрпаққа үзбей сол қалпында жеткiзген де осы домбыра емес пе!

… Домбырашы әлi сөйлеп отыр. Өнер десе iшкен асын жерге қоятын әдетiмiз бойынша, бiз де күй, домбыра туралы ойымызды тежей алмай әуре-сарсаңға түстiк. Аңызға айналған «Ақсақ құлан» елестеп, ендi бiрде қазақ даласының кербез күйiн шертетiн Құрманғазының «Сарыарқасы» мен Тәттiмбеттiң «Сарыжайлауы» құлағымызға келгендей, дегбiрiмiз қашып, елге-жерге сағыныш бiздi де баурап алғандай күй кештiк.

— Жалпы, домбыраның құдiретi, соның қоңыр үнi арқылы бiзге жеткен күйлер тарихы соншалықты қызық, құпия десе де болғандай. Әр тыңдаған сайын құмарың қанбайды. Бiрiнен-бiрi көркемделе түседi. Күрделене түседi. Әрбiр өңiрдiң өзiне тән шығармалары сарыны мен тарихы жағынан бiр-бiрiне ұқсас келгенмен, орындалуы жағынан әрқилы. Арқаның, Қаратау өңiрлерiне тән Тоқа, Сүгiрдiң шертпелерi мен Батыстың төкпелерiн елжiремей тарта да, тыңдай да алмайсың! Әсiресе, Ықыластың қобызға арналған күйлерi де өзiнше бiр әлем. Жетiсулық Қожеке, Дайрабайлардың да орындауындағы бiзге жеткен санаулы болса да, өлмес тарихы бар туындылар ше?!

Сол сияқты қазақтың қара домбыраға арналған дәстүрлi әндерi туралы да осындай тұжырым жасауға болады. Оның бәрi үнемi айтылып-жазылып жүрсе де, көптiк етпейдi. Өйткенi өсер ұрпақтың құлағына сiңiмдi болғаны дұрыс. Сондықтан да қазақтың дәстүрлi әндерi мен күйлерiне насихат көп керек-ақ,— дейдi Рахым аға.

— Ал сiздiң жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

— Иә, зайыбым Ажаргүл де әншi-домбырашы. Кезiнде Гүлжаһан Ғалиева мен Ғарифолла Құрманғалиевтерден дәрiс алған. Қазақ әндерiн насихаттаушы. Ұзақ жылдар «Гүлдерде» қызмет еттi. Қазiр қаладағы №119 мектепте театр және ән сабағынан шәкiрттер тәрбиелеуде. Қыздарым Гүлнәр мен Айнұр болса жоғары бiлiмдi музыканттар, дарынды балалар оқитын К.Байсеиiтова атындағы музыка мектебiнде оқытушы. Бiр сөзбен айтар болсақ, отбасымызбен өнер қуған жандармыз.

— Рахым аға, алда келе жатқан мерейтойыңыз құтты болсын! Өзiңiзге қандай сыйлық жасадыңыз? Өйткенi, бүгiнгi бар тiрлiк қаржыға тiрелетiн заманда ешкiмнен дәметпейтiн болдық қой…

— Оның рас. Өмiрiмнiң бар сәтiн өнерге, оның iшiнде құпиясы мол кiрпияз күй өнерiне арнаған жанмын. Сонымен бiрге онымды ешкiмге мiндет те етпеймiн, Халық барған жерде хан көтерiп қошеметпен күтiп жатады. Халықтың ықыласынан асқан бағаны өз басым қаламаймын да. Алла Тағала қанша ғұмырын қиса, сонша халыққа қызмет етудi мақсат еткен «өлермендердiң» бiрiмiн. Ең бастысы ұрпақтан ұрпаққа өлмей, өшпей келе жатқан күй шығармалары жарты жолда үзiлiп қалмай, алтын баулы домбыраның сағағы тоқтамаса болғаны. Кешегi бабалар тiлегi де осы болған. Бiз де соны жанымызбен қалаймыз. Ал… сыйлық дейсiң бе, өзiмнiң жеке күйтабағымды, қазiргiше айтқанда жеке дискiмдi шығардым. Әркiм өз күнiн өзi көрген заманда ол да оңай дүние емес екен…

Әңгiме сәл-пәл көңiлсiздеу бiттi ме, қалай…

Бiз де бiр сәт құлазып, тағы да мақала басында айтқан жазушының ызаға толы пiкiрiн есiмiзге алдық. Неге, телеэкрандардан кешегi бабалар үмiтiн үзiп алмай бiзге аялап жеткiзген талантты тарланбоздар көрiнбейдi? Қазақтың тiлi— өнерiнде емес пе, Абай атамыз айтпақшы, «өнер алды—қызыл тiл» дегендей, оның ұлттық мәдениетi, өнерi өркендемей тiлi, әрине, көмескiленедi. Жоғалады. Олай болса, Рахым ағалар теледидардан түспейтiн заман да қашық емес болар деген жақсы бiр үмiт жылт еттi. Лайым солай болғай!..

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары