ЕРКЕЛЕР МЕН СЕРКЕЛЕР НЕМЕСЕ СОЛАРДЫ ШЫҢДАП ШЫҒАРҒАН ОҚЫТУШЫЛАР ХАҚЫНДА

ЕРКЕЛЕР МЕН СЕРКЕЛЕР НЕМЕСЕ СОЛАРДЫ ШЫҢДАП ШЫҒАРҒАН ОҚЫТУШЫЛАР ХАҚЫНДА

ЕРКЕЛЕР МЕН СЕРКЕЛЕР НЕМЕСЕ СОЛАРДЫ ШЫҢДАП ШЫҒАРҒАН ОҚЫТУШЫЛАР ХАҚЫНДА
ашық дереккөзі
275

Бiзден бұрын оқыған курстарға немесе бiзден кейiн бiтiрген курстарға қарап отырсаң, әр курстың өз еркесi мен өз серкесi болғанына көзiң жетедi. Алайда, бiздiң курстың – Қазақ мемлекеттiк университетi, журналистика факультетiнiң қазақ бөлiмiн 1986 жылы бiтiрген түлектердiң бiз үшiн орны бөлек сияқты. Өйткенi, олар өзiмiз ғой, бiр-бiрiмiздiң қыр-сырымызды өзiмiзден артық ешкiм бiле қоймас.

Жалпы, журналистика факультетiнiң басқа барлық оқу орындарындағы басқа барлық факультеттерден өзiндiк өзгешелiгi бар. Оның оқу корпусы мен жатақханасының өзiнiң айдарынан жел есiп тұрғандай көрiнедi. Ешбiр жерге ұқсамас айбары да, айбыны да бар. Бәрiнен бұрын ең көңiлдi, ең еркiн, ең ерке факультет. Бiздiң журналистика факультетiнде оқыған қыз-жiгiттердiң арманы жоқ шығар, сiрә!

Мiне, осындай арманы бiтпейтiн армансыздардың бiрi — бiздiң курстың қыз-жiгiттерi. Оқуға әбден iрiктелiп, таңдалып-талғанып барып қабылданғандыкi ме, бәрi шетiнен «сен тұр, мен атайындар» болатын. Көбiсi газет-журнал беттерiнде жиi көрiнiп, бiрiн-бiрi сыртынан жақсы бiлетiн абитуриенттер студент атанған күннен бастап-ақ бұрыннан берi келе жатқан таныстардай бiрден еркiндiктiң құшағына енiп кеттi.

Оқуды қалай бастасаң, көбiне, солай аяқтап шығып жатасың. Бiздiң сабаққа келiп-кеткенiмiз тойға келiп-кеткен сияқты едi. Шетiнен көңiлдi қыз-жiгiттермен бiр жүру деген «Көппен көрген — Ұлы тойдан» мың есе артық нәрсе болатын. Талантты адамдар алғыр болып келедi емес пе, соныкi ме, бiздiң курс үшiн сабақ екiншi қатардағы мәселе сияқты көрiнiп тұратын. Бiрақ, шынын айту керек, бiлiмдi игеру жағына келгенде, алға түсiп кетпесе, ешкiмнен кем қалған емес. Бұл жерде, әрине, осындай ортаға керектi пәндерiн игертiп, дұрыс тәлiм-тәрбие бере алған оқытушыларымыздың орны өз алдына бiр бөлек едi-ау.

«Әрқайсысы өз алдына бiр бақсы» дегендей, бiздегi жiгiттер өздерiнiң алғырлығы, пысықтығы, икемдiлiгi жағынан бiрiнен-бiрi асып түсiп жататын. Содан ба, алғашқы жылдары ой-пiкiр, таным-талғам жағынан бiр-бiрiне сәйкестеу келетiндерi, көбiне, жеке-жеке үш-төртеуден бас қосып жүретiн. Алмабек, Қайрат, марқұм Жаяу Мұса — үшеуiнiң «үштiгi», мысалы, арада 20 жыл уақыт өтсе де, күнi бүгiнге дейiн әлi солай тұрғандай көрiнедi. Ал, спортқа бiр табан жақындау жүретiн Ғалымжан, Дос, Жақсылықтардың тобы өз алдына бiр бөлек едi. Алғашқы оқу жылдарында «квартсовет» атанып кеткен Бауыржан Омаров, Талғат, Мұратбек, Ескендiр және менiң бiрге жүрген күндерiмiз — қызығы таусылмас ең бақытты сәттерiмiз екен-ау.

Ұлытаудай өзiнiң жеке қасиетiмен, өзiндiк ерекшелiгiмен бiр өзi жеке бiр әлем болып жүретiн марқұм Әбекеңдi — Аманғали Дайрабаевты айтсаңшы. Ол өзi үйлi-баранды болғанда барып оқуға түскен ортамыздағы ең үлкенiмiз болған соң ба, ол кiсiге еркелеп, арамыздағы ең еркетотайымыз Еркiннiң «папа» деуiнiң өзiнде бiр үлкен жарасымдылық жататын едi.

Оқып жүргенде үйленгендердiң iшiндегi ең алғашқысы мен болдым-ау деймiн, кейiннен Күлдiр бөпелi болғанда, бiзбен бiрге тұрып, екеумiздiң бiр үйдiң адамдарындай сабаққа бiрге барып, бiрге келiп жүрген кездерiмiз сырт көзге тым қызық көрiнетiн. Бiздiң курстың өзара татулығы мен бiр-бiрiне деген адалдығы ғой, сол кезде ешқандай бiр артық әңгiме, күбiр-сыбыр деген болған емес. Бәрi солай болуы керек сияқтанып тұратын. Бiр-бiрiмiзге деген көңiлiмiз мөлдiр шықтай тап-таза едi-ау.

Армызда тағы бiр бiтпейтiн ертегiмiз болды. Ол ертегiнiң аты — Ескендiр. Ертаев десе, әсiресе, старостамыз Нұржамалдың «төбе шашы тiк тұратын шығар».

— Нұржамал, бiзге ертеңгi күнге журналға «нб» қойып қоя бер, бiз ертең сабаққа келе алмаймыз, — дейтiн едi ол сабақтың ортасынан үйiне қайтып бара жатып. Әрине, қасында мен болатынмын.

Нұржамал дегеннен шығады, екiншi курста жүргенде ме деймiн, старостамыз «Сен екеуiң өмiрi емтиханға ақша жинаған кезде болмай қаласыңдар! Ертең емтиханға екеуiң Мұқағали Мақатевтың екi томдығын алып келiңдер» дедi бiр күнi. «КПСС тарихынан» емтихан болатын күнi Ескендiр екеумiз екi томдық кiтапты алып келдiк. Бiрақ, кiтаптың iшiне Ескендiрдiң айтуымен «Нұржамал, студенттiк күндерден ескерткiшке ұсынамыз» деп баттитып жазып қойған болатынбыз. Ол болса ұрсып жүр. «Немене, менi кiтап сатып ала алмайды дедiңдер ме?» деп қоймайды. Бiздiң әдейi iстегенiмiздi қайдан бiлсiн. Ол кезде Ескендiр екеумiз де, Құдайға шүкiр, стипендия аламыз, сонымен бiрге айына ол 77 сом, мен 77 сом айлық аламыз. Совминнiң жоғарыдағы (Достық көшесiнiң бойындағы) емханасында екеумiз де сыпырушы болып қосымша жұмыс iстеп жүретiнбiз ғой. Бiз дайындық бөлiмiнде жүргенде ғана бiр жыл жатақханада жаттық, қалған кезде өмiр бойы пәтерде тұрдық. Тойлап жүргендi жақсы көретiн едiк те, жатақханада жүрсек, бiрдеңеге ұрынып, оқудан шығып қалармыз деген ой жеңiп кететiн.

Нұржамал дегеннен шығады тағы, бiр күнi Бауыржан Омаров қайрап-қайрап: «Сен байқамай жүрсiң, Нұржамал сенi жақсы көредi» деп, Ескендiрдi 5-жатақханаға Нұржамалға сөз айтуға жiбергенi есiмде. Ол үйге түн жарымында қайта оралды. Төртеумiз төрт жағынан жабылып қызықтаймыз: «Не болды?» ғой баяғы. Сөйтсек, Нұржамалға барған Ескендiр ол жоқ болып шыққан соң, қайтып келе жатып «сөз айтуға» Қазгүл деген биофактың қызына соға салыпты. Қарап отырсақ, сол кездер өзi махаббатпен ойнап жүрген кездерiмiз екен ғой.

Ескендiр екеумiз үнемi бiрге жүрген соң ба, оқытушылар да, лаборант қыздар да екеумiздi шатастырып алатын едi. Менiң орныма Ескендiр барып түсiнiктеме жазып берiп кете беретiн. Мамытбек ағайымыздың өзi «Әй, сен қайсысы едiң!» деп жүретiн. Мамытбек ағай өте ақкөңiл, елпiлдек, жаны жұмсақ жан ғой. Баланың мiнезiндей аңғалдығы бар, көбiне соны пайдаланып «алдап» кетуге құмар едiк. Екiншi кураторымыз Әбулақаптың өзi — жүрген бiр қызық адам. Жан-жүрегiмен ақын адам болған соң, жасы үлкен кiсi болса да, серiлiктi, ерлiктi жақсы көретiн. Екi кураторымыз да қаламгерлер ғой, оны-мұныға пысқырып қарамайтын. Тек амандығың, сабағыңның жақсы болғаны ғана керек, қалғанын өздерiң үйренiп аласыңдар дегендей, екеуi де студенттерге көп сенетiн.

Ал, марқұм деканымыз Темiрбек Қожакеев пен марқұм профессор Тауман Амандосовтың әңгiмесi өз алдына бөлек тақырып қой. Өз алдына бөлек бiр әңгiме болған соң, бұл кiсiлер туралы да, марқұм курстас достарымыз — талантты ақын Бауыржан Үсенов, жазушы Қаржау, белгiлi журналист Аманғали Дайрабаевтар жайында жеке-жеке сөз қозғармыз деген ой бар. Әзiрге Жолдасбеков пен Қожакеевтiң «соңғы тұяғы» — бiздiң курс туралы жалпы айтарымыз осы болып тұр. Аз айтты деп ренжiмеңiздер.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Өзгеше едi сол ақын…

Жаңылыспасам, 1981 жылдың қоңыр күзi болатын КазГУ. Журналистердiң №5 жатақханасы. Әлдебiр бөлмеден әдемi ән төгiлдi. Адамдар қырған ақбөкендер туралы соншалық мұңды, азалы ән. Ән ерiксiз сүйредi, айтушының құлаққа сондайлық жағымды, жүректi тiлiмдеген даусы жетеледi. Әлгi бөлмеге батылсыздау кiрдiм. Подкурстықтар жиналып, орталарында орта бойлыдан биiктеу, аққұба, сымдай тартылған сұлу жiгiт ән салып отыр екен. Бауыржан Үсеновпен осылай таныстық. Сөзiн де, әнiн де өзi шығарған сол әндi титiмдей магнитафонның үнтаспасына жазып алған едiм. Бұл әнiн кейiнiрек факультетте көп тыңдадық. Курстастар, басқалар болып.

Оның ақындығы өзгеше едi. Курстастары, достары, жолдастары жанынан үйiрiлiп, үзiлмейтiн. Азаматтығын сыйлады, ақындығын сыйлады. “Өлер адам өзгеше болады” дейдi қазақ. Бауыржан да өзгеше жаратылған жан болатын. Сұлу жаратылған жiгiттiң жаны сұлу, ақындық таланты сұлу, бүкiл болмысы сұлу болатын. Арамыздан тым ерте кеттi, өкiнiшке қарай.

Сұлулық азайған мынау сұрықсыз уақытта Бауыржанды сағынасың, оның ешкiмге ұқсамайтын сұлу жырларын, қазақы мәрт мiнезiн сағынасың-ай . Сонда осы мұңлы жырын оқимын.

ҚАЗАН АЙЫ. БАҚ.

Бұрынғыдай түспейдi күн айнасы,

Деп, сары бақ, сыбырлап мұңаймашы.

Жемiсiңдi адамдар жинап алар,

Табылар ма жапырақтың бiр айласы

Күз кезiп жүр шаң-шаң боп қас-қабағы,

Көздерiнен бұлттың да жас тамады.

Желкiлдеген сары ала желегiңдi,

Тентек дауыл паршалап тастар әлi.

Бұрымыңды жұлқылап жүз өрiмдi,

Тонар сенi, қырыққандай күземiңдi.

Жап-жалаңаш денеңдi сақ-сақ күлiп,

Ызғырық шал аймалар мұз ерiндi.

Көз алдыңнан өткiзiп сан сағымды,

Кешесiң сен қыс бойы қанша мұңды.

Шәлi сыйлар қырындап қытымыр қыс,

Сықырлатып аязды саусағыңды.

Тастаса да бетiне шыны салып,

Мойымайтын бұтақтар құрыш анық.

Тоң астында томпиып жата берер,

Тамырыңда тiршiлiк тыныс алып.

Басымды ием көп көрген шеккiге сен,

Қос мезгiлге кетсе де көп күн есең.

Сенесiң бе, сары бақ, жапырағың,

Жыл құсына iлесiп кеттi десем.

Сықырлаған кiреу қар соққы алады,

Тауға қашып, жапқанда көк даланы.

Сыбдыр-сыбдыр сыр айтар жапырағың,

Қанатымен құстардың кеп қалады.

Серіктес жаңалықтары