ШАРДАРАНЫҢ ӘЛЕУЕТI ЖОҒАРЫ

ШАРДАРАНЫҢ ӘЛЕУЕТI ЖОҒАРЫ

ШАРДАРАНЫҢ ӘЛЕУЕТI ЖОҒАРЫ
ашық дереккөзі
467

Оңтүстiк Қазақстан облысының Шардара ауданына Алла Тағаланың өзi назар аударған ба дейсiз. Табиғаты өзге жерлерде қайталанбайды. Ерекше. Бiр жағы қызылдың құмы, екiншi жағы шалқар теңiз. Құм мен судың бұлайша үндестiк табуы табиғатта өте сирек кездеседi дейдi ғалымдар. «Теңiз» деп жергiлiктi тұрғындар Сырдың суының үстiне салынған су қоймасын айтады. Олар үшiн су қоймасы теңiзден кем емес. Көктем түсiсiмен, мiнез көрсетiп, ернеуiнен шыға, жұрттың зәресiн алатын атышулы суқойма осы ауданда орналасқан. «Шардара шалқадан жатыр» деп кезiнде Мұқағали Мақатаевтың жырына арқау болған Шардара теңiзi осы.

Жер аумағы жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы ең үлкен ауданда бар-жоғы 70 мың жан мекендейдi. Бұл ауданның экономикалық мүмкiндiгi мол. Туризм үшiн таптырмайтын жер. Бiрақ, ұқсата бiлмеген соң, кез- келген жұмағыңыңыздың өзi тозаққа айналып кететiндей. Бұлай дейтiнiмiз бар байлығын тиiмдi пайдаланып, аудан халқының игiлiгiне жарататын әкiмге Шардара жарымай-ақ қойған. Шардараға қашанда қолынан iс келмейтiн әкiмдер жiберiледi. Олар ары кетсе екi жыл, берi кетсе бiр жылдың iшiнде Шардарадан табанын жалтыратуға бейiм тұрады. Ал Шардара өз проблемаларымен қалып қоя бередi.

Түркiстан секiлдi iрi аудан әкiмiнiң орынбасары қызметiн 9 жыл атқарған Серiкбай Ибадұллаұлы Шардараға әкiм болып тағайындалғанда, жергiлiктi халық «Шардараны құтайтуға дәу де болса, осы тәжiрибелi маманның әсерi болар» деп үмiт артқан едi. Ойлары алдамапты. Серiкбай Ибадұллаұлы Шардараға келген беттен iске кiрiсiп кеттi. Негiзi, орталықтың жергiлiктi жерлерге ақша бөлуi — сол жергiлiктi жерлердiң басшыларына тiкелей байланысты. Яғни, олардың табандылығы, принциптiлiгi, абыройы үлкен рөл атқарады. Серiкбай Ибадұллаұлының Шардараға әкiм болып келгенiне 3 айдан ендi ғана асса да, облыс әкiмi Шардараның мұң-мұқтажына қаржы бөлудi назарда ұстап отыр.

Иен судың ортасында орналасса да, Шардараның негiзгi мәселесi ауыз суы едi. Қала халқы теңiзден су iшiп отыр. Ол су жеткiлiктi деңгейде тазартылудан ада. Себебi, құбырлар ескiрген. Облыс әкiмi Б. Жылқышиевтiң көмегiмен, биыл бюджеттен сол ауыз су мәселесiнiң шешiлуi үшiн 110 млн.теңге бөлiнбек. Қаржының алғашқы бөлiнген бөлiгiне, яғни, 33 млн. теңгеге аудан Ақтаудан құбырлар сатып алып үлгердi. Мұнымен шектелмей, қаладан 40 шақырым жерде ашылған тұщы су көзiн орталықпен байланыстыру мақсатында арнайы жоба жасалынып, ол Үкiметтiң қаулысына енiптi. Сол үшiн республикалық бюджеттен биыл 300 млн.теңге бөлiнiп отыр. Негiзi, жобаның құны 2 млрд. 800 млн. теңге екен. Оны жылына 300 млн. теңгеден бөлгiзгеннiң өзiнде ауыз су мәселесi, 10 жылда шешiлетiнi, яғни, мерзiмнiң ұзартылып кетуi, аудан әкiмiн сәл-пәл қапаландыратын секiлдi. «Дегенмен, сол ақшаның өзiн бөлiп тұрса, мәселенi шешу үшiн көмек болар едi» дейдi ол.

Бiз аудан әкiмiнiң бойынан мемлекетшiлдiк рухын, жерге, халыққа деген жан ашу сезiмiн көргендеймiз. Шардараға келген кез-келген әкiмнiң ауданның әлеуетiн сол ауданның өзi үшiн пайдалануда шөп сындырғанын аса байқай бермеушi едiк. Қалада соңғы он бес жылда денi дұрыс саябақтың бой көтермегенiнiң өзi осы ойға жетелейтiн. Орталық саябақтың қазығы осыдан 30 шақты жыл бұрын қаланып, сонан кейiн жобасы шаң басқан архивте қалған едi. Келгенiне 3 айдың жүзi ендi толған әкiм сол құрылысы 30 жылға созылған саябақтың жобасын жүзеге асырып жатыр. Теңiздiң жағасында амфитеатр iспеттес қаланы жоғарыдан тамашалайтын жобаның, мұражайдың құрылысы басталып кеттi. Теңiздiң жағалауындағы жақсы жерлердiң сатылып кеткенiне қарамастан, әкiм сол жерлердiң туристiк аймаққа айналып, елдiң игiлiгiне қызмет етуiне барын салуда. «Шардараның әлеуетi Карловы Варыдан кем емес. Тек пайдалана бiлу керек. Жанымызда Ташкент тиiп тұр. Ташкент пен Шардараның арасы 150 шақырым. Айналасын қосып есептегенде, онда 3 млн.астам халық тұрады. Ал шомылып, демалатын жер жоқ. Солар үшiн сервис жасағанның өзiнде, Шардараның экономикасы қуаттанып кетер едi. Көршi аудан Сарыағаштың курортында бiр мезгiлде 3 мың адам ем қабылдайды. Солардың жаз күндерi демалатын жерi жоқ. Олардың арқасында да Шардараның экономикасына бiраз қаржы тартуға болады. Алдағы бiр- екi жылда соның бәрiн жүзеге асыруға аса мүдделi болып отырмыз» дейдi ол.

«Шардараны газдандыруға да арнайы жобалар жасалынуда»дейдi әкiм.

Шардараның ауыл шаруашылығы өнiмдерiн экспортқа шығаруда да әкiмнiң өз жоспарлары бар. «Бiздiң солтүстiк облыстар Өзбекстанның көкөнiс өнiмдерiне қол жайып отыр. Ол өнiмдермен бiздiң өзiмiз-ақ қамтамасыз ете аламыз. Тек Қазақстанның солтүстiгiн ғана емес, Ресейдiң шекаралас аудандарын да көкөнiспен қарық қыламыз. Тек инвестор табылмай жатыр» дейдi ол. Бiз әкiмнiң ондай инвесторды табатынына да, алдағы бiр-екi жылда Шардараны қуатты ауданға айналдыратынына да шүбә келтiрген жоқпыз. Өйткенi, ауданның экономикасын көтеретiн iскерлiктi де, ниеттi де, талапты та осы әкiмнiң бойынан көрiп, Шардара үшiн қуандық.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары