ШУЛЫ ШЫМКЕНТТЕ ШӨКЕЕВ КОМАНДА ЖАСАҚТАП ЖАТЫР

ШУЛЫ ШЫМКЕНТТЕ ШӨКЕЕВ КОМАНДА ЖАСАҚТАП ЖАТЫР

ШУЛЫ ШЫМКЕНТТЕ ШӨКЕЕВ КОМАНДА ЖАСАҚТАП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
240

Шымкенттегi шыққан шудың немен аяқталатынын ел тағатсыздана күтiп отыр. Оңтүстiкке Шөкеев келгелi берi сең орнынан қозғалды, өздерiн сүттен ақ, судан таза етiп көрсеткiсi келгендердiң арты ашылып, былыққа қатысқандардың үстiнен қылмыстық iс қозғалды.

Бейкүнә сәбилердiң көз жасы оларды жазалаусыз қалдырмайтын шығар. «Сең қозғалды« деп отырғанымыз, ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың ата-аналарын бұрынғыдай «наркоман, жезөкше, оралман» деп айдар тағып, айыптау билiктiң аузынан шықпайтын болды. Өйткенi, таққа отырып, қолын ыстық суға малып ақ дегенi – алғыс, қара дегенi – қарғыс болып үйренгендер халықтан көп нәрсенi жасырып келедi. Ақыры масқара жағдайда қызметiнен аластатылды. Олар ешнәрседен қорықпаса да, Құдайдан қорқуы керек едi. Ата-аналардың, балалардың көз жасынан, елдiң наласынан қорқу керек едi. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi» деген осы шығар. Астамшылдықтың ақырына осындай нүкте қойылды. Қайғы жұтқан тағдырларды күнде көрген соң осы сөздi жазуға мәжбүрмiз. Шатыр үйiмiздi шеттен тiгiп, күл болмасаң, бүл бол деп бейжай қарап отыратын жүрексiз емеспiз.

Ендi елдi елеңдеткен, талайлардың тағдырын тәлкекке салған ВИЧ /СПИД инфекциясын жоюдың барлық амалдары қарастырылуда. Бұл көңiлге қуаныш ұялатады. Алыс-жақын елдерден ең бiлiктi дәрiгер – мамандар оңтүстiкке ат басын бұрды. Балалардың сауығып кетуiне қолғабыс жасауда. Олардың ата-аналарына моральдық тұрғыдан көмектесуде.

Оңтүстiк Қазақстан облысы мәслихатының сессиясында денсаулық сақтау саласына 500 млн. теңге бөлiндi. Қорлар құрылып, оған қомақты қаржы аударылуда. Шымкентте орын алған жағдайға байланысты екi комиссия құрылып, ол штабқа облыс әкiмiнiң өзi тiкелей басшылық жасап отыр.

ВИЧ инфекциясын жұқтырған сәбилерге көмек қолын созып, Алматыдан бiр топ қоғамдық және үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi келдi. Олар халық пен кәсiпкерлерге және инвесторларға үндеу жариялады. Арнайы қор ашып, үш миллион теңге аударылды.

АҚШ-тың алтын өндiретiн компаниясының президентi Браян Севидж елiмiздегi шетелдiк инвесторлардың 1 млн. АҚШ доллары көлемiнде қолғабыс жасайтынын айтты. Канада елшiлiгi жағдайы өте төмен сәбилердi сол жақта емдеуге мүмкiндiктер жасамақ. Оңтүстiктегi ұжымдар да, кәсiпкерлер де бей-жай қарап отырған жоқ. «Шымкентмай», «Шымкент Елдос» АҚ ұжымы 1 млн. теңге көлемiнде қаржы жинап, облыс кәсiпкерлерi мен қалталы азаматтарға үндеу жариялады.

О баста ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 15-20 ғана емес, одан да көп болуы мүмкiн деген болжам айтылған. Мұндай мәлiмдеменi құқық қорғау органдары да, одан кейiн облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң өзi де жасады.

Өкiнiштiсi бүгiнде ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар саны 75-ке жеттi. Және де 8 ана осындай айықпас дертке шалдыққан болып шықты. Жауырды жаба тоқымай, жағдайды ушықтырмай бәрiнiң анық-қанығына жеткен де дұрыс. Айықпас дерт көп бола ма, аз бола ма, бұл ендi принциптi мәселе болмай қалды. Онымен табанды күрес жүргiзу керек. Қазiр көсемсiп көпiрме сөз айтып, уақыт оздыратын мезгiл емес. Одан нәтиже бола қоймас. Қазiргi сын сәтте қимыл, iс керек. Шөкеев осындай әрекетке барып отыр. Бәрi оңалады, табандылық пен сабырлық сақтай отырып, осы қиын жағдайдан шығып кетуiмiз керек.

Қазiргi жаңадан келген облыс басшысы Өмiрзақ Шөкеевтi осы шулы оқиғадан басқа сан алуан қауырт проблемалар да күтiп тұр. Сондықтан әкiм 2,5 млн. халқы бар оңтүстiктiң басқа да мәселелермен айналысуы тиiс. Жаңа әкiм уақыт тауып Мақтаарал ауданында iс-сапарда болып, дихандармен кездесiп, мақта өнiмiнiң жағдайын көрдi. «Мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу-институтында» болған облыс әкiмi мақтаның отандық жаңа сорттарын өсiру технологиясымен танысты. Осы орталықта өсiрiлген американдық қызғылт жапырақты және ақ-сары түстi түрлерiн көрiп, мақта сапасын арттыру төңiрегiнде әңгiме өрбiттi. Жетiсай қаласында салынып жатқан 1176 орындық мектеп құрылысына арнайы ат басын бұрды. Шөкеев бұдан басқа да бiрқатар мекемелердi аралады. Әкiм таяуда Созақ ауданы, Түркiстан, Кентау қалаларында болып елдiң тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Халықаралық қарттар мен мүгедектер күнi Шымкент қаласында тұратын қариялар мен мүгедектердiң үйлерiне барып, арнайы құттықтады. Оларға түрлi-түстi теледидармен қоса, арнайы сыйлықтар табыс еттi.

«Түркiстан» газетiнiң өткен сандарында Шөкеевке оңтүстiктiң тумасы болса да қызмет жасау мұнда оңайға соқпас деген едiк. Онымыз расқа айналды. Кадр саясаты да оңай шағыла қояр жаңғақ еместiгiн де ескерткенбiз. Бұл пiкiрiмiз де шындықтың ауылынан алыс кетпей жатыр.

Оңтүстiк Қазақстан облысында кадрлық ауыс-түйiстер көп болатындығы жасырын емес. Бiрақ, кiмдер таққа отыратыны беймәлiм жағдайда қалған. Бұрыннан бiз облыс әкiмi орынбасарларының орындықтары сықырлап тұрғаны туралы талай айтқанбыз. Оған негiзде жоқ емес едi. «Ақ үйден» бұрынғы әкiм Жылқышиевтiң орынбасарлары түгелiмен кеттi десе де болады.

Шөкеевтiң кадр саясатына келсек, бәрiн ақыл-таразына салып, қолынан iс келетiн азаматтарды таққа отырғызып жатыр деп топшалауға негiз бар. Бұл жерде басын ашып айтатын мәселе – кадр саясатында Шөкеев жұрттың бәрiне жаға алмайды. Кезiнде Абдуллаев та, Сапарбаев та, Жылқышиев те өз командасын жасақтады. Ешкiм оларға тосқауыл болған жоқ, кедергi де жасамады. Ендi келiп, Шөкеевтiң кадр саясатындағы кухнясына кiрiп, «мына азамат бұл орынға лайықты, лайықсыз» деп төрелiк айтқанымен, ешкiмнiң ешнәрсесi қисаймайтын сияқты. Шөкеев те сыбыр-сыбыр, гүбiр -гүбiрмен кадр жасақтамайтыны рас. Өз көзқарасы бар азамат. Дегенмен Шөкеев өз командасын қалай жасақтап жатыр, оңтүстiкте кiмдер таққа отырды, кiмдер тақтан тайды, бұл мәселенiң де принциптi жақтары жоқ емес. Және болашақ оңтүстiктiң әлеуметтiк және экономикалық жағдайына жауап беретiн де осы кадрлар. Облыс әкiмiнiң үш орынбасары қызметiнен босатылды. Бурлаченко деген ханым тып-тыныш келiп, тып-тыныш кеттi. Осындай лауазымда осындай ханым отырғанын қарапайым халықтың көпшiлiгi бiлмейтiн де болып шықты. Еш болмаса бұрынғы облыс әкiмiнiң орынбасары болған Бақытжан Әшiрбаев секiлдi елге «танымал« тұлға да бола алмады. Бурлаченко қызметiнен кеттi екен деп оңтүстiкте ешкiм қайғырып жүрген жоқ. Қайғырмайтын да шығар.

Орынбасарлық тақтан айырылып, жұмыссыздар қатарына қосылған Ғ. Жұмжаевты да «обал болды» деп жақтап жатқандар жоқ. «Қаланы басқарған Жұмжаев түк те тындырмады» деген әңгiме жұрт арасында желдей ескен едi кезiнде.. Қала әкiмiнiң қызметiн атқарған тұста тазалық, тәртiп болмады, көлiк қозғалысы реттелмедi, қала көшелерiнiң бойларында заңды, заңсыз құрылыстар бой көтердi. Жер сату саудасы қызып, әлеуметтiк әдiлетсiздiктер орын алды. Жастар арасында қылмыс өршiдi, бiлiм саласында «жылу жинау» тоқталмады. Идеология саласы құлдырап кеттi. Бұл үшiн Жұмжаевтың балтыры сыздап, басы ауырған жоқ. Оңтүстiкте ойламаған оқиғалар болып тұрады. Әсiресе кадр саясатында. Осылай жұмысты қонжыратып, қаланың жағдайын жақсарта алмаған Жұмжаев «Ақ үйге» барып идеология саласын басқарды. Бұл жерде де ұзақ отырмады.Бұрынғы облыс әкiмi Жылқышиев Жұмжаевты қай үлгiлi «еңбегi» үшiн қасына апарды. Бұл жағы бiзге жұмбақ. Қарапайым халық қанша ашынғанмен лауазымды қызметкерлердi орнынан босату олардың құзырына жатпайтыны рас. Бұл әкiмнiң басты қағидасы «Үндемеген адам үйдей бәледен құтылады« дегенге саяды. Шiркiн-ай, халық үшiн шырылдаған үнiн бiр есiтпей-ақ кеттiк! Ендiгi жерде есiтпейтiн де шығармыз. Ендi Жұмжаев жұмған аузын ашпаса да өкпелемеймiз. Бүгiнде Жұмжаевты жылы орнынан қозғалтқан Шөкеевке елдiң өкпесi жоқ шығар.

Оңтүстiктегi кадрлық ауыз-түйiстердiң астарына үңiлсек, «Ақ үйге» белгiлi саяси тұлғалар мен бiзге беймәлiм азаматтар жылы креслоға келiп жайғасты. «Тегiн адам таз болмайды» деген. Бәрiнiң де өмiр тәжiрибесi бар, билiктiң қыр-сырын бiлетiн, ел басқаруға бiлiмi де, бiлiктiлiгi де жететiн қабiлеттi тұлғалар. «Ақ үйдiң» төрiнде өз орнын сақтап қалған азаматтардың бiрi – кезiнде Шардара, Төлеби аудандарында абыройлы қызмет атқарған Байдiлда Жылқышиев. Қолы таза, қарапайым да, адал азамат Оңтүстiк Қазақстан облысы Әкiмi аппаратының басшысы болып бекiтiлдi. Онда ендi Шөкеевтiң ең сенiмдi кадрларының бiрiне айналды. Оңтүстiкке ең алдыңғы лекте кадрлардың бiр тобы Астанадан ат терлетiп келдi. Соның бiрi – облыс әкiмiнiң орынбасары Асылжан Мамытбеков. Жасы 38-де. Өзi тас-түйiн пысық жiгiт көрiнедi. Билiктiң төрiнде жүргенiне 8 жылдай болыпты. Қостанай мен Астанада жауапты қызметтер атқарған. Дегенмен туып-өскен жерi Шымкент екен. Мамандығы – заңгер-экономист. әл–Фараби атындағы қазақ мемлекеттiк университетiн, қазақ мемлекеттiк басқару академиясын бiтiрген. Бұл кадр бюрократтық жұмыс iстеу стилiнен айығып, қарапайым халыққа бiр табан жақын жүрсе, өз имиджiн көтерерi сөзсiз.

Сондай-ақ, Шымкенттiң құйтырғы саяси ойынына үйренуi шарт. Оңтүстiк Қазақстан облысы ол үшiн үлкен саяси мектеп болатыны сөзсiз. Бұл Қостанай да, Астана да емес. Ойламаған жерден опық жейтiн тұстар көп. Шымкентте оңай емес…

Шымкенттi жоғары лауазымды әйел кадрларға құрметпен қарайды. Қазақ қызын сыйлап өскен халық. Тағы да бiр орынбасарлық таққа оңтүстiк өлкесiне белгiлi тұлға Тамара Дүйсенова ханым тағайындалды. Ол кезiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында көптеген лауазымды қызметтер атқарған. Соңғы қызметi – ҚР еңбек және тұрғындарды әлеуметтiк қорғау вице-министрi болып iстеген. Бұл кадр туралы оңтүстiкте жақсы пiкiр қаылптасқан. Шөкеевтiң бұл таңдауы орынды деп кесiп айтуға болатын сияқты..

«Ақ үйдiң» тыныс-тiршiлiгiн жақсы бiлетiн, таза идеолог әрiптесiмiз Дархан Мыңбай әкiм орынбасары қызметiне келдi. Бұдан бұрын да Мыңбай мырза Оңтүстiк Қазақстан облысының идеология саласын бес жыл басқарған. Сол уақыт өз саласына тың идеялар әкелдi. Есте қаларлықтай iс-шаралар өткiздi. Мұны ел ұмыта қойған жоқ. Бiз өз әрiптесiмiзге көпшiк қоюдан аулақпыз. «Платон досым, шындық одан да қымбат» демекшi, бiздiң де ақиқатты айтуға құқымыз бар шығар. Оңтүстiк Қазақстан облысының тарихында журналист азаматтардың iшiндегi тұңғыш әкiм. (Бұл жерде Түлкiбас ауданы әкiмi болып қызмет атқарған жағдайды еске алып отырмыз). Дархан Мыңбайдың өмiрбаянына үңiлсек, ол үлкен саяси мектептен өткендiгiн байқауға болады. Ол М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттiк университетiн бiтiрген. Қазақ ССР Министрлер кеңесi жанындағы ақпарат агенттiгiнде (КазТАГ) бас редактор болып iстеген. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесiнiң аға кеңесшiсi, аға референтi қызметтерiн атқарған. Кезiнде оқырман жүрегiне жол тапқан, өмiрдiң өзектi мәселесiн көтерген «Өркениет–Горизонт» газетiнiң бас редакторы, «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясының вице-президентi лауазымын атқарған.

Шымкентте шулы оқиғалардың арасында жүретiн, ең алдымен, қала әкiмi.

Бұрынғы қала әкiмi Өмiрзақ Әмет өз қызметiнен неге кеттi?

Бұл сұрақтың түйiнiн шешуге көпшiлiк ынтық. Әметтiң айналасында әңгiме көп. Өз орынтағында 7-8 айдай-ақ отырды. Не бүлдiрiп қойғанын қайдам, ол да бұрынғы қала әкiмдерiнiң кебiн кидi. Ашығы, Өмiрзақ Әмет пен Болат Жылқышиевтiң ара-қатынасы дұрыс бола қоймады. Кiм бiледi, Әметтiң басшы болып келе сала өзiн-өзi жарнамалап, қаланы «Парижге» айналдырамын деп үнемi БАҚ пен теледидардан түспеуi көзге оғаш көрiнген шығар. Облыс көлемiндегi тендер кезiнде де дау-дамай болған дейдi. Жолақының қым¬баттауы да екi дәудiң арасында дүрдараздық туғызған. Қала мен облыс басшысының келiспейтiн мәселелерi көп. Екеуiн ымыраға шақырып, татуластыруға ұмтылған ел ағалары да болыпты деседi. Кейбiр дуалы ауыздардың айтуына қарағанда Әметтiң қызмет мәселесi Астанада шешiлiп қойылған дейдi. Шөкеев қызметке келген күннiң келесi аптасында қала әкiмi Әметтiң атқарған көп тiрлiктерiне көңiлi толмайтынын ашық айтты. Жетiм-жесiрлерге арнайы салынған «Достық» мөлтекауданындағы үйлерге қатысты, қаланы сәулеттендiру жұмыстарына қатты сын айтты. Осы жағдайдың өзi Өмiрзақ Әметтiң қызмет мәселесi таяу күнде шешiлетiнiн байқатты. «Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды» деген әңгiме расқа айналды.

Қаланың жаңа әкiмi болып, бұрын да осы қызметтi атқарған Анарбек Орман тағайындалды. Бұл азамат оңтүстiкте ең беделдi тұлғалардың бiрi. Кезiнде облыс әкiмiнiң орынбасары сынды лауазымды да атқарған. Қазiр қалада қордаланып қалған мәселелердi шешумен айналысуда. Тазалық, базарларды көшiру проблемалары әлi де түйiнiн таппай отыр. Қала басшысы осы келеңсiздiктердi жоюды мықтап қолға алған сыңайлы.

Айқай-шу шыққан Оңтүстiк Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментiнiң директоры қызметiне Вячеслав Дудник келдi. Жергiлiктi кадрларға бұл тақ бұйырмады. Дудник медицина ғылымының докторы екен. Бұған дейiн Астана қалалық Денсаулық сақтау департаментiнiң директор қызметiн атқарыпты. Медицина саласына басшылыққа келген Дудник оңтсүтiкте өршiген ВИЧ/СПИД инфекциясының шуын тоқтатады деген үмiт бар. Дегенмен бұл кадрдың қазақ тiлiн меңгеруге мүмкiншiлiгi болмас. Тек қана ұлттық тiлiмiз денсаулық саласында өгейсiп қалмаса болғаны. Жұртты толғандырып жүрген де осы мәселе. Астана қаласынан келген кадрлардың бiрi – Жолдымұрат Аманбаев. Ол Оңтүстiк Қазақстан облысы экономика және бюджеттiк жоспарлау департаментiнiң директор қызметiне келдi. Ол қаржы саласында ұзақ жыл iстеген тәжiрибелi маман көрiнедi.

Бiрқатар аудан әкiмдерiн қайта тағайындау қолға алынды. Н.Жолдасов – Сарыағаш ауданының әкiмi, Ұ.Сәдiбеков – Бәйдiбек ауданының әкiмi, Ә.Құртаев – Отырар ауданының әкiмi, С.Ибадуллаев – Шардара ауданының әкiмi, Тұрабаев – Кентау қаласының әкiмi. Басқа да аудандарда атқамiнерлердiң тағдыры шешiлiп жатыр. Оңтүстiкте төрт ауданда әкiмдер сайлауы өтедi. Бiрқатар әкiмдердiң қайта атқа қонатын мүмкiндiктерi бар.

Шымкентте болып жатқан елеулi оқиғаларға ел құлағын түрiп отыр. «Сыбырлағанды Құдай да естидi» демекшi, «Ақ үйдiң» алдына адамдардың топтанып жиналуы сирек болса да кездесiп отыр. Кезiнде мұндай оқиғалар оңтүстiкте болмай қалған жоқ. Тiптi Сапарбаевтың кезiнде аналар Астанаға да барып, жәрдемақы жөнiнде шу көтерген. Тыныш елдiң берекесiн алу кейбiр саяси топтардың мүддесi де болуы ықтимал. Дегенмен арандатушылықтың ақыры жақсылыққа апармайды. Қызмет ешкiмнiң әкесiнен қалған мұра емес. Ол үшiн «Ақ үйдiң» алдына адамдарды топтастыру татулыққа сызат түсiредi. Ашуды ақылға жеңдiргеннен ұтпасақ ұтылмаймыз. «Дұшпан iздеме, өзi-ақ тауып алады» деген даналық сөздi үнемi есте сақтап жүрген жақсы шығар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары