ӘКIМДЕР АУЫЗАШАР БЕРДI

ӘКIМДЕР АУЫЗАШАР БЕРДI

ӘКIМДЕР АУЫЗАШАР БЕРДI
ашық дереккөзі
415

Қасиеттi Рамазан айында Алматы қаласы әкiмдiгi мен Стамбұл қаласының Бағжылар және Зейтiнбұрны аудандарының әкiмдiктерi бiрлесiп, Ритц-Палас ойын-сауық орталығының мейрамханасында 1000 адамға «Ауызашар» бердi. Айтулы дiни-рухани шараға қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi, Түркиядағы Бағжылар ауданының әкiмi Фейзуллах Қиықлық, Зейтiнбұрны ауданының әкiмi Мұрат Айдын қатысты.

Бұл ауызашар бауырлас екi ел арасындағы ынтымақ пен рухани тұтастықты нығайта түсуге негiзделген. Онда қала тұрғындары мен Түркиядан келген қонақтар бiр үстөл басына жайғасып, имандылық жайлы әңгiме дүкен құрды. Жиналған жұртшылықты Қасиеттi Рамазан айымен құттықтаған Иманғали Тасмағамбетов: «Республика бойынша 2000-ға жуық мешiт күмбездерi бой көтердi, бiрнеше қасиеттi Құранның тәржiмасы қазақ тiлiне аударылды. Көп жастарымызға арман болып жүрген Түркия, Сауд Арабия, Мысыр сияқты мемлекеттерде дiнтану iлiмiн алуға қол жеткiзiлдi. Мұның бәрi тәуелсiздiктiң, елiмiздiң өркендеп өсуiнiң арқасында деп санаймыз» – дей келе: «Дiн негiзi – имандылық. Имандылықты халықтың жүрегiне ұялата бiлсек, бiздiң рухани болашағымыз да өте жарқын. Ұстап отырған оразаларыңыз қабыл болсын!» – деп, сөзiн аяқтады. Өз кезегiнде Түркиядан келген әкiмдер де елiмiзге деген жылы iлтипаттарын бiлдiрдi. Зейтiнбұрны ауданының әкiмi Мұрат Айдын: «Түркияда 400 мыңнан астам қазақ тұрса, бiздiң ауданда 12 мыңға жуық қазақ мекендейдi. Тiптi, менiң бiрiншi орынбасарым да – қазақ. Сондықтан бiздiң де өз ұсынысымыз бар. Алдағы уақытта қазақ бауырларымыз да Стамбұл қаласында бiр ауызашар берсе игi» – деп, сөзiн қайырды. Бұл сөзден кейiн қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласы әкiмдiгiнiң келесi жылы Стамбұлда ауызашар беретiнiне уәде еттi. Түркиялық қонақтар бұл сөзге ырза болды.

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi де түрiк жағына үлкен ризашылығын бiлдiрдi. Естерiңiзге сала кетсек, Рамазан айының қарсаңында Түркия Қазақстанға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бiрнеше тал сақал-шәрiфiн сыйға тартқан едi. Бұл орайда Әбсаттар қажы Дербiсәлi: «Өздерiңiзге де белгiлi болар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) киелi тәбәрiгi Стамбұлда сақталған. Онда 24 сағат бойы қарилар Құран оқиды. Бiз түрiк бауырларымыздың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бiрнеше тал сақал-шәрiфiн сыйлағанына ризамыз. Екi ел арасындағы рухани ынтымақ жалғаса бергей!» – дедi.

Ауызашар кешiнде Қазақстан жағынан танымал әншi, айтыскер ақын Жәкен Омаров өнер көрсеттi. Оның дiни сарындағы әндерi түркиялық қонақтарды ерекше ықыласқа бөледi. Ал, түрiк жағынан «Тасқын Сауаш» дiни әуендер ансамблi мен Меһтеран сазды-әуендер ансамблi өнер көрсеттi. Бұндай игi шаралар жалғасын табады деп күтiлуде.

Әлемде қала әкiмдерiнен бастап ел басшыларына дейiн жылда ауызашар берiп тұрады. Мәселен, бұрнағы жылдары Ресей президентi Владимир Путин мен АҚШ президентi Джордж Буш ел мұсылмандары мен Ислам дiнiн ұстанатын мемлекеттерден келген елшiлерге ауызашар бердi. Бұл игi бастама тағы да жалғасын таппақ. Тек бiз ғана үнсiзбiз. Бұған себеп не: «көпдiндiлiк» пе, әлде…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары