«БОЛАШАҚТАН» ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ БАҚТАЛАСЫ

«БОЛАШАҚТАН» ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ БАҚТАЛАСЫ

«БОЛАШАҚТАН» ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ БАҚТАЛАСЫ
ашық дереккөзі
249

Дәл қазiр «Болашақ» стипендиясына лайық жастардың құжат тапсыру науқаны қызу жүруде. 1993 жылы Елбасы бекiткен «Болашақ» бағдарламасына үкiмет жыл сайын бөлiнетiн қаржыны да өсiрiп жатыр. Нәтижесiнде шет елде бiлiмiн жетiлдiргiсi келетiн үмiткерлердiң саны уақыт өте келе көбею үстiнде. Демек кез келген 18 жасқа толған және ҰБТ-дан кем дегенде 90 балл жинаған Қазақстан азаматы құжатын тапсырып, бағын сынауына және әлемнiң 30 елiнде бiлiм алуына құқы бар.

Бiлiм және ғылым министрлiгi баспасөз өкiлi хабарлағандай, бұған дейiн шет елде 800-ге жуық қазақ жастары бiлiм алған. Ал 2005 жылдан бастап шет елде кадр дайындау жөнiндегi комиссия шешiмi бойынша 1800-дей азамат «Болашақ» стипендиясына тағайындалып отыр. Биыл құжат қабылдау екi кезеңнен тұрады. Бiрiншi кезең көктемде өтсе, екiншi кезеңге өтiнiш құжаттарын қабылдау қыркүйектiң 15-нен басталып қазанның 16-на дейiн жалғасады. Айта кетерлiк жәйт – үмiткерлердiң әлi де болса құжат жинау немесе оны толтыру кезiнде жiберген қателiктердiң салдарынан кейбiреуi қайтарылып жатады екен. Оның үстiне елiмiзде алған мамандығына қарамай Ұлыбритания, АҚШ секiлдi елдердегi мүлдем басқа мамандыққа түскiсi келедi. Сондықтан олар қай елде бiлiм алғысы келсiн, алдымен өзiнiң бакалавриаттық бiлiмiне сәйкес таңдауы қажет. Министрлiктегi мамандар бұл бағдарламаға Қазақстанның кез келген азаматы тапсыра алады десе де, бiр өкiнiштiсi, ауыл жастарына ешқандай квота қарастырылмаған. Сонда жаңағы айтқан 1800 орынға кепiлдiкке қоятын мүлкi жоқ талапты, бiлiмдi, бiрақ әлеуметтiк жағдай орташа отбасылардың балалары iлiге ала ма?

Ал «Болашақтан» дәмелi жастар үшiн мемлекеттiк тiлден өткiзiлетiн кiшi емтихан тапсыруды алып тастаған министрлiктегiлер әңгiмелесу былтырдан берi қазақ тiлiнде де өтедi дейдi. Бiрақ ол қазақ па, басқа ұлт өкiлi ме, қай тiлде жауап берем десе де өз ерiктерiнде. Алайда, жастардың қазақ тiлiн бiлгенi жөн деген сөз құр жай сөз болып қалғаны осыдан аңғарылады. Ұлты – қазақ па, әңгiмелесудi де, құжатын да қазақша өткiзуi керек емес пе?! Қойылып жатқан талаптың босаңдап кеткендiгi мемлекеттiк тiлдiң қажетсiздiгiне әкелмей ме деп қорқасың кейде. Соңғы кезде осы бағдарлама негiзiндегi тiлге қатысты мәселе депутаттар арасында да көтерiлiп жатыр. Бiрақ әзiрге «Мемлекеттiк тiл» деп шырылдағандардың жанайқайына құлақ асып жатқан министрлiктi байқай қоймадық. Керiсiнше тестiлеу мен әңгiмелесу өзiнiң таңдаған елiнiң тiлiнде жүргiзiледi екен. Бүгiнде жастар ана тiлiн бiр шетке ысырып қойып, шет елдiң тiлiн меңгеруге белдi буып кiрiскен. Себебi, биыл тiл емтихандарының баллдары жоғарылап, бакалавриат пен магистратура бағдарламасында гуманитарлық, техникалық, медициналық мамандықтары үшiн 450 емес, 500, ал 500 баллдың орнына 560 балл жинауы тиiс.

«Болашақ» бағдарламасына 2006 жылы 9 млрд. 78 млн. теңге бөлiнсе, 2007 жылға 11 млрд. теңге жоспарланып қойыпты. Демек, қаражаттың бүйiрi жыл сайын томпайып келедi. Бұл қаржымен Үкiмет шет елге бiлiм алуға аттанған жастардың оқуын, жатын орнын, интернет, кiтапхана қызметiнiң ақысын, медициналық сақтандыруын, тiптi жеке басына қажеттiлiгiн де толық қамтамасыз ете алады. Алайда, бұл 1999 жылдың 7 маусымдағы ҚР Бiлiм туралы Заңына сәйкес (№389-I) әр мемлекеттiң өз қаржысына, яғни, кiмнiң қай елде бiлiм алатынына қарай белгiленген. Дегенмен шет елде бiлiм алған кез келген стипендия иегерi Қазақстанда кемiнде 5 жыл жұмыс iстеуi тиiс десек, қазiр бұл талап алынып тасталыпты. «Ол қай жерде жұмыс iстесе де, елiмiзге қызмет атқарса болғаны. Тiптi, шет елде қалып қойып жатса, келiсiм-шартқа байланысты оқуға бөлiнген қаражатын қайтаруы тиiс»,– дейдi министрлiктегiлер. Бiрақ болашақтықтар жинаған бiлiмiнiң қызығын елiмiзге көрсете ме, әлде игiлiгiн басқа ел көре ме? Осы жағы тұманды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары