КРЕМЛЬ ЫҚПАЛЫНАН АРЫЛУ НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДЫҢ АМАЛДАРЫ
КРЕМЛЬ ЫҚПАЛЫНАН АРЫЛУ НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДЫҢ АМАЛДАРЫ
Кеңес одағы ыдырағаннан берi тәуелсiздiкке қол жеткiзген он бес шақты мемлекет ұлттық мәселелерiн ту етiп, «бiр ұлт – бiр тiл – бiр дiн» қағидасы бойынша дербес шаңырақ құрып келедi. Олардың ұлттық мемлекеттiң негiзiн қалап жатқандарына да 15 жылға таяпты. Рас, тарих өлшемi үшiн бұл көп уақыт емес. Бiрақ жаһандану заманында әрбiр сәттiң қымбат екенiн бiлетiн тәуелсiз елдер экономикалық дамумен қатар ұлттық тұрғыдан қалыптасуды да басты назарға алғандай. Бұл орайда олардың басты мақсаты – Кеңес одағының жалғыз мұрагерi Ресейдiң шекпенiнен шығу, Кремльдi бiр орталықтан басқаратын әдетiнен арылту, орыс тiлiнiң ықпалынан айығу…
«Информбюро» жаңалықтар қызметiнiң қазақ редакциясы (31 телеарна) хабарлағандай, таяуда Ресейде «Орыстар кiмдердi жек көредi?» деген сыңайда арнайы сауалнама жүргiзiлiптi. Сөйтсе орыстардың басты «жауы» – грузиндер екен. Екi елдiң арасындағы теке-тiрес орыстардың грузин ұлтына қырын қарауына әкеп соқса керек. Сол сияқты ресейлiктер бауырлас славян халықтарынан да күдер үзе бастағандай. Украинаның Батысқа ұмтылысы, Белоруссияның «Ресеймен бiр одаққа кiремiз» деп жүрiп, бұл ойынан кенеттен бас тартуы – Кремльдiң бас ауруына айналды. Айтпақшы, жоғарыда айтылған сауалнама қорытындысы Қазақстан билiгiне де жақпауы мүмкiн. Себебi орыстардың 10 пайызы ғана қазақтарды «құрметтейтiн» көрiнедi. Ал, ресейлiктердiң қалған 90 пайызы сонда қазақты жақтырмай ма?! Түбi мен дiнi, тiлi мен дiлi бiр болмаса да, Ресейдiң әрбiр ұсынысына «ләппайлап», оның қолтығының астына су бүркiп жүрген бiр ғана мемлекет бар. Ресейдiң империалистiк «ауруын» қоздырып, ел аумағында орыс тiлiне бар жағдайды жасап отырған да сол баяғы – Қазақстан. Қазiргi саяси жағдайымыз да Кеңес Одағынан аумайды: баяғыша орталық партияларды дәрiптеу, көпұлттық саясатты насихаттап, жоқ жерден «130 ұлтты һәм 46 дiндi мемлекетке» айналу, тағысын тағылары. Сыртқы саясат түгiлi iшкi саясаттың орысша сөйлеп жүргенiне не дерсiз?! Рас, елiмiз мұнайдың арқасында талай экономикалық жетiстiктерге жеттi. Бiрақ ұлттық тұрғыдан қарағанда, бiз Украинадан да, Грузиядан да, Өзбекстаннан да арттамыз. Себебi бiздiң ортақ тiлiмiз бен дiнiмiз мемлекеттiк деңгейде қалыптаспаған. Ал, бұл мәселелер – мемлекет болып қалыптасудың, ұлт болып ұюдың басты нысандары.
Ал, нағыз мемлекет төмендегiдей құрылады екен.
Украинада тiл мәселесi әсiресе соңғы он жыл iшiнде қатты ушығып кеттi. Нағыз Кеңестiк үлгiдегi басшы Кучма 90-шы жылдардың орта шенiнде орыс тiлiне ресми мәртебе берiлетiнiн ерiксiз тiлге тиек еткен едi. Бұл Украинаның Ресейдiң етегiне жармасып отырған кезеңдерiнде орын алған жәйт. Бiрақ кейiн билiкке Кремльден тәуелсiз болуды және ұлттық мемлекет құруды көздейтiн Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенконың тобы келдi. Украинаны тiлдiк тұрғыдан барынша «тазартып» келе жатқан да осылар… Бiр қызығы, Кучманың кезiнде орыс тiлiне қатысты көптеген уәделер берiлсе де, олардың бiрде-бiрi орындалмаған едi. Тiптi, 2000 жылдан берi Украинаның орыс тiлiнен айығу процесi ерекше қарқынмен жүргiзiлiп келедi. Уәде демекшi, таяуда байбаламшыл украиндық орыстарға ел Үкiметi «үлкен уәде» бердi: 2011 жылы Украинада орыс тiлiне «мемлекеттiк мәртебе» берiледi-мiс. Бiрақ iс жүзiнде бәрi де керiсiнше болып жатыр. Украинада орыс тiлiнiң тынысы да күн өткен сайын тарылып барады:
19 қазан, 2000 жыл. Украинада «Аргументы и факты на Украине» және «Известия–Украина» атты аралас газеттер ресми түрде жабылды. Бұл туралы шешiмдi елдiң Ақпараттық саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi қабылдаған. Себеп – Ресейде немесе өзге елдерде тiркелген басылымдарды Украинаның баспасөз жөнiндегi министрлiгi қабылдамайды.
16 маусым, 2000 жыл. Львовтағы қалалық кеңес «Қаланың дыбыстық ортасын қорғау жөнiндегi» арнайы заң жобасын қабылдаған. Ол бойынша қоғамдық жерлер мен сауда-саттық орталықтарында дыбыстық әндер 70 децибелден аспауы керек, оның үстiне аталған заң орыстiлдi әндердiң орындалуы мен трансляциясына «мораторий» жариялады.
10 қазан, 2000 жыл. Украинада «Русское радионың» ретрансляциясына тыйым салынады. Бұл орайда Телевидение мен радиожелiсiнiң мәселелерi жөнiндегi Ұлттық кеңес «Русское радионы» ретрансляциялап жүрген украиндық радиостансаларына ресми хаттама жiберген.
16 сәуiр, 2004 жыл. 19 сәуiрден бастап Украинада мемлекеттiк тiлдi қолданбайтын бұқаралық ақпарат құралдарын тiркеу тоқтатылады. Бұл игi шара сол кезде премьер-министр қызметiн атқарған Виктор Януковичтiң бастамасымен жүзеге асқан. Орыстiлдi БАҚ-тар: «Янукович бұл шешiмдi президент сайлауында украин ұлтшылдарының дауысын алу үшiн қабылдады» – деп шулаған едi.
29 сәуiр, 2004 жыл. Жаңа жылға дейiн елдiң телевидениесi мен радиостансалары мемлекеттiк тiл – украин тiлiне өте бастады.
2 маусым, 2005 жыл. Жоғарғы Раданың Ғылым және бiлiм жөнiндегi комитетi орыстiлдi мектептердi бiтiрген оқушыларға университетке түсу емтиханын орыс тiлiнде тапсыруға тыйым салды. Бұл ұсынысты Бiлiм министрлiгi құп алып, бұл бастаманың iс жүзiнде толықтай жүзеге асатынына сендiрген. Бұдан бұрын ел президентi Виктор Ющенко орыс тiлiнiң қудаланбайтынын айтса да, iс жүзiнде ел аумағында жалпыұлттық украиналандыру процесi жүрiп жатыр.
1 қыркүйек, 2005 жыл. Украинада сот iстерi мемлекеттiк тiлi – украин тiлiнде жүргiзiле бастайды. Оның үстiне мемлекет басшысы Виктор Ющенко Iшкi iстер министрлiгiнде тек қана украин тiлiнiң қолданылуын талап еттi.
28 сәуiр, 2006 жыл. Үкiметтiң қаулысына орай шетелде шығарылған әрбiр бесiншi фильмнiң көшiрмесi украин тiлiне аударылуы тиiс. Бұл орыстiлдi кинематографистердiң шымбайына тисе де, үкiметтiк қаулыға бәрi де бағынып отыр.
19 мамыр, 2006 жыл. Бұдан бұрын Украинаның Харьков, Луганск, Севастополь мен Донецк облыстарында орыстардың ықпалымен орыс тiлiне «аймақтық тiл» мәртебесi берiлген болатын. Ел президентi Ющенко бұл iстi Бас прокуратураның қарамағына жүктейдi. Өз кезегiнде Бас прокуратура «Аталған облыстар бұл шешiмiнен бас тартпаса, iстiң сотқа берiлетiнiн» жариялайды. Ал, Тимошенко болса, тiлдiк сепаратизмнiң тоқтатылуын талап еттi.
23 тамыз, 2006 жыл. Украинаның оңтүстiк-шығыс бөлiгiнде көбiне орыстiлдi азаматтар тұрады екен. Бiрақ онда болып қайтқан Үкiмет басшысы Виктор Янукович: «Мұнда орыс тiлiнiң проблемасы жоқ, есесiне украин тiлiнiң мәселесi шаш-етектен» – деп мәлiмдеген. Бұл орайда аймақта украин тiлiн дамыту үшiн премьер арнайы бағдарлама қабылдау қажеттiгiн айтыпты.
27 қыркүйек, 2006 жыл. Юлия Тимошенко блогiнiң парламенттiк фракциясы Жоғарғы Радада депутаттарға мәселенi орысша көтерiп, орысша сөйлеуге тыйым салуды ұсынады.
Украинадағы мемлекеттiк тiл – украин тiлiнiң жалпыұлттық деңгейге жетуi үшiн күрес әлi де жалғасып келедi. Алдағы оншақты жыл iшiнде ел аумағында нағыз украин ұрпағы қалыптасуы бек мүмкiн: Бiр тiлде сөйлейтiн, бiр дiндi ұстанатын… Украинаның тiл мәселесiне бiлек сыбана кiрiсiп кеткенiне ешкiм де ештеңе де жасай алмайды. Бұл, тiптi, адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдардың да шаруасы емес. Өйткенi әрбiр мемлекет өз тiлi мен дiнiн ұстануға құқылы. Бiр айта кетерлiгi, қазiрдiң өзiнде Латвия мен Литвада аға ұрпақ орыс тiлiн бiртiндеп ұмытып жатса, жас ұрпақ орыс тiлiнiң не екенiн бiлмейдi де. Дәл осындай ұрпақ ертең Украина, Грузия, тiптi, түркi тiлдес Өзбекстан мен Қырғызстанда да қалыптасуы мүмкiн. Орыс тiлiнiң гегемониялық тынысы осылайша тарылып барады. Содан болар, соңғы уақытта орыстiлдi азаматтар тым байбаламшыл болып барады.
Қазақстанда орыс тiлiнiң айдарынан жел ескен. Елiмiзде орыстiлдi ақпарат құралдарының көптiгi соншалықты, тiптi, елiмiздi «Ресейдiң губерниясы» деп мазақтап жүрген жандар да бар. Оның үстiне Қазақстанда ашылған орыстiлдi газет-журналдарға Ресейде тiркелген басылымдардың қосымшаларын қосыңыз. Қосымша басылымдар азаюдың орнына жаңадан өкiлдiктерiн де ашып жатыр. Елiмiзде тiркелген орыстiлдi ақпарат құралдарының қосымшалары аз едi, ендi жаңадан «Огонек» журналының да қосымшасының ашылатынын орыс редакторлары арнайы баспасөз мәслихатында айтып кеткен.
Үкiмет те, Парламент те, билiктiң өзге тармақтары да көбiне орысша сөйлейдi. Кезiнде Жириновский: «Айттым ғой, олардың ана тiлi де жоқ, әйтпесе мына наразылық қағаздарын неге қазақша жiбермейдi?» – деп, күлгенi ел есiнде. Айтқандай-ақ, сыртқы саясатымыз да әлi күнге дейiн орысша шүлдiрлейдi. Осындайда Парламентте Юлия Тимошенко сияқты ұлтжанды ханымдардың болмағанына қынжыласың. Есесiне Парламенттегi кейбiр депутат-ханымдар Шахановтың көтеретiн ұлттық мәселелерiн қағытып сөйлейтiн болған. Тiлi қазақшаға бұралмайтын министрлер де елiмiзде жетiп артылады.
Ұлттық мәселенiң басты жауы – жалпақшешейлiк саясат. Осындай саясатты пайдаланып, елiмiзде түрлi ағым-секталар да етек жайып барады. Алматы облысында 47 гектар жердi иемденген «Кришнаны тану қоғамы» бекiнiп отыр. Жергiлiктi билiк үш жылдан берi олармен соттасып, заңсыз алынған жерлердi Облыстық жер қорына қайтара алмай келедi. Бұл аздай кейбiр ағым өкiлдерi оқу орындарының табалдығын тоздырып, кiтап таратумен қатар, сол оқу орындарында қазақтың дiнiн бұрмалап, диссертациялар қорғауды бастап кеткен. Оған қазақ баспасөзiнде талай жазылған американдық миссионер Чарльз Уеллердiң диссертациясы куә. Қазақ ұлттық университетiндегi дардай профессорлардың қолдауымен қазақты «мәсiхшiл» етiп шығара жаздаған миссионердiң пиғылын тиiсiлi орындар қайтарғанға ұқсайды. Әйтпесе миссионерлердiң ғылыммен айналыса бастауы – үлкен қатердiң басы ғой.
Түйiн. Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамындағы ұлттық өкiлдiктер баспасөзде «Супер этнос – казахстанская нация» атанып жүрген мәселенi дәрiптеп-ақ келедi. Соңғы кездерi, тiптi, Ресейдiң БАҚ-тары да Қазақстан халқын «казахи» деп емес, «казахстанцы» деп айдарлап жүр. Осыған қарап, қарапайым қазақ азаматтарының да ашу-ызаға булығып жүргенi байқалады. Қазақ халқы өз елiнде ұлттық құндылықтарының әдейi кейiнге шегерiлiп жүргенiн бiледi, түсiнедi, ызаланады… Халықты ашу кернеп жүр. Бiрақ билiкке қазiр өз халқының емес, өзге жерлерде Отаны бар азшылықтың қамы ғана маңызды сияқты…
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА