БАРЛЫҚ ҚАНДАСТЫҢ БАСЫН ҚАЗАҚ ТIЛI БIРIКТIРЕДI

БАРЛЫҚ ҚАНДАСТЫҢ БАСЫН ҚАЗАҚ ТIЛI БIРIКТIРЕДI

БАРЛЫҚ ҚАНДАСТЫҢ БАСЫН ҚАЗАҚ ТIЛI БIРIКТIРЕДI
ашық дереккөзі
283

Астанада өткен қазақтардың III Дүниежүзiлiк Құрылтайына да бiр жыл толыпты. Осы Құрылтайда шет елдегi қазақ диаспорасымен қарым-қатынасты одан ары нығайтуға байланысты мiндеттер жүктелген-дi. Соның нәтижесi ретiнде Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл, ақпарат және мұрағат комитетiмен бiрлесе отырып, бiрнеше игi шараға мұрындық болды. Әуелгi шара «Атамұра – ардағым» деген атпен Қытай Халық Республикасында тұратын қазақ диаспорасының өкiлi, ерлi-зайыпты суретшi Ербол Бихамитұлы мен Ғалия Ахмерқызының сурет көрмесiнiң ашылуынан басталып, «Тәуелсiз елiм – асқар белiм» халықаралық жыр мүшәйрасына жалғасты. Ал қандастарымызға қатысты ең өзектi мәселелер – «Шетелдегi қазақтар: тiл және ақпарат» тақырыбындағы дөңгелек үстелге арқау болды.

Бұл тақырып күнi бүгiн ғана емес, талай жылдан берi өзектiлiгiн жойған емес. Өйткенi, басқосуға жиналған шет елдегi диаспора өкiлдерi мен тiл жанашырлары ақпарат кеңiстiгi, тiл мәселесi жайында шыр-пыр болып, бұрыннан үн қосып-ақ келедi. Бiрақ аталған мәселенi қанша рет көтерсек те, маңызы да соншалықты. Мiне, тағы да Қауымдастықтың төралқа төрағасының орынбасары Т.Мамашевтың төрағалық етуiмен қоғамдық ұйымдар, министрлiк мамандары мен Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Еуропа елдерiнде тұратын қазақ диаспорасының өкiлдерi осы тақырып аясында өз ойларын ашық бiлдiрiп жатты. Тiл – ең бiрiншi байланыс құралы. Әр елдiң өз тiлi қуатты құрал болып табылған жағдайда, сол елде екiншi мемлекет тiлiнiң өшуi ғажап емес. Сондықтан кез келген ұлт үшiн тiл – ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, ал мұны мирас ретiнде құрметтеу, сөндiрмеу кейiнгi өскелең жастарға артқан сенiм. Өз елiмiзде әлi де екiншi тiл дәрежесiнде жетiмсiреген қазақ тiлi сонау шет елде де осы күйдi басынан кешуде. Бұған себеп, әлеуметтiк орта мен жаһандану заманының қазақ тiлiн қажеттiлiкке онша санамауы. Мiне, осының салдарынан елден жырақта жүрген қандастар мен олардың ұрпағы да өз ортасында ана тiлiнен бiрте-бiрте алшақтап барады. Тiптi, кейбiр елдерде ана тiлiн ұмыту қаупi де туындап отыр. Мәселен, шамамен 2 миллион қазақ тұратын көршiлес Қытайда қазақтiлдi кейбiр мектептердi жауып, ханзу, ұйғыр тiлiндегi мектептерге қосып жiберген. Ұлттық мектептiң тамырына балта шабылған соң жергiлiктi билiк мекемелерiнде де қазақ тiлiнiң қолдану аясы әп-сәтте тарылып кетiптi. Дей тұрғанмен сүйсiнетiн игi iстер де жоқ емес. Соның бiр дәлелi – қазақтiлдi ақпарат жүйесiне бай бұл елдiң Шыңжан аймағында таза қазақ тiлiнде екi телеарна жұмыс iстесе, бiрнеше газет-журнал өз тiлiмiзде жарық көредi. Қытай диаспорасының өкiлi Жақсылық Сәмитұлы мұнымен қоса қазақ тiлiнде кiтаптар басып шығаратын бiрнеше баспаның шама-шарқынша жұмыс iстейтiнiн алға тартты. Ал екiншi көршiмiз – Өзбекстанда мектеп, оқулық мәселесi жиi көтерiлiп-ақ жүр. Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Үсен Асқаровтың айтуынша, өзбек ағайын латын әлiпбиiне көшкелi қазақ мектебi қысқарып, қандастар не iстерiн бiлмей абдырап қалған. Оқушы тек 9 сыныпқа дейiн қазақ тiлiн оқығанмен, 10-11 сыныпқа келгенде қазақ мектебiнiң жоқтығынан өзбек тiлiндегi мектепке ауысуға мәжбүр. Оның үстiне қазақ тiлiндегi оқулық мәселесi екi ел министрлiгi арасындағы байланыс арқылы шешiмiн таппай жатқаны да қынжылтады. Қазақстанда басылған оқулықтар өзбек оқулығымен тура келмейдi екен. Сондықтан бiздегi оқу құралдары Өзбекстанда басылып, таратылса деген ұсынысы тағы бар. Ендiгi бiр жәйт – қандастар қазақтiлдi ақпарат құралдарын (радио, теледидар) көрiп, тыңдасақ деген ниетiн бiлдiрiптi. Үсен Асқаров қазақ теледидар қызметiн жүйеге қосу үшiн 2 мың доллар қаржы керегiмен қоса, 1991 жылдан берi республикаға тарайтын «Нұрлы жол» газетiнiң де тиражы азайып бара жатқанын тiлге тиек еттi.

Ал Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының өкiлi Хабсатар Омар мұнда қазақ тiлiндегi электронды ақпарат құралдары жеткiлiктi дейдi. Бiрақ қазақ тiлiндегi фильмдi түнгi сағат 12-ден кейiн көрсетiлетiнi өкiнiштi дей келе, Голливуд киноларын қазақ тiлiне аударып көрсетсек деген пiкiрiн ортаға салды. Ол сондай-ақ талайдан берi уәде берумен ғана шектелген баспа ашу мәселесiнiң сол күйiнде қалғанына ренжiгендей болды. Бұл мәселенi дереу қолға алуға тырысып бағамыз деген Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек ұсынысты хат жүзiнде жазуыңызға әбден болады дедi. Ал Ақпарат және мұрағат комитетiнiң басқарма бастығы Жолдыбай Кенжеболат жасаған баяндама электронды ақпарат құралдарына негiзделiп, көршi жатқан елдiң көбi бiздiң қазақ тiлiндегi жаңалықтар мен хабар арқылы елiмiздiң тыныс-тiршiлiгiмен жете танысуға мүмкiндiк алғанын айтып, бүгiнде 93 миллион көрерменнiң қазақстандық қазақ, орыс, ағылшын тiлiнде хабар тарататын алғаш спутниктiк «Каспионет» тележобасына көзайым болды десе, Стамбулдан келген Дервиш мырза мұндағы кiтапхана кiтап қорына бай болғанмен, оны жастар оқи алмайды, қолына алып қарайды да, орнына қоя салады дегендi айтады. Демек, барлық мәселе әлiпбиге келiп тiреледi. Қазiр кириллица, төте (араб) жазу, латын әлiпбиiнiң қолдануы аясын салыстырсақ, көп мемлекет соңғысына көшiп үлгерiптi. Әйтеуiр күндердiң күнiнде латын әлiпбиiне көшетiнiмiз анық дейтiн халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының президентi Ө.Айтбайұлы бiз түгiлi Ресейдiң ғалымдары да латын әлiпбиiне көшудiң жолын қарастырып жатыр дейдi. Айтып, айтпай не керек, осы әлiпбиден туындайтын терминология мәселесi де көптен ел аузында. Бүгiнде Терминология комитетi аударуға келетiн немесе келмейтiн халықаралық терминдердi қалай болса солай тәржiмалауға ұста болып алған сыңайлы. Кейбiр сөздер мағынасымен астаспай, ұғымымен үйлеспей, қандастарды шатастыратын жағдайға әкелген. Осы термин мәселесiне сақтықпен қарауды өтiнген олар бiраз дәйекпен сөздерiн дәлелдеуге тырысты.

Дөңгелек үстел үлкен пiкiр-талас пен нақты талап-тiлектiң негiзiнде өрбiдi. Т.Мамашев әрбiр елдiң диаспора өкiлi айтқан өзекжарды ұсынысын қорытындылап, алдағы уақытта Көшi қон комитетiмен бiрлесе отырып шешетiндiгiн айтса, комитет төрағасы Ж.Әбдиев те өз кезегiнде қолдан келген барлық амалды iстеп бағатынын жеткiздi. Тiл және ақпарат кеңiстiгi мәселесiн талқылауға арналған басқосу барысында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының тiкелей қолдауымен «Атажұрт» баспасынан шыққан «Әлем қазақтары Астанада бас қосты» атты кiтаптың, Рамазан Жәшиевтiң Түркия, Еуропа елдерi қазақтарына арнап құрастырған «Қазақ тiлiнiң әлiпбиi» компьютерлiк курсының компакт-дискiсi мен шет елдегi қандастардың ән-жыры жинақталған «Алыстан жеткен әуен» ән дискiсiнiң де тұсаукесерi «бiсмiлләмен» өткiзiлдi. Бұл алғашқы еңбектiң нәтижесiнiң тамшысы ғана, алда осы бағытта атқарылатын талай бастамаға мұрындық болып, қауымдаса жұмыс iстеймiз дейдi ұйымдастырушылар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары