СЫБЫЗҒЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ

СЫБЫЗҒЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ

СЫБЫЗҒЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
644

Соңы. Басы өткен сандарда.

Иранға келген аз ғана уақыттың қалай өтiп кеткенiн байқамай қалыппыз. Бас сұққан шаңырағыңнан қайта шығу да оңай емес. Сандық түбiнде қалып сарғайып кеткен, болмаса қолдан қолға өтiп әлдеқашан түте-түтесi шыққан, әке-шешелерi туралы қағаздарды алдыңа тарта отырып есте қалған әңгiмелерiн айтады. Шама келсе қағаз бетiне түсiруге тырысамыз. Бiр бет қағаздың да, бiр жапырақ шүберектiң де өзiндiң тарихы, таусылмас жыры, жүрегiңдi тiлгiлеп өтетiн мұңы бар. Тамағына өксiк тығылып, жасын сүртiп отырған кейуанамен бiрге сенiң де көзiң бұлдыр тартып, алдыңдағы қағазыңа қаншама шұқшиғаныңмен қаламыңның жүрмей қалатыны да болады.

– Қарағым-ай, Маңғыстаудың Ырғызбай-Қарасай дейтiн жерiнде тұрып едiк. Есiмде қалғаны сол жерлерде Маңсуалмас, Есеттiң құлауы дейтiн таулар болушы едi. Құдай-ау, сол жылы он алтыға толдым ба, жоқ па, бiлмеймiн. Әйтеуiр Қараш аулына келiн боп түстiм. Көктемнiң кезi едi. Құдайдың нұры төгiлiп жаңбыр жауды да тұрды. Үй алдына шыға бере қалың өскен еркекшөп, селеу ырғала тербетiлiп сонау көз жетпес кеңiстiкке дейiн кететiн. Ой, дүние-ай, ауыл алдындағы төбе астынан ел болып күтiп алып едi. «Келiн келдi» деп тайларына жайдақ мiнiп құйғыта шапқан бала. Алдымнан жүгiре басып келе жатқан қыз-келiншек. Шашуын шашып маң-маң басқан бәйбiше, үй iргесiндегi оюлы текемет үстiнде әңгiме дүкен құрған ақсақалдар, не керек, сол көрiнiстер көз алдымда сақталып қалыпты.

– Өрiсiмдi кеңейтiп, көгенiмдi ұзартатын осы келiнiме арнап, арнайы тiктiрген шымылдық едi. Ұзағынан сүйiндiргей, iшi берекеге толсын,-дедi ақсары келiстi әйел шымылдықты екi келiншекке берiп жатып. Артынан барып бiлдiм, ол кiсi менiң енем екен.

Солай аттап едiм бұл ауылдың босағасын. Дүрiлдетiп жасаған той да өттi. Бiрақ жаз бойы дастарханымыз жиылған жоқ, қара қазан оттан түскен жоқ. Күн сайын алыс-жақыны бар, бұл ауылға көптен берi ат iзiн салмаған ойдағы, қырдағысы бар, әйтеуiр қонақтан арылмадық. Сызылып келген қонақтың шәйiн құям, алдындағы табағына иiлiп сәлем етiп, қауқылдаған шалдардың батасын алам. Бәрi де бiр-бiрiне жарасымды едi, ол да бiр дәурен екен ғой.

Бiрақ қызығымызды Құдай-Тағала шектеп қойған екен. Түйе бұйдасын үзiп кез-келгеннiң алдында кеттi. Үй алдында шаялап жататын ақтылы қойдың бiр күнде құмалағы сиредi. Даланың тағысынан адамның қасқыры жаман болады екен. Үлкен демедi, бұрын елге сыйлы ақсақал едi ғой демедi, көп адамды тоғытып айдады да кеттi. Атамыздың сүйегiнiң қайда қалғанын бiлмеймiз. Қайта енемнiң бағы бар екен, атамды айдап әкеткеннен кейiн екi-үш ай ауырып жатты да көзiн жұмды. Өмiрден өтер алдында: – Қарағым,-дедi көзi жасаурап. Мына шымылдықты өзiңе арнап жасатып едiм. Жаңа үкiметтiң ретi жаман, шамасы тiгерге тұяқ қоймас. Алдарыңдағы малдарыңнан сiрә айрылып болдыңдар. Бұл қазақтың малдан басқа жиған-тергенi бар ма едi. Менен қалған белгi осы болатын шығар. Атасы шүберек қой, не керек деп далаға тастай көрме. Заман түзелсе өзiң келiн алғанда ырым қылып ұстарсың,-деп едi. Күн бата көзiн жұмды. Сол жерге жерледiк. Содан не керек, адам айтып болмас заман басталды емес пе. Әлi күнге дейiн ойлаймын шырағым, бұл қазақ маңдайына жазғанын көрiп қозғалмауы керек едi. Осылар бiрдеңе бiлiп бара жатқан шығар деп көптiң соңынан ерiп осыннан бiр-ақ шықтық. Сол елден қалған жалғыз белгi осы шымылдық. Бақытты кезiмнiң белгiсi, енемнiң көзi ғой деп әлi жоғалтпай келем. Қашанғы шыдасын, бұл да ескiрдi. Анда-санда сандықтың түбiнен алып қараймын. Сонда баяғы күндер көз алдыма айнымай келедi. Бұл шымылдық менiң елiмнiң бар екенiн, өзiмнiң соның топырағынан жаратылғанымды, парсы емес екенiмдi үнемi есiме түсiрумен болады. Бiр кезде кiм-кiмдi де таңқалдырған өрнегi де кәзiр ескiрдi. Қайтсын. Асылдың да тозатын уақыты болады ғой,-дейдi ескi шымылдықты сипап отырып.

– Айтпақшы, – дейдi есiне бiрдеңе түскендей. – Бұл шымылдықты ертеректе бiр парсы ма, күрт пе бiреу келiп сүгiретке түсiрiп, кәзитке шығарған. Өзi қы¬зық адам едi. Жаз шыға осындағы қазақтардың орта¬сына келiп айлап жататын. Ол кезде жыршы шалдардың көзi тiрi. Солардың қасында болып, өтiп жатқан той-томалақтан қалмайтын. Қыз-келiншектердi киiндiрiп қайта-қайта сүгiретке түсiрiп жататын едi. Қазақтар жайында кiтап жазып жүр дейтiн едi ел бiлiп айтса.

– Аты-жөнiн айта алмайсыз ба, – деймiн.

– Ойбой, қарағым-ай, мен кәзiр қызылбас түгiлi жаңа айтқан сенiң де атыңды ұмытып қалдым. Осындағы адамдардан сұраң. Мен сияқты бәрi бiрдей алжып, ақылынан адаспаған шығар.

Кейуананың дәм-тұзына ризашылығымызды бiлдiрiп қош айтыстық. Әңгiме арасында айта салған оның әлгi парсысын тауып алуымыз керек. Шамасы қазақтар өмiрiнен дерек жинаған адам болды. Оны кiмнен бiлемiз. Тойжанға телефон шалу керек, бiр бiлсе сол бiледi деп шештiк.

– Ия, бiлемiн. Ол Мансур Киай ғой. Тегеранда тұрады. Осындағы қазақтар өмiрiнен көп дерек жинаған ғалым болатын. Ұлты – курд. Мен онымен мiндеттi түрде сөйлесiп хабарын айтамын, – дедi iнiмiз.

Көп ұзамай Тойжан қайта телефон соғып, Киай¬дың Тегеран қаласындағы мекен-жайын, телефонын нақтылап айтты. Бiздi асыға күтетiнiн, Тегеранға келгесiн алдын-ала хабарласуымызды өтiнiптi.

* * *

Иран елiнiң қазақтар тұратын үш қаласындағы бiздiң iс-сапарымыз да аяқталды. Он шақты күннен берi бiрiнiң үйiнде дәм татып, бiрiнiң үйiнде арнайы қонақ болдық. Бiздердi шығарып салуға жиналған көпшiлiктiң жүзiнен қимастықты байқайсың. Топ ортасында тұрған Жарылғас ақсақал кәрi көзi жасаурап қасымызға келiп қолымызды алды.

– Жолдарың болсын, қарақтарым. Елге сәлем айтың. Ағаларыңның кемшiлiгi болды, алыстан ат сабылтып келген сендерге күлiп отырып бiр шәйнек қара суымды бере алмадым. Жеңгелерiң сырқат болды. Алды арты осы болар дейсiң бе, тағы да келерсiңдер. Сендер келгелi көңiл шiркiннiң шерi тарқағандай болды. Сонау төменде қалған, сөнуге айналған қоламтаны үрлегендей болдыңдар. Кейде ол қоламтаның жылуы болғанымен, ендi жалыны жоқ шығар деп ойлаушы едiм. Олай емес екен. Кәрi жүрегiмде сақталған сол қоламта бiрте-бiрте қызылшоқтанып келедi. Ендi күшеймесе сөнбейдi. Себебi оның тамызығы ана жақта екен, оны алып келген сендер екенсiңдер. Бойымызға күш берiп үрлеп отыратын қамқорымыз бар екен, ол – қасиеттi қазақ жерi екен. Небiр қилы заман өтсе де, аспанды ендi ашылмастай қара бұлт торласа да ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, арғымақтың күшiмен жат қолына бермей тiстелеп алып қалған ұлан байтақ даласы бар. Сол даладан тараған жылу уақыт толқыны жағаға шығарып тастаған бiз сияқтылардың бүйiрiн қыздырумен болады екен. Ендi адаспаспыз. Ата-бабаның ат байлаған қазығы, жүрiп өткен сүрлеуiнiң қайда екенi белгiлi. Отардан бөлiнiп қалған екi-үш қосақ қой да жолда қасқыр шаппаса шиырлап жүрiп ақыры үйренген өрiсiне келмеушi ме едi. Бiздердiң бұрынғы жайымыз солай болғанмен ендi басқаша. Артымызда iздеушiмiз бар. Жұрт бiлiп айтса дүниеде жан-жаққа бытырап кеткен қандастарын шақырып, төрiнен орын ұсынып жүрген үш ел бар дейдi. Ол алмандар, еврейлер, бiздiң қазақтар көрiнедi. Аналарды бiлмеймiн, ал бiздiң қазақ о бастан да жарты құртты бөлiп жеп, құла суды бiрлесiп отырып iшпесе көңiлi қоңылтақситын ел. Ертеректе Маңғыстауда өткен Есенұлы Сейiт бидiң:

– Жарлылығымды сұрасаң, жалғыз түйемен ел соңында көшiп жүрдiм, жарлылық бұдан өтiп не болсын.

– Мырзалығымды сұрасаң, сол жалғыз түйемдi келiнiм ұл тапқанда сүйiншiге берiп, ел көшкенде жұртта қалдым, мырзалық бұдан өтiп не болсын.

– Батырлығымды сұрасаң, Есек мерген батырды жау қамағанда қарттығыма қарамай қоршауды жарып өтiп алып шықтым, батырлық бұдан өтiп не болсын.

– Соғыста қапияда тұтқынға түстiм, пақырлық бұдан өтiп не болсын.

– Байлығымды сұрасаң, күндердiң күнi болғанда бес балам бес ауыл болып, әкем Есенге ас бергенде бес ақ отау тiгiп, бес жүз асау бие байлап, бес саба пiстiрiп, бес астау әкелдiм, байлық бұдан өтiп не болсын,-деген екен. Сол айтқандай бұл қазақтың басынан не өтпедi. Жан-жақтан анталаған жауға тайсалмай қарсы шауып, елiн қорғап батыр да болды, кез келгенге төрiн ұсынып, астындағы жалғыз атын сойып берiп мырза да болды. Өз байлығы өзiне бұйырмай жарлы да болды. Өз шаңырағы астында өзге бiреу билiк айтып пақыр да болды.

Бiрақ Құдай деген халық екенбiз. Ақыры бәрi де өз қолымызға тидi. Сауатым жоқ адаммын. Бiрақ әр жерде әңгiме айтып отырған адамдардың сөзiне құлақ түрем. Содан кәрi көкiрегiме жинап, түйiндегенiм қазақ кәзiр дүниенiң төрт бұрышына атағы шыққан ел болған екен. Өзгенiң пәленбай жыл итiнiп, тартынып жеткен биiгiне айналасы он, он бес жылда қиналмай жетiптi. Көш басшысының бұл өмiрден көрген, түйгенi көп екен. Иншалла, сол бағытынан таймағай. Ендi бiздi жау алмас. Кеше ана елдегi руы Құнанорыс ақын баланың бiр сөзiн айтып едiң ғой. Ие, ие сол Сабыр Адай. «Қазақстан жалғыз ұлы қазақтың» дептi-ау. Апыр-ай, сұңғыла екен шiркiн. Өзi жас жiгiт дедiң ғой. Бәсе, әулиелi Маңғыстаудан әулиедей ұл тумауы мүмкiн емес қой. Ендi бәрiмiз де сол жалғыздың тiлеуiн тiлейiк, қолтығынан демейiк. Бытырап та көрдiк, тек өз руымды ғана бiлемiн деп үй айнала шауып, шаңдатып та көрдiк. Одан ұтқанымыз қайсы. «Төртеу түгел болса төбедегi келедi» демейтiн бе едi бұрынғы өткен шалдар.

Көңiлдегi көп ойдың ұшқыны ғой шырағым. Бұл өмiрден менiң ұққаным осы. Әулие емеспiн, бiрақ жұп жазбасақ ұтылмайтынымыз, кез-келгеннiң жетегiнде кетпейтiнiмiз рас. Көп мыжып жолдарыңнан қалдырмайын. Аман болың,-деп әрқайсымызбен құшақтасып қоштасты. Бауырыма енген ақсақалдың дiр-дiр еткен жауырынынан туған жерге деген қимастықты сездiм.

Машина орнынан қозғалды. Қол бұлғап артта қалып бара жатқандардың көзiнде мөлтiлдеген сағыныш жасы. Бiздiң де бiр қапталымыз үңiрейiп қалғандай. Бiраз жүргеннен кейiн артымызға қарадық. Биiк таудың басындағы қалың тұман сейiлiптi. Көз ұшында қалған шығарып салушылар орнынан әлi қозғалмапты.

* * *

Горганнан таңғы сағат 10-да шыққан бiздер елдiң астанасы Тегеранға түс қайта сағат 5-тен кете келдiк. Екi араның 450-дей шақырым екенiн оқырмандарға осы сапарнаманың басында айтып кеткенбiз. Жолдың көбi таулы аймақпен өтедi. Кезiнде елдiң батысы мен шығысын байланыстырып жатқан күре тамырдай осы жолды салу да оңай болмағаны белгiлi. Бiр-бiрiне жалғасып жатқан туннелдерден өтесiң. Iшiнде бiрнеше жүздеген метрге созылғандары да бар. Самаладай жап-жарық. Кез келген адамның қиын жолмен машина айдай алмасы белгiлi. Оған көп тәжiрибе керек. Сонымен қатар таулы аймақтың мың құбылған ауа райы мен анда-санда төмен құлап, жол үстiнде шашылып жатқан тастарды алдын ала байқап отыратын сезiмталдық та қажет екен. Әйтпесе айнадай жалтыраған асфальт үстiнде ағып келе жатқан көлiгiң бiр тасқа соқса болғаны, сонау төменде құтырына ағып жатқан тау өзенiнiң аузына барып түсерiң сөзсiз.

Жол ортада кiдiрiп, түстiк тамағымызды iштiк. Жалпы ислам дiнi қағидаларын қатты тұтынған ел болғандықтан шығар, Иранның тамақтану орындарында, қонақ үйлерде, жолаушылар тасымалдаудың кез-келген түрлерi орналасқан жерлерде (темiр жол вокзалы, аэропорт) арнайы намаз оқитын бөлмелер бар. Жолда кiдiрген аялдамаларда ел тамақ iшiп, намазын оқиды.

Тегеранның жан-жаққа қатынасатын автовокзалы бiзге өте үлкен болып көрiндi. Iшiнде барлық жағдайы жасалған шетелдiк үлкен автобустар. Бiрi келсе, екiншiсi аттанып барады. Рейс бағытын хабарлаған диктордың даусы, бiр-бiрiнен жол беруiн өтiнiп сигнал берген машиналардың даусы, не керек у-шудан құлағың тұнады. Артынан барып бiлдiк, бұл автовокзалдан аттанатын көлiктер елдiң тек шығыс және түстiк бағытына қатынайды екен. Қалада осындай вокзалдардың бiрнешеуi бар көрiнедi.

Арғы күнi кештетiп Бакуге ұшатын болғандықтан бiз сол автовокзалға тиiп тұрған қонақ үйге орналастық. Қай жерде де құжаттарымызды толтырып, олармен есептесетiн де Нияз iнiмiз. Қалғанымыз соның қас-қабағына қарап отырғанымыз. Кешкi тамаққа әлi ертелеу болғандықтан шәй алдырып iштiк. Есберген екеумiз бiргемiз. Нияз бен бiздi шығарып салуға келген Әбжет бiр бөлмеде. Айнаш қарындасымыз өз алдына бөлек. Бұл елдiң тағы бiр заңы бар, ол әйел адамдар мен ер адамдарға бiр-бiрiнiң бөлмесiне баруға рұқсат етiлмейдi. Тiптi, басқаны былай қойғанда, аэропорт басында тiркелуден өткенде де олар бөлек-бөлек өтедi. Арнайы солай жасақталған. Бiздегiдей бiрiнiң артынан бiрi тұру ол елде жоқ.

Нияз ұялы телефонымен осындағы бiздi күтiп отырған Мансур Киайға Тегеранға келiп орналасқанымызды айтты. Ол бiздi ертеңгi түс ауа сағат 2-де өз үйiнде күтетiнiн, сол күнi ешқайда шықпайтынынан хабардар еттi. Қарап жатқанша қала аралайық, тап болған бiр асханадан тамақтанып алармыз деп тысқа шықтық.

Тегеранның ауасы бiздер келген жақтағыдай емес құрғақ, ыссы. Көшеде сеңдей соғылысқан халық. Бәрi де күн қызуы қайтқасын бойын сергiтейiн деп далаға шыққан сияқты. Толған жарнама. Бiрақ оны түсiнiп, оқи алатын бiзде сауат жоқ. Бәрi де парсы тiлiнде жазылған. Бұл елде тiптi ағылшын тiлiнде жазылған жарнаманы көрмейсiң. Бiздегiдей қазақша атаудың өзiн ағылшынша жазып, болмаса кез келген дүкенге, мейрамханаға қазақтың сөзi жетпей таусылып қалғандай ағылшынша атақ беру кездеспейдi екен. Кез-келген көрiнiс сенiң парсы елiнде жүргенiңдi жадыңа түсiрумен болады. Бiрақ бас сұққан дүкенiңде, асханада, тiптi көшеде ағылшын тiлiн бiлсең болды, керегiңдi сұрап, бағытыңды сiлтетiп алуыңа толық мүмкiндiк бар.

– Мына асхана тек қойдың басынан ғана тамақ дайындайды екен. Қалай, кiремiз бе? – дедi Нияз бiздерге қарап.

– Кiрейiк, кiрейiк, – дедiк бiздер бiр ауыздан.

Жол үстi шаршап, қарнымыздың ашқаны да рас едi. Жегенi жұмырына жұқ болмайтын жалмауыз болмасаң бiр қойдың басының бiр адамды тойдырары анық. Құйқасы, көзi, құлағы, майы бар, көп болмаса да етi бар дегендей бiраз тамақ қой. Сорпасы өз алдына.

Iшке кiрiп тамағына тапсырыс бердiк. Бiрақ бiз ойлағандай әрқайсымыздың алдымызға табаққа салып бiр-бiр басты ешкiм әкеле қойған жоқ. Нияз iнiмiз даяшымен әрi-берi сөйлестi. Бiраздан соң қасымызға келiп отырғаннан кейiн:

– Бұлар бастың әр бөлiгiн бөлек-бөлек дайындайды екен. Миын бөлек, құйқасын, тiлiн бөлек дегендей. Кiм қайсысын жейдi, – деп бетiмiзге қарады.

Түсiнiктi боды. Сонау ықылым заманнан саудамен айналысып келе жатқан ел ақша жасаудың жолын бiлгiш қой. Бiр бастың өзiн бiрнеше бөлшекке салып дайындағанда оның бағасы да әртүрлi. Бiздiң ауылдың әйелдерiндей қара қазанға салып пiсiрiп, бүтiн күйiнде бере салмайды екен. Тiлiн жейсiң бе, әлде көзi ме, болмаса құйқаға көңiлiң шаба ма деп сұрап тұрғаны сол екен. Қалтаң көтерiп бәрiн де жеймiн десең,

– Ләббәй тақсыр, көп ұзамай дайын болады, – деп иiлiп шығып кетедi.

– Қап, – дедi Есберген менiң бетiме қарап.

«Омай-ау, қолыңа пышақ алып асықпай мүжiп отырғың келдi-ау шамасы. Қызылбастың қонақжайлылығы қалтаңа қарайды, бауырым. Ауылдағы шалдар көзiн бiреуге, таңдайын екiншiсiне таратып жолкерлiк көрсетсе алдында кәзiр шеңгелдеп қол салатын бiр табақ етi тұр. Сенiң алдыңда ана жiңiшке тәрелке мен шанышқы. Соған қарап-ақ сақилықтың аулының алыстап кеткенiн бiлмейсiң бе» – деймiн iшiмнен күлкiге булығып отырып.

Бұл тамақ болып жарытпады дедiк далаға шыққасын. Неше әулие болса да бiр қу бас бес қазақтың қарнына жұғын болсын ба. Тағы бiр жерге бас сұғып қалған жерiн парсының күрiшiмен толтырайық деп шештiк. Сау болсын, бiздi шаршатпайық дегендей келесi үйдiң бұрышында есiгiн айқара ашқан асхана тұр екен.

Қаланы бiраз аралап, қонақ үйiмiзге келдiк. Асықпай тұрып ертеңгi асымызды iшкеннен кейiн такси шақыртып, үлкен қаланың ортаңғы бөлiгiнде тұратын Мансур Киайға кеттiк.

Сәл ертелеу барған екенбiз. Неде болса өзiнiң айтқан уақыты болсын деп үй алдындағы ағаш көлеңкесiне отырып демалдық.

Мансур Киай әйелiмен бiрге есiк алдынан қарсы алды. Ниязбен екеуi бұрыннан таныс. Бәрiмiздiң қолымызды құшырлана қысып төрiне шақырды. Қою мұртты, шашына әлi ақ кiрмеген, алпысты алқымдап қалған адам. Ақжарқын, қазақтармен бұрыннан араласып жүрген адам екенiн бiлдiрiп, бiрден әңгiмеге көштi. Алдымен жұмыс мақсатымызды сұрап алды. Бiз Иран қазақтары туралы еңбек жазған ғалыммен кездескiмiз келгенiн, қарсы болмаса еңбектерiмен танысудың да бөтендiгi болмайтынын айттық.

– Менiң Иран жерiндегi қазақтардың салт-дәстүрiмен, мәдениетiмен айналысқаныма отыз жылдай уақыт болды. Алғашындағы мақсатым, зерттеймiн деп қолға алғаным сендер барып келе жатқан жақтағы түрiкмендер болатын. Алдымен Тегерандағы кiтапхана, архивтерден түрiкмендер туралы жазылған еңбектермен, деректермен таныстым. Содан кейiн өз еңбегiмдi әрi қарата жалғастырып, толықтыру мақсатында Горган, Бендер Түрiкмен қалаларына бет алдым. Жолда келе жатқанда осы Горган қаласына кiре берiсте болып жатқан бiр тойдың үстiнен шықтым. Көптiң шетiне келiп, өзiм бұрын-соңды естiмеген, көрмеген халықтың тойын тамашалап тұра бердiм. Менi ешкiм жатсынған жоқ, қайта құрметпен төрiне шақырды. Айтпақшы, мен осы ауылға кiре бере алғашқы танысқаным Мұқан дейтiн кiсi едi. Руы Байшағыр. Бастапқы әзiрде осы азғана халықтың бiрнеше руға бөлiнетiнiнен мен әрине бейхабар едiм. Тiптi өзiммен қатарласа отырған адамдардың әр рудан екенiн қабылдап түсiну де қиын болды. Артынан үйренiп кеттiм ғой. Менiң бағыма қарай, Мұқан шамалы болса да парсы тiлiнде сөйлей алатын едi. Қазақтар туралы алғаш мағлұмат берген де сол. Мұқан өз ұлтының Иранға келгенше басынан өткен көптеген қиындықтарын айтты. Тiлi жеткенше өз халқының салт-дәстүрi, мәдениетi, өткенi жөнiнде менiң қойған сұрақтарыма жауап қайтарды. Артынан достасып кеттiк. Сөйтiп Мұқан досымның маған берген қазақтар туралы алғашқы мағлұматынан кейiн-ақ мен ендi түрiкмендер туралы емес, бүкiл жан дүниемдi баурап алған қазақтар туралы еңбектенем деп шештiм. Солай болды да. Оған өкiнбеймiн.

Басында жұмыс жасау қиын болды. Менiң әр нәрсенi түртiншектеп сұрап отыратыным үлкендер жағына ұнамады-ау деймiн. Олар менiмен көп сөйлеспеуге тырысты. Әсiресе суретке түсiру оңай болмады. Өз жерiнде қуғын-сүргiндi көп көрген халық фотообъектив алдында тiптi де тұрғысы келмейтiн. Бiрақ сiздiң халықта “Жылы-жылы сөйлесе, жылан iнiнен шығады” дейтiн мақал бар емес пе. Менiң ешкiмге зияным жоғын бiлгеннен кейiн ыңғайыма жығыла бастады. Оның үстiне қазақтардың ортасынан шыққан Тойжан сияқты бiлiмдi жiгiттер менiң жұмысымның мән-мақсатын түсiндiргеннен кейiн жағдайымыз тiптi жақсарды. Бендер Түрiкменде де, Күмбетте де ондай тiлеулес жандар көп болды. Кез келген садақа, тойларына, наурыз, құрбан айт сияқты мерекелерде мен ортасында болатынмын. Тiптi арнайы шақыратын.

Менiң бұл халықпен сiңiсiп кеткенiм сонша, тiптi оларсыз өмiрдi елестету мүмкiн емес сияқты болып көрiндi. Арада сәл үзiлiс болса сағынатын болдым. Бәубек Назар, Көрпе Ұзақбайлардың талай жырын тыңдадым. Сол жыр арқылы мен де өзiме бейтаныс ұланбайтақ қазақ жерiн көз алдыма елестететiнмiн. Барсам, көрсем деп армандайтынмын. Бiрақ оның сәтi түспедi. Қазақтардың келiн түсiруi, құда қарсы алуы, өлiктi шығаруы, онда жасалатын әртүрлi ырым жоралғылары басқа халықта кездеспейтiн, тәрбиелiк мәнi зор нәрсе емес пе.

Мен бiрде досым Мұқаннан әр ұлттың өзiне тән ерекшелiктерi туралы әңгiмелесiп отырғанымызда:

– Бiреудi жек көргенде сiздерде қандай сөз айтылады, – деп сұрадым.

– Өзбек екенсiң ғой деймiз. Өйткенi олар бiз сияқты сұлу емес, кескiнсiз, – деп күле жауап бердi Мұқан.

Мен бiрден түсiне қоймадым. Бiрақ қайта сұраған да жоқпын. Әзiл ғой деп ойлағанмын. Оның сырын артынан барып ұқтым.

Қазақтардың ру-руға бөлiнуiнде үлкен мән жатыр. Мен өзiмнiң еңбектерiмде қазақтардың генетикалық жағынан өте таза бiрден-бiр халық екенiн дәлелдеп, “Қазақтар, олардың туыстық байланыстары және үйлену тойлары” деген мақаламды Тегеранда шығатын “Өнер және ел” деген журналға жарияладым.

Қазақтар мақтануды жаны сүймейтiн халық. Шығыс халықтарының қай-қайсысыда тамаша билейдi. Музыка әуенiне қосылып дөңгелене, буыны жоқтай бүкiл денесiн қозғап билегенiн көргенде таң қалмасыңа болмайды.

Құрбан айттың кезi болса керек. Көп ақсақалдың ортасында отырған мен:

– Осы қазақтар билей ме? – деп сұрадым. Бетiме барлай қараған қария:

– Жоқ, шырағым, қазақта би болмайды, – дедi.

Мен рас екен деп ойладым. Өйткенi осы уақытқа дейiн қазақтардың билегенiн көрген жоқ едiм. Артынан барып бiлдiм ғой, бидiң небiр шұрайлысы қазақтарда екен.

Содан қазақтар туралы, олардың салт-дәстүрлерi, өнерi туралы бiраз материалдар жинақталып, жүйелендi. Фотосуреттер де жетерлiк едi. Ендi-ендi баспаға ұсынамын деп жүргенiмде бұл елде төңкерiс болды. Әрине жаңа үкiмет келгеннен кейiн ол бiр жүйеге келгенше бiрталай уақыттың өтетiнi белгiлi. Еңбегiм бiраз жатып қалды. Баспалардың берген уәдесi сиырқұйымшақтанып ұзай бердi. Тiптi, кейбiреулерi: “Сол қазақтар туралы жазудың қажетi қанша, онанда ораза, қаза туралы еңбектенбейсiң бе?” деп те ақыл айта бастады. Қысқасы бұл еңбектiң жолы болмады, жарыққа шығара алмадым. Тек кейбiр үзiндiлерi ғана “Өнер және ел” журналында жарияланды.

Адам өмiрге келгеннен кейiн алдына мақсат қояды және сол мақсатының орындалуы үшiн ұмтылады емес пе. Мен ұзақ жылғы еңбегiм шықпады деп тоқырап қалмадым. Еңбегiмдi ой сүзгiсiнен қайта-қайта өткiзiп, толықтыра бердiм. Әлi де еңбектенудемiн. Кәзiр қазақтардың салт-дәстүрлерiне байланысты жүз қаралды суреттi, 400 беттiк еңбегiм бар. Шама келсе әлi де толықтырып “Иран қазақтарының өмiрi мен тұрмысы” атты еңбегiмдi жарияласам деп армандаймын. Ғылыми атағым жоқ. Ендi қорғаймын деп жүргенде оның да жолы кесiлдi. Бұл еңбектiң қолға алынғанына отыз жылдай болғанын айттым ғой. Ол бұдан да көлемдi болуы мүмкiн едi. Бiрақ, француздарда: “Үш рет көшкен бiр рет өртенгенмен бiрдей” деген мақал бар. Әрi-берi көшкенiмде бiраз материалдарымды жоғалтып алдым. Бiрақ негiзгi сүйегi дайын.

Мансур Киайдың үйiнде бесiн ауғанша отырдық. Әйелi де бұрынғы мұғалiм, қоғам тану пәнiнен дәрiс берген. Баласы, қызы мен күйеу баласы сауда маңында iстейдi екен. Өзi кәзiр зейнеткер.

Бiзге жайылған дастархан үстiнде:

– Егер бiздiң жақтан қолдау бiлдiрiлiп жатса еңбегiңiздi қазақ тiлiнде шығаруға келiсесiз бе? – деп сұрадық.

– О, әрине, әрине,-дедi Мансур қуана қостап. – Бiр жағынан сол да дұрыс болар едi. Қанша дегенмен сiздер осындағы қазақтардың тарихи отанынан келдiңiздер. Қаншама қиындық көрсе де, өз топырағынан жырақ кетiп қалың парсы iшiнде жүрсе де салтын жоғалтпай, тiлiн ұмытпай жүрген Иран қазақтарының өмiрi көзi ашық кез-келген адамды қызықтыруы тиiс. Рас олардың кейбiр дәстүрiнде, киiм киiстерiнде түрiкменнiң ықпалы бар. Қанша дегенмен аралас отырған ел ғой. Бiрақ бояуы толық сiңiп үлгерген жоқ. Кәзiр осындағы қазақтардың киiм киiсiнде, дәстүрлерiнде қайта ояну, жаңару бар. Өйткенi сiздермен екi ара ашылды. Ата-мекенiмен байланыс орнады. Сiздiң жақта көргендерiн бұл жерде дамыту үстiнде. Әттең, тек бiр-бiрiнiң жазған, сызғандарын түсiне бермейтiнi қиын. Дегенмен бағыт жақсы. Халық өз асылын өзi аршып алады ғой. Сiздiң жақ қолдау бiлдiрiп жатса мен әрине келiсемiн. Ғалымның еңбегiн, ақынның сөзiн қай уақытта да қадiр тұтып, бағасын беретiн халық емес пе. Сонымен қатар мен сiздерге риза болып отырмын. Әуелi елдегi билiгi бар адамдармен келiсiп алайық, олар құп алып жатса сiзбен хабарласайық деп отырсыңдар. Ал американдықтар әуелi үйiп-төгiп уәдесiн беретiн едi де, артынан бәрiн ұмытып кететiн. Бұл да мен бiлетiн қазаққа тән құбылыс. Жолдарың болсын, хабарласып тұрармыз,-деп бүкiл жанұясымен есiк алдынан шығарып салды.

* * *

Бүгiн түн ортасында елге қайтамыз. Иран жерiндегi қандастарымыздың ортасында болған он күн жемiссiз болмады. Әрқилы тағдырлар, ел басынан өткен қиыншылықтар қағаз бетiне түстi. Алда бiрлесiп жасалар жұмыстардың жоспары жасалды. Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы сияқты белгiлi ғалымның ұрпақтарының жабықтың астына, сандықтың түбiнде сақтаған кейбiр кiтаптары қолымызға тидi. Орталарында өткен ақын-жыраулардың халық аузындағы өлең жырлары да жиналды.

Айнаш қарындасымыздың да қоржыны құр емес. Өзiнiң қорғайын деп жүрген ғылыми еңбегi де Иран қазақтары туралы едi. Құнды-құнды деректер жинадым дейдi.

Осы Тегеран қаласындағы өзiмiздiң елшiлiкке соқтық. Бұрын бармағасын ба, әлде қаланың үлкендiгi ме, таксист жiгiтке осы қалада туып өстiм дегенiмен елшiлiктi табу оңайға түскен жоқ. Бiрақ сұрай-сұрай Меккеге де барасың дегендей, ақыры таптық-ау. Үй маңдайына iлiнген көк байрақ көзiңе оттай басылып, бұл жерде қазақ елiнiң бiр пұшпағы орналасқанын бiлдiргендей. Бiздiң келетiнiмiзден алдын-ала хабарлы Мырзабай Махметов iнiмiз қақпаны ашып қарсы алды. Ол елшi Берiк Өтембаевтың көмекшiсi. Iшке енгеннен-ақ өз топырағыңда жүргендей сезiнесiң. Өйткенi сенiң мүддеңдi қорғайтын, елiңнiң намысын жыртатын бұл жерде бәрi де сенiң көзiңе таныс, жаныңа жақын.

Раушан қарындасымыз қазаққа тән қонақжайлылықты көрсетiп дастарханын жайып та үлгердi. Әкемiздiң төрiне келгендей сүт қатқан қазақтың қою шәйiн шалқая отырып iшiп, Берiк iнiмiздiң елшiлiк жөнiндегi әңгiмесiн тыңдадық. Шәй де кетiп жатыр, өзiмiздiң бiтiрген iстерiмiздi аудармашысыз айтып бiз де көсiлiп жатырмыз.

Осыдан кейiн елшi өздерi тұрған ғимаратты аралатты. Тәуелсiздiк алған басқа елдердiң елшiлiгi тұрған үйлерге қарағанда еңселi, үлкен ғимаратқа орналасыпты. Көңiлiңе мақтаныш кiргендей. Еркiндiк алған аз ғана жыл iшiнде қол жеткен жетiстiгiңнiң биiк екенi әсiресе сыртта жүргенде байқалады. Сырт көздер осы елшiлiк арқылы қазақ елiнiң, оның көтерiлген биiгiнiң, әлi де алар асуының қандай екенiн бiледi. Шаңырағын Мырзатай Жолдасбеков көтерiп кеткен елшiлiктiң тiзгiнi кәзiр Берiк Өтембаевтың қолында. Бiз Горганнан берi аттанғанда елшi сол жаққа барып, жергiлiктi өкiмет орындарымен, қазақтармен кездесiп қайтыпты. Алда iстелер жұмыстар да көп көрiнедi. Горганнан консульдық, Абай үйiн ашу жөнiнде де келiсiмдер жасалыпты. (Бiз елге келгеннен кейiн көп ұзамай “Каспий – достық теңiзi” атты халықаралық фестивалi Ақтау қаласында өттi. Артынан iле-шала Мазендаран, Гүлстан, Гилян облыстарының сауда-экономикалық байланыстары жөнiндегi делегациясы Ақтауға арнайы келдi. Бiз сол тұста елшiмен тағы да кездескен едiк. Сонда Горган қаласында ашылатын консульдық үшiн жақсы ғимарат алғанын, соның бiр бөлмесiне Иран қазақтарының тарихын баяндайтын мұражай ашқысы келетiнiн, оған бiздiң көмегiмiздiң қажет екенiн де айтқан едi. Елшiнiң үлкен азаматтық қызметiне қуана келiскенбiз). Бiздердiң кейбiр ұсыныс пiкiрлерiмiзге қол ұшын беретiнiн айтты. Елге аман-есен жетуiмiзге тiлектестiк бiлдiрiп, “Тойота” жеңiл автобусының жүргiзушiсiне бiздiң қарамағымызда болып, аттандырып салуды тапсырды.

Қонақ үйiмiзге келiп, жинақталып сыртқа шықтық. Үлкен қаланың шулы тiрлiгiнiң нағыз қызған кезi. Тiрлiк қамымен ақша табудың сан түрлi жолдары Тегеранда тоғысқан ба деп ойлайсың. Жаяу адам жүретiн жол бойын жағалай орналасқан әр адам өз өнiмiн өткiзудi ойлап өткен-кеткенге бағасын айтып сарнап тұр. Бiреуi сағатын, бiреуi матасын өткiзедi. Көңiрсiтiп жүгерi қуырып, етiн шыжғырып кәуап дайындап жүгiрiп жүргендер. Қоразын төбелестiрiп, итiн секiртiп жүргендер қаншама.

Осылардың ортасында ұзын шашы иығына төгiлген, жасы егдерген сыбызғышы отыр. Өзiмен-өзi. Көзiн бiр нүктеге қадап қойып сыбызғысынан (мүмкiн бар байлығынан) шыққан мұңды әуенге елiте теңселiп отыр. Жан дүниеңдi езген әуен тамыр-тамырыңды қуалап барады. Өрiстен қайтып ботасын iздеген аруана даусы сияқты ма, жоқ әлде сай-сүйегiңдi сырқыратар жоқтау сияқты ма, әйтеуiр бiр жаныңды жабырқатар мұңды да, зарлы әуен. Маған сыбызғы жылап отырған сияқты болып көрiндi де тұрды. Ия, сыбызғы да жылайды екен. Бәлкiм ол да мөлдiр сулы дария жағасында жайқалып өскен, бiр-бiрiмен сыбырласа, сырласатын бақытты күндерiн аңсайтын болар. Тыңдай бiлсең, түсiне бiлсең ол сенiң тiлiңе қарамай-ақ ел басынан өткен қиын кезеңдердi айта бiледi екен.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Тегiнiң қамыс екенiн айтып…

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану

мұражайының бөлiм меңгерушiсi

Серіктес жаңалықтары