ДӘСТҮРЛI ӘНДЕРДIҢ МЕРЕКЕСI

ДӘСТҮРЛI ӘНДЕРДIҢ МЕРЕКЕСI

ДӘСТҮРЛI ӘНДЕРДIҢ МЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі
303

25 қазанда Республика сарайында «Iнжу-Маржан» өтедi

Қазақтың әнi – қазақтың iнжу-маржаны екенiн осыдан бiр жыл бұрын «Қазақстан» телерадио корпорациясының бұрынғы қызметкерлерi дәлелдеген едi. Қазақтың сарқылмас бай мұрасын жинауда да орасан зор еңбек еткен ұжым мүшелерi аталмыш бағдарламалардың негiзiнде продюсерлiк орталық құрып, «Сағыныш», «Ән мен әншi», «Iнжу-Маржан« сияқты кештердi өткiзудi қолға алыпты. «Мәдени мұра» бағдарламасымен астасып жатқан «Мәңгiлiк сарын» қазақтың құдiреттi күйлерiнiң антологиясы. Республика сарайында екi рет өткiзiлген «Сағыныш» кешi 50-60-70 жылдардағы әндердiң жиынтығы. Ендi сол аталмыш жобалармен астасып жатқан «Iнжу-маржан» дәстүрлi әндердiң кешi. 25 қазанда Республика сарайында екiншi рет өткiзiлгелi отырған «Iнжу-Маржан» осының айғағы. Кеш алдында «Iнжу-Маржанды» ұйымдастырушылардың бiрi, дәстүрлi әндердiң орындаушысы Рамазан Стамғазиевке жолығып, әңгiмелескен едiк.

– Рамазан аға, домбыраны эстрадаға, халық әндерiн эстрадамен орындап жүргендер, дәстүрлi ән кешiне қалай қарар екен?

– Жақсы қарайды деп ойлаймын. Жалпы, домбыраны эстрадаға, тiптi кез келген аспапқа қосуға болады. Домбыраның бiз әлi бiлiп болмаған мүмкiндiктерi мол. Мәселен, халық әндерiн өлтiрiп алмай, жаңадан әрлесе, кез келген жаңа әуендерге басқа аспаптармен бiрге домбыра үнiн қосса, ұлттың басқаға ұқсамайтын ерекше үнi естiледi. Өзбектердiң кез келген эстрадалық әнiнде өз аспаптарының үнi, кез келген киiмiнде ұлттық нақыштары жүредi. Бiз де осы қасиеттi қанымызға сiңiруiмiз керек.

– Дәстүрлi әншiлер арасында эстрадаға кетiп қалғандарға үлкен өкпемен қарайды дейдi. Сiздiң репертуарыңыздан халық әндерiн де, эстрадалық әндердi де кездестiруге болады. Дегенмен, өзiңiздi қай ортада еркiн сезiнесiз?

– «Палуанға оңы не, сол не?» дегендей, мүмкiндiгiң болып жатса, өзiңдi кез келген салада сынап көрген жөн деп ойлаймын. Эстраданы алғаш қолға алғанда кейбiр үлкен ағаларымыз ренжiген. Кейiн келе олар да жақсы түсiндi. Өйткенi, әр әннiң өз тыңдаушысы бар. Бiреу халық әнiн тыңдағысы келсе, бiреу эстраданы жақсы көредi. Менiңше, орта буынның да, үлкен буын мен кiшi буынның да көңiлiнен шыға бiлу керек.

– Кезiнде Қазақ радиосында жауапты бiр қызметте болдыңыз. Сол күндердi сағынып жүрген жоқсыз ба?

– Өте қатты сағынып жүрмiн. Ол күндер өмiрi естен кетпейдi. Қаншама iрi жобалар басталмай қалды, қаншама iрi жобалар аяқталмай қалды. Ұмытылып бара жатқан халық әндерiн толық жазып бiтiру, күйтабақтарды жарыққа шығару, сыбызғы, қобыз үндерiн жеке жазу сияқты көптеген iстер қолға алынып едi. «Мәңгi Қазақстан» деген ұстаныммен қазақтың салт-дәстүрi мен өнерiн насихаттау жолында көптеген жобалар iске аса бастаған. Ұлтжанды қыз-жiгiттер осы жолда жанын салып еңбек етiп жатқан. Бастаған iсiмiздi аяқтай алмай қалғанымызға өкiнемiн.

– Телерадионы дәл қазiр басқарып отырғандар сiздi басшылық қызметке қайта шақырса барар ма едiңiз?

– «Айналайындар рахмет сендерге» деп айтар едiм.

– Басшылық ауысқанда өз еркiмен кеткендердiң iшiнде сiз де болдыңыз. Жайлы орыннан кеткенiңiздi отбасыңыз қалай қабылдады?

– Отбасым менi өте жақсы түсiндi. Өйткенi, бiзде жұмыс күндiз-түнi қайнап жататын. Кейiн басшылықтағы ауыс-түйiске байланысты болған әртүрлi әңгiменiң де бел ортасында жүрдiм. Отбасым оны да көрiп-бiлiп отырды. Сондықтан, қазақтың тiлi мен салт-дәстүрi үшiн жұмысын ғана емес, жанын садақалай алатын қыз-жiгiттермен бiрге кеткенiме өзiм де, отбасым да риза.

– Дәл қазiр немен айналысып жүрсiз?

– Консерваторияда дәрiс берем. Қорғаныс министрлiгiнiң оркестрiнде жұмыс iстеймiн. Сосын «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қолға алынған «Мәңгiлiк сарын», «Iнжу-маржан», «Сағыныш», «Ән мен әншi» сияқты бiрнеше iрi жобаларымыз бар. Өткенде ғана Алматы қаласында, жақында Шымкент пен Таразда «Ән мен әншiнi» өткiздiк. Қазанның 5-i күнi Семейде дәстүрлi ән кешiн өткiзсек, Құдай бұйыртса, 25 қазанда Алматыдағы Республика сарайында «Iнжу-Маржан» дәстүрлi ән кешiн өткiзгелi отырмыз.

– Бұл кештiң басты жаңалығы не? Әншiлер мен әндi таңдауда қандай талап-тiлектер болады?

– «Iнжу-Маржан» дәстүрлi әндер кешi былтыр Республика сарайында бiрiншi рет өттi. Бұған дейiн дәстүрлi ән өнерiне өз елiмiзде үлкен сахнадан орын берiлiп көрген жоқ. Жоба алғаш рет жүзеге асып отырғандықтан дәстүрлi әншiлердiң ақсақалдарын сахнаға шығардық. Жүсекеңдердiң, Манарбектердiң көзiн көрген, солардан сабақ алған, дәстүрлi ән өнерiн өлтiрмей осы күнге жеткiзген көнекөз әншiлерiмiздiң батасын алдық. Дәстүрлi ән өнерiнiң тұсауын кестiк. Ал биылғы кеште Жетiсу, Арқа, Маңғыстау мектебiнiң дер шағындағы орта буыны мен жас буыны сахнаға шығады. Ең бастысы, былтыр айтылған әндер биыл орындалмайды.

– Аталмыш кештерден өзге, өзiңiздiң де жеке жоспарларыңыз бар шығар…

– Иә, бес облыстан шақырту алып отырмын. Олардан бөлек, желтоқсан айында Алматыда жеке концертiмдi бермекпiн. Сонымен бiрге, Германияның 5 қаласынан шақыру алдым. Құдай қаласа, қазан айының аяғына таман сол жаққа жүрiп кетсем деп жоспарлап отырмын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары