КIТАП ШЫҒАРАТЫН БАСПА КӨП, БIРАҚ ОҚУЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI…

КIТАП ШЫҒАРАТЫН БАСПА КӨП, БIРАҚ ОҚУЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI…

КIТАП ШЫҒАРАТЫН БАСПА КӨП, БIРАҚ ОҚУЛЫҚ ЖЕТIСПЕЙДI…
ашық дереккөзі
646
Жыл сайын оқу жылы басталардың алдында мектепке баратын бала үшiн ең үлкен проблема оқулық екенiнде дау жоқ. Проблема дейтiнiм, мектеп жасындағы екi-үш немере iнi-сiңлiлерiмнiң кiтаптары жыл сайын жетiспейдi. Содан әлгi жетпеген оқулықтарды iздеп, «Мектеп» пен «Атамұраның» табалдырығын тоздырып жүргенi. Оқулық демекшi, соңғы кездерi оқулықты шығару iсiн бұрынғыдай «Мектеп» емес, «Атамұра» қолға алған едi. «Мектеп» баспасында да азын-аулақ кiтаптар бар. 7-8 сыныптың кiтаптарын iздегенiмде осы баспадан тапқаным да рас. Негiзiнде көбi «Атамұра»баспасының иелiгiнде. Басты мәселе, аталмыш баспалар хақында емес, сол баспалар шығаратын өнiмнiң оқушы қолына жете бермеуiнде. Әңгiменi алыстан iздемей-ақ, мектеп жасына жеткен немере iнi-сiңлiлерiмнен-ақ бастайыншы. Бiрi – сегiзiншi, бiрi – бесiншi, ендi бiрi – үшiншi сыныпқа барған оқушы бауырларымның жыл сайын әйтеуiр, үш-төрт кiтабы берiлмейдi. Тағы бiр қызығы, үшеуiнiң баратыны үш мектеп. Мектепке түспей ме, әлде түссе де аз келе ме, бiлмеймiн, төрт -бес кiтаптың жетпей жататыны анық. Мектептегi ұстаздары оларға кiтаптың аздығын айтып, қалғанын баспадан сатып алуға болатындығымен алдаусыратып шығарып салады. Бала жыл бойы бiреудiң кiтабына телмiрiп жүрмейдi ғой, сосын амал-жоқ, әке-шешесiн қаузайды. Әке-шеше де баланың кiтапсыз жүргенiн қалайды дейсiң бе, олар да табан тоздырып, баспаларға қарай ағылады. Баспалар демекшi, әпкем өтiнiш жасаған соң, мен де бiр-екi күн «Атамұраның» алдында ұзына бойы кезекте тұрдым. Баспаның кiтап сататын дүкенiнiң алды ығы-жығы.. Кемi елу-алпыс адам кезек күтiп тұрған шығар. Тағы бiр таң қалатыны, әлгi адамдардың қолындағы тiзiмдер сала-құлаш. Демек, әр балаға ең кемiнде төрт-бес кiтап жетiспейдi деген сөз. Сонда Алматының өзiнде қаншама мектеп бар. Сол мектептердiң бәрiнде оқулық жетiспесе, онда ол балалар кiтапты қайдан тауып оқымақ?! Сонша уақыт күткенiмдi қайтейiн, кезектiң соңына жеткенiмше күн кешкiрiп кеттi. Кiтап та жоқ, салым суға кетiп үйге қайттым. Бұл бiр менiң басымдағы жағдай емес, сол күнi кезек күтiп, кезегiне жете алмай қалғандар қаншама. Осылайша, ұзыннан-ұзын тiркескен кезек, баспа дүкендерiнiң алдын қанша күн тоздырғанын кiм бiлсiн?! Бұл қаладағы жағдай, ал ауылдағылар ше? Ол жерлерде Алматыдағыдай «Атамұраның» немесе «Мектептiң» кiтап дүкендерi көп емес. Сонда олар қай жерден барып кiтап iздейдi. Кiтап дүкендерi жоқ болған соң, амалдың жоғынан базарларды жағалайды. Онда да кiтап сататын алыпсатарлар болса… Ауыл демекшi, ауылдағы балалардың биыл сатып алған кiтабын екiншi жылы ешкiм оқымай, үйде қалып қойып жататыны тағы бар. Мәселен, сегiзiншi сыныптың ағылшын пәнiнен оқылатын кiтабы қажет болса, оқушы оны табан тоздырып жүрiп, базардан әзер табуы мүмкiн. Онда да таба алса… Ал, келесi жылы әлгi «пәлен» теңгеге сатып алған «ағылшын тiлi» қажетiне жарамай қалады да, оның орнына тоғызыншы сыныптың кiтабын iздеуге кiрiседi. Бұл дегенiңiз, тапқан табысы күн көрiсiнен аса алмай жүрген шаруаны шығынға ұшырату емей немене?! Бiздiң кезiмiзде, яғни Кеңестiк үкiмет дәуренiн құрып тұрған заманда, кiтап сатып алу деген мүлдем болмайтын. Су жаңа болмаса да, былтырғы сыныптың балалары ұстаған кiтапқа қолымыз жете беретiн. Ең бастысы ешқайсымыз, кiтап iздеп, бас ауыртып жатпайтын едiк. Ендi ше, мектептердiң өзi жетпеген кiтапты сатып алуға мәжбүрлейдi. Құны 1500 теңгеден асқан кейбiр кiтаптарды сатып алуға шамасы келмегендер, амал-жоқтықтан баспа дүкендерiн жағалайды, одан қала бердi, базарларға барып, оқулық iздейдi. Соңында құны арзанырақ, ескi оқулықты сатып алуға мәжбүр. Ең бастысы, ескi де болса, барға қанағат тұту. Балалардың бiлiмi төмен деп, даурығып жатамыз, оқитын оқулық таба алмай, кiтабы барларға жаутаңдап күн көрiп жүрген оқушыдан қандай бiлiм күтпекпiз. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң берген мәлiметiне сүйенсек, 2006-2007 оқу жылында мектептерде 2,8 млн. оқушы бiлiм алатын болса, 234,5 мың бала мектеп табалдырығын аттаған екен. Оның қаншасы мектепке барып жүр, қаншасы бармай жүр, ол өз алдына бөлек әңгiме, ең бастысы мектеп табалдырығын аттаған балалардың бәрi бiрдей оқулыққа ие бола алды ма?! Ие болды дейiн десек, жалғыз Алматының өзiнде ұзыннан-ұзын тiзiлген кезекке қарасаңыз, оған шәк келтiруiңiз мүмкiн. Сонда сан мыңдаған балалардың неше мыңы оқулықсыз жүр екен. Әсiресе, ең қажеттi есеп кiтабы, қазақ тiлi мен әдебиетiнiң, ағылшын тiлiнiң берiлмеуi, ата-ананы қинайды. Тiлдi дұрыс бiлмесе, есеп-қисаптан дұрыс сауат ашпаса, ол баланың келешегiнен не күтемiз?! Баяғыдағыдай, шамның жарығымен кiтап оқитын заман келмеске кеткен. ХХI ғасырда, өркениеттiң табалдырығында тұрып, оқушы оқитын кiтап таба алмай жатса, оған кiмдi кiнәлаймыз, қоғамды ма, әлде оқулықсыз жүрген қаракөз баланы ма?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары