«ӘКIМ БОЛДЫМ, МIНЕКЕЙ»

«ӘКIМ БОЛДЫМ, МIНЕКЕЙ»

«ӘКIМ БОЛДЫМ, МIНЕКЕЙ»
ашық дереккөзі
298

Әр процестiң өзiндiк алға қойған мақсаты болады десек, күнi кеше республиканың аудандары мен қалаларында өткен сайлаудың да мойнына алған өзiндiк мiндетi бар. Әу баста, әкiмдер сайлауын өткiзудi жоспарлаушылардың осы процесс арқылы елдi демократиялық талаптарға сай қоғам құрудағы «бiр төбеден» аттап өткiзуге есеп құрғаны белгiлi. Алайда, сайлаудағы соңғы сөздi халықтың өзi емес, оның өкiлдерiнiң айтуы сайлаудың есте қаларлықтай дәрежеде өтуiне кедергi келтiрген секiлдi.

Сонымен, қазанның 20-да өткен саяси процесте 49 аудан мен 10 қаланың әкiмi сайланды. Сайлауға қатысқан 45 әкiмнiң 39-ы әкiмдiктi өз қанжығаларында қалдырды. Ал әкiмдiк лауазыммен қоштасқандардың о бастағы тактикасы дұрыс болмаған сыңайлы… Сайлаушылар болса, аса белсендiлiгiмен көзге түстi. Көбiсi бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай, оңтайлы ғана кандидатына дауыс беруден әрi аса алған жоқ. Қазiр мәслихат депутаттарының әкiмдердi сайлауға маманданып келе жатқанын ескерсек, партиялар ендiгәрi мәслихат сайлауына жiтi көңiл бөлетiн болар деп үмiттенемiз.

135 кандидатты додаға салған сайлауда «отандықтардың» жұлдызы оңынан туды. Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысынан сайланған 4 әкiмнiң төртеуi де «Отан» партиясының өкiлдерi. Мұндай мысалдар жетерлiк. Әр облыстағы сайлаудан өткен әкiмдерiнiң 2/3 «отандықтар».

Негiзiнен сайлау процесiнде езу тартқызар жайттар да кездестi. Мәселен, аудан әкiмi сайлауға түседi де, оның қарсыласы ретiнде не оның орынбасары, не болмаса, арасынан жiп өтпейтiн жақын жолдасы тiркеледi.

Ал бұл сайлаудан жеңiп шыққандар арасынан саяси жүйеге жаңа леп берер, қан жүргiзер жастар жағы қат болған сыңайлы.

Көп әкiмнiң арқасындағы жүк жеңiлдеп қалған дерсiз. Себебi, олар өз орындарында ендi төрт жыл бойы отырмақ. Кадрлық өзгерiстердiң бел ортасында кетемiн бе деген үрей ендi оларды түн ұйқысынан айырмайды. Облыс әкiмi өзгерген сайын тамағынан ас өтпейтiн кезең де артта қалған сыңайлы.

Сайлауда бiраз ерекшелiктер де болды. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы сайлауға түскен 4 әкiмнiң 1-уi ғана өз қызметiн сақтап қалды. Басқа басқа, бiрақ Оңтүстiк Қазақстан облысында бұлай болады деп ешкiм күтпеген едi.

Сайланған әкiмдер негiзгi ұлт өкiлдерi. Өзiмiз күткендегiдей, солтүстiк көршiмiзбен шектесетiн облыстарда ғана орыс ұлтының жекелеген өкiлдерi әкiм атанды.

Сонымен, әкiм сайлауы арқылы Қазақстан бiр белестi артқа тастады. Мұндай елдерге әдетте ОБСЕ қол бұлғаушы едi…

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары