АҚИҚАТТЫ ТҰНШЫҚТЫРУ МҮМКIН ЕМЕС

АҚИҚАТТЫ ТҰНШЫҚТЫРУ МҮМКIН ЕМЕС

АҚИҚАТТЫ ТҰНШЫҚТЫРУ МҮМКIН ЕМЕС
ашық дереккөзі
283

Қазақтың ұлттық мәселесiн шегеруден туындап отырған кейбiр кикiлжiңдер хақында

Қазiргi оқушылар Қазақстан тарихы оқулығынан Кеңес одағы тұсында ұлтаралық қатынастардың қиын болғандығын оқиды. «1986 жыл» – ұлтаралық алалаушылықтан, қазақты жаншып-басудан туындаған көтерiлiс едi. Иә, қазiр бұл көтерiлiс «оқиға» деп аталып жүр. Дегенмен, Кеңес Одағы орнаған кезең мен 1991 жылға дейiн елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде осы тектес талай «оқиғалар» болған. Қазақ жерiнiң әр аймағында «ұлтаралық төбелес» те, кикiлжiң де, ұрыс-керiстiң де болғанына тарихтың өзi куә. Бiрақ орталық билiк органдары мұндай оқиғаларды жасырып, түк болмағандай кейiп танытуды әдетке айналдырған. Қайтерсiз, «Қазақстан – Кеңес одағының мақтанышы – «ұлттар лабораториясы» едi ғой. Бiрақ түптiң түбiнде ақиқат жеңiп, қазақтың ашу-ызасы 1986 жылы бұрқ етiп бiр-ақ шықты.

Иншалла, Кеңес Одағы тарихтан өз жазасын алып, күйреп бiтсе де, оның кейбiр ұстанымдары қазақ жерiнен әлi де кетер емес. Баяғыша «Қазақстан – көпұлтты, көпдiндi мемлекет» деп кеңестiк ұранға бассақ та, ақиқаттан ешқашан да кете алмаймыз. Ақиқаты сол – Қазақстанда ұлтаралық, ары кетсе, дiнаралық мәселелер бар. Бiрақ оған көздi жұма қараймыз. Өтiрiк ұрандармен өзiмiздi алдаймыз. Бұның артының не болары бiр Аллаға аян-ау…

Ұлтаралық мәселе: Әлеуметтiк фактор

Бүгiн қайда барсаңыз да, жылап-еңiреп жүрген – қазақ. Жерiнен қуылып жатқан да – қазақ, үйсiз-күйсiз жүрген де – қазақ, жалақы емес, тиын-тебен алатын да – қазақ. Мұның бәрi нелiктен туындап отыр дерсiз?! Ең алдымен, бәрiне де Кеңес Одағының «ұлттар лабораториясына» қатысты жүргiзген саясаты кiнәлi. Соғыс кезiнде, тың игеру жылдары Кеңес Одағының аумағында тұратын өзге ұлт өкiлдерi қазаққа мәжбүрлi түрде таңылды. «Тың игеремiз» деп қазақтың шырайлы жерлерiн тартып алып, өзге ұлт өкiлдерiн қоныстандырды, «Қаланы көркейтемiз» деп, қалалар мен облыс орталықтарына диаспора өкiлдерiн жайғастырып, қазақтың табанын елдiң астанасына да тигiзбедi. Бүгiн бiз «мына қазақтар нелiктен ауылда отырмай, қалаға жармасады» деп өз қандастарымызға кiнә тағамыз. Бiрақ бiз өз қандастарымыздың Кеңес Одағынан берi қалаға ұмтылғанын, шырайлы жерлерiн аңсағанын елемеймiз. Нелiктен Қазақстанда қазақтан басқа ешкiм жыламайды?! Себебi – өзге диаспораларға Кеңес Одағының «ұлттар лабораториясы» бәрiн бердi: үй де, жылы тамақ та, баласына мектеп, немересiне бала-бақша да… Олар өзге елде жүрсе де, өз ана тiлдерiнде оқып, бiлiм алуға, тiптi, өз тiлдерiнде жұмыс iстеуге мүмкiндiк алды. Ал, сорлы қазақ билiктен де, туған жерлерiнен де аластатылды. Нелiктен Қазақстанда «Шаңырақ» пен «Бақай» пайда болды? Себебi қазақ Кеңес Одағы кезiнде қуылған жерлерде тұрғысы келмейдi. Ұлтты мәжбүрлеп, басып-жаншыған Кеңес Одағы жоқ бүгiн… Ұлт ендi өзiнiң Қазақстандағы заңды орнын алғысы келедi: билiктегi, қаладағы, өмiрдегi заңды орнын… Қазақ өз Отанында өз тiлiнде сөйлеп, өз дiнiн ұстанғысы келедi. Бұл заңды құбылыс.

Өкiнiштi, бiрақ Кеңес Одағы құлағаннан берi елiмiзде идеологиялық тұрғыдан өзгерiстер болмаған сияқты. Сол баяғы «ұлттар лабораториясынан» алынған ұрандар. Ақиқатты алақанмен басу мүмкiн емес. Қазақстанда қалыптасқан қазiргi ұлтаралық жағдай дабыл қағарлықтай. Таяуда Атыраудың «Теңiз» кенiшiнде «ұлтаралық төбелес» болды. Бұл ондағы алғашқы төбелес емес. Соңғы мәлiметтерге қарағанда, қазақ пен түрiк жұмысшылары асханада төбелесiп қалған. Төбелес неден басталды дерсiз? Үш түрiк бiр қазақ жiгiтiн сабап кетiптi. Мұның арты үлкен ұлтаралық төбелеске ұласыпты. Билiк сыйламаған қазақты шетелдiк компаниялар несiне адам санасын?! Қазақтың түрiктерден жалақысы әлдеқайда төмен көрiнедi. Өз елiнде тепкiленiп жүрген сол баяғы қазақ. Осы тектес ұлтаралық кикiлжiңдер талай орын алып келедi. Бiрақ бұл туралы ресми ақпарат көздерi үн қатпайды, себебi бұл туралы айтуға болмайды. Қазақстан әлем қауымдастығы алдында ұлтаралық бiрлiгiмен мақтанады ғой. Бұл ұлтаралық бiрлiк кiмнiң арқасында орнады? Қазақтың. Халқымыздың ұлттық мәселелерi шегерiлiп жүргендiктен, өзге диаспоралардың мәселелерi оңтайлы шешiлiп келедi күнi бүгiнге дейiн…

Әлеуметтiк әдiлетсiздiк ұлттық әдiлетсiздiкпен қосылса, мұның артының не боларын болжау да қиын. Қазақ ашынып, ашуланып жүр. Ұлтаралық бiрлiк негiзгi ұлтты кемсiтiп, шегеру арқылы ешқашан да орнай алмайды. Қазақтың өз елiнде быжып жүрген майда-шүйделерден алар өз ақысы бар. Ақы болғанда, қандай ақы?! Байырғы ұлттың тiлiнде сөйлесiн, қазақты құрметтесiн. Есесiне өзге ұлт өкiлдерi мемлекеттiк тiлдi сыйламай тұрып, билiктен де дәмелi екендерiн аңғартып қалды. «Көпұлтты» Қазақстан билiгiнiң «моноұлтты» болуы соңғы кездерi Ассамблея диаспораларына ерсi көрiнiп жүр екен. Басқа тiлдi ақпарат көздерiне сенсек, күрдтер күндердiң бiр күнi Алматы қаласын басқаруға дәмелi болса, сығандар күндердiң бiр күнi премьер-министрдiң сыған болатынына сенедi екен. Бiлiмiңiз жетiп, ақылыңыз асып тұрса кiм сiзге кедергi?! Бiрақ бар мәселе – Қазақстан билiгiне келетiн адам қазақ тiлiнде өз ана тiлiндей сөйлеп, осы елдiң нағыз патриоты болуы керек қой. Бiздегi диаспора өкiлдерiнiң басым бөлiгi – өз ана тiлдерi мен орыс тiлiн ғана бiледi. Қазақ тiлiне мұрнын шүйiре қарайды. Осыдан кейiн Қазақстанның билiгiне келгiсi келедi. Ендi билiкке қазақ тiлiн бiлмейтiн диаспора өкiлдерi келсе – тiлiмiздiң өлгенi, ұлтымыздың сөнгенi…

Халықтар ассамблеясы – кикiлжiң ошағына айналып бара ма?

Қазақстан халықтары ассамблеясының құзыры өспек. Бұл Елбасының ұсынысы. Дегенмен, құрылғанына он жылдан астам уақыт өткен ассамблеяның ұлтаралық қатынасты жақсартудың орнына, қиындатып жүргенiн көпшiлiк бiледi. Бүгiнде Қазақстан халықтар ассамблеясы тiлдiк, ұлттық ұстаным бойынша екi топқа бөлiнген: бiр жағында – орыс тiлiнiң сойылын соғып, қазақ тiлiне пысқырмайтын – бұрынғы премьер-министр (әлi де билiктен дәмелi) С.Терещенко, Орыс-славян қауымдастығының басшысы Ю.Бунаков, Орыс, казак, славян қауымдастығының төрағасы Анатолий Чесноков, тағысын тағылары. Екiншi жағында – Қазақтың ұлттық мемлекетiн құрып, қазақ тiлiн мемлекеттiк деңгейге жеткiзуге мүдделi: Герольд Бельгер, Асылы Осман… Көрiп отырғаныңыздай, ассамблеяда қазақ тiлiнiң сойылын соғатындай өзге ұлт өкiлдерi өте аз. Құдайға шүкiр, «Ұлт тағдыры», «Халық дабылы» сияқты ұлттық қозғалыстардың арқасында тiл мәселесi күн тәртiбiнен түспей отыр.

Ассамблея – кикiлжiң ошағына айналып бара жатқандай. Халықты бiр ту астына бiрiктiрудiң орнына, бөлiп-жарып келедi. Ассамблея құрылғаннан берi оның басы дау-дамайдан аластар емес. Соңғы даулардың бiрi мынау. Орыс, славян, казак қауымдастығының төрағасы Анатолий Чесноков iс қағаздарының қазақ тiлiне өту процесiн шегере тұруды өтiнiп отырғанға ұқсайды. «Регнум» агенттiгiнiң хабарлауынша, аталған қауымдастық орыс тiлiне мемлекеттiк дәреже алып беру үшiн Парламентке заң жобасын ұсыныпты. Бiрақ бүгiнде Чесноков «бұл жай бағдарлама» деп ат тонын ала қашуда. Дегенмен, айтылған сөз – атылған оқ. Ал, ассамблея дүрдараздыққа әкелетiндей мәлiмдемелердiң алаңына айналып отыр.

Тағы бiр мәселе. Терещенко Қазақстан билiгiне өзге ұлт өкiлдерiн көптеп тартуды сұрап отыр. Егер де Терещенко Ресейде жүргенде, оның не айтарын болжау қиын емес. Ол – барып тұрған орыстың ұлтшылы. Бiрақ оған кiнә тағудан адамыз. Ұлтшыл болу – әркiмнiң өз еркi. Қазақ та ұлтшыл болуға қақылы. Бiрақ Терещенко сияқтылар Қазақстанда қазақ мәселесiнiң шешiлуiн уақыт бойынша шегеруге мүдделi. «После меня хоть потоп» – деген мақалдан саяды бұл пiкiр. Чесноковтар да iс-қағаздарының қазақ тiлiне өтуiн ұзақ мерзiмге созуға мүдделi. Ассамблея өкiлдерi осылайша Қазақстандағы мемлекеттiк тiлдiң мәселесiне қарсы тұрса, бұл орталықтың қандай қажетi бар? Оның құзырын өсiру не үшiн керек? Ассамблеядан билiкке диаспора өкiлдерiн тарту неге қажет? Олардың пиғылдары белгiлi. Халықтар ассамблеясының тiлi – орыс тiлi. Сондықтан оның мүшелерiнiң басым бөлiгi қазақ тiлiнiң дамуына мүдделi емес. Осыдан кейiн олар қалайша Қазақтың билiк тiзгiнiн алудан дәмелi?

Түйiн. Елiмiздегi соңғы оқиғалар қазаққа қазақтан басқа ешкiмнiң де жаны ашымайтынын көрсеттi. Тiптi, «сақау теңге» мәселесi бой көтергенде, қазақтiлдi БАҚ-тар зар иледi. Ал, орыстiлдi ақпарат құралдары «Атам заманда Францияның франктерiнде кеткен қатенi айтқан депутаттың сөзiн» алға тартумен болды. Елiмiздегi жағдай осындай. Қазақтың теңгесiне, тiлiне, дiнiне қазақтың өзiнен басқа ешкiмнiң жаны ашымайды. Асылы Осман мен Герольд Бельгерлер жан-тәнiмен қазақ болғасын ғана өз ұлтын аяйды. Яки, тек қана қазақ – қазақтың қорғаушысы, тiрегi, демеуi… Яки, мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн қазақ қана – Қазақстанның болашағы, билiктiң iзбасары…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары