ТАҒЫ БIР ПАРТИЯ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНБАҚ

ТАҒЫ БIР ПАРТИЯ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНБАҚ

ТАҒЫ БIР ПАРТИЯ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНБАҚ
ашық дереккөзі
447

Немесе «Отан» партияларды магнитше тартуда

«Отан» партиясы жақында тағы бiр партиямен толығады деген» Дариға Назарбаеваның сөзi жаңсақ емес екен. Ел iшiнде индустриалды топтардың мүддесiн жақтайды деген атпен белгiлi Азаматтық партия өкiлдерi партияның кезектi пленумында «Отанға» қосылу жөнiндегi бастамаларды талқылады. Тiптi, Перуашев бастаған депутаттар қараша айының орта шенiнде билiкке жету жолы үшiн Азаматтық партия атынан бас тартуға дайын отыр.

Әрине, бұдан былай «Отанның» өзге партияларды магнитше тартатыны Президенттiң дәл осы партияның съезiнде айтқан құлақ¬қағысынан кейiн-ақ белгiлi болған. Ал Дариға Назарбаева бiр партияның құрбандыққа шалынғалы жатқанын қосылу процесi жақындағанда ғана айтты. Бiз сол ақпарат тараған бойдан, Азаматтық партияның төрағасы Азат Перуашевке хабарласқанбыз. Өйткенi, өзге партия болмаса да, дәл осы партияның «Отанға» қосылуға бейiм екендiгiне күмәнiмiз қалмаған.

Ал Азат Перуашевтың барынша құпия болуға тырысқанына тiптi таң қалғанбыз. Сол кездегi сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз:

Азат Перуашев,

Азаматтық партия жетекшiсi:

«Бұл – билiкке жету тетiгi»

— Азат Тұрлыбекұлы, сiздерге «Отан» партиясына қосылу жөнiнде жақын арада ұсыныс түспедi ме?

— Ресми түрде әлi ұсыныс түсе қойған жоқ. Дәл қазiр бұл мәселе бойынша мен нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бiрақ, бiздiң жергiлiктi орындардағы бөлiмшелерден дәл осындай ұсыныстар түсiп отыр. «Отан» партиясымен осы мәселе жөнiнде консультациялар өткiзейiк деп жүрген белсендi мүшелерiмiз бар.

— Ресми болмаса да, ресми емес ұсыныстар айтылған жоқ па, әзiрге?

— Осы аптаның аяғында партияның кезектi пленумы өтедi. Сонда, осы мәселе көтерiлсе, бiз тиiстi шешiм қабылдауымыз мүмкiн.

— Ұсыныс жасалынса, яғни, бас тартпайсыздар ғой!

— Бұл мәселе өте маңызды. Жауапты. Егер, мүшелерiмiз аса белсендi бастама көтерсе, бiз оны жақсылап талқылап, әрi қарай, «Отан» партиясының басшыларымен сөйлесемiз.

– «Отанға» қосылғандағы мақсат билiкке жету ме?

– Иә, иә, өткенде, Президент айтты ғой, Парламент сайлауында көпшiлiк дауыспен жеңiске жеткен партия Үкiметтi жасақтайды деп. Бiздiң белсендiлерiмiз, салмақты мүшелерiмiз сол мүмкiндiктi пайдалану жөнiнде бастама көтеруде.

Азат Тұрлыбекұлы ақпаратты барынша құпияда ұстауға тырысқанымен партияның кешегi аптаның соңында өткен пленумында Азаматтық партия өкiлдерi, онда да шалғайда орналасқан бөлiмшелерден келгендер «Отанға» қосылуға басшылығын «мәжбүрлегенге» үқсайды. Шын мәнiнде, бастаманың партияның жоғарғы жағынан айтылғанына күмән келтiрмеймiз. Бiрақ, Перуашев бастаған басшылары «бастама төменнен келдi» дегендi желеу етiп отыр.

Бiрақ, Азаматтық партияның «Отанға» iш тартқаннан немесе жақын көргеннен қосылғысы келiп отырғаны шамалы. Перуашев айтпақшы, негiзгi себеп «Бұл – билiкке жету тетiгi» болғандықтан ғана. Ал «Отан» болса монополияланып барады.

Бiз бiрқатар саясаттанушылар мен жекелеген партия басшысын сөзге тартқан едiк.

Берiк Әбдiғалиев, саясаттанушы:

«Бұл моно-полия емес»

— Бiр партияның монополистке айналуы сiздi қандай ойға жетелейдi?

— Қосылып жатқан партиялардың арасында еш айырмашылық жоқ. Саяси мәселеге келгенде, түптеп келгенде, Қазақстанның саяси дамуына еш әсер болмайды. Партия сан жағынан емес, сапасы жағынан, баламалы бағдарлама ұсынуы жағынан ерекшеленуi керек. Азаматтық, сосын аграрлық партиялар қосылатын шығар «Отанға», қосылатын болса. Ал монополияға келсек, бүл монополия емес. Өйткенi, бiзде оппозициялық партиялар бар ғой.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

«Ақ Ордаға дәл осындай партия керек»

Менiңше, бұл процестер өте жақсы дәрежеде дайындалған саяси технологияның көрiнiсi. Ақ Орда елге осындай мүшесi көп саяси партия қажет деп шешкен секiлдi. Ақ Ордаға ендi виртуалды партия емес, дәл осы «Отанның» бейнесiндегi партия керек. Партияның құрылымына емес, ендi iргетасына көп көңiл бөлiнiп отырған сияқты.

Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының жетекшiсi:

«Отан» партиясының монополиске айналуы өзге партияларға зиянын тигiзуде

— Ғани Қалиұлы, сiздерге «Отан» партиясы тарапынан ешқандай ұсыныс түскен жоқ па? Мәселен, партияға қосылу жайлы…

— Жоқ, түскен жоқ. Түссе де қабылдамаймыз. Өйткенi, бiздiң өз электоратымыз, 200 мыңдай мүшемiз бар. Бiз көженiң сұйығын – сұйық, қоюын – қою деймiз. Аналар секiлдi, сұйығын да сұйық, қоюын да сұйық демеймiз. Өзiмiздiң айтар ойымыз бар. Өзiмiздiң электоратымыздың қалағанын айтамыз. Кемшiлiктердi, шешiлу жағын да айтамыз. Ал тыңдау, тыңдамау ол екiншi мәселе.

— Партиялардың бiрiгiп, үлкен монополиске айналуы КСРО партиясын еске түсiрмей ме, арты қалай болар екен?

— Ендi ол мынадай ғой. Бiздегi барлық партиялар ендi аяғынан тұрып келе жатқан кезде, бiз бiр партияны қолдан монополист жасап отырмыз. Облыс, аудан әкiмдерi штаб құрып, жұмыс iстеуде. Бөлiмшелерiн басқарып жатыр. Министрлер осы партияға кiруде. Бұрын да халық «Отанның» шенеунiктер партиясы екендiгiн бiлетiн. Ендi, бұл партия өзге партияларға зиянын тигiзiп жатыр. Бюджеттiк мекемелерде адамдарды «кiрсең де кiресiң, кiрмесең де кiресiң» деп зорлап кiргiзуде. Бiрақ, партияның санын көбейткенмен, халықтың соған құлқы қалай болар екен? Мейлi, ана шенеунiктер қызметтен айрылып қалмау үшiн шауып жүредi. Жәй халық қорыққанынан кiредi. Ал арғы жағынан шын ниетiмен қалап тұр ма, жоқ па, ол белгiсiз. Сондықтан, мұның зияны басым.

Парламенттiң бұрынғы «отанданғаны» қазiргiсiмен салыстырғанда тiптi ештеме емес екен. Ал мұндай «Отаннан» құралған Парламент ертеңгi күнi «саяси реформалар» эгидасының аясында Үкiметтi жасақтауы мүмкiн.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары