ФИЛИППИНДЕГI ХИЛЛЕР ЕМI

ФИЛИППИНДЕГI ХИЛЛЕР ЕМI

ФИЛИППИНДЕГI ХИЛЛЕР ЕМI
ашық дереккөзі
306

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары баспасөз беттерiнен «Филиппин аралдарының Хиллер емшiлерi адамға пышақсыз операция жасайды екен» деген хабарды естiп, таңқалғанымыз бар едi. Сол мақалалардың бiрiнде Филиппинге барған сапарында белгiлi әншi Бақыт Әшiмова тамағындағы баспа ауруын хиллерге алдыртып, артынша ән салыпты деп айтылған болатын.

Жақында Алматының тұрғыны Халел деген кiсiмен таныстым. Ол Филиппинге барып, аяғындағы, балтырындағы тамырына және еркектерде жиi кездесетiн аденома дейтiн кеселiне операция жасатып, сауығып қайтты. Операция жасатқан жерлерiн көрсеттi. Ешқандай белгi байқалмайды. Бұл жай өзiм жақсы танитын аурулы-сырқаулы бiраз адамның қызығушылығын танытып, бiр жағы жер көрiп, бiр жағы емделiп қайту үшiн Филиппинге баруға жиналдық.

Сонымен, Алматыдағы «Успех« ЖШС ұйымдастыруымен 37 адам Филиппинге жол тартты. Алматыдан Дубайға, одан Манилаға, одан Себуге келдiк. Манила – Филиппин мемлекетiнiң астанасы. Себу – аралдың әрi қаланың аты екен. Себуде 12 млн., Манилада 26 млн. Ал жалпы Филипппинде 87 млн.халық тұрады екен. Мұнда 7100 арал болса, соның 500-дейi бiрде суға батып, бiрде су бетiне шығып тұрады дейдi сондағы жол бастаушы. Бұл аралдар Тынық мұхиты мен Оңтүстiк Қытай теңiздерiнде орналасқан.

Мұнда ауа-райы үш түрге бөлiнедi: наурыз айынан маусым айына дейiн – ыстық, құрғақ +32 градус; маусым айынан қазан айына дейiн – тропикалық жаңбыр уақыты; қараша айынан наурыз айына дейiн – өте жақсы уақыт (бархатный сезон) – температура +22-28 градус.

Ел басшысы – Президент. Халқының 80 пайыздан астамы филиппиндiктер (тагалдар, висалдар, моролар, илоктар, т.б.) қалғандары малайлар, қытайлықтар және индустар. Негiзгi тiлi – филиппинше (тагальша немесе тагалогша) және ағылшын, испан тiлдерi де қолданылады. Филиппин – Азиядағы бiрден бiр христиан дiнiндегi мемлекет саналады. Халқының 83 пайызы католик-христиандар, 9 пайызы протестанттар, 5 пайызы мұсылмандар мен буддистер, т.б. Тамақтары негiзiнен күрiш, жемiс, теңiз өнiмдерi, ешкi етi, буйвол етi, кокос жаңғағы, жаңғақ сөлi, шәй, кофе. т.б. Халқының денi кедейшiлiк деңгейiнде өмiр сүредi. Қыс болмайтындықтан адамдары аяқтарына сүйретпе iлiп, үстерiне жеңсiз, жағасыз жейде, қысқа шалбар киедi. Халқы өте кiшiпейiл, күлiп амандасады екен. Орта жастары – 75 жасты құрайды.

Бiздер негiзiнен емделу үшiн барғандар Себу аралындағы теңiз жағасына салынған «Алегра» деп аталатын санаторийге орналастық. Мұнда демалушылар үшiн жақсы жағдай жасалған. Не керектiң бәрi бар: ванна, душ, теледидар, кондиционер, т.б. Кiлең екi адамға арналған бөлмелер, төбесi пальма қамыстарымен жабылған қабатты үйлер. Келген күнi санаторийдiң айналасын көрiп, табиғаттың мұншалықты сұлулығына көз суардық. Хиллер – бiздiңше емшi дегендi бiлдiредi екен. Емшi-хиллер Роми деген, 43 жастағы жiгiт. Барлық операцияны жалаң қолымен пышақсыз бiр өзi жасайды. Қалған 8 адам көмекшi¬лерi. Оның төртеуi массаж жасайтындар, екеуi кезiнде Алматыда оқып бiтiрген дәрiгер әрi аудармашы, қалған екеуi көмекшi әйелдер.

Ем (операция» жасар алдында массажистер адамның бақайшығынан бастап шаштың түбiне дейiн (қолдың саусақтары мен буындары, бұлшық еттерi) әртүрлi майлар жағып жасаған массаж 40-50 минутке созылады екен. Көмекшi әйелдер шешiндiрiп төсекке жатқызған соң хиллер қолмен диагноз жасауға кiрiседi. Қолы мұнша сезiмтал болар ма? Ол басыңыздан бастап бақайшығыңызға дейiн сипап өтiп, кезiккен кеселдердi айтып отырады. Ал көмекшi әйелдер сол аурудың қай органда кезiккенiн арнайы журналға жазып отырады. Тiлмаш- дәрiгерлер орысшаға аударып тұрады. Сөйтiп, хиллер жiгiт келген 37 адамның бәрiн бiр күнде қабылдап үлгердi.

Хиллер Роми осы отыз жетi адамды бес күннiң iшiнде қарап, емдеп шығатындығын айтты. Көзiмiзбен көрген соң қалай сенбессiң. Адам таңданарлық жағдай – денеңiздiң кез келген ауруы бар деген жерiне жалаң қолымен кiрiп, ұйыған қан, т.б. кеселдi алып, өзiңiзге көрсетiп, жаныңызға қойып жатады. Бүйректен, өттен алынған тасты өз көзiңмен көрiп, қолыңмен ұстайсың. Көзiң ашық жатады. Ауырсыну байқалмайды, тек хиллердiң қолының жыбырлағанын ғана сезесiң, iшек-қарныңды ақтарып жатқан дыбысын құлағың естiп жатады. Аздап қан ағады, оны сол сәтте сипап жiберiп, мақтамен сүртiп тоқтатады. Қолмен жасалған операциядан кейiн денеңде еш белгi қалмайды, тек шамалы уақыт қызарып тұрады да жоқ болып кетедi. Ал өзiң тұрып жүре бересiң. Мұны Құдайдың құдыретi демей не дейсiң. Қолмен операция жасау қасиеттi екi аралдағы алты адамда ғана бар деп естiдiк. Ромидiң ата-бабасында бар қасиет баласына жұғысты болған ғой.

Жорамал айтушылар осы екi арал табиғатымен ерекшеленедi. Әлгiндегiдей пышақсыз операция жасауға бұл жердiң энергиясы, магнетизм, космоспен байланыс, т.б. толып жатқан бiз бiлмейтiн кереметтерiнiң әсерi болса керек.

Филиппиннен Алматыға оралған күннiң ертесi қасиеттi Рамазан айы басталып, ауыз бекiттiк. Мұны да Алла Тағаланың ретiн келтiрiп тұрған кереметi деп қабылдадық. Оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын!

Өскенбай Құлатайұлы, зейнеткер,

Алматы–Дубай–Манила–Себу-Алматы.

Серіктес жаңалықтары