Қазақстан Петролеум Қауымдастығы Басқарма Кеңесiнiң төрағасы Сағындық НҰРАЛИЕВ: ҚАНАТЫН КЕҢ ЖАЙҒАН ҚАУЫМДАСТЫҚ

Қазақстан Петролеум Қауымдастығы Басқарма Кеңесiнiң төрағасы Сағындық НҰРАЛИЕВ: ҚАНАТЫН КЕҢ ЖАЙҒАН ҚАУЫМДАСТЫҚ

Қазақстан Петролеум Қауымдастығы Басқарма Кеңесiнiң төрағасы Сағындық НҰРАЛИЕВ: ҚАНАТЫН КЕҢ ЖАЙҒАН ҚАУЫМДАСТЫҚ
ашық дереккөзі
247

Инвесторларға деген қоғамдағы пiкiр әрқилы. Кейде олар Қазақстанға миллиардтаған доллар инвестиция тартқан «қайырымды қамқоршы» бейнесiнде көрiнсе, кейде инвесторларды тек пайданың соңына түскен «шетелдiктер» түрiнде ғана қабылдаймыз. Алайда, Қазақстанның кенiштерiн игеруге зор үлес қосып жатқан инвесторлардың да өзiндiк проблемалары жеткiлiктi. Бiз осы тектес мәселелер жөнiнде және мұнай-газ рыногiндегi ахуал туралы Қазақстан Петролеум Қауымдастығы Басқарма Кеңесiнiң төрағасы Сағындық Нұралиевпен әңгiмелескен едiк.

– Сiз мұнай-газ рыногiндегi 60-шақты шетел компаниясының басын құраған Қазақстан Петролеум Қауымдастығын басқарып отырсыз. Сiздi шетел инвесторлары арасында Қазақстан мүддесiн қорғайтын адам деп қарастырамыз ба, жоқ әлде, инвесторлардың осындағы мүддесiнiң жақтаушысы деп қабылдаймыз ба?

– Сәл әрiге көз жүгiртсек, осыдан 10-15 жыл бұрын инвесторлар Қазақстанға келе бастағанда, мұнай-газ рыногiн заңмен қадағалау жетiмсiз едi. Үкiметтiң тәжiрбиесi де мол емес-тi. Инвесторлар алдынан бiраз мәселелер туындады. Содан, бiрнеше компания өкiлдерi өзара жиналып, ай сайын бiрге отырып пiкiр алмасып, тәжiрбиесiн, көрген-бiлгенiн бөлiсiп, ақылдасып жүрдi де, кейiн осы қауымдастықты құрды. Алайда, қауымдастықтың ресми тiркелген жерi – Голландия. Себебi, ол кезде бiздiң елде үкiметтiк емес ұйымдарды, қоғамдық ұйымдарды, қауымдастықты құру жайлы тәжiрбие аз едi. Алғашында қауымдастық құрамындағы компаниялар саны 10-20 болды. Ал қазiр 60-тан астам компания бар. Құрылғанына сегiз жылдай болып қалды.

Қауымдастық қай жаққа қарай бұра тартады деген мәселенi айту қиынырақ. Ендi шет елде құрылғаны бар, жұмыс тiлi ағылшынша. Сондықтан, бұл қауымдастықты инвесторлардiкi деп айтуға болады. Бiрақ, мұндағы компаниялардың тек басшылары болмаса, орынбасарлары, негiзгi мамандары қазақстандықтар. Арамызда жүрген жiгiттер. Жұмыс iстейтiн адамдарының тоқсан пайызы осы жердiкi. Мәселен, қауымдастықтағы алпыс екi компанияның отыз бесi қазақстандық. Мұнайды осы жерде шығарып жатыр. Бiздiң қауымдастыққа кiрген компаниялар Қазақстандағы бүкiл мұнайдың тоқсан пайызын өндiруде. Компаниялар дұрыс жұмыс iстесе, бiздiң Үкiметке де, елiмiзге де пайдалы. Осы компаниялар арасындағы Теңiзшевройл, Петро-Қазақстан секiлдi компанияларда Қазақстанның үлесi бар. Бiздiң Қауымдастық мүшесi «ҚазМұнайГаз» компаниясы, тiптi, Үкiметтiкi. Сондықтан, менiңше, бұл қауымдастықты инвестордың ассоциациясы ғана емес, Қазақстандық компаниялардың қауымдастығы деуге де болады.

– Сiз басқаратын қауымдастық мұнай-газ рыногiндегi компаниялардың басын қосып отырғанымен, жақында дәл осындай мақсатта «Қазэнерджи» деген тағы бiр қауымдастық құрылды. Оның не қажетi бар едi? Сiз басқаратын қауымдастық функциясын дұрыс атқара алмағаны ма?

– Менен көп адам осылай сұрап жатыр. Бiрақ, мына бiр мәселеге көңiл бөлу керек. Бiрiншiден, «Қазэнерджи» тек мұнай емес, энергетикалық компаниялардың бәрiнiң басын қосуда. Олардың арасында «Кегок», «Қазатомпром» секiлдi iрi компаниялар бар. Екiншiден, менiңше, бұл қауымдастық тек үлкен-үлкен компаниялардың ғана қауымдастығы болатын секiлдi. Мәселен, бiздiң құрамымызда Қазақстан кенiштерiне жаңадан келiп, зерттеу жүргiзiп жатқан кiшiгiрiм компаниялар баршылық. Ал «Қазэнерджи» негiзiнен iрi компанияларды шоғырландырған.

Үшiншiден, шынын айтқанда, бiздiң қауымдастық тәуелсiздеу. Ал «Қазэнерджи» болса, бiздiң ойымызша, Үкiметке, министрлiкке, «Қазмұнайгазға» жақынырақ. Осындай айырмашылығымыз бар. Бiрақ, «Қазэнерджидiң» лоббилiк ролi күштiрек болатын секiлдi.

Мiне, сондықтан да инвесторлар сол қауымдастыққа жақын болып отыр. Мәселен, Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi газ босқа кетiп жатыр деп компанияның мұнай игеруiн тоқтатып қоюы мүмкiн. Бiрақ, мұнай өндiрсең, газ да шығады. Газ өндiрмесең, мұнай да шықпайды. Бұл бiр сағаттың жұмысы емес, әзiрлiк пен уақытты қажет етедi. Соны Үкiметке жақсылап түсiндiру керек. Арнайы бағдарламалар қажет.

– Газ жайлы айтып қалдыңыз. Өткенде Қазақстан мен Ресейдiң арасында газ өңдеу зауытын Ресейде салу жайлы келiсiм түзiлгенiн бiлесiз. Ол зауытты бұған дейiн бiздiң елде салу жайлы әңгiме айтылып келген. Бiрақ, ресейлiктер оны қағып кеттi. Сiз инвесторлар арасында жүрсеңiз де осы мәселеге жаныңыз ауырмай ма? Өйткенi, газ кенiшi бiздiң аумақта ғой. Қазақстанда ашылса, бiзде жұмыс орындары ашылар едi. Бiздiң ел өз мүддесiн берiп қойған жоқ па?

– Ендi ол мәселенi Президенттер шешкеннен кейiн, жақсылап зерттеп, пайдасының бәрiн екшеп алды ғой. Бұл арада әрине, саяси жағы да бар. Алайда, Ресей аумағынан орын тебетiн зауыт коммерциялық жағынан тиiмдi болды. Ресейде салатын болып шешiлгенiнiң мәнiсi сонда.

– Бәрiбiр ол ендi Қазақстанның емес, Ресейдiң аумағында қалды. Бiздегi жұмыс күшi бiр мүмкiндiктен айырылды.

– Бiзде жұмыс iстегiсi келетiн адамдарға жұмыс толып жатыр.

– Қолымдағы бар деректерге қарасам, шетелдiктер қазақтарға салмақты жұмыс бермейдi. Ең маңызды деген қызмет орындарына өз адамдарын алып келедi. Ал бiздiң халық өкiлдерiн қара жұмысқа салып қояды екен.

– Бiздiң ұлт өкiлдерiнiң мұнай саласында жұмыс iстегенiне жүз жылдан асып кеттi. Бұл салада еңбек ететiн қазақтар толып жатыр. Бiрақ, жаңа жобалар мен жаңа технологияларға мамандану үшiн бiраз уақыт керек. Атырауда жақында техникум ашылды. Ақтауда бар сондай оқу орны. Қазақ-Британ университетi осы жылы алғашқы түлектерiн ұшырды. Бiзге мықты инженерлер керек. Шетел компанияларын да түсiнуге болады. Трактор жөндейтiн адамды мұнай кенiшiндегi жөндеу жұмыстарына қалай жiбересiз? Оны үйрету керек. Аз ғана кемшiлiк жiберсе, бiр минутта талай нәрсеге зиянын тигiзуi мүмкiн. Адам өмiрi бар дегендей. Бұл қауiптi мамандық.

– Бұл салада мамандар әлi де жеткiлiксiз бе?

– Әрине, жеткiлiксiз. Инженерлер көптеп керек. Ал бiз көп жылдар бойы заманауи талаптарға сәйкес инженер-техниктердi аз дайындадық. Көбiнесе компаниялар ғана шетелде оқытып келдi. Үкiметтiң мамандарды шет елдерде дайындайтын бағдарламаларында «Болашақ» болсын, басқа болсын, инженерлiк оқуға кетiп жатқандардың саны 10-15 пайыздан аспайды. Техникалық мамандыққа қызығушылық жоқ. Қызығушылық баланың кiшкентай кезiнен басталуы тиiс. Ол үшiн математика, химия, физика пәндерiн дұрыстап үйрету керек.

– Инвесторлардың арасында жүрсiз. Олардың қазақстандық мамандарды дайындау процесiне көңiлiңiз тола ма?

– Көңiлiм толады. Бiрақ, онымен компания ғана емес, Үкiметтiң айналысуы керек. Үкiмет он жыл бұрын осы мәселенi қолға алғанда, қазiр балалар университеттi бiтiрiп келiп, жұмысқа қойып кетер едi. Бұл мамандықтың инерциясы өте күштi. Маман дайындауды ендi ғана қолға алып бастады. Мектеп бiтiрген балалар маман болып келемiн дегенше, 10-15 жыл өтiп кетедi.

Мұнай игеретiн компаниялар өздерiне қажеттi мамандықтарға ғана оқытады. Оқытып та жатыр.

Тағы бiр түсiнетiн жайт, мәселен, Қарашығанақта бiр зауыт салынып, құрылыс жұмыстарына үш мыңдай қазақты алды делiк, бiрақ, жоба аяқталғаннан кейiн, жұмысшылармен түзiлген келiсiм-шарт та өз күшiн жояды. Ал бiздiкiлер тағы да «жұмыспен қамтамасыз ет» деп шу шығаруға бейiм тұрады. Компанияның өзiне көп адам керек емес. Өйткенi, бәрi автоматтандырылған. Қазақстан мамандары ұшқыр, бiлiмi жөнiнен бәсекеге шыдамды болуы керек. Кез келген жерде жұмыс iстеуге әзiр болуы тиiс. Ал өз тәжiрбиесi мен сертификатын көрсетiп кез келген компанияға барса, оны жұмысқа алады. Алмағанда қайтедi. Бiрақ, қазiр бiзде ондай мамандар көп емес.

«ИНВЕСТОРЛАР ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕ САҚ ЖҮРЕДI, ӘР ҚАДАМЫНА ЕСЕП БЕРЕДI. ӨЙТКЕНI…»

– Бұрын инвесторларда «Салған инвестициямызды керi қайтара алмай қаламыз ба?» деген кәдiмгiдей қорқыныш болатын. Ал қазiр бәрi керiсiнше секiлдi…

– Былтыр Президент жанындағы инвесторлар кеңесi осындағы ахуал туралы бiраз зерттеу жүргiзген. Сонда көбiсiн алаңдататыны салық заңындағы кейбiр мәселелер екенiн көрдiм. Бүкiл әлемде мұнай саласына келер инвестицияға бәсеке бар. Мәселен, үлкен компания мұнай саласына мол инвестиция салғысы келедi делiк, оның тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл елдерде өз бөлiмшелерi болуы мүмкiн. Компания бар мүмкiндiктi таразылайды. Африка, Оңтүстiк Шығыс Азия елдерi, Қазақстан арасынан қайсы ел инвестиция салғанға тиiмдi деп ұзақ қарастырады. Бiз, елiмiз даму жолында. Саяси жағдайымыз да тұрақты. Банк жүйесi де мықты» деп жағымды рекомендация беруге тырысамыз. Бiрақ, бұл арада мұнайдың өзiндiк құны деген жайтқа инвесторлардың көп көңiл бөлетiнiн айту керек. Бiзде мұнайдың өзiндiк құны 3-4 доллар болса, араб елдерiнде бiр долларға да жетпейдi

– Алайда, ол елдердiң рыногi жабық емес пе? Әрi ол елдерде әр компания өз позициясын мықтап түзiп алған. Ешкiмдi рынокке кiргiзбейдi…

– Сауд Арабиясындағы бар мұнай Үкiмет қолында. Шетелдiктердi көп жiбере бермейдi. Ендi әзер-әзер дегенде ашып жатыр ғой. Иран рыногiн ашу әрекеттерi жасалынуда. Ашатын да шығар. Мiне, рыноктi зерттеп отырғандар осыған көбiрек көңiл бөледi. Теңiзге шығу жолын, порттарды есепке алады. Бұған қоса, мұнайдың бағасына қатысты жайттар да бар.

– Инвесторлардың көңiлiне әлi де қарағыштау керек демексiз бе? Бiздегi қысымды инвесторлардың өздерi қалай бағалайды?

– Қысым тек салық жағынан болса бiрсәрi ғой. Бiзде инвесторлардың iсiне тiкелей қатысты бiрнеше министрлiк бар. Әрқайсысы Үкiметтiң мүддесiн ойлайды. Ол дұрыс-ақ. Бiрақ, салық жағынан Қаржы министрлiгi, энергетика жағынан Минералды ресурстар және энергетика министрлiгi, экологиялық мәселелердi Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi, квота жөнiнен Әлеуметтiк қорғау министрлiгi, кеденi бар, басқасы бар, бәрi қосылып талап еткенде, мiне сол кезде қысымның көкесiн көресiз. Бұған қоса, қоғамдық пiкiр бар, үкiметтiк емес ұйымдар бар, Парламенттiң өзi бiр төбе. Осы жайттың бәрiн есепке алғанда, компанияның Вашингтонда немесе Лондонда отырған басшысы «бұл елге инвестиция салмай-ақ қоюға болады» деп шеше салады. Әрi, салынған ақшаны зая кетiретiн жобалар да болады. Мәселен, бұған дейiн бiрнеше кенiштен мұнай шықпай қойды ғой. Бiрақ, инвесторлар оны жария етiп жатқан жоқ. Мәселен, Әзiрбайжанда бiр кенiштен мұнай шықпай қалып едi, шу еттiк. «Әзiрбайжанда мүлде мұнай жоқ» екен деп даурықтық.

– Дегенмен, Қазақстандағы мұнайдың өзiндiк құнының өте арзанға түсетiнiмен келсесiз ғой. Инвесторлардың өздерiнiң шығынын бәрiбiр де жауып жiберетiнi өтiрiк емес қой!

– Олар әрине, шығынын жабады. Алайда, оның пайдасы да болуы керек ғой.

– Мен Қазақстандағы инвесторлар пайдасыз қалып жатыр деп ойламаймын.

– Пайда дегендi де дұрыс түсiну керек. Қазақстанға инвестиция салған компаниялардың басым бөлiгi өз акцияларын Қор биржасына шығарып отыр. Олардың акциясын кез келген адамның сатып алуға мүмкiндiгi бар. Ал биржада акциясы саудаға салынған соң, оның пайдасы да сатып алушыларға белгiлi болуы тиiс. Бұл компаниялар өз акцияларын сатып алушыларға есеп берiп тұрады. Ол пайда бiреудiң қалтасына түсiп жатқан жоқ. Шетелдiң компаниялары қоғамдық компаниялар.

– «Мұнай қарғысы» деген ұғым сiзге таныс шығар. Қазақстандағы осы синдромның деңгейiн қалай бағалар едiңiз?

– Ендi Президент бар, Үкiмет бар, мұнайдың табысын дұрыстап пайдалану үшiн жақсы бағдарламалар түзiп, тиiсiнше жұмыс iстеп жатыр ғой. Ұлттық Қордың құрылғаны өте дұрыс болды. Британ премьерi Блэрдiң ашықтық жөнiндегi инициативасы мұндағы инвесторларға да жеттi. Инвесторлар ашық емес, есебiн жария етпейдi деген пiкiрлер де естiлiп қалады. Алайда, Үкiметтiң өзi ашық жұмыс iстейтiн болса, инвесторалар да ашық болар едi ғой. Олар еш қайда кете алмайтын едi. Сондықтан бұл арада мәселе инвесторларда емес. Мәселе қалыптасқан жүйеде. Қазiр жағдай аздап болса да өзгеруде. Коррупция азайып келедi. Бiрақ, бүкiл елдерде тендер қоррупцияны тұсаулау үшiн пайдаланылса, мемлекеттiк сатып алу, тендер бiзде нағыз коррупцияның шоғырланған жерi.

– Бiзге келiп, инвесторлар коррупцияға бейiмделдi деп айтуға бола ма?

– Абайлап жүруге бейiмделедi. Әр iс-әрекетiне есеп берiп, абай болу үлкен компанияларға тән жағдай. Компанияның репутациясына зиян келтiрмеуге көп мән бередi. Ал кiшкентай компанияларды бiлмеймiн. Олар өздерiне сай кiшiгiрiм шенеунiктердi тауып алатын шығар.

«МҰНАЙЛЫ, БIРАҚ КЕДЕЙ ОБЛЫСТАРДЫҢ АХУАЛЫН ДҰРЫСТАУ ҮКIМЕТТIҢ МIНДЕТI»

– Биржа хақында. «ҚазМұнайГаз» өз акцияларын сыртқы рынокке шығаруда. Мұның астарынан компанияны заңды түрде жекешелендiрудiң iзiн көрiп отырғандар да бар. Сiз сонымен келiсесiз бе?

– Мен мұндай пiкiрмен келiспеймiн. Ал «ҚазМұнайГазға» ақша керек. Қолға алған жобалары көп. «ҚазМұнайГаз» өзiнiң акцияларын сата алмайды. Себебi, бiрнеше салада жұмыс атқарады. «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз» секiлдi компанияларының акцияларын емес, нелiктен «ҚазМұнайГаз Барлау өндiрудiң» акциялары саудаға салынуда дегенге келсек, бұл компанияның өзiндiк кенiштерi бар. Акция сатып алатын адамдарға бұл өте қатты әсер ететiн фактор. Өйткенi, резервi көзге көрiнiп тұр. Пәленбай жылға жететiн пәленбай млн.тонналық кенiш делiнiп, айқын көрсетiлген. Бұған қоса, компания – Үкiметтiкi. Яғни, қажеттi кепiлдiк бар. Ал акцияны кiмнiң сатып алатыны маңызды емес. Ең маңыздысы оның сатылғаны және бағасының өскенi.

– Қазақстанда мұнайды шығарып жатқан аймақтардың ахуалы нашар. Республикадағы ең кедей облыстар болып есептелiнедi. Осылай болуы тиiс пе?

– Мұнай менiң ауылымда шығатындығы себептi, менiң бай болуым керек деген пiкiр дұрыс емес. Қазақстан унитарлы мемлекет.

Менiңше, негiзгi көңiл Үкiметтен бөлiнуi тиiс. Үкiмет сол аймақтардың қажеттiлiгiне дұрыстап назар аударуы қажет. Бiзде ақша жетерлiк. Сол аймақтардағы ахуалды дұрыстау үшiн арнайы бағдарламалар түзiлуi керек. Сосын, бiздiң ұлт өкiлдерi сол кенiштерге жұмыс iстеуге мүдделi болуы керек.

– Сiздiң бұл ақпаратты бiлетiн- бiлмейтiнiңiздi қайдам, бiрақ мұнай кенiштерiне тегiннен-тегiн жұмысқа алмайды екен. Жұмыс берушiмен табыстың белгiлi бiр бөлiгiн бөлiсу керек екен.

– Ал сол ақшаны алатын жерлерде өзiмiздiң адамдар отыр. Жұмысқа кiрушiлер Джонға немесе, Янға төлеп жатқан жоқ ол ақшаны. Жақсы мамандарды тиын бермесе де жұмысқа алады.

«БIЗДIҢ БАНКТЕРДIҢ МОЙНЫНДА НЕСИЕ КӨП. СОНДЫҚТАН ОЛАРҒА ДЕГЕН СЕНIМ АЗ»

– Қазақстанның банк жүйесi ТМД бойынша ең дамыған жүйе деп айтамыз. Ал елде соңғы 10-15 жылдан берi жұмыс iстеп келе жатқанына қарамастан инвесторлар бiздiң банктерге әлi де сенiмсiздiкпен қарайды. Мәселен, «Қазкоммерцбанк» Теңiз кенiшiндегi өз бөлiмшесiн күнi кеше ғана ашты. Неге оларға бұған дейiн жұмыс iстеуге мүмкiндiк бермеген. Мұның себебiн неден көруге болады?

– Үлкен компаниялар қандай да бiр құжат болсын, заңгерлерi мұқият қарамаған құжатқа қол қоймайды. Бiз мұндай тәптiштiлiкке ендi ғана үйренiп келе жатырмыз. Бұл жағдай қаржы – коммерция жағына да қатысты. Банктiң рейтингiн, валютамен жұмыс iстеу мәселесiн тиянақты тексередi. Ал бiздiң банктер жаңа талаптарға ендi ғана сәйкестенiп келедi. Тағы бiр мәселе қазақстандық банктер несиенi өте көп алып алған. Бұл да инвесторлардың қадағалауында. Қазақстанда болса, бұған дейiнгi алынған несиелердi бақылауға ендi ғана көңiл бөлiнуде. Баяғыдан сөйту керек едi. Мәселен, ертеңгi күнi банктiң ахуалы нашарлап таратылып кетер болса, несиесiн керi қайтара алмаса, бұл мемлекеттiң имджiне керi әсер етедi. Инвесторлар қауiптен қорқады. Мынадай бiр жайтқа назар аударыңыз: бiздiң банктерге синдицированный несиелер берiп жатады. Неге дейсiз ғой? Өйткенi, оның iшiнде бiрнеше банктiң үлесi болады. Осы арқылы тәуекелге бел байламаудың жолын шешiп алған. Мысалы, Қазақстанның бiр банкiне 300 млн. доллар көлемiнде синдицированный несие берсе, бiрнеше банк соған 50 млн.доллардай үлес қосады. Яғни, әр банк сол көлемде ғана тәуекелге барады. Кезiнде Қашаған кенiшiн ендi зерттеп бастағанда да осылайша бес-алты компания қосылды ғой. Мұның мәнi де осыған ұқсас. Бұған тәуекелдi бөлiп қарастыру деп баға беруге болады.

– Қашағанның 1997 жылы сатып жiберген үлесiне былтыр Қазақстанның қайта көз салуын инвесторлар қалай қабылдады? Тағы да қысым ретiнде көрген болар?

– Жоқ, бұл арада еш мәселе болған жоқ. Қайтып келсе, қайтып келсiн. Тек Қашағанда игерушi компаниялардың ешқайсысы да бiрiн бiрi алға жiбергiсi келмейдi. Өйткенi, пайызы жоғары компанияның басымдық рөлге ие болуы мүмкiн ғой. Кейiн, неге екенi белгiсiз Үкiмет үлесiн сатып жiбердi. Ал қазiр қайтып келдi. Мәселе, оның қайтып келгенiнде емес, мынада. Қашаған көп инвестиция тартуды қажет ететiн кенiш. Әр компанияның кепiлдiгi болуы керек. Ал Қазақстан Үкiметi атынан жұмыс iстейтiн «ҚазМұнайГаздың» кепiлi – Үкiмет. Бiрақ, трансұлттық компаниялар ол кепiлге де аса сене алмайды. Ертеңгi күнi мұнай баррелiнiң бағасы 9 долларға түсiп кететiндей болса, кепiлдiгiнiң түкке керегi болмай қалуы мүмкiн.

Қазақстанның қайтып келгенi дұрыс болды. Өйткенi, арасында Қазақстан өкiлi жоқ кезде, кенiштегi компаниялар өздi-өзi келiссөздер жүргiзiп келдi. Тапсырыс берушi Қазақстан Үкiметiне негiзгi мәселелердi ғана айтып отырды. Көптеген мәселелерден Үкiмет қалыс қалды. Ал қазiр Қазақстан Үкiметi тең серiктес ретiнде жұмыс iстеуде.

«ОФФШОРЛЫҚ АЙМАҚТАРДА…»

– Оффшорлық аймақтарда компанияны тiркеу қиынға түседi ме? Көптеген қазақстандық азаматтар компанияларды сол аймақтарда тiркетiп алады екен…

– Бұл тәжiрбиенi көп елдер қолданып жүр. Тiптi, iрi компаниялар да сол оффшорлық аймақтарда тiркеле салады. Өйткенi, қанша дегенмен, салық жеңiлдiгi мол. Мұнда қылмыстық ештеме жоқ.

– Мұнайдың бағасына қандай болжам айтар едiңiз? Әзiрше, құны ауытқып тұр…

– Менiше, мұнай бағасы сәл арзандағанымен, аса көп түспейдi. Өйткенi, әлемдегi тұтыну деңгейi қатты өсiп келе жатыр. Менiң есiме мына бiр сөздер түсiп отыр. Адамзат үш мәселенi шешiп алса, оның дамуында бiраз алға жылжушылық болар едi:

Бiрiншi, рак ауруын емдеп жаза алу;

Екiншi, ауа райын дәл болжау;

Үшiншi, энергияның көзiн табу;

Үшiншi мәселе бойынша, бүкiл әлем жаңа, тұрақты энергия көзiн iздеп жатыр. Мiне, осыны шешкен кезде бәлкiм мұнайдың мүлде керегi болмай қалар… Сондықтан, қазiрдiң өзiнде өндiрген мұнайдан түсер түсiмге диверсификация жасап отыру керек. Араб елдерi соны жақсы шешуде.

– Айтпақшы, мұнайдың әсерiнен болатын «голланд ауруы» атанып кеткен синдромды бiзде «араб ауруы» деп өзгерту керек дейдi бiлгiрлер. Өйткенi, Голландия мұнайды тапқанға дейiн бiраз мәселелердi шешiп алған. Ал бiздегi жағдай тек мұнайдың түсiмiне қарап отыратын араб елдерiнiң ахуалына келiңкiрейдi дейдi…

– Бiздегi жағдайды қайдам, бiрақ, араб елдерi мұнайдан түсер түсiмдi жақсы диверсификациялауда. Мұнай өңдеу саласын дамытып келедi. Олар туристiк саланы өркендетiп жiберген. Арабтар тiптi, түк өспейтiн құла дүзге бiрдеңе шығаруды да қолға алған.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары