«ОЯН, МАДЬЯР, ОТАНЫҢ ЖАР САЛАДЫ...»

«ОЯН, МАДЬЯР, ОТАНЫҢ ЖАР САЛАДЫ...»

«ОЯН, МАДЬЯР, ОТАНЫҢ ЖАР САЛАДЫ...»
ашық дереккөзі
264

Осыдан 50 жыл бұрын азаттық үшiн күрескен венгрлер танкiлерге тапталған едi

Неге екенiн әлi күнге бiлмеймiн, бiрақ жоғары сыныпта оқып жүргенiмiзде,тарих пәнiнiң мұғалiмi алыс Үшарал аулындағы бiздерге әлдебiр мадьяр ақынының өршiл өлеңiн жаттатқызған. Ұлы ақын Шандор Петефидiң «Оян, мадьяр, Отаның жар салады», деп келетiн, венгрлердi азаттыққа, бостандыққа шақырған жалынды жырын. Оқытушымыз қазақ ақыны Мiржақып Дулатовтың да «Оян, қазақ» деп жар салғанын бiлдi ме екен, әлде өзi алыстағы венгрлердi жақсы көрдi ме, тiптi, мадьярлар мен ұлы Даланың еркебұлан ұлдары – қазақтардың арасын сан ғасырлық туысқандық,бауырластық байланыстар жалғастырып жатқанын жақсы бiлгендiктен осылай еткен шығар. Әйтеуiр, көгенкөз шәкiрттерiнiң жүрегiнде Карпат тауындағы өршiл, намысқой, азаттық сүйгiш халыққа сүйiспеншiлiк сезiмiн оятуға талпынған тәрiздi. КСРО-дағы қайта құру жылдары Қазақстанға ең алғашқы шет елдiк қадiрлi қонақтардың бiрi болып Карпат тауларын мекендеген қыпшақтардың шексiз сағынышы мен зор iлтипатын арқалап марқұм Иштван Қоңыр Мандокидiң келген сапары да санада. Дiлi, дiнi, тiлi, тұрмыс -салттары бөлек болса да қазақтар мен венгрлердi бауыр, туыс ететiн әлдебiр iштей жақындық, тамырластық бар екенi күмәнсiз.

Биыл қыркүйек айының басында Венгрия жерiнде күтпеген дүрбелең басталғаны мәлiм. Бұрынғы комсомол жетекшiсi, бүгiнгi миллиардер, премьер-министр Ференц Дюрчанның үкiмет мәжiлiсiнде елдегi экономикалық саясат «Еуропадағы ең өрескел саясат болды», ал мүлдем тоқыраудан «Жаратушының қолдауы, әлемдiк экономикадағы бос қаржының көптiгi мен жүздеген құйтырқы амалдар аман сақтап қалды» деген мәнзелдегi сөздерi қалың қауға тиген шырпыдай болды. Қысқа сәтте бейбiт, соңғы жылдары айтарлықтай дамыған Венгрия өкiмет пен оппозиция күштерi текетiрескен, саяси күрес қызған тартыс алаңына айналып сала бергенi. Сан мыңдаған қызу қанды, өршiл венгр жастары алаңдар мен көшелерге шығып, елдегi саяси дүрбелеңнiң қайнаған қызуы әрең-әрең басылған-ды. Бұл күндерi Будапештегi оқиғалар мен текетiрестiң өршуi және шарықтауын алаш жұрты да шын алаңдаушылықпен бақылаған.

Осылай өрбiген қызу оқиғалар 1956 жылы қазан айында Венгрияда ұлт-азаттық революциясы басталып, совет танкiлерi көтерiлiске шыққандарды аямай қанға бөктiргенiн, Кремль билiгiндегiлер мен коммунистердiң ХХ-ғасырдағы ең қанқұйлы қылмыстарының бiрi жүзеге асырылғанын ұмыттырып жiбере жаздаған.

Әрбiр халық–ұлы, дегенмен,венгрлер өздерiнiң бостандық, азаттық сүйгiштiгi, тәуелсiздiк жолындағы тоқтаусыз күресiмен әрқашан ерекшеленедi.Сонау 1848 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiн айтпаған күнде, Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiн бiрнеше ғасыр бойы Еуропаны дүрiлдеткен жеңiмпаз Австро- Венгрия империясын құрған ұйытқы ұлттың бiрi – венгрлердiң төбесiне ХХ- ғасырда қара бұлт жиi-жиi үйiрiлумен болған. Ең ауыр әрi қанқұйлы кезең – Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан соң Шығыс Еуропа елдерiнiң қуатты, алып, сонымен қатар екiжүздi коммунистiк империя — Кеңестер Одағының ықпалын¬дағы аймақта болған кезi. Және бiр таңданарлығы, 1919 жылы Венгрияда Еуропадағы ең алғашқы социалистiк үкiметтердiң бiрi құрылып, венгрлер тарихи ащы сабақ алған едi. 1945 жылдан кейiн экономика мүлдем тұралап қалды, елдi аш- жалаңаштар кезiп жүрдi, коммунистер аймақтағы адамдарды ауыр езгiге салып, ұлттық ой-сананы жоюға жанталасты,рухани езгi еңсе көтертпедi. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста ауыр шығынға ұшыраған, гитлерлiк Германия мен сталиндiк КСРО-ның арасындағы соғыста екi түйенiң ортасындағы шыбындай болған шағын елдерден Мәскеу соғыс шығындарының өтемiне қолда барларын тартып алып, тоқымдарын аямай қақты. 1949 жылы Мәскеу билiкке қойған Матьяш Ракоши режимiнiң қанқұйлылығы шектен асқаны соншалық, осы жылы ол елде жүздеген адамды тергеусiз, сотсыз атуға бұйрық бердi және елеусiз көмдiрдi.

Бiрақ, Шығыс Еуропа елдерi жат жұрттықтардың езгiсiне ешқашан төзген емес. 1953 жылдың маусымында Берлинде жұмысшылар көтерiлiсi бұрқ ете түсiп, бұл көтерiлiс совет танкiлерi және әскерлерiнiң күшiмен аяусыз қанға бөктiрiлiп басылды.Осы кезде совет коммунистерiнiң «Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер» деген ұраны жалған екенi, коммунистердiң мейлiнше аярылығы анық аңғарылды.

Сталин қайтыс болған, 1955 жылы ХХ-съезде Н.С.Хрущев Сталиндiк жүйенiң ауыр қылмыстарын айыптап сөйлеген соң езгiдегi елдердiң прогрессивтi күштерi Кеңес Одағындағы жылымыққа кезектi рет сенiп, оңбай алдансын. 1956 жылдың маусымында Польшаның Познань қаласында көтерiлiс басталды. Шығыс Еуропа елдерiнде бостандық, ұлт-азаттық идеялары көпшiлiктiң басты мұратына, мақсатына айналып, коммунистiк режимдерге наразылық кең өрiстеген. Бұл елдерде демократиялық реформалардың жүргiзiлуi, көппартиялылықтың болуы, құпия қызметтердiң ауыздықталуы, ең бастысы, елден басқыншы совет әскерлерiнiң әкетiлуi жиi талап етiле бастады.

Венгрияның жағдайы да мейлiнше ауыр болатын. Сталиндiк режимнiң көшiрме үлгiсi – Матьяш Ракошидiң режимi шектен асқан қанқұйлылығымен ерекшелендi. Ресми деректерге сенсек, 1949 жылдан 1956 жылға дейiн саяси айыптаулармен 40 мыңнан астам адам қапас түрмелерге қамалып, талайы сонда көз жұмған. Он мыңдаған адам жер аударылды. Кейбiр деректер бойынша осы жылдары миллионға жуық венгр азаматтары репрессияның құрбанына айналды. Кеңес Одағындағы КГБ сияқты осындағы құпия полиция AVN әрбiр адамның артынан аңду жүргiзiп, бүкiл елдi қорқыныш шырмады. Өндiрiс орындарының бәрi дерлiк соғыс мақсатына жұмылдырылып, қару- жарақ қана шығарумен болды.

Осындай жағдайда елде наразылықтың туындауы заңды едi. Бiрақ жоғарыдағының бәрi кеңес коммунистерiнiң әлi шын қаныпезерлiгiн көрсете қоймаған тұсы,қанды қырғынның беташары ғана болатын. Оның үстiне әлем социалистiк және капиталистiк лагерьге бөлiнiп, «қырғи- қабақ соғыстың» өрiстеген кезi. 1956 жылдың қазан айында Израиль Египетке бас салды да, Таяу Шығыста Суэц каналы үшiн соғыс өртi лаулап, Франция мен Англия Египетке қарсы соғысқа белсене араласқан. Осы сәтке дейiн Египеттi мейлiнше қолдап жүрген Кеңес Одағы табан астында осы елдегi мыңдаған әскери кеңесшiлерiн керi шақырып, екiжүздiлiкпен Египеттi күшi басым жаумен жапа-жалғыз қалдырды. Бiрақ, КСРО-ның сатқындығы мен саяси ойындары күтпеген нәтижелерге әкелiп соғып, Шығыс Еуропадағы жағдай мүлдем шиеленiсiп кеттi.

1956 жылдың 23- қазанда ашу-ызаға толы халық Будапешттiң көшелерi мен алаңдарына шығып, азаттық жолындағы күресiн бастады. Қала буырқанып жатты. Оған елде сталиншiл Ракошидiң жеке басына табыну өрiстеп, 1949 жылы оның бұйрығымен сотсыз, тергеусiз өлтiрiлгендердiң мәйiттерiн қайта жерлеу желеуге айналды. Дәл осы күнi Будапешттiң орталық алаңындағы басқыншылықтың белгiсiндей Сталиннiң орасан зор ескерткiшi құлатылып, талқандалды және Венгрияның коммунистерi Мәскеуден жанұшыра көмек сұрады. Дәлiрек айтқанда, елдегi жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанына, республиканың ер жүрек премьер-министрi Имре Надь жүргiзiп отырған тәуелсiз саясатқа қатты алаңдаған Кремль оларды осылай iстеуге күшпен мәжбүрледi. Мәскеу Венгриядағы ұлт-азаттық революциясына жұмысшылар мен студенттер, жастар көптеп қатысуынан қатты шошынған. Ел астанасына әп-сәтте енгiзiлген екi танк дивизиясының құрыш сауытты танкiлерi көтерiлiсшiлердi тiрiдей шынжыр табандарымен таптап, қала көшелерiн қанға бөктiрдi. 25 қазанда коммунистердiң басшысы болып тағайындалған Янош Кадар көтерiлiстi аямай күшпен басуға, қоғамдық тәртiп пен бұрынғы жүйенi қалпына келтiруге шақырып, әскерлердi өз халқына қарсы оқ атуға мәжбүрледi. Еш аяушылық болған жоқ. Дегенмен, көтерiлiс қанатын тез кең жайып, аз күнде бүкiл елде аяусыз азамат соғысының жалыны лаулады. Қантөгiс жалғасып, азаттық, тәуелсiздiк үшiн қолына қару алғандар күшi басым үкiмет әскерлерiмен аянбай шайқасты, Отан үшiн бастарын құрбандыққа шалды. Көтерiлiсшiлер бүкiл елде кеңес солдаттарына қойылған ескерткiштер мен басқа да советтiк рәмiздердi талқандап тастады. Әлгiндей қаптаған ескерткiштер орыс отаршылдығын үнемi еске салып, адамдардың еңсесiн езетiн. Имре Надь елден совет әскерлерiн жедел әкетудi талап еттi және Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан өздерiн қорғауды өтiндi. Коммунистер де қарап жатқан жоқ, тездетiп жұмысшы — шаруа үкiметi құрылып, бар тiзгiндi уысына алған Янош Кадар кезектi рет Кремльден көмек сұраған. Орыс басшыларының шыдамсыздана күткенi де осы болатын, келесi күнi-ақ Шығыс Еуропадағы топтасқан танкiлер мен совет әскерлерiнiң басым бөлiгiн осы елге енгiзiп, Будапешттi, басқа қалаларды қардай бораған оқтың астына алды да,Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан соң Венгрияны қайтадан басып алып, қаратүнек күндер туды. 4 қарашада Венгрия астанасына екiншi рет совет танкiлерi енгiзiлдi. Аса қуатты, моторландырылған төрт дивизия! Сөйтiп «Құйын» операциясы жүзеге асырыла бастады. (Дәл осындай атпен 1986 жылы желтоқсанда Алматыда дәл осындай операция iске асырылды). Совет әскерлерiнiң жазалау операцияларына жалпы басшылықты әйгiлi маршал Г.К.Жуков өз қолына алған едi. Будапешт, тағы да басқа қалалар жарым- жартылай қиратылды. Қалалардың көшелерiндегi қаруларын қолдарынан тастамаған ондаған мың көтерiсшiлер мен бейбiт тұрғындар қаза тапты. Батыс елдерi бұл интервенция мен қантөгiске көз жұма қарады әрi Кеңес үкiметiнiң қатыгездiгiн айыптаған жоқ. БҰҰ-ның, Құрама Штаттардың қанға бөгiп жатқан венгр халқына ара түспей, терiс айналуының себебi Мәскеу осының алдында ғана Египеттi сатып, күшi басым жауларымен жекпе-жек қалдырған. Саяси сауда сақал сипағанша болды. Қысқа уақытта революцияға қатысты деген айыппен 230 адам дарға асылды, 20 мыңнан астам адам тұтқындалып, олардың да көбiсi құпия түрде өлтiрiлдi. 150 мың босқындар шет елдерге қашты. Венгр халқы тағы бiр дүниежүзiлiк соғысты бастан кешкендей едi. Соңғы қарсылық ошақтарындағы қанды ұрыстар 11-қарашаға дейiн созылды.

1957 жылы сотталған әрi құпия түрде өлтiрiлген Имре Надь соңғы сөзiнде өзiн айыптаған коммунистердiң барша сұмдық әрекеттерi мен жауыздықтарын әшкерелеп, «Сiздердiң рақымшылықтарыңызды қажет етпеймiн», деп кесiп айтты.

Венгриядағы революцияны күшпен басып-жаншудың көп бегiлерi 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiн басып-жаншуға ұқсас болатын. Мадьяр халқының көтерiлiсiнен кейiн Шығыс Еуропа елдерi Кеңес үкiметiне, социалистiк жүйеге сенiмiнен бiржола айрылды. Көздерi ашылды. Варшава келiсiмшартына қатысушы мемлекеттердiң ыдырауы ендi уақыттың еншiсiндегi ғана iс едi және Шығыс Еуропа елдерi азаттық таңы атар ыңғайлы сәттi кутумен болды.

Иә, жауыздар мен қанiшерлер әрбiр халықтан шығады, бiрақ мәдениеттi, айтарлықтай дамыған шығыс еуропалықтар үшiн орыс халқының арсында тоңмойын шовинистер, өркөкiрек әрi жауыздардың, адам өмiрiн жарты күреш тиынға бағаламайтын тирандардың тым көптiгi қатты шошындырған. Венгриядағы революция жеңiлiске ұшыраса да, басқа халықтардың жүрегiнде үмiт отын жағып, азаттық тек қана күреспен келетiнiн танытты. Бұл көтерiлiс Шығыс Еуропа елдерiнiң тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңiне әкелгенi бүгiнде даусыз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары