ӘРБIР АУЫЛ – МЕККЕ ЕМЕС, ӘР ӘУЛИЕ – ПАЙҒАМБАР ДА ЕМЕС

ӘРБIР АУЫЛ – МЕККЕ ЕМЕС, ӘР ӘУЛИЕ – ПАЙҒАМБАР ДА ЕМЕС

ӘРБIР АУЫЛ – МЕККЕ ЕМЕС, ӘР ӘУЛИЕ – ПАЙҒАМБАР ДА ЕМЕС
ашық дереккөзі
299

Әлде сырт елдердiң исламға қарсы әрi толассыз, әрi орасан зор қаржы жұмсап жүргiзiп жатқан жымысқы саясатының салқыны ма, әлде соларға жағымпазданған iшкi дiнбұзарлардың әрекетi ме, кiм бiлсiн, әйтеуiр кейiнгi жылдары жоқтан бардан құрастырып, дiнiмiзден қазақ ұлтына, салт-дәстүрiне кереғарлық iздеп, оны жеккөрiнiштi көрсетудiң небiр амал-айласы кеңiнен жүргiзiлуде. Осыдан бiраз бұрын «Меккеге қажылыққа бармай-ақ, мына тұрған Түркiстанға, яғни, Қожа Ахмет Иассауидiң сағанасына барса жетiп жатыр. Ол – екiншi Мекке» – деген сөз таратылды. Әрине, халқымыз үшiн Түркiстан шаһары мен ондағы Иассауи кесенесiнiң орны аса жоғары екенiне дау жоқ. Мұндай сөз негiзiнен екi-ақ жерден таралауы мүмкiн едi. Оның бiрiншiсi – әрi азғырма, қыздырма сөзге ергiш, әрi соңғы 15-16 жылдан берi бар мақсат-мұраты аш-жалаңаш қалмауды ғана көздеп, әбден жалтақ, жарамсақ болып қалған көп қазақты ислам дiнiнен оқшауламақ болған, бүгiнде мыңдаған қазақты сол киелi дiннен бездiрiп, өз дiнiне кiргiзiп алған жат жердiк миссионерлер болатын. Ал екiншiсi – Кеңес одағынан бөлiнiп шыққан түркi халықтарына аға болуды көздейтiн мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi ме деп қауiптендiк. Қалай десек те қазақты қасиеттi исламнан бөлiп алу саясаты тұс-тұстан әлi де жүргiзiлiп жатқанын жасыру – алғалы тұрған ауруды жасырудан бiр де кем емес. Ал Американың «Благодать» шiркеуiнiң бөлiмшесi талай жылдан берi Қазақстанда жұмыс iстеп жатқанын,олар осыдан бiрер жыл бұрын 2005 жылға шейiн қазақ басшыларын, зиялыларын, ал 2010-шы жылы бүкiл Қазақстанды шоқындырып боламыз деп баспасөзде ашықтан-ашық мәлiмдегенi бүкiл қазақ деген ұлтты ұлт екен деп есептемейтiнiн ақ байталдың сауырына қара таңба басқандай көрсетiп берген жоқ па?! Иә, осының бәрi сыртқы күштердiң әрекетi екенiн, оған қарсы билiк орындары тарапынан ешқандай шара қолданылмай келе жатқанын бiлемiз. Шара қолданылмағаны былай тұрсын, соларға мемлекеттiң әртүрлi институттары, кейбiр телеарналар қолдау көрсете ме деген де күдiгiмiз бар екенiн жасырмаймыз. Ал бiздiң халықтың саяси бiлiктiлiгi, қоғамдық белсендiлiгi қандай төмен болса, оның дiни iлiм-бiлiмi де сондай төмен деңгейде. Олар ҰҚК-нiң бұрынғы орынбасары В.Божконың, неге екенiн өзi де бiлместен ислам дiнiне қисық-қыңыр қарайтын кейбiр журналистердiң: «Исламды жаман деп отырған жоқпыз, исламның атын жамылып жүргендердi айыптаймыз» – дегендерiне кәдiмгiдей-ақ сенiп қалады. Сөйтiп, олар террорист, боевик атаулы мұсылмандардан шығып жатыр екен деп, Алланы, Құранды аузына алып сөйлейтiндерге күмәнмен, күдiкпен қарайтын болды.

Сонымен әлде дүниежүзiнде дiнiмiздiң абыройы асқақтап бара жатқанына жаны қас сыртқы күштердiң, әлде солардың ықпалына түсiп қалған кейбiр iшкi қызметтердiң әсерi ме, кiм бiлсiн, әйтеуiр соңғы жылдары ауыл-ауылдың iшiнде дiни бiрлiктi ыдыратуға бiрден-бiр себеп болатын әртүрлi жоралғы, әртүрлi жаңа рәсiмдер көбейiп кеттi. Олардың қайсысы тойып, қайсысы тоңып секiрiп жүргенiмен бiздiң шаруамыз жоқ. Бiздi ойдан шығарылған сол жол-жоралғылардың көп ретте дiнiмiздiң бiрегейлiгiне нұқсан келтiретiнi қынжылтады. Тiптi, соларды ұйымдастырушыларға кейбiр құзырлы орындардан, жалған патриоттық, жалған дiншiл ұйымдардан тапсырма берiлiп, қаржы бөлiнiп жатқан жоқ па деген де қауiпiмiз жоқ емес. Таяуда «31-канал» телеарнасынан бiр топ адамның сонау Көкшетау жақтағы бiр бабасының бейiтiне зиярат етуге барған сапарын көргенде әлгi күдiгi түскiр бұрынғыдан да күшейе түстi. Кейiнгi кезде бiреулер ел iшiнде «арабтар кертартпа екен, ата-бабаларының бейiтiне бармаңдар, оларға сыйыну дұрыс емес дейдi» деген әңгiме таратып жiбердi. Қара жер хабар бермесiн, Жамбыл облысынан бiр марқұм арабтар Қағбаны бiздiң Жетiсудан алып кеттi деген сандырағын кiтап қып шығарғанын да көрдiк. Ал бiздiң аңқау халық олардың осылайша арабтарды жамандау арқылы ислам дiнiн жамандап тұрғанын аңғармайды. Керiсiнше, ислам дiнi – ата-бабаңды, туған ата-анаңды құрметтеуге үйрететiн бiрден-бiр дiн. Ислам тек Аллаға ғана табыну керек, адамға табынуға болмайды дейд.i Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзi де адамдарға: «Мен де бар болғаны сендер сияқты пенде ғанамын деген. Ал жеке адамға, жеке басқа табыну, исламда жалпы адамгершiлiк өлшемге жат нәрсе. Оның ең қасиеттiлiгiнiң бiрi осы. Дүниежүзiнде ата-анасын мұсылмандарша қадiрлдеп-қастерлейтiн, қашан көз жұмғанша ата-анасын алақанда бағып, олар дүниеден озғасын да олардың о дүниедегi жан рахатын Алладан тiлеп, Құран оқып еңiреп отыратын да тек мұсылман халқы. Орыстардан бастап, өзге дiндегi Еуропа халқы ата-анасын өлгеннен кейiн түгiл, тiрi кезiнде дәл бiздерше құрметтемейдi. Көкшетаудағы бабасының бейiтiне шерулеп барған жаңағы топты кiнәлап тұрған жоқпыз. Бiз осы күнi әр ауылдан бiр батыр тауып, жалған намысқа шабатын дертке душар болғанымыз сияқты, ендi әр ауылдан әр рудан әулие тауып, Аллаға жалынып-жалбарынатын сөздерiмiздi соларға бағыштап айта бастағанымыз шошытады. Тағы бiр байқағанымыз, әлгiндей аруақтардың басына барғандардың iшiнен бiр әйел суырылып шығып, әлде өлең бе, әлде тақпақ па, әлде көркемсөз бе, бiрнәрсенi даусын қырық құбылтып, әлдебiр өксiкпен, әлдебiр өнерпаздық (артистiк) мәнермен күңiрене оқиды. Қарап тұрсаңыз, әлгi әйелден бастап сол жерде жиналғандардың бүкiл iс-әрекетi, қимыл-қозғалысы, дiни сенiмдегi сауатсыздығы ең киелi деген көп нәрседен түңiлдiрiп жiбере жаздайды екен.

Бiз әңгiмелеп отырған топтың шеруiн «Ақ жол» деп атап жүр. «Ақ жол» болса бола қойсын. Бiрақ кейiнгi кезде осы бiр киелi сөздi де оның байыбына бармай орынды-орынсыз пайдалана беретiн болды. Тiптi автовокзалдар мен сол жердегi кафе, дәмхана, шайханалардың аты да «Ақ жол» болып келедi. Дұрысында «ақ жол» дегенiмiз – адамның фәниден бақиға аттанар жолы. Ата-бабаларымыз мәңгiлiк, бақилық сапарға аттанарда жақын-жуықтарымен қоштасып жатып: «Мiне,Алланың аманат жанын тапсырып, ақ жолға аттанғалы жатырмын» – дейдi екен жарықтықтар. Бұл жерде «ақ жол» деп отырғаны «хақ жолы». Бiз соның мағынасын бiлмей, өзге бiр түсiнiксiз «жолға»түсiп кеттiк. Соңғы бiрер жылдан берi Алматы төңiрегiндегi аудандарды аралап бара жатып, ана төбе, мына төбенiң маңында ақ матамен жауып қойған бiр нәрсенi қоршап тұрған топ-топ адамдарды көретiн едiм де, е, қаза болған адамды жерлеп жүрген, не Құран оқып кетуге келгендер шығар деп аса мән бермейтiнмiн. Бiрақ ақ матасы несi деп таңғалатынмын. Сөйтсем, бұлар жәй Құран оқып, зиярат етушiлер емес, әлгi бейiтте жатқан бiр әулиеден тiлек тiлеп соларға табынып, құлшылық етiп жүргендер екен. Және олардың әрқайсысының өз руынан шыққан, яғни, өздерi табынатын әулиелерi бар екен. Рас, ата-бабаларымыз елiн қорғап, жауға қарсы шапқанда, жекпе-жекке шыққанда: «Ата-бабаның аруағы қолдай гөр!» деп шыққан. Бiрақ Аллаға ғана табынған. Ал ата-бабадан қолдау сұрау – табыну емес. Перзентсiз адамдар Алладан перзент тiлегенде ата-бабасының бейiтiне барып тiлеген. Бiрақ бұл күнәдан таза, киелi жер ретiнде және әуелi ата-бабаға арнап мал сойып, Құран бағыштатып барып, Алладан тiленетiн тiлек, яғни рәсiм едi. Және олар жаңағы «Ақ жол» сияқты топтанып барып, ортасынан көркемсөз оқушы бiр әйелдi шығарып, сұңқылдатып, қалғандары теңселiп, тербетiлiп ұлардай шуламаған едi.

Түркияда жарық көрген кiтаптан ағылшындардың мұсылмандар арасында дiни iрiткi салушы жансызына берген тапсырмаларын оқыған едiк. «Признание английского шпиона» атты. Онда әлгi жансызға әртүрлi қауымдар арасында шииттiк ұғымдар, алаусыздық туғызатын кiтаптар, үнқағаздар тарату керектiгi айтылып келедi де, сосын соларға өз патшаларын «Сен Алланың жердегi көлеңкесiсiң», «Сен Құдайдың көзi түскен адамысың» деген сөздермен мақтауды үйрет деп тапсырылыпты. Егер бүгiнгi жағдаяттың ақиқатын айтар болсақ, бiзде ислам дұшпандарының осы айтқандары түгел дерлiк орындалып отыр.

Иә, ислам рәсiмдерi нағыз өркениеттiң, мәдениеттiң рәсiмдерi. Бұл туралы Батыс мәдениеттанушысы А.Кребердiң: «Араб өркениетi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жасаған идеялар жүйесiнен басталады. Философия, ғылым, әдебиет, сәулет өнерi дами бастады», дегенi аса әдiл әрi дәл баға.

Иә, бiз бүгiнде бiр кезде ата-бабамыз реттi жерде, орын-орнымен және ерекше қасиетi бар адамдар өткiзетiн дiни, сондай-ақ, ислам өркениетiнiң небiр ғажайып рәсiмдерiн жалаң дiншiлдiкке, мистикаға айналдырдық.

Әрбiр ауылды – Мекке, әр әулиенi – Пайғамбар тұтуға ұмтылушылық түптiң-түбiнде асыл дiнiмiз – Исламға күмән келтiрумен аяқталып жүрмесiн. Бүгiнгi өрескел қылықтарымызбен өскелең ұрпақтарды шатыстырмайық, дiндес бауырлар.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ.

Серіктес жаңалықтары