ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫ

ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫ

ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫ
ашық дереккөзі
316

«Ұлан» жастар бiрлестiгi Павлодарда тiл мәселесiн шешуге атсалыспақ

Қазiр Қазақстанда не көп, жастар бiрлестiгi көп. Олардың көбi саяси аренада өз орнын алғысы-ақ келедi. Содан болар саяси науқаншылдық пен PR кампаниялардан ада ұйымдар кемде-кем. Десек те, Павлодарда негiзiн қалап, сөзбен емес iспен айналысуды мақсат тұтқан «Ұлан» жастар бiрлестiгi аймақта мемлекеттiк тiл мен жастар мәселесiн шешуге бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. «Бiз аймақтағы ақпараттық кеңiстiк пен интеллектуалдық саланы қазақтандырамыз. Бұл – бiздiң басты мақсатымыз» – дейдi, «Ұлан» жастар ұйымының төрағасы Еркебұлан Алдабергенов.

Елiмiздiң солтүстiк аймағында тiл мәселесiнiң ушығып тұрғанын барша жұрт бiледi. Мемлекеттiк тiлдi өз тұғырына жеткiзудi көздеп отырған «Ұлан» жастар ұйымы бұл салада көптеген игi бастамалардың көшбасшысы болып келедi. Таяуда облыс бойынша алғаш рет жастар бiрлестiгiнiң бастамасымен қазақша «КВН» ұйымдастырылыпты. Оған жалпы саны 8 команда қатысқан. Жеңiмпаз атанған командалардың қатарында «Алты Алаш», «Бес қазақ» КВН командалары бар. Басты мақсат – студент жастарды қазақша жобаларға тарту, елдi «қазақша күлдiру» екен.

«Ұлан» жастар бiрлестiгiнiң жанында ақпараттық-идеологиялық бөлiм жұмыс iстейдi. Оның төрағасы Нұрлан Байкенжеевтiң айтуынша, бүгiнгi таңда жастар бiрлестiгi бiрқатар жобаларды қолға алыпты. Мәселен, бiрлестiктiң бастауымен жергiлiктi радиода «Жастар үнi» бағдарламасы ашылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта жергiлiктi «КТК-7» және «Павлодар-Қазақстан» телеарналарынан жастар бағдарламаларын ашу ойда бар екен. Бұл орайда Нұрлан Байкенжеев: «Аймақта ұлттық мәселелердi шешу үшiн бiрқатар жобаларды қолға алып келемiз. Мәселен, таяуда «Ұлан kz» жастар газетiн ашуды жоспарлап қойыппыз. Қазақ тiлiнде шығатын газетiмiз тiл мәселесiн шешуге өзiндiк сеп боларына сенемiз. Мұның бәрi де аймақтағы ақпараттық-идеологиялық кеңiстiктi қазақ мәселесiне бұру үшiн жасалып отыр» – дейдi. Жастар Павлодардың жергiлiктi телеарналарында «БАҚ туралы» және «Тiлдер туралы» Заңдар талаптарының толықтай орындалмай отырғандығын өкiнiшпен айтуда. Әсiресе қазақ тiлiндегi көрсетiлiмдер жоқтың қасы екен. Жастар бұл мәселенiң де оң шешiлуiн өз қолдарына алмақ.

Ал, аталған ұйымның жанынан құрылған «Парасат» пiкiр-талас клубының ұйымдастырушысы Бағдат Кәрiбай студенттердiң зиялы қауым өкiлдерiмен кездесiп, өзара пiкiр алмасуының тиiмдiлiгiн баса айтады. Негiзiнен «Парасат» клубы жастар мен зиялы қауым өкiлдерiнiң өзара пiкiр алмасып, өзектi мәселелердi шешу жолдарын қарастыруды мақсат еткен. Пiкiр-талас айына бiр мәрте ұйымдастырылады екен. Бұл игi бастама да аймақты қазақыландыру мәселесiмен ұштасса керек. Еркебұлан Алдабергеновтiң айтуынша, жастарды болашақ интеллигенция өкiлдерi ретiнде қалыптастыруға «Парасат» клубы жауапты екен. Өз сөзiнде «Ұлан» бiрлестiгiнiң төрағасы: «Ұйымымыздың бiр жылдығына орай бiз «Егемен Қазақстан» газетiнiң директоры Нұртөре Жүсiптi «Парасат» клубына шақырғанбыз. Ол кiсi ректордың не әлдебiр шенеунiктердiң шақыруымен емес, жастардың шақыруымен келiп, бiздiң ұсынысымызды бiрден қабыл алып, клубтың құрметтi мейманы болып қайтты. Бiздiң басты мақсатымыз да – жастарды зиялы қауым өкiлдерiмен кездестiрiп, өзара пiкiр алмастыру, жастардың ой-санасын оята түсу, болашақ интеллигенция өкiлдерiн қалыптастыруға септесу» – дейдi.

Бiр айта кетерлiгi, «Ұлан» жастар ұйымының жанында дiн бөлiмi де жұмыс iстейдi. Дiн бөлiмiнiң жетекшiсi Ерқанат Шәдиханов: «Дiн мәселесi – тiлден кейiн тұрған күрделi мәселелердiң бiрi. Бiз жергiлiктi iшкi саясат бөлiмiнiң қолдауымен дiни тақырыпта әрқилы жиналыс-конференциялар ұйымдастырып келемiз. Сондай-ақ, облыстық мешiт имамдарымен бiрге кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Бүгiнде жастар да әрқилы ағым-секталарға кiрiп жатыр. Әрине, заң бойынша бiз бұған қарсы тұра алмаймыз. Десек те, бiз жастардың ата-баба дiнiнен безiп кетпеуi үшiн жұмыс iстеп жатырмыз» – деп сөзiн түйiндейдi. Таяуда Орыс православие шiркеуiнiң бастамасымен Ресей оқу орындарында православие негiздерi пән ретiнде енгiзiлдi. Бұл орайда «Ұлан» ұйымының өкiлдерi ислам дiнiнiң негiздерi мектепке дейiнгi мекемелер мен мектептерге дiн сабағы ретiнде енгiзiлсе екен деп ұсыныс тастап отыр.

Ұландықтардың алға қойған жоспарлары көп. Ең алдымен, олар қазақ тiлiнде дебат орталығы мен волонтерлық орталық ашпақ. Жастар бұл салалардың қазақ тiлiнде сөйлеуiн қалайды. Олардың басты мақсаттары да – мемлекеттiк тiлдi өз деңгейiне жеткiзу, ұлттық мәселелердiң шешiлуiне атсалысу.

Бүгiнде жастар ұйымының өкiлдерi бiрқатар игi бастамаларының жүзеге асып жатқанына септесiп отырған Павлодар мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры Жасұлан Шаймардановқа және Павлодардағы «Қазақтелеком» бөлiмшесiнiң басшысы Асхат Күзековке алғыстарын бiлдiредi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары