КРЕМЛЬ ҚЫҢҚ ЕТЕР ЕМЕС

КРЕМЛЬ ҚЫҢҚ ЕТЕР ЕМЕС

КРЕМЛЬ ҚЫҢҚ ЕТЕР ЕМЕС
ашық дереккөзі
249

Қазiр Ресейде айрықша қауiптi жағдай қалыптасып отырғаны аңғарылуда. Тiптi, бiрқатар саяси қайраткерлер, демократияшыл БАҚ өкiлдерi: «4 қараша күнi жеке қауiпсiздiктерiңiз үшiн үйде отырғандарыңыз жөн», – дегендi жұртқа ұқтыруға күш салуда. Бiрқатар қоғамдық күштер, антифашистер қалыптасып отырған келеңсiз ахуалға алаңдаушылық бiлдiрiп, аса шиеленiстi жағдайдың қалыптасқанына дабыл қағып, елдi азамат соғысына ұрындыруы мүмкiн екендiгiн мәлiмдесе де Кремль билiгiндегiлер бүлк етер емес.

4 қараша – Ресей халықтарының ынтымағы күнiнде елдегi ұлтшыл күштер кең түрде «Орыс маршын» («Русский марш») дегендi жүзеге асыруға дайындалуда. Таяуда елдегi түрлi ондаған шовинистiк ұйымдардың жетекшiлерi бас қосып, әлгi жиында аталмыш маршты кең түрде ұйымдастыру және жүзеге асыру үшiн әрбiрi 10 мың рубльден ақша жинамақ болып келiскендерi мәлiм болды. Белов-Поткин мырза басқаратын Заңсыз иммиграцияға қарсы күрес қозғалысы ұлтшылдардың маршын ұйымдастыруға мұрындық болып отыр. 2005 жылдың осы күнiнде өкiлдерi оң қолдарын көтерiп, фашистiк сәлемдесудiң ишаратын жасаған, свастикалар тағуымен аты шыққан, атышулы Демушкин басқаратын Славян одағы мен кейбiр мүшелерi өткен қыркүйекте Мәскеудегi Черкизов базарында террорлық жарылыс ұйымдастырып, сауда жасап тұрған ондаған азаматтардың қаза табуына себепкер болған қандықол Орыс жалпыұлттық одағына осы маршта айрықша басымдық берiлгелi отыр. Демушкиннiң Славян одағы әлден-ақ мыңдаған листовкалар дайындап, шеруге қатысушыларды қорғайтын жасақшыларды үйретуде, сондай-ақ, өздерi ұстап шығатын 2000 жалауды әзiрлеуде. Ал Заңсыз иммиграцияға қарсы күрес (ДПНИ) басшылары көбiне-көп өздерiнiң «РФ президентi әкiмшiлiгiмен қоян-қолтық әрекет ететiндiктерiн» мәлiмдеуден жалықпай отыр және осы жолы олар көшеге Владимир Путиннiң суреттерiн көтерiп шықпақшы көрiнедi.

Маршты ұйымдастыру комитетiндегiлер тап осы жолы iшкi алауыздықты кейiн ысыра тұрып, ортақ: «Россия – орыс жерi!» («Россия – русская земля!»), «Орыс жерiнде –орыс тәртiбi!» («Русский порядок на русской земле!») «Орыс , сенiкi дұрыс!» («Русский, ты прав!»), тағы басқа ұлтшылдық ұрандар көтерiп шықпақшы.

Ең сорақысы сол, бұл ұлтшыл маршқа Дмитрий Рогозин, Николай Курьянович, Андрей Савельев секiлдi Мемлекеттiк Думаның депуттары, олармен қатар вице-спикер Сергей Бабурин де қатысқалы отыр. Мұның өзi Ресейдегi шовинистiк, ұлтшыл қозғалыстарға мемлекеттiк тұрғыдан қолдау көрсетiлiп отырғанын аңғартатын сияқты. Ең сорақысы сол, бұндай өрескел қадамдардан Ресейге аты мәлiм әйгiлi адамдар да бас тарта алмай отыр. Мәселен, белгiлi актер Василий Лановой мен антисемит-академик Игорь Шафаревич те шеруге шығушылардың сапында болып, белсендi әрекет етпек. Мұндай шерулер Мәскеуде, Санкт-Петербургте, өзге де iрi қалаларда өтедi деп күтiлуде. Мұның бәрi ХХ ғасыр басында Ресейде кең тараған атышулы «қара жүздiктердiң» әрекеттерi мен гитлерлiк Германиядағы түнгi «алаулы марштарды» еске түсiредi. Орыс фашистерiнiң әрекеттерi де қоғамда iшiнара әлсiз алаңдаушылық тудырғанмен, өкiнiшке қарай, әлi күнге ашық әрi табанды қарсылық, тiптi, наразылық танытылмай отыр. «МК в Казахстане» газетiнiң жазуына сенсек, Мәскеу мэрi Юрий Лужков пен губернатор Валентина Матвиенко ханым шеруге түбегейлi қарсы екен. Сөйте тұра ондаған мың адам қатысатын бұл марштың мiндеттi түрде боларына ешкiм күмәнданбайды. Өйткенi, осыдан бiраз жыл бұрын ғана Ю. Лужковтың «Қырым – орыстың жерi», «Севастополь орыс жерiнiң бөлiнбейтiн бөлшегi» деп Украинаға қарсы ашықтан-ашық арандату саясатын жүргiзгенi, орыс ұлтшылдары мен шовинистерiнiң, Қырым сепаратистерiнiң қолтығына су бүрiккенi құпия емес. Сонымен бiрге Ю.Лужков мырза Приднестровьедегi шиеленiстiң де өршуiне себепкер саясаткерлердiң бiрi екенi және Косоводағы жағдайға байланысты ол тек сербтердi ғана жақтаушы екенi мәлiм. Бiр сөзбен айтқанда , орыс ұлтшылдарын бiржақты жақтауымен аты шыққан адам. Тiптi, биыл Мәскеу мэрi «Отандық өндiрушiлер (орыстар деп түсiнiңiз-Ж.Ш.) Мәскеу базарларында кезектен тыс әрi тегiн сауда орындарымен қамтамасыз етiлсiн» деген жарлық берген болатын.

Мұндай империяшылдық ұстаным, ұлы орыстық шовинизм мен ұлтшылдық Ресейде бiр күнде қалыптасқан жоқ. Б.Н.Ельцин мен оның жақтастарының көбi билiктен кетiп, Кремль басшылығына жаңа тұлғалар келгелi берi елде ұлшылдық пен соғыс психозы күннен күнге ұлғайып келедi. Ресми БАҚ-тарда орыстарды өз үлесiнен қағылған бейшара етiп көрсету үнемi етек алды әрi орыстар өздерiнiң Құдай сүйiп жаратқан бiрден-бiр ұлт, айрықша нәсiл екендiгiне шынымен-ақ илана бастағаны сөзсiз. Елде орыс фашизмiнiң де бой көтерiп, жандана бастауы да осы кезеңге тұспа-тұс келiп отыр. Федеративтi республика, көп ұлтты мемлекет екендiгiне қарамастан Ресей билiгiндегiлер әрбiр iс, әр мәселеде орыстарға басымдық беруге әркез мүдделiлiк танытуда. Карелияның Кондопога қаласындағы ауыр ахуал қазан айында Тюмень облысында кавказдықтар (армяндар) мен орыстардың арасындағы қақтығысқа ұласты. Мәскеуде грузин фамилиясындағы мектеп оқушылары мен ересектер тiзiмге алынып, бүкiл елде грузин азаматтарына қысым көрсетiлуде. Мұндай жағдай 1990-жылдарды, Ресей мен Чешенстан арасындағы алғашқы соғыс күндерiн еске салады. Тiптi, Булат Окуджава, Данелия, тағы басқа грузин жазушыларының кiтаптарын дүкендерде сатқызбау туралы құпия жарлықтың болуы да Ресейдегi жағдайдың ем қонбайтын ауруға айналғанын көрсетсе керек. Ең сорақысы сол, Акунин есiмiмен жарияланған кiтаптарды сатуға рұқсат етiлген, ал автордың шын аты-жөнi — Г.Чхартишвили есiмiмен жарық көрген «Бейiт тарихтары» («Кладбищенские истории») кiтап сатылмайды. Тiптi, белгiлi журналист Анна Политковскаяның өз үйiнiң алдында өлтiрiлуi де елдегi өршiген ұлтшылдықтың бой бермей бара жатуының айқын белгiсi. Әсiресе: «В Грузии пять секретов: сколько воров в законе в руководстве страны; какого цвета танки, если известно, что всего танков два; что все вина из одной бочки; какую часть заначки от Сороса Саакашвили скрывает от жены и какую гадость разливают «Боржоми», – деп мәлiмдеген депутат Дмитрий Рогозин секiлдi жауапсыз саясаткерлер жағдайды одан әрi ушықтыра түсуде. Алдағы 4 қараша – Ресей тарихындағы жаңа кезеңнiң басы болғалы отыр. Егер «Орыс маршы» ұлтшылдар күткен деңгейде өтетiн болса, онда бұл күн Ресей халықтарының ынтымағы күнi емес, мұндағы ұлттардың ымырасыз күресiнiң басталған күнi болуы ықтимал. Қалай болғанда да, әлем Мәскеуде тағы да бiр ойранның болатынын күтiп, қобалжуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары