Сұлтанәлi БАЛҒАБАЕВ: МЕНI ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛУЫ ЖИI АЛАҢДАТАДЫ

Сұлтанәлi БАЛҒАБАЕВ: МЕНI ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛУЫ ЖИI АЛАҢДАТАДЫ

Сұлтанәлi БАЛҒАБАЕВ: МЕНI ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛУЫ ЖИI АЛАҢДАТАДЫ
ашық дереккөзі
560

Сұлтанәлi Балғабаев белгiлi жазушы, Оның қаламынан туған «Жұлдызың жансын», «Дайралықтың тақыры», «Ай астымен кеткен ат», «Қырық бiрiншi бетпе-бет», «Қошқар баққан байеке ақын» сияқты повесть, әңгiмелерi осының куәсi. Сұлтанәлi Балғабаев ең әуелi драматург. Күнi бүгiнге дейiн театр сахнасынан түспей келе жатқан «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемi келiншек», «Ғашықсыз ғасыр» сияқты пьесалары осының айғағы. Бүгiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы Төралқасы төрағасының орынбасары қызметiн атқарып келе жатқан Сұлтанәлi аға алпыстың асуына келiптi. Мерейтой қарсаңында Сұлтанәлi Балғабаевпен жолығып, тiл, мәдениет, ұлттық мәселелер төңiрегiнде әңгiмелескен едiк.

– Сiздiң жаныңызды не ауыртады? Неге күйзелесiз? Ненi көбiрек уайымдайсыз?

– Қаламгер ретiнде менi ойландыратын ең үлкен мәселе, ол – қазақ халқының ұлт болып қалуы. Бұл жөнiнде осыдан жиырма-отыз жыл бұрын ең көп жазған адамдардың бiрi – мен. «Қазақ әдебиетi» газетiнде «Қызыл кiтапқа енетiн халық» деп аталатын циклды мақалалар жарияладым. Кейiнiрек ол өзiнше кiтап болып шықты.

– Сол уақыттың өзiнде сiзде «қазақ ұлт болып қала ма, жоқ па?» деген қорқыныш көбiрек болды ғой, демек…

– Иә. Қазақ халқы ұлт ретiнде жойылып кете ме деп қорықтым. Шындығында, сол жылдары қазақ халқы жойылып кетудiң аз-ақ алдында тұр едi. Сол менiң жүрегiмдi ауыртты, жанымды күйзелттi. «Қызыл кiтапқа кiретiн халық» деп қорқып жүргенiм де сондықтан. Өзiңiз де бiлесiз, «Қызыл кiтапқа» жер бетiнен жойылып кетуге таяп қалған жануарлар ғана енедi. Менi де сол үрей биледi. Дәл сол мақалаларды жазып жүргенде менi көбi мазақ қылып, келемеж жасады. Ренжiдi. Менiң олай мақала жазуыма себепкер болған, тiлшi болған соң, жер-жерлердi, республиканың түкпiр-түкпiрiн аралайсың ғой. Сонда неше түрлi сұмдықтарды көзiм көрдi. Солтүстiк Қазақстан, Ақмола облыстарын аралаймыз. Сол облыстардың кейбiр ауылдарында қазақ мектептерiнiң барлығы жабылып қалған. «Ағайындар-ау, бұларың не? Кiлең қазақ ауылдары қазақ мектептерiн неге жабасыңдар?» десек, сол ауылдың ферма бастығынан бастап, бәрi бiзге ренжидi. «Балаларымыз қазақша оқыса, ертең нанын тауып жей алмай қалады ғой, сiздер бiзге неге қастандық ойлайсыңдар» деп, тiптi өзiмiзге дүрсе қоя бердi. Керек десеңiз, кейбiрi «маңайыма жоламай, аулақ жүрiңдер» дегенге шейiн барды.

– …Ауылдың адамдары ма?

– Иә, ауылдың адамдары. Қаланың адамдарынан онсызда үмiт жоқ. Мiне, осыны көрiп қой, менiң бойымды қорқыныш билеп жүргенi. Содан отырып алып, осы төңiректе көптеген мақалалар жаздым. Олар газет бетiнде үздiксiз жарияланып отырды.

– Дәл сол тұста, тұп-тура осылай тақырып қойып, айғайлатып жазғаныңызда, ешкiм сiзге қысым жасап, қиянат көрсетпедi ме?

– Мәселе, ол мақалалардың жазылу әдiсiнде. Қазiр де дәл солай мақала жаза алмадым. Жуырда ғана «Егемен Қазақстан» газетiнде бiлiм грантына байланысты сыни мақала жаздым. Шықпай ма деп ойлағам, сөйтсем газеттегiлер жариялапты. Керек десеңiз, Аралдың құрып кетуiне байланысты, ең алғаш мақала жазған адамның бiрi – мен. Ол кезде Арал құрып кетедi деген ешкiмнiң ойында жоқ тақырып болатын. «Арал гүлденiп жатыр» деген мақала жазылып жатқан кез. Қазiр тiл төңiрегiнде жиi айтыс-тартыстар болып, жиi мақалалар жазылып жатыр ғой. Шын мәнiнде, егер Кеңес үкiметi әлi отыз-қырық жыл өз үстемдiгiнде тұрғанда, онда бiздiң қазақ тiлi жер бетiнен мүлдем жойылып кетер едi. Тiптi, бiздiң ұлтымыз жойылып кетер едi. Ауылды былай қойғанда, қазақ интеллигенциясы, қазақтың атақты жазушылары, академиктерi, ғалымдары, жалпы, қазақ зиялысының балаларының тоқсан пайызы орыстанып кеттi. Орыс мектептерiнде оқыды, орысша бiлiм алды. Тек қырқыншы жылдары дүниеге келген бiздiң, бiздiң алдымыздағы Ақселеу Сейдiмбек, Бексұлтан Нұржекеев сияқты жазушылар ғана балаларын қазақ мектептерiне бере бастады. Оның ар жағындағылардың барлығы балаларын орыс мектебiне бердi. Олардың бiрi қазақша бiлмейдi. Осындай тiлден түңiлген заманда, сексенiншi жылдардың екiншi жартысынан бастап, тiл мәселесi қолға алына бастады. Мұны ең әуелi бастаған жан – Шона Смаханұлы. Ол кiсi үй-үйдi жағалап, есiгiн қағып жүрiп, қазақ балаларын қазақ мектептерiне апарды. Бiрде-бiр қазақ зиялысының өкiлi, дәл сол кiсi сияқты әрекетке бара алған жоқ. Тiптi, менiң өзiм Шона сияқты тiрлiк еттiм деп айта алмаймын. Дәл сол уақытта «Қазақ тiлi» қоғамы құрыла бастады. мiне, содан кейiн бiраз уақыт жазбай кеттiм.

– Неге жазбадыңыз? Әлде мәселелердiң бәрi бiттi деп ойладыңыз ба?

– Оның себебi, менiң осыдан жиырма-отыз жыл бұрын жазған дүниелерiмнiң бәрiн ендi ел айта бастады, жаза бастады. Тура сол қалпында өзгертiп, газет-журналдың бәрi жаза бастады. «Құрып кетейiн деп жатыр» деп жазған кезiмде кейбiр қаламгерлерiмiз өркендеп жатыр деушi едi. Ендi олар керiсiнше айғайлай бастады. Мiне, осының бәрi айтылып, жазылып жатқаннан кейiн, қажетсiз деп соңғы жетi-сегiз жылда ешнәрсе жазбай кеттiм.

Бiрақ, қазiр қарасам, Үкiметтен қазақ мектептерiнiң мүмкiндiктерiн төмендету сияқты мәселер қайта көтерiле бастапты. Орыс мектептерiнiң көбiсi, елу-елу екi жинаса да, оқуға түсе алады, ал қазақ мектептерiн бiтiрген балалар жетпiс-сексен баллмен оқуға түсе алмайды. Бұл не деген әдiлетсiздiк? Оның үстiне, қазақ мектептерi қайта жабыла бастады. Көптеген қазақ ауылдарында ашылған мектептер қайта жабылыпты. Тiптi, керек десеңiз, қазақ мектептерi жоқ ауылдарды да кездестiруге болады.

АЛМАТЫДА ӘСЕМ ҒИМАРАТТАР КӨПТЕП САЛЫНУДА, АЛ ҚАЗАҚТАР ӘЛI КҮНГЕ ЖАТАҚХАНАДА ТҰРАДЫ

– Аға, Қазақстанның жерi ұшан-теңiз. Байлығы да көп. Бiрақ, баспанасыз, қаңғып жүретiндердiң көбi неге қазақтар?

– Менi алаңдататын да осы. Кеше Үкiметтiң есебiнде «Бiз тұрғын үй бағдарламасының үш жылдық жоспарын екi жылда орындадық» деп айтып жатыр. Бұлардың есебiн тыңдап отырсаңыз, пәлен мың шаршы метр үй бердiк дейдi. Оған пәлен миллиард теңге игерiлдi дейдi. Осыған мен түсiнбеймiн. Неге пәлен мың шаршы метр үй бердiк деп есептейдi. Қазiр салынып жатқан үй де, берiлiп жатқан ипотекаңыз да, бай адамдарға арналған. Тiптi, ипотекаға үй алу үшiн де, қолыңызда ақшаңыз болуы керек, яғни банктен ақша алуыңыз керек. Ақша әкелмесеңiз, сiздi тiптi үйдiң кезегiне де қоймайды. Қазiр ақшасы бар адамдар ғана үй алып жатыр. Қазiр бiреу мың шаршы метр үй алуға мүмкiндiгi болуы мүмкiн, ендi бiреудiң бiр шаршы метр алуға да шамасы келмейдi. Демек, олардың пәлен мың шаршы метрдi игердiк дегенi, байларды жарылқадық дегенi. Миллион отбасы үйсiз жүр, соның пәленiне үй бердiк деп есеп жасаса, оны түсiнуге болады. Ақшасы көп жүз адамға үй беремiз де, соны мақтанып, Үкiметтiң алдында есеп жасаймыз. Бұл дұрыс емес. Тұрғын үй бағдарламасы, ең алдымен қарапайым халыққа арналып жасалуы керек. Арзан ипотекада үй ала алмайтын адамдарды жарылқауды үйрену керек. Оның iшiнде, Алматы қаласында тұрақты тiркелген қанша отбасы үйдiң кезегiнде тұр, не болмаса қаншасы тұра алмай жүр, соның есебiн жасау қажет емес пе? Алматыда бiр жарым миллион халық болса, соның қаншасы үйге мұқтаж? Тiптi, Қазақстанның кез келген ауылында қанша халық шын мәнiнде баспанаға мұқтаж, ең бiрiншi осының есебi алынуы керек. Содан кейiн барып, Қазақстан бойынша, пәлен мың адам баспанаға мұқтаж екен, осы мәселенi қалай шешемiз дегендi ойлануымыз керек. Қазiргi жастарымыздың тоқсан пайызы, үй алудан үмiтi жоқ.

– Қалай үмiттенедi, баспананың нарқы күннен-күнге өршiп бара жатқан жоқ па?

– Оның рас. Сондықтан, ең бiрiншi газет-журнал осыны көтерiп жазу керек. Бiздiң интеллигенция, осының iшiнде зиялы қауымның құдайға шүкiр жағдайы жақсы. Үкiметтiң көмегiмен болсын, әкiмияттың көмегiмен болса да, әйтеуiр пәтерге қолы жетедi. Олар баспананың мәселесi жоқ деп ойлайды. Бiздiң жұмыстың қасында «Жетiм бұрыш» деген жер бар. Сол жетiм бұрышқа барып көрiңiзшi, қаптаған қазақты кездестiресiз. Демек, Алматыдағы салынып жатқан әдемi үйлер, қарапайым халыққа арналмаған. Бұл қазақ халқына арналмаған.

– Ол әдемi үйлерде кiмдер тұрады?

– Ақшасы көп адамдар ғана.

– Ақшасы көп дегендерге кiмдердi жатқызамыз. Жалпы, бай қазақтар көп деп ойлайсыз ба?

– Аз. Ары кетсе, бес-ақ пайыз.

– Сонда Алматыда күннен күнге көбейiп келе жатқан, қаптаған қымбат үйлердi кiмдердiң сатып алуға мүмкiндiгi бар?

– Бүгiнде кiмнiң қалтасы толық болса, соның Қазақстанның кез келген жерiнен пәтер сатып алуға мүмкiндiгi бар. Мен тұратын үйдiң қарсысында жатахқана бар. Кезiнде КазГУ-дiң жатақханасы болған екен. Кейiн көпшiлiкке арналған жатақханаға айналып кеттi Сол жатақханада тұратындардың жүз пайызы – қазақтар. Олардың балаларының бәрi қазақша сөйлейдi. Ендi менiң үйiмнiң жоғарғы жағында әйдiк зәулiм үйлер бар. Бiрiнен-бiрi асады. Сол үйлерден анда-санда ит жетектеген бiр әйел шығады. Болмаса, есiк алдында бес-алты бала ойнайды. Оның жартысынан көбi орыс және оның бәрi орысша сөйлейдi. Шындығында да, қай жерде жаман үй немесе жатақхана тұратын болса, сонда барып көрiңiзшi, одан шығатын қазақтар және көбi қазақ тiлiнде сөйлейтiндер. Ал, зәулiм үйлерде керiсiнше, көбiне басқа ұлт өкiлдерi немесе, орыстанған қазақтарды көресiз. Одан қазақша сөйлеп, бiрен-саран адам шығуы мүмкiн. Жалпы, Алматының көркейгенiне, әдемiленгенiне мен қарсы емеспiн. Бiрақ, ұлттың мәселесiне осы пайда әкелмей ме деп қорқамын. Тағы да қайталап айтам, тұрғын үй бағдарламасы қарапайым халыққа арналмаған. Олар елдi шатастыру үшiн, «пәлен мың үй бердiк деп айтпай, пәлен мың квадрат метрге үй салынды» деген ақпаратты беруге тырысады. Үй салып алуға кiмнiң шамасы келедi, кiмдiкi келмейдi? Осыны зертеуiмiз қажет емес пе? Бұл әңгiме менiң тiлдi айтатын әңгiмем сияқты. Бұл әңгiме асқынып-асқынып, бiр күнi өз орнына келедi. Бiр күнi Үкiмет арнайы үйлердi салуға көңiл бөле бастайтын болады. Қарасаңыз, ипотеканың ең қымбаты – Қазақстанда екен. Оны мен айтып отырған жоқпын. Оны жақында Қайрат Келiмбетов айтты. Қытайда, тiптi көршi Ресейде ипотеканың процентi екi-екi жарым пайыз ғана. Ал, бiзде мүлдем басқаша. Сондықтан, қазiргi тұрғын үй бағдарламасы, бiрiншiден, байларға арналған. Екiншiден, банктердiң мүддесiне арналған. Үшiншiден, жеке құрылыс салатын компаниялар бар, солардың мүддесiн көбiрек қозғайды деп ойлаймын.

– Баспана демекшi, аға, Үкiмет «он сотықтан жер берiлсiн» деп қаулы шығарады, ал тиiстi органдар жер жоқтығын алға тартады. Сонда кiмге сенемiз?

– Қазақстан сияқты ұшан-теңiз жерi бар, мемлекет дүниеде жоқ. Бiзге ең аз дегенде үш жүз миллион халық еркiн сияды. Он бес миллион халыққа жер тауып бере алмай жатыр дегендi өзге елдер естiсе күледi. Бұл адам түсiнбейтiн жағдай. Бұлар неге жер жоқ деп зарлап отыр. Бұл қолдан жасалған дүние. Әкiмдердiң билiгi азайды, олардың билiгi жерде қалды. Соған ғана шамасы келедi, жер берiп ғана пайда табады. Сол үшiн әдейi жер жоқ дегендi айтады. Алматыда жер жоқ екенiн түснемiн, бiрақ Алматыдан шыға бере, жер көп емес пе? Әлде ол Қазақстанның жерi емес пе? Оның бәрiн жекешеленiп кеттi дейдi. Жекешеленiп кеттi деген бос сөз. Оған ата-бабасы немесе әкесi мұраға қалдырған жоқ. Оның бәрiн қайтарып алу керек.

– Оны қалай қайтарып аламыз?

– Кезiнде балабақшалардың бәрiн жекешелендiруге қарсы болдым. Клубтарды беруге болмайды деп зарладық. Соған қарамастан, жекеменшiкке берiлiп кеттi. Ендi солардың бәрiн қайта алып жатыр. Сатып алып жатыр. Ендi сол сияқты жердi қайтарып алуымыз қажет.

– Демек, жердi де қайта сатып алу керек дейсiз ғой…

– Сатып алмау керек. Алдын-ала шешiммен, заңсыз алынған жерлердi қайтаруымыз керек. Мысалы, үй салатын жердi ешуақытта жекеменшiкке беруге болмайды. Егер берiлiп қойса, оның бәрiн заңсыз деп, арнайы соттың шешiмiмен қайтарып алуымыз қажет. Ұшан-теңiз жерi бар Қазақстанда, қазақ халқына жер жетпейдi дегенге түсiнбеймiн. Түбi жер мәселесi қайтадан қаралады. Халықтың мүддесiне қарай бұрылады деген ойдамын.

– Ол кезде тым кеш болып қалмай ма?

– Жоқ. Баяғы революцияның алдында жердiң бәрiн байлар өздерi иемденген жоқ па едi. Сондықтан, заман бүйтiп тұрмайды. Жердi алу оп-оңай. Оған Үкiметтiң ынтасы, ықыласы, оң көзқарасы болуы керек. Түбi қайтып келедi деп ойлаймын. Жер мәселесiн әкiмдер емес, белгiлi бiр компаниялар шешедi деген сияқты әңгiмелер қозғалып жатыр. Жалпы, баспана мәселесiн, алдыңғы кезекке қоюымыз керек. Өйткенi, баспана бәрiне келiп тiреледi. Демографияға да, әлеуметтiк тұрмыстың жақсаруына да. Сондықтан, халықтың қалтасы көтеретiн үйлер тұрғызуымыз қажет. Өзiмiздiң байлығымызға өзiмiз ие бола алмай отырмыз. Ми мықты да, бұлшық етiмiз нашар. Кәсiптiң бәрiн басқа ұлт iстеп жатыр. Ең аяғы компьютердiң бағдарламасын жасайтын да өзге ұлттың өкiлдерi. Осыны ойлануымыз қажет.

«КӨШI-ҚОН» ТУРАЛЫ ЗАҢ БАР, БIРАҚ ОНЫ ЖҮРГIЗУ МЕХАНИЗМI ЖАСАЛМАҒАН.

– Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының маңайында жүрсiз ғой. Оралмандардың да мәселесiнен қағыс қалып жатпайтын шығарсыз. Жалпы, көшi-қон мәселесiне жиi сындар айтылып жатады. Ондай мәселелердiң көбi көз алдыңызда өтiп жатқан шығар.

– Он бес жылдан берi шет елдегi қазақтармен айналысып келе жатырмын. Бiздiң жұмыс екi бағыттан тұрады. Бiрi – сол жақта тұратын қазақтарға көмектесу, екiншiсi – көшiп келген оралманға көмек беру. Бiзде шет елдегi қазақ десе, бәрi оралман деп түсiнедi. Бiздiң жұмыс ең алдымен, шет елдегi қазақтарға жәрдем беру. Өйткенi, Үкiметтiң бөлiп берген жұмысы. Көшi-қон жұмысымен, Еңбек және әлеуметтiк министрлiктiң Көшi-қон комитетi айналысуы керек. Оны менiң айтып тұрған себебiм, шет елдегi қазақтардың мәселесi дегенде, тек қана оралманды айта беремiз. Шет елдегi қазақтардың сан алуан проблемасы бар. Тiптi, оралманның өзi туралы да рас, сын көп. Оның бiрi – оралмандар қу, айлакер, андай-мұндай деп кiнәласа, ендi бiрi – оралмандар күн көре алмай жатыр, жағдайы нашар, қуғындалып жатыр деп кiнәлайды. Екi мәселеге де түсiнiстiкпен қарауымыз керек. Оралмандарды баяғы қиын-қыстау кезде қашып кеттi деген кiнә артады. Бұл – шет елдегi қазақтардың жағдайын бiлмейтiндердiң әңгiмесi. Керек десеңiз, шет елдегi қазақтардың тоқсан пайызы, өзiнiң ежелгi ата-мекенiнде отыр. Олар о бастан сол жерде тұрған. Қашып кеткен қазақтар, тек ғана Ауғаныстанда. Одан ары Иранға өткен. Олар да ерiккеннен қашқан жоқ. Бұл қазақтар шет елдегi қазақтың бiр пайызына да жетпейдi. Олардың көбiсi қайтып келдi. Ал қалған қазақтардың басым көпшiлiгi, шекара бөлiнгенде шекараның ар жағында қалып қойған. Ресейдегi қазақтардың да жағдайы солай. Олар ата-бабасының жерiнде тұрып жатыр. Ал, Моңғолиядағы қазақтар өте ертеде өткен. Түркиядағы қазақтардың Кеңес үкiметiне қатысы жоқ. Бұлар Қытайдан өткен. Түркиядағы қазақтар 1939 жылдан елуiншi жылдың басына дейiн, он жылда Қытайдан өткен. Олар Қытайдың қуғынын көрiп өткен. Моңғолиядағы қазақтар да солай. Сосын, оралмандардың жағдайы нашар, қуғындалып жатыр, күн көре алмай жатыр дегеннiң бәрi өтiрiк. Олар өзiнiң күнiн көрiп жатыр. Олар өздерiн оралманмын деп санамайды. Бiреуi – бай, бiреуi – кедей, әйтеуiр бiреуден кеш, бiреуден iлгерi. Редакцияға барып, арыз айтып, мұңын шағып жүретiндер, санаулы ғана адамдар. Олардың сөзiне, айтқан әңгiмесiне қарап, оралмандардың жағдайы қиын дегенге сенуге болмайды. Көбiсi негiзсiз. Үйiн алып, жұмысын iстеп жатыр. Ең бастысы, Қазақстан шет елдегi қазақтарға есiгiн айқара ашып отыр. Ресей бiзден үлгi алып, ендi кiрiсiп жатыр ғой. Ауғаныстанда тұратын кейбiр қазақтар: «Бiз елiмiзден екi жүз-үш жүз жыл бұрын кеткенбiз. Бiзге елiмiзге келуге рұхсат берiңiзшi. Ешнәрсе сұрамаймыз, тек Қазақстанда қалсақ болды» дейдi. Оларға қазақ екендiгiн дәлелдемегендiктен, ешнәрсе бере алмай отырмыз. Ең үлкен жеңiлдiгi, шет елдегi қазақтардың келуiне рұхсат беруi. Осыны дұрыс түсiнуiмiз керек. Келдiк, келгенiмiздiң бәрiне жағдай жасау керек деп шiренедi. Ол дұрыс емес. Жалпы, соңғы кездерi оралмандар үшiн ең үлкен проблема тағы да баспанаға тiрелiп отыр. Баспана берiлмейтiнi қиын. Тұрғын үй бағдарламасында оралмандарға арналған арнайы пунктi болуы керек. Соның жолын iздеуiмiз керек.

– Оралмандарға баспана болмаса да, қаржы берiлмей ме?

– Ары кетсе, бес мың доллар берiледi. Бес мың долларға не аласың? Мiне, осы жағдай, оралмандардың келуiн азайтады. Ипотеканың арзан түрiн беремiз бе, әйтеуiр, баспана мәселесiн қарастыруымыз керек. Ал, қазiр оны ойлап жатқан ешкiм жоқ. «Келдiң бе?» дейдi де, қолына ақшасын ұстата салады. Оралмандарды баспанамен қамтамасыз етудiң жеке бағдарламасы жасалуы керек. Квотамен келетiндердiң, тағы бiр мәселесi, олар Қазақстанның азаматтығын алмаса, жеке пәтер сатып ала алмайтындығы. Сол мәселенi жолға қоюымыз керек. Жалпы, оралман мәселесiнде қайта қарайтын мәселелер көп.

–Көшi-қон Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiледi деген әңгiмелер қозғалған сияқты едi.

– Көшi-қон туралы Заңды жазуға қатыстым. Жұмыс тобының мүшесi болдым. Көшi-қон туралы Заң жаман емес, жақсы. Заңды қайта жазғаннан пайда шамалы. Заң деген ол iргетасы. Сол Заңның негiзiнде әр жеңiлдiктi жасаудың жүзеге асыру механизмi жасалмаған. Механизм деген ереже. Сол ереже, жасаудың оннан аса жеңiлдiктерi бар. Бiрақ, соны қалай жасау керектiгi көрсетiлмеген. Сондықтан, ең бастысы, Заңды тағы қабылдай берсiн. Бiрақ, оның жүзеге асыру механизмi жасалмайтын болса, ол ешуақытта жүзеге аспайды. Сол заңды өзгертпей-ақ, соны жүзеге асыру мехнаизмiн жасау керек дер едiм.

ӘДЕБИЕТТIҢ ӨСПЕЙ ҚАЛУЫНЫҢ СЫРЫН ҚАЛАМАҚЫНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН КӨРЕМ

– Сiздiң прозаңыздан гөрi, драматургияңызды көбiрек сөз етедi. Драматургия саласына бет бұруыңыздың сыры неде?

– Прозада өзiмнiң отыз пайыз мүмкiндiгiмдi көрсете алдым деп ойлаймын. Өзiм сезем. Драматургияда елу-алпыс пайызын шығардым деп ойлаймын. Оның себебiнiң бәрiн өзiмнен көрем. Университетте жүйелi түрде бiлiм алмадым. Ол тiкелей өзiме байланысты. Бес жылым бос кеттi. Сол бес жылда арнайы жүйемен жұмыс iстемедiм. Егер студент шағымнан бастап, жүйелi жұмыс iстегенiмде, елу-алпыс пайызымды прозада көрсете алар едiм деп ойлаймын. Кiмнiң қандай жазушы екенi өлгеннен кейiн анықталады? Тiрi кезiңде кез келген атақты жүгiрiп жүрiп-ақ алуға болады. Өзiңдi-өзiң насихаттау да қиын емес. Бiрақ, сiз дүниеден кеткеннен кейiн, сiздiң таза еңбегiңiз сiздi ақтап алады. Кез келген дүниенi жазып отырғанда, ертең болашақ ұрпақ осыны қалай қабылдайды деп ойлаймын. «Қыз жиырмаға толғанда» деп аталатын пьесамның сахнада жүрiп жатқанына, биыл жиырма жыл толады. Кеңес үкiметiнiң кезiнде жазылған шығарма. Ең көп қойылып жатқаны да сол. Бұл менiң мықтылығымнан емес, сiрә, көздеген мүддеден шыққан-ау деп ойлаймын. Елу жылдан кейiн, екi-үш пьесам мен екi-үш повесiмдi ел iздеп жатса, соның өзi маған жетедi. Қазiр Мұстафа Шоқайды жазып жатырмын. Өте қиын тақырып. Тарихи дүниенi бұған дейiн жазып көрген емеспiн.

– Тарихи дүниенi жазуды неге Мұстафа Шоқайдан бастадыңыз?

– Мұстафа Шоқай туып өскен ауылда дүниеге келдiм. Оны жазам, онымен айналысам деп ойлаған емеспiн. Мұстафа Шоқай тақырыбына қалам тартқаным, осыдан он бес жыл бұрын басталды. Мұстафа Шоқайды көп жамандаған адамның бiрi – Серiк Шәкiбаев деген кiсi. Өзi КНБ-да iстедi. Шәкiбаев жамандап қоймаған соң, Президентке Әнуар Әлiмжановтан бастап, Тахауи Ахтанов, Әбдiлда Тәжiбаев сияқты мүйiзi қарағайдай адамдардың қолын қойдыртып, арнайы хат жаздым. Ашық хат «Егемен Қазақстанға» шықты. Сол кезде Жазушылар одағының өзiнде де Мұстафа Шоқай туралы керi пiкiрлер көбейiп жатқан. Сол хаттан кейiн, Мұстафа Шоқай толық ақталмаса да, жамандаулар тоқтатылды. Содан кейiн, ол кiсiнiң 1992 жылы «Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай» деген кiтабын шығардым. Бұл Мұстафа Шоқайдың бiзге жеткен алғашқы еңбегi. Осы кiтапты Стамбулдан әкелiп, өз қолыммен тараттым. Осы кiтаптан кейiн, ол мәселемен айналысуды қойғам. Туған жерiмнен маған Мұстафа Шоқай туралы пьеса жазып беруiмдi өтiнген соң, келiстiм. Жалпы, Мұстафа Шоқайдың аузына жанымнан бiр сөз қосып отырғам жоқ. Ол кiсi не айтты, соны сол күйiнде жеткзудi көздеп отырмын. Мұстафа Шоқайдың кереметтiгi сол, ол кiсi Қазақстанның түбi тәуелсiздiк алатынына сенген адам. Сенiп қана қоймай, сол үшiн күрескен. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн не iстеу керектiгiн де айтып кеткен адам. Ұлы адамның данышпандығы сонда. 1941 жылы қайтыс болды. Елу жылдан кейiн Қазақстан егемендiк алды. Егер өз жанымнан бiр сөз қосар болсам, онда менiң ол кiсiнi төмендеткенiм. Өзiнiң айтқанын жүйелеп, елге жеткiзу. Мұстафа Шоқай – өте заманауи тұлға.

– Соңғы кездерi тұщымды шығарма жазылмай кеттi. Жалпы, қаламгерлерiмiздiң көбi жазып жүрген жоқ. Оның сырын неден iздеймiз?

– Бұл мәселенi қаламақыдан көрер едiм. Әдеби шығарма жазылмауының сыры – сонда жатса керек. Ең бiрiншi қаламгердiң еңбегi бағалану керек. Оған лайықты қаламақы төлену керек. 2005 жылғы жыл қорытындысында «1 миллион теңге берiлмесе, пьеса жазбаймын» деп айттым. Жазушының еңбегi – ең қымбат еңбек. Дүниеде мимен жұмыс iстейтiн адамдардың еңбегi жоғары бағалану керек. Соған жазушылар талап қоя алмадық. Жалпы өз ақшасына кiтап шығаратындарға қарсымын. Үкiметке, тәуелсiз елге қорғаныс керек пе? Керек. Әскер керек, өндiрiс керек. Сол сияқты әдебиет те қажет болуы керек. Мемлекеттiк қызметкерге қандай жағдай жасалып жатыр. Тура солай жағдай жасауға болады ғой. Неге бiздiң еңбегiмiз мемлекеттiк қызметкердiң еңбегiндей бола алмайды. Егер әдебиетке жағдай жасалынбаса, онда ол әдебиет өспейдi, тоқырап қалады.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары