БАБА ТҮКТI ШАШТЫ ӘЗIЗ ӘУЛИЕНIҢ ЖАҢА КЕСЕНЕСI АШЫЛДЫ

БАБА ТҮКТI ШАШТЫ ӘЗIЗ ӘУЛИЕНIҢ ЖАҢА КЕСЕНЕСI АШЫЛДЫ

БАБА ТҮКТI ШАШТЫ ӘЗIЗ ӘУЛИЕНIҢ ЖАҢА КЕСЕНЕСI АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
340

Бүкiл Түрiк әлемiне тиемел әулие Баба Түктi Шашты Әзiз (Ықылас Ата) қазiргi Созақ ауданы жерiнде Құмкент селосының маңындағы Жылыбұлақта жатыр.

Баба Түктi Шашты Әзiз есiмiнiң түркi тiлдес халықтардың арасына кеңiнен таралуына негiз қалаған «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Шора батыр» жырлары болып саналады. Осынау асыл қазыналардың куәлiк етуiне қарағанда, Баба Түктi Шашты Әзiз әулие бұл батырлардың дүниеге келуiнен бұрын аян берген, батыр дүниеге келгенде, елiн қорғағанда желеп-жебеп жүрген.

Баба Түктi Шашты Әзiз әулие Орта Азия, Қазақстан жерiне ислам дiнiн алғашқы уағыздаушы, ендiрушi болып саналатын Ысқақ баптың (Баба Ата) замандасы, үзеңгiлес серiгi. Ысқақ баб қазақ даласына дiн тарату жолында ең алдымен Баба Түктi Шашты Әзiздiң көмегiне, даналығына, әулиелiгiне, теңдесi жоқ талантына, жау жүрек батырлығына, болашақты болжай алатын асыл қасиетiне барынша сүйенген.

Әулиелердi қадiрлеу барша мұсылманның парызы. Осыған орай Жылыбұлақта жаңа кесененiң салтанантты ашылу рәсiмiне елдiң жақсылары мен жайсаңдары жиналды. ҚР Парламент Сенатының депутаты Өмiрбек Байгелдi жаңа кесененiң ашылу салтанатында Баба Түктi Шашты Әзiз әулие туралы қызықты деректер айтты. Елдi ынтымақ пен бiрлiкке шақырды.

– Қазақ тарихында өзгешелеу Созақ жерi – ұлтымыздың, халқымыздың, қара шаңырақтарының бiрi, – дедi Оңтүстiк Қазақстан облысының бас идеологы Дархан Мыңбай.

— Қаратау өңiрi тағы бiр тарихи тебiренiстi басынан кешiп отыр. Ұлтымыздың ұйытқысы Оңтүстiк өңiрiнде тағы бiр жақсылық және жомарттық жасалынды. Баба Түктi Шашты Әзiз бабамыздың кесенесi жаңарып, жадымызда жаңғырып, перзенттiк махаббат пен елдiк, бауырмалдылықтың куәсiне айналды.

Бұл жер бiр кездерi ортасынан кереметтей мөлдiр бұлақ сылдырлап ағып жататын ну орман болған екен. Отаршылдықтың әсерiнен, азып-тозудың салдарынан, ынтымақ-бiрлiктiң жоқтығынан орман оталып, су тартылып, көл қурап, күмбез күйреген. Мұндай аянышты тағдыр кешкен кесенелер қаншама! Әулиелердi әспеттеп, кесенелердi қайта қалпына келтiрген иманжүздi жандар қай кезде де табылған. Ұлы бабамыз әулиелердiң әулиесiнен саналатын Баба Түктi Шашты Әзiз кесенесiнiң тағдыры да осындай. Баба Түктi Шашты Әзiз бабамыз туралы барша қазақтың құлағына жағымды, жылы естiлетiн Жылыбұлақ, Баба Ата, Құмкент жайында, «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Шора батыр» жырларынан жақсы бiлемiз.

Шешен тәуелсiздiк алған мемлекетiмiзде әулиелердi құрметтеу тәрбиелiк маңызы барлығына ерекше тоқталды. Бұл жиынға ҚР Парламент Мәжiлiс депуттары Қ.Есжанов, Р.Нұрбақ мырзалар қатысты.

Бұл ғажап кесененi осы елдiң тумасы Нұрсадық Ергешұлы Нұрлыбаев және оның бауырлары өз қаражатына салып шықты. Жаңа кесененi жобалағандар Өзбекстан Республикасының еңбек сiңiрген сәулетшiсi Анвар Кадыров едi.

Дизайнерi Оңтүстiк Ашық университетiнiң профессоры Хайтов Бөлiқүл. Құрылыс жұмысын Самарқаннан арнайы келген азаматтар жүргiздi.

Баба Түктi Шашты Әзiз кесенесiнiң бiтiмi көкке шаншылған ғарыш кемесiн көз алдыңызға елестетедi. Үшкiр тұмсығы көкке атылған, жан-жағын қомдап ұшқалы тұрған алып ертегiнiң құсына ұқсайды. Бұған идеялық негiз болып алынған нәрсе – Қазақстан Тәуелсiздiгi 15-жылдық мерейлi тойы, шыққан асу, алдағы жарқын болашақты меңзеу!

Жалпы оның ұшар басындағы көк күмбез, басқа күмбездерге ұқсамайды. Бұл Орта Азиялық төңкерген кесеге ұқсайтын бейнеден ауытқып, қазақы қалыпқа келу үшiн, күмбез бiр шама сопайған, ұзартылған.

Түсi – аспан көк. Бұл мұсылман әлемiнiң ұнатқан түсi. Бiздiң тууымызды еске түсiредi. Басындағы ай – бұл да мұсылмандықтың белгiсi. Басындағы көк күмбезден кейiнгi көзге шалынатын нәрсе – сегiз айшықты «көзге» ұқсайтын тесiк. Ол негiзiне ауа кiру үшiн жасалынған. Бiрақ ол жай ғана тесiк емес, бiр мезгiлде сәулеттiлiк нышаны да. Сегiзбұрыштық шеңберге орналасқандықтан ол қай жақтан қарасаңыз да дулығаның астынан сiзге тесiле қараған екi көз болып көрiнiп тұрады. Кесенеге сес кiргiзедi, тiрi адамды елестетедi.

Жауған ақ та, пәк қар абайлап қарасаңыз сегiз бұрышты. Сонау жетi қат көктен жер бетiне перiштедей боп қонақтаған ақ қар бейнесi – символы Баба Түктi Шашты Әзiздiң кесенесiнiң негiзгi ұстынын құрайды.

Екiншi қабаттағы зират жасайтын орын астыңғы қабаттағы қабiрханаға баруға жол сiлтейдi. Мұндағы әулиенiң аты жазылған қара тас ұлылықтың бейнесi. Көкке көтерiлген көк күмбездi кеңiстiк – көңiлiңiздi мақтаныш сезiмге бөлейдi. Рухқа шомылдырады. Жан-жүрегiңiздi тазартады.

Ең төменгi қабат – Баба Түктi Шашты Әзiз жатқан жер. Мұнда Мәңгi Тыныштық. Баба басындағы қабiр тас кәдiмгi өз кiрпiшiмен көмкерiлiп жасалынған. Қисуа сияқты матамен жабылған.

Мұнда шағын мұражай бар. Жанында намазхана, дұға оқитын жер – бөлме жасалынған.

Шамдар өрнегi өзге өмiрдi еске түсiредi. Бабаның жатқан жерiнен биiкке көтерiлген шалқар дала көрiнедi. Анандай жерде Жылыбұлақ жатыр бүлк-бүлк қайнап. Iшiне толған бабаның қасиеттi қара балықтары. Қасиеттi бұлаққа ернеуше қойылған. Одан қасиеттi су iшесiз. Одан әрмен демалуға болатын жай жасалынған.

Баба Түктi Шашты Әзiз комплексiне келетiн адам, әуелi қақпаға, жанындағы үйге жолығады. Бұл – қонақты қабылдауға арналған.

Ендi әулиеге баратын бұл да бейнелiк мәнге құрылған. Сiз әулиеге еңкеңдеп желе-жортып жедел жетiп бармау үшiн, ептеп бұрылыстарымен бару үшiн жасалынған. Сол жолмен жылжыған сайын баба бейнесi биiктей бередi, биiктей бередi…

Оңтүстiкте әулиелi жерлер аз емес. Соның бiрi – осы Баба Түктi Шашты Әзiз. Осы әулие бабамыздың басына құран оқылып, ас берiлуi өткен тарихымызға көрсетiлген құрмет секiлдi.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары