«АЛАШ» – ҚАЗАҚТЫҢ ҚОҒАМЫ

«АЛАШ» – ҚАЗАҚТЫҢ ҚОҒАМЫ

«АЛАШ» – ҚАЗАҚТЫҢ ҚОҒАМЫ
ашық дереккөзі
296

Тiлеухор Бошумова кәдiмгi қазақтың қара қызы. Әке-шешесi ерте кезде, ел басына қиын-қыстау заман туғанда Қырғызстанға өтiп кетiптi. Бала-шағасын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай ел қатарлы өсiрген ата-анасы әркез қазақ екендiгiн ұмытпай, қазақы тәрбие мен әдет-ғұрыпқа баулып, осы күнге жеткiзген. Бала кезiнен алғыр, еңбекқор Тiлеухор қырғыз ұлт өкiлiне тұрмысқа шықса да, жүрегi әрқашан «қазақ» деп соғады. Ең алғаш Қырғызстан әуежолында стюардесса болып қызмет iстеген ол хабарды қазақша айтып, жұртты таң қалдырған екен. Ал бүгiнде Қырғызстандағы қандастарымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын «Алаш» қоғамының төраға орынбасары қызметiн атқаратын Тiлеухор ханым «Түркiстан» газетiнде қонақта болып, өзекжарды мәселелерiмен бөлiскен едi.

«Алаш» қоғамы 2003 жылдың қазан айында құрылды. Мұны құрудағы басты мақсат – Қырғызстандағы қазақтарды ата-қонысына келуiне, құжат жинау мәселесiне жәрдемдесу және оларға қазақ екендiгiн әрдайым бiлдiрiп отыру. Әу баста қазақтың басын құрап, қоғам құрамыз дегенде негiзгi байлам осы. Қоғамның төрағасы – Еркiн Бөлекбаев өз жұмысын адал атқаратын, iскер де бiлiктi азамат. Әрқашан қазақтарға көмек қолын беруден аянбай, бiрлесiп, қоян-қолтық жұмыс iстейдi. Бұл қоғам ашылғаннан кейiн iле-шала Қырғызстанның басқа қалаларында, аудандарында да қандастар мәселесiмен айналысатын ұйымдар мен қоғамдар бiрте-бiрте ашыла бастады. Соның бiрi әрi бiрегейi ретiнде «Елiм-ай» қоғамын, «Отан» мәдени орталығын айтуға болады. Бұлар болсын, «Алаш» қоғамы болсын, бәрi де Қырғызстандағы 42 мыңнан астам қазақ үшiн жұмыс iстейдi. Құдай қаласа, таяуда «Алаш» қоғамы Қырғызстан бойынша қазақтардың съезiн ұйымдастырмақ ниетте.

Биыл квота 70 отбасына бөлiндi. Көбiнесе Солтүстiк Қазақстан, Көкшетау облысына берiлдi. Негiзi олар мына Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Алматы облысы маңайына келiп түтiнiн түтеткiсi келедi. Олар бұл талап-тiлектерiнiң орындала бермейтiндiгiн бiлiп, жақында Көкшетаудан 2 мың гектар жер сұрап, арыз жазған едi. Ондағы ойы араласып-құраласып қалған отбасылар бiр жерге орналассақ дейдi. Бұған Көшi-қон комитетi қандай жауап қататыны әзiрге беймәлiм. Ал өз еркiмен кетiп жатқандарға, әрине, қуанамыз.

Тарихтан белгiлi қазақ пен қырғыз бiр деп саналғандықтан тiлiмiз ғана болмаса, әдебиеттi, мәдениеттi насихаттауда, өнердi сүюде аса айырмашылық байқалмайды. Содан ба екен, мұнда басқа елдер секiлдi қазақ жұртын бөлiп-жармайды. Керiсiнше, қаны қазаққа жақындары үнемi жәрдем бергiсi келiп тұрады.

«Алаш» қоғамы сол жердегi елшiлiкпен бiрлесе отырып жұмыс iстейдi. Ең алдымен қолға алынып жатқан мәселе – тiл мәселесi. Бiз қазақ балаларын жинап, оларға қазақ тiлiнен сабақ өткiзiп, сөйлеу мәдениетiн аса ыждаһаттылықпен үйретудi қолға алдық. Соның нәтижесiнде жыл сайын қазақ тiлiнен болатын олимпиадаға дарынды, өнерлi балаларды дайындап апарамыз. Ешқайсысы қара жаяу емес. Былтыр Түркiстанда болған олимпиадада үш бала арнайы дипломмен марапатталып, киелi қаланы көрiп, мәз боп қайтты. Бiрақ та қазақ тiлiндегi қосымша курстан дәрiс беретiн тiл мұғалiмдерi өте аз. Ешқандай ақы сұрамай-ақ, балалардың болашағы үшiн адал еңбек етiп, қазақ деген қасиеттi атаудың өшпеуi үшiн маңдай терiмiздi төгiп келемiз…

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЗАҚ МЕКТЕБI, ТIПТI, ҚАЗАҚ СЫНЫБЫ ДА ЖОҚ

«Алаш» қоғамы алаңдайтын басты мәселе – қай жерде болмасын қазақ ұрпағының жойылып кетпеуi. Өзi 15 миллионға ендi жеткен Қазақстан үшiн демография өзектiлiгiн жойған емес. Сондықтан да ерте ме, кеш пе «Ит тойған жерiне, адам туған жерiне» демекшi, қазақ та өз Отанына оралады. Құдайға шүкiр, елiмiз соңғы кезде шеттегi қандастарының елге оралуына жағдай жасап, квотаның да санын жеткiлiктi мөлшерде бөлiп келедi. Бұл да болса туған жерiне тез жетудiң баспалдағы. Бiрақ, квота бiр елге көп бөлiнсе, ендiгi бiр елдегi қандастарға аз бөлiнедi. Әрине, бәрiн бiрден көшiрiп алып келiп, қоныстандыру оңай шаруа емес. Ал қазақ қай жерде де тiршiлiгiн жасап, күнiн көрiп келедi. Оның үстiне Қазақстанның Оңтүстiк өңiрiмен аралас-құралас боп кеткендiктен де, жемiс-жидек, киiм-кешек сауда-саттығымен айналысып нәпақасын тауып жүр. Мейлi елiмiзге жақын болсын, қашық болсын, ол бәрiбiр шет ел азаматы болғандықтан бiраз қиындық пен кедергiлерге тап болады. Мәселенiң екiншi бiр қыры – қазақ тiлiнiң өшiп кету қаупi басым. Қазiр Қырғызстандағы жоғары оқу орны, бiлiм ошақтары мен мектептерде қазақ тiлi оқытылмайды. Тек қазақтар көп тұратын елдi-мекендерге жақын мектепте қазақ тiлi пән ретiнде оқытылатын болса, бүгiнде мұның өзiн көптiк санады. Яғни, қазақ мектебi түгiл, қазақ сыныбы да жоқ. Сол себептен қазақ баласы орысша немесе қырғызша сауатын ашып, сол тiлде бiлiм алуға мәжбүр. Керек болса, өз баламның тiлi қазақшадан гөрi орысшаға бұралып тұрады. Бiрақ отбасында үнемi қазақ тiлiнде шүйiркелесуге тырысып бағамын. Осы тiл мәселесiн Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы өткiзетiн басқосу мен арнайы кеңесiнде үнемi көтерiп келемiз. Ал оқулық жағы мүлдем қиын. Қазақ тiлiндегi оқулық бiзге келмейдi, жоқ. Дәл бүгiнгi күнi Қырғызстан Парламентiнде тiл мәселесi күн тәртiбiне қойылып, 2007 жылдан бастап iс-қағаздарын түгел қырғыз тiлiне көшiрудi талқыға салды. Бұл да қазақ тiлiнiң қолдану аясының тарылуына әкелiп соғатыны шындық. Бар арман-тiлегiмiз – елiмiз Қырғызстанда қазақ мектебiн ашуға, Қазақ университетiн ашуға мұрындық болса болғаны. Сонда тiл мәселесi өзiнен-өзi шешiледi. Ал қалған шаруаны сол жердегi ұлтжанды азаматтар болып, бiр жағына шығарар едiк. Бастысы қолдау мен әрекет жоқ. «Мен қазақпын!» деген санасында саңлауы бар қазақ баласы мұнда келiп оқиын десе, бiрiншi, тiлден қиналады, екiншiден, әлеуметтiк жағдайы қол байлайды.

ЕЛ ТОҚ БОЛСА, БIЗ ДЕ ТОҚПЫЗ…

Жергiлiктi жұрт та, қазақтар да әрқашан еңбекқорлығымен ерекшеленедi. Олар көбiне мал, егiн шаруашылығымен, шағын бизнеспен шұғылданады. Ал бүгiнде ерекше дамып, қарыштап бара жатқан сала – тоқыма-тiгiн өнеркәсiбi. Кейiнгi кезде көршiлес елдердi, соның iшiнде Қазақстанның базар-ошарларын қырғыздың тауары, киiм-кешегi жаулап алғаны рас. Әуелi жергiлiктi билiк тоқыма-тiгiн өнеркәсiбiнiң мұндай пайда мен табыс әкелетiнiне аса сенген жоқ. Қазiр Қырғызстан Парламентi мен Үкiметiнде жеңiл өнеркәсiп саласына жан-жақты көңiл бөлiнiп, арнайы заң шығаруды жолға қойып отыр. Шыны керек, осы уақытқа дейiн қырғыздар өнiмiн заңсыз жолмен ғана тiгiп, заңсыз жолмен сыртқа шығарып жүрдi. Ендi бұдан былай бәрi заңдастырылып, шет елге экспортқа шығаруға қолдау болатын түрi бар. Қырғызстан өз мүмкiндiгiн тоқыма-тiгiн өнеркәсiбiнде толық көрсете алғандығы соншалық, тiгiншi iздеген хабарландырудан көз ашпайсыз. Кез келген бұқаралық ақпарат құралдарына көз жүгiртiп, құлақ ассаңыз «тiгiншi қажет» деген жарнаманы жиi кездестiруге болады. Әлбетте, мұндағы қазақ диаспорасының өкiлдерi де жергiлiктi халықпен бiрге қоян-қолтық жұмыс iстеп, тiгiншiлiк өнердi игерiп жүр.

Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары