ДОМБЫРА ӨНЕРI – ӨРГЕ СҮЙРЕЙДI

ДОМБЫРА ӨНЕРI – ӨРГЕ СҮЙРЕЙДI

ДОМБЫРА ӨНЕРI – ӨРГЕ СҮЙРЕЙДI
ашық дереккөзі
353

Ақтөбе қаласы. Жергiлiктi композитор Қайырғали Қожанбаев музыка зерттеушi, мемлекеттiк емтихан төрағасы Тмат Мерғалиевпен таныстырды. Бұл 1983 жылдың жаз айы едi. Тмат ағаймен iлесiп Алматы шаһарына оқуға аттандым. Бұл менiң алғаш Тмекеңмен творчестволық бiрлестiкте болуыма және оның отбасымен тiкелей байланыс жасауыма ықпал еттi…

Тмат Мерғалиевтi ауызға алсақ оның жастық шағы, өскен ортасы мен iстеген iстерi еске түседi. Ән, күй, терме, жырларға әуес болуының өзi оның бойындағы жақсы қасиеттерiн ашуға, өнер жолына бiржола бел байлауға ықпал етедi. Домбыраның сиқырлы үнi жастайынан бойына сiңедi. Домбыра мойынына байланған пернелердi қуалап, күй тартады. Оның қыр сырына үңiледi. Екi iшектен шығатын үндердi, алуан түрлi қағыстарды меңгерiп, зерттейдi. Нотаға түсiрiп, қағаз бетiне жазады. Мұның өзi өнерге қызығуынан туындайды. Сөйтiп, Тмекең ұлы ағалардан өнеге үйренiп, iзiн қуып, соларға ұқсауға талпынады.

Өнер жолы өте ауыр. Көзге көрiнiп, қолға ұстап алатын зат емес. Домбыра бойына үңiлу, екi iшектен шыққан дыбыстарды нотаға түсiру кез келген кiсiнiң ермегi емес. Ол халық мұрасын бұзбай дәл түсiрудi қажет етедi. Сондықтан халық мұрасын өз дәрежесiнде жинап, игiлiгiне жарату арқылы сақталады. Халықтың асыл мұрасы болашақ ұрпаққа қажет деп тапқан музыкалық шығармаларды нотаға түсiрiп, өз халқына қайта ұсынады. Сөйтiп, өзiне тиiстi мiндеттер мен жүктемелердi ойдағыдай атқарады. Ата — бабаның асыл мұрасын жинап, шешендердiң маржан сөзiн терiп, күйшiлердiң тартқан күйлерiн үйренiп, тарихын жазып шығады.

Құрманғазы атындағы консерватория оның бiлiм алуына, iрi тұлға болып қалыптасуына ықпал етедi. А.Жұбанов, Қ.Мұхитов, Х.Тастанов, М.Әубәкiров, Б.Балғаева сынды өнерпаздардан дәрiс алады. Сөйтiп, бiлiм ордасы оның фольклор, музыка салаласын зерттеп жинауға, iстеген iстерiн тындырымды жасауға үйретiп шығарады.

Қазақ халқының мәдени мұраларын ел аралап жүрiп жинау керек екенiн сезген академик Ахмет Жұбанов, Т.Мерғалиевтiң жазуға икемi бар екенiн «Күй тарихы не дейдi?» деген мақаласынан таниды. Сөйтiп оны шақырып алып, айналайын халық арасында тұнып тұрған асыл қазыналарды жинау керек екенiн түсiндiредi. Ел аралап өнер адамдарының орындауындағы шығармаларды тездетiп жазып алу қажет, әйтпесе кеш болады. Көп жағдайда өте құнды шығармалар болашаққа жетпей қалуы мүмкiн. Жастықтың күш қуаты бар кезде қайратыңды елiңе жұмсаған абзал. Үнтаспаға жазып алсақ кейiн оның нотасы мен тарихын жазып қалдырсақ келешек жастар үлгi алып өз ұлтының мақтанышына айналары сөзсiз деп түсiндiредi. Мұндай асыл мұра ел үшiн қажет деп нақтылап айтып тапсырма бердi. Мұны түсiнген Тмекең iске кiрiсiп кетедi. Сөйтiп, Тмекең 1962 жылы ел аралап, фотоаппаратын мойынына iлiп, домбырасын қолына алып ұлы сахара даласын жаяу кезедi. Дүлдiл орындаушы, шежiрешi, күйшi, әншi, термешi, жыршыларды кезiктiредi. Олардың айтқан сөзi мен орындаған шығармаларын зерек Тмекең бiрсыпыраларын жанына түйiп, кейбiреулерiн үнтаспаға жазып алады. Сейтек, Еспай, Соқыр Есжан, Қазанғап, Бiржан, Мұхит, Батақтың Сарысы, Нұртуған, Жамбыл, Нұрпейiс т.б. өнер тарландарының шығармаларын орындаушы, айтушылар арқылы үнтаспаға жазып алады. Әсiресе Сейтектiң туған баласы Есқайырдан Сейтектiң көптеген күйлерi мен тарихын жазып алады. Сонымен қатар Байсеркенiң шәкiртi Сатқынбай баласы Қырықбай оның баласы Бердiбектен Сатқынбайдың «Қарылғаш» күйiн, Байсеркенiң «Бозiнген» сияқты күйлерiн алады. Сөйтiп, қазақ халқының өлмейтiн асыл қазыналарын жинастырады.

Ел аралап жинаған асыл қазыналарды нотаға түсiрiп бiртiндеп жариялайды. Газет, журнал, кiтап, беттерiне шығара бастайды. Орындаушы аузынан алынған әңгiме, тартылған күй, композиторлардың өмiрбаяны туралы өмiрдеректердi жинап отырады. Ән, күй, терме, жыр, толғаулардың орындалу ерекшелiктерiне баса назар аударып педагогика саласына қажет деген жерлерiн де жинайды. Ұлы бабалардың ауызынан шыққан маржан сөздерiн, айтып орындаған қариялардың есiмдерiн тәптiштеп жазып алуды да ұмытпады. Қазақ халқының бай қазыналарын көкiрегiне жинап, орындап отырған орындаушыларды фотосуретке түсiрiп өз көзiмен көрiп үйренiп те алады.

Қазақ халқының бiртуар данышпаны, музыкатанушы, дирижер, педагог-ғалым, композитор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтан тәлiм тәрбие дәрiс алды. Оның iстерi мен еңбектерiн жалғастырды. Домбыра өнерi халықтың мұң — мұқтажы мен көңiл күй, шерiн шерттi. Сол асыл мұраны төкпей — шашпай жинау Тмекеңе бұйырды. Сыр сандықтай төгiлген күйлердi тарихымен қоса бiзге жеткiздi. Ел iшi – өнер кеншi дегендей құймақұлақ сөзге бай қария қарттардан өнердiң сан түрлерiн жазып алды. Жиһангер жәдiгер халық мұрасынан шыққан сүбелi еңбектердi жинап орталыққа шоғырландырды. Сөйтiп, орындаушы, композиторлардың шығармалары жан — жақтан жиналып бай қазынаға айналды. Үнтаспа арқылы жазылып жеткен музыкалық шығармалар бай қазына қорына айналды. Олар нотаға түсiп халықтың игi iсiне жарап, оқу орындарының репертуарына енiп, бiлiм саласына қолданылды.

Үнтаспаға жазылған музыкалық шығармаларды тазалау, дыбысын естiп отырып оны нотаға түсiру және тарихын жазу көздiң майын жейтiнi де баршаға аян. Дей тұрғанымен халқы үшiн iстеген еңбек өлмейтiн мұраға айналды. Бұл еңбек келер ұрпаққа үлгi, айтар сөзге ой, ғылыми iзденушiлерге дерек көзi бола алады.

Домбыра өнерi – халықтың бет пердесi, айнасы. Домбыра өнерiн кез-келген қазақтың баласы үйренiп, тыңдап бiлуi қажет. Өйткенi ол өзiмiздiң төл мәдениетiмiз ал, домбыра ата — бабаның жаны. Домбыра өнерiмен сусындап өсу ұлттың салт -санасына, дәстүр тiлiне ықпал ете алады. Сондықтан академик А.Жұбанов бастаған, профессор Т.Мерғалиев қоштаған музыкалық фольклорды тыңдап құрметтеу бүгiнгi жастар мен келешек ұрпақтардың мiндеттi борышы.

«Домбыра сазы», «Жаңа дәуiр жыршысы» атты монография еңбектерi күй шығармаларынан хабар бередi. Ал, нотаға жазып түсiрген шығармалар (ән, күй) ұлан байтақ дала орындаушыларының алуан түрлi мектептерiнен үлгi бередi. Ағамыздың қай еңбегiн алсақ та орындаушы жастарға, iзденушi ғалымдарға дерек көзi бола алатын еңбек.

Т.Мерғалиев 1 — монография, 5 — оқу құралын, 65 – телеарна мен радиодан жүргiзген хабар және 100-ден аса ғылыми еңбектер жазды. Композиторлық шығармалары да сол еңбектiң арқасында туған. «Еңбек майданы», «Толқыма», «Шаттық күйi» атты күйлердiң авторы.

Педагогика саласынан да үзбей еңбек етудiң арқасында 52 — шәкiрт тәрбиеледi. Олардың iшiнен Қазақстан Республикасына белгiлi өнер қайраткерлерi М.Айдабулов, Р.Күлшебаев, Ж.Нәжмеденов, Қ.Габделов, Б.Темiралиев т.б. ғалым, домбырашыларды айтуға болады.

Музыкатанушы, фольклорист профессор Тмат Мерғалиев биыл 70-ке толып отыр. Әлi де бергенiнен берерi көп ұлағатты ұстаз. Үлгiлi отбасы. Бөбек жеңгемiз екеуi ұзақ жыл бiрге өмiр сүрiп келедi. Өмiрдiң қызығы мен шыжығын бiрге көрiп бес бала тәрбиелеп, бiрнеше немере сүйiп отырған ардақты ата — әже. Немересi Яссауи классикалық би өнерiнен шебер орындаушысы. Халықаралық байқаулардың жеңiмпазы. Гран При иегерi. Ағамызға ұзақ өмiр таусылмас қайрат тiлеймiз.

Жасарал ЕҢСЕПОВ,

Композитор, өнертанушы ғалым.

Серіктес жаңалықтары