АКТРИСА

АКТРИСА

АКТРИСА
ашық дереккөзі
794

М.Әуезов атындағы драма театрда жаңа қойылымның тұсауы кесiлдi

Театрда тағы да жаңа премьера. Жаңа премьера болғанда, актердiң өзiн-өзi ойнауы тұңғыш рет шығар. Бұрын актердi рольде көретiнбiз. Роль болғанда, әртүрлi пьесалардың кейiпкерлерiнде. Бiз онда оның өзiн емес, кейiпкерiн танитын едiк. Бiздi қызықтыратыны, актердiң сол рольдi қалай ойнауы ғана болатын. Кей жерiнде ренжiп, кей жерiне сүйсiнетiнбiз. Кейде тiптi көңiлден шықпай қалып жатса, жата кеп актерге кiнә артатынбыз. Дәл сол сәтте сол актердiң көңiл-күйi қалай болды және сол рольдi ойнау үшiн актер қалай қиналды, оның бәрiн ойлау қайда, ең бастысы – спектакль сәттi шықса болды. Адамға, яғни көрерменге қажеттiсi де сол. Ал, актер өз көрерменiнiң көңiлiн табуы үшiн барын салатын. Сөйтсек, актер де тiрi жан, тiрi пенде екен. Оның да өз уайымы, оның да өз қайғысы болады екен.

Дәл осы тақырыпты көрнектi жазушы, драматург Дулат Исабеков қаламына арқау етiптi. Күнi кеше ғана Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылған «Актриса» осының жемiсi. Қойылымның режиссерi – Нұрлан Жұманиязов. Дулат Исабековтың бұл еңбегi «драматургия саласы кенжелеп қалды. Соңғы кездерi жақсы пьеса жазылмай жатыр» деген сыни пiкiрдi жоққа шығарғандай. Академиялық театрдың сахнасында алғаш қойылғанымен, бұл туынды бұдан бұрынырақ Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрда сахналанған екен. Спектакльдi көрiп ұнатқан Есiмхан Обаев пьесаны өз театрында көрсетудi ұйғарыпты. Сөйтiп, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың бақытына бұл спектакльдi Әуезов театрында қою бұйырған екен. Рас. Пьесаның көтерген жүгi жеңiл емес. Әрi тың тақырып.

Басынан баяндайықшы. Кейiпкер Айгүл Асанова – ұлы актриса. Өмiрi де, өнерi театрмен тығыз байланған. Өз сөзiмен айтқанда театр оның бiрiншi үйi. Ал, оның театрдан басқа, өзiнiң отбасы, балалары бар емес пе? Оның қайғысы, мұңы, шерi, қуанышы мен өкiнiшi, бәрi-бәрi сахнаның үстiнде. «Актрисаны» белгiлi театр әртiстерi Данагүл Темiрсұлтанова мен Қымбат Тiлеуова сомдады. Екеуi де актриса. Екеуiнiң де өмiрi Айгүл сияқты театрда өтiп келедi. Сондықтан, оларға Айгүлдiң бейнесi жат емес.

Сахнада да әртiс көп емес. Оқиға төрт-бес адамның ортасында өтедi. Басты тұлға Айгүл-Данагүл немесе Айгүл-Қымбат. Сұлу, атақты, басты рольдердiң бәрiн иемденсе де, бiрақ актриса бақытсыз. Оның бақытсыз болуының сыры да сол, өз елiнде өнерiнiң бағаланбауы. Жалғыз оның емес, драма театр әртiстерiнiң бағасын ала алмауы. Күннен күнге қысқан нарық заңы да олардың бағасын төмендетiп барады. Сұлулық бар, дарынды, бiрақ, түбiне келгенде ол да ақшаға тәуелдi. Атағын қайтсiн, ақшасы болмаса. Театрсыз, рольсiз, әртiстiң өмiрi өмiр ме? Ал, өмiрбойы театрға байланайын десе, отбасы бар. Аяқ астынан ауырған баланың халi анау. Сонда актриса не iстемек?! Қайда, кiмнен пана табады? Спектакльдiң көтерiп отырған тақырыбы да осы. Көрерменге, көзi ашық, көңiлi ояу жанға бүгiнгi өнердiң қасiретiн көрсеткiсi келедi. Көрсеттi де. Тек спектакльдiң бiр әттеген-айы, әртiстердiң алғашқы қойылым болғаннан кейiн бе, әйтеуiр сөздерiнен жаңылып, кейбiр сөздердi қайталап жатқаны болды. Құр сөздердi жаттап шыққан адам, ол сөздерiдң мағынасын жүрегiмен сезiне ала ма? Сосын тағы бiр ұнамағаны, оқиғалардың арасында бiр-бiрiн жiбiн бiлдiрмей жiберетiн байланыстың жоқтығы. Байланыс дейтiнiм, баласының ауыр халде жатқанын басында естiген әйел, спектакльдiң соңында соның қайғысын сезiнедi. Сол қайғыны тым болмаса, ортасында естiртуге де болар едi. Данагүл де, Қымбат та сахнада алғаш ойнап жатқан жоқ. Соншалықты кiбiртектеп, соншалықты абыржитын да ешнәрсе жоқ. Күнделiктi өздерi көрiп жүрген сахна, өздерiнiң жанына жақын тақырып. Әсiресе, кәсiпкерден ақша алып жатқан тұста, актрисаның ойыны тым қарабайыр шықты. Қимылынан да, түрiнен де өзгерiстi байқамадық. Рас, ақшадан қысылып тұр. Баласының халi анадай болып жатқанда, оған ақша ауадай қажет. Кәсiпкердiң алдында тiзерлеп тұрып рахметiн айтқанда, көздiң жасын көл етсе ғой, сол көз жастың өзi-ақ, оның бар қайғысын көрсетпес пе едi. Сосын, ақшаны елге көрсетiп, оны қолмен ұстаудың да қажетi шамалы. Онсызда оның iшiнде ақша бар екендiгiн көрермен сезiп отыр. Тағы бiр қызығы, режиссер күйеуi бiр дорба ақша алып келген әйелiн көргенде селт етпейдi. Тым болмаса, сол ақшаға құмартып тұрғанын, яғни ақшаның буына масайып тұрғанын, ол сездiру керек емес пе? Әйтпесе, қыруар ақша алып келген әйелiн кiнәласын? Осы бiр тұсты режиссер келешекте ескерсе екен деген үмiт бар. Ең бастысы, «қазақ көрерменiне қазақ тiлiнде ойын көрсететiн қазақ актрисасының» жан-тәнiмен берiле ойнаған ойынын көрсек деген арман ғана бiзде. Тағы бiр жанды ауыртатыны, көрерменнiң талғамының жоқтығы. «Тамашаны» немесе «Күлкi керуенiн» көрiп отырғандай, рахаттана күлiп, ду қол шапалақтауға әзiр тұрады. Сахнада айтылған әрбiр сөздiң мағынасы соншалықты ауыр, сарказмнан тұрса да, оны көрермен жеңiл қабылдағысы келедi.

Жалпы, соңғы уақытта қазақ сахнасы мұндай спектакльдерге зәру болып жүргенi рас. Осы тұрғыдан келгенде драматург шығармасының көздеген межеден шығып отырғанын мойындауымыз қажет. Оны «Актрисаны» көрген әрбiр көрермен де жоққа шығармайды деген ойдамын.

Серіктес жаңалықтары